Филологические науки/3. Теоретические и методологические проблемы исследования языка
Филол.ғ.к.
Советова З.С.
Алматы
энергетика және байланыс университеті, Қазақстан
«ҚОБЫЛАНДЫ
БАТЫР» ЖЫРЫНДАҒЫ
ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ЭТНОМӘДЕНИ МӘНІ
Қазақ тілі сөздік
қорының айшықты да, мәнерлі, бай саласының бірі –
фразеологизмдер.
Ғасырдан ғасырға ұласып, ұрпақтан ұрпаққа
мирас болып, көне заманнан келе жатса да, байырғы бедерін
жоғалтпай, сонылығын сақтаған алуан айшықты,
терең мазмұнды тұрақты сөз тіркестері ана тіліміздің
асыл қазынасы іспетті [1, 39].
Орыс тiл бiлiмiнде фразеологиялық оралымдардың зерттелуі
А.Х. Востоков, Ф.Ф. Фортунатов, В.В. Виноградов, А.А. Шахматов, Н.М. Шанский, А.А. Потебня,
А.М. Пешковский т.б. ғалымдар еңбектерiнен
басталады. Қазақ тіліндегі фразеология
мәселесінің теориялық-әдістанымдық тұрғысынан І. Кеңесбаев, К. Аханов, Ә. Қайдар, Ә.
Болғанбаев, Ғ. Қалиев,
Х. Қожахметова, Р. Жайсақова, Р. Таева, Н. Уәлиұлының
т.б. еңбектерінде қарастырылған болса, фразеологизмдердің
құрамындағы этнотілдік деректерді
ана тіліміздің қорында сақтап, сарқылмайтын қазына
ретінде зерттеу С. Сәтенова, К. Рыспаева,
Г. Смағұлова, Г. Боранбаева,
С. Жапақов, Г. Сағидолдақызының т.б. еңбектерінде
көрініс тапқан.
Фразеологизмдер
– тарихи категория. Олар ұзақ тілдік қолданыстан кейін
ғана тұрақтылыққа ие болады. Фразеологизмдердi сөз
еткенде, оларды танып-бiлудiң үш критерийi негiзге алынады.
«Фразеологизмдердiң өз алдына дербес лингвистика саласы екендiгiн танытатын
негiзiнен үш түрлi басты белгiсi бар. Олар:
1) даяр қалпында жұмсалу белгiсi; 2)
мағына тұтастығы; 3) тiркес
тиянақтылығы… Оның сыртқы
құрылым-құрылысы еркiн тiркеске
ұқсағанымен, сөйлем iшiнде
қолданғанда бiртұтас даяр күйiнде
жұмсалады. Ешкiмнiң ырқына көнбей, даяр
тұрған құрылыс материалы ретiнде
қызмет етедi де, сол қалпында сөйлемнiң
құрамына енедi. Фразеологизмдердiң
өзiндiк екiншi белгiсi – мағына тұтастығы… Фразеологизм бiткеннiң
бәрiнде де белгiлi бiр меншiктiң
мағынасы болады. Ол мағына тұрақты тiркестi
құрастырушы сыңарлардың мағыналарына
сәйкеспейдi, оларға тәуелсiз, өздiгiнен өмiр
сүредi… Тiркес тиянақтылығы да фразеологизмдердiң
ең негiзгi белгiлерiнiң бiрiне жатады. Тиянақты сөз тiзбегiндегi
сөздер әркiмнiң қалауынша емес, қалыптасқан
белгiлi жүйемен орналасқан. Өзара тығыз жымдасып
орналасқан сөздердiң жiгi ажыратылмай тұрады. Олар бiр-бiрiмен иiн тiресiп,
өзге сөзбен алмастыруға я болмаса, тұрақты орын
тәртiбiн өзгертуге келмейдi» [2,
187-190]. Осындай негізгі белгілеріне сүйене отырып, ғалым Н. Уәлиұлы
фразеологизмге мынадай анықтама береді: «Құрылым
құрылысы тұрақты әрі тиянақты,
сыңарлары біртұтас мағынаны білдіретін және дара
тұлғаланатын, сондай-ақ тұтас күйінде өзге
де сөздермен тіркеске түсе алатын, форма жағынан синтаксистік
единица (сөз тіркесі, сөйлем), мазмұн жағынан
лексикалық единица (сөз) түріндегі тілдің
мағыналық бірлігін фразеологизм деп атаймыз» [1, 5]. Осы үш
белгiнi бiр-бiрiнен бөлiп алмай тұтасымен тани аламыз. Фразеологизмдердi
өзгертiп, авторлық өңдеуден өткiзуде
тұрақты тiркестердiң не мағынасына, не құрамына
немесе құрылысына өзгерiс
әкелуi мүмкiн.
Ғылыми еңбектерде фразеологизмдердi қолданудың екi жолы
көрсетілген:
1) жалпы халықтық сипатта қолданылатын фразеологизмдер;
2) авторлық өңдеумен қолданылатын фразеологизмдер.
Х. Қожахметова өз еңбегінде: «Фразеологизмдерді
жазушының өз қажетіне сай талғап, жаңғыртып
қолдануы, оның ой-пікіріне, эстетикалық талғамына,
қоғамдық-саяси, философиялық көзқарасына
сәйкес болып келеді» [3, 54], - деп көрсетеді. Демек, олардың
тартымды да қызықты берілуі әр жыршының,
жазушының талғамы мен тілдік қорына байланысты. Кез келген
қаламгер
я жыршы өз шығармаларында фразеологизмдерді дайын күйінде де,
авторлық өңдеумен де қолдана береді. Соған байланысты тұрақты сөз
тіркестері біреулерде аз, біреулерде көп, енді біреулері дайын
қалпында, ал енді біреулері оны тыңнан туындатып жатады.
Өлең жолдарында тұрақты тiркестердiң
арасына сөз немесе сөз тiзбегiнiң
енiп кетуi жиi байқалады. Фразеологизмдер құрамына сөз
енгізу туралы ғалым I. Кеңесбаев:
«Рас, көркем әдебиетте, оның ауызша, жазбаша түрлерiнде
халық тiлiндегi белгiлi бiр фразеологизмдi сәл ұлғайтып немесе ықшамдап,
өлең өлшемiне не көркем тексте ұластыра өрiп
қолдану сәттерi болып тұрады. Теория саласында бұл типтегi
фразеологизмдердi перифраза (парафраза) деп атайды. Алайда бұл секiлдi саналы
әрекет жолмен болған өзгерiстер арасына бөгде
сөздер енсе, дистант құбылыс деп аталады» [4, 593].
Жыр
мәтінінде шыбын, жан сөздері қатар
қолданылады:
Әулиеге
ат айтып,
Қорасанға
қой айтып,
Шыбын жанын және айтып [5, 102].
Немесе:
Қобыландының
қамшысы
Тайбурылға шын батты,
Шыбын жаны тым тәтті [6, 97].
деген
жолдарда жыршы шыбын жаны мен жаны тәтті деген екі
тұрақты сөз тіркесін бір тармаққа сыйғыза
білген.
І. Кеңесбаевтың «Қазақ
тілінің фразеологиялық сөздігінде» шыбын жан
көне ұғым бойынша өмір, тірлік мағынасында (діни
ұғым бойынша кісі өлгенде жаны шыбын тәрізді ұшып
кетеді-міс) деп түсіндіреді [4, 569]. Бұл түсінік туралы
академик Р. Сыздық: «Махмұд
Қашқаридың көрсетуі бойынша, көне түркі
тілдерінде чывы (чыбы) сөзі ру, тайпаның жебеушісі, рух деген
ұғымды берген [7, 151]. Мүмкін чыбы(н) сөзімен
ру-тайпаны жебеп-қорғап жүретін ғана емес, адамдарды
қолдап-жебейтін күшті де, яғни адамның жанын да
білдіретін болу керек» [8, 163], - деген жорамал айтады.
Мысалы,
«Қобыланды батыр» жырында Құртқа
Қобыландыға:
Шыбыныңды
тапсырдым,
Бір
жаратқан құдаға [5, 100].
Бұл
тіркестердегі шыбын «шыбын-шіркей» дегендегі шыбынмен
бір емес сияқты. Сірә, парсының жан сөзімен
қатар осы мағынада шыбын сөзі қолданылған
тәрізді. Өйткені шыбын сөзі жан сөзін
қосарламай да жан
мағынасында қолданылып келгені байқалады.
Тұншығып
тұлпар қалар деп,
Құртқаның жаны шығады [6, 82].
Ұйқы көрмей түн қатты,
Ноғайлыны
алды деп,
Сүйекке таңба салды деп,
Өлейін десе жан тәтті,
Кірейін десе жер қатты [6, 85].
Сүйекке таңба салу – тұтас бір әулеттің, тұтас бір ата
ұрпақтың арына дақ түсірді деген мағынада
айтылады [4, 476].
Жад ету/жад қылу тіркесінің мағынасы
– «құдайды, пірлерді, әулиелерді құлшылық
етіп есіне алу». Тіркестің негізгі сөзі – жад парсы тілінде ес, еске алу мағынасында
қолданылады. Демек, жад қылу «еске алу» деген
ұғымды беретін күрделі етістік болып шығады.
Бірақ бұл етістік жалпы біреуді немесе бір нәрсені еске алу
емес, тек қана жалбарынатын иені, құдайды (алланы,
тәңіріні), әулие-әнбиелерді, бабалар мен пірлерді еске
алу, жай ғана еске алмай, оларға құлшылық етіп,
бір тілекпен жалбарына еске алу мағынасында ғана
қалыптасқан. Мысалы:
Батасын беріп қол жайып,
Жад қылады құданы [6, 79].
Қобыланды батыр қызылбастың еліне
Құртқа сұлуды алуға аттану үшін мінетін ат
сұрап, жылқы басындағы Естеміске:
Жад қыламын, Естеке,
Жеті кәміл бабаны [6, 79], -
десе,
тоқтамасын білген Естеміс те батасын беріп, қол жайып
құдайды жад қылады.
Қабыл болған
тілегі,
Жарылғандай жүрегі,
Аналықтай бәйбіше
Қабырғасы
майысқан [6,
78].
Қабыл болған тілегі – құпталды, орындалды, жүзеге асты [4,
301]. Яғни, арман-тілегі орындалды. Жүрегі жарылды – қатты қуанды,
көңілденді [4, 215]. Қабырғасы майысты – жанына батты, қатты
қиналды, ойысты [4, 302].
Бетіне жан қаратпай,
Көңілі әбден өсіпті [5, 87].
Шаттана рухтанды, еңсесі
көтерілді, қатты қуанды. Бетіне жан қаратпай бет
бақтырмады, өзіне ешкімді тура келтірмеді, олайғысын олай,
былайғысын былай жайпады [4, 117].
Сексенге жасы келгенде
Бір бала көрмей Тоқтарбай,
Қайғыменен қан жұтып,
Ақылынан
адасқан [6, 78].
Қан жұту – құса болды, қатты
қайғырды [4,
315]. Ақылынан
адасқан есі ауды, алжасты, не істерін білмей, дал болды [4, 28].
Қайғы азабын көп көрді.
Қой шырағым жассың
ғой,
Қабырғаң
сенің қатқан жоқ,
Омыртқаң өсіп жеткен
жоқ,
Тілімді
алсаң
рұқсат жоқ [6, 79].
ер жетіп, буыны бекімеді, есеймеді [4, 302].
Тіл алды – ақылын алды, айтқанын істеді [4, 532].
Басымды оққа байлаған,
Сені берсем қыз
Құртқа,
Бір елдің малын алармын, - деп,
ажалға нысана етті, өлімге
басын тікті [4, 414]. Яғни өзін-өзі біреу
үшін өлімге қиды.
Құлақ
салып сөзіме,
Бері таман кел, - дейді [5, 93],
Зейін сал, тыңда деген фразеологиялық сөз
тіркесі.
Барғанмен кезек келместі,
Баланы көзге ілместі,
Елемеді, көзге алмады.
Береді деп биені,
Үзбей
отыр күдерді [6, 82],
-
дегендегі күдер үзбеу
тіркесін жыршы жыр тармақтары мен өлең
ұйқастарына байланысты үзбей отыр күдерді деп
берген. Күдер «үміт» деген мағынаны береді. Сену,
үмітін үзу, күту, тосу.
Сөз сүйектен өткен соң,
Тобылғы
атқа ер салды [6, 88].
Сөз арына,
ұятына тиді; жанына қатты батты [4, 467].
Халық зердесінде көк аспан, аспан әлеміндегі
жұлдыздар туралы тұрақты сенімдер қалыптасқаны белгілі. Аспандағы әр жұлдыз
адам өмірімен байланысты, олар өмірді жаратып, тағдырды белгілейді, бақ өрлетеді деп түсінген. Осы
түсінік жырда мынадай өлең жолдарымен өрілген:
Жебелі найза қолынан,
Жұлдызы туып оңынан [6, 109].
Аспан
әлеміндегі жұлдыздардың да адам өмірімен тығыз байланысы бар екендегі:
Жұлдызы
туып оңынан
Қобыланды
сонда «шу!» - деді [6, 99], -
деген
жыр жолдарындағы тіркестен көрінеді. Бұл тіркес кейде
ұйқас үшін «айың тусын оңыңнан,
жұлдызың тусын солыңнан» деп те қолданыла береді.
Сонымен
бірге жырда ел ішінде мол айтылып, кең тараған астарлы,
тұспалды, ишаратты мағына беретін фразеологиялық және
идиомалық тіркестер де өте мол кездеседі:
Тоқтарбайдың
дәулеті –
Ішкені
мас, жеген тоқ...
Ат
үйірінен адасқан [6, 77], -
деген
жолдардан молшылық, байлық анық байқалса,
«өткенім деген тұяқсыз» деген жолда сексенге келген
Тоқтарбайдың перзентсіздігі айтылады.
«Қобыланды
батыр» жырында мақал-мәтелге айналып кеткен сөз тіркестері
жиі ұшырасады:
Жауға
шабар ер жігіт,
Жаманнан
ақыл сұрамас..,
Жаманның
тілі кекесін..,
Жақсы
болса жолдасың,
Мұрадыңа
жетесің [6, 125], -
деген
жолдар, немесе:
Жұрты
жатыр, елі жоқ,
Батпағы
жатыр, көлі жоқ [6, 128], -
деген
қысқа түйіліп айтылған тапқыр сөздер де
кездеседі.
Фразеологизмдер халықтың этностық
өмірінен хабардар етеді. Көне заманнан келе жатқан
тұрақты сөз тіркестері ана тіліміздің асыл
қазынасына айналған. Соған сәйкес жыр жолдарында
қолданыс тапқан фразеологизмдердің мағынасын І. Кеңесбаевтың
«Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі»
еңбегінің негізінде этностық, мифтік таным
тұрғысынан түсіндіріп, соған сәйкес аялық
білімді ескеріп, қарастырдық.
Жалпы
алғанда, жыр құрамындағы фразеологиялық тіркестер
– «абыз-жырауларымыздың дуалы аузынан шыққан,
жұрттың жадында сақталып, рухани асыл қазынасына
айналып, бізге жеткен тіл байлығымыздың сарқылмас
бұлағы» деген ұстаным негізінде қарастырылды.
Сонымен, фразеологизмдер
жыр лексикасын жандандырып, астарлап, бейнелей суреттеудің тілдегі дайын
құралы деуге болады. Себебі «Қобыланды батыр» жыры
халық тілінің бай қазынасы, көркем сөздің
әр алуан өрнегі фразеологизмдер арқылы берілген.
Әдебиеттер:
1. Уәлиұлы
Н. Фразеология және тілдік норма. - Алматы: Республикалық
баспа кабинеті, 1998. - 128 б.
2. Болғанбаев Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі
қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. - Алматы:
Санат, 1997. - 256 б.
3. Қожахметова Х. Фразеологизмдердің көркем
әдебиетте қолданылуы.
- Алматы: Мектеп, 1972. - 112 б.
4. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің
фразеологиялық сөздігі. - Алматы: Ғылым, 1977. - 712 б.
5. Қобыланды батыр / Батырлар жыры. Бастырған:
Мұқанов С.
- Алматы, 1939. - 586 б.
6. Қобыланды батыр / Төрт батыр. - Алматы: Жалын, 1990. - 215
б.
7. Қазақ тілінің диалектологиялық
сөздігі. - Алматы: Ғылым, 1996-1999 ж.ж. 1-2-кітап.
8. Сыздықова
Р. Сөздер сөйлейді. 2-басылуы. - Алматы: Санат, 1994. - 272 б.