Ұ.С.Қайырбекова - филол.ғ.к., доцент ҚИПХДУ

С.Керімжанова -  ҚИПХДУ-нің магистранты

 

Қазақ салт-дәстүріндегі (қыз ұзату) фразеологиялық тіркестердің лингвомәдени когнитивтік сипаты

 

Ана тіліміздің сөз айдынының тереңінде халықтың ғасырлар бойғы іс тәжірибесінен, өмір тануынан қорытылып, ереже түрінде тұжырымдалған аталы сөз, мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер тұнып жатады. Олар халықтың қаншама ғасырлар бойында әртүрлі құбылысты өзара салыстыра, бейнелей суреттеу, бір-біріне теңей сөйлеу мақсатында, экспрессивті-эмоционалдық қызметте қолданылатын тілдік құрал – фразеологиялық тіркестер. Фразеологиялық тіркестер – дүниені бағалауыштың коннатациялар арқылы экпрессивті бейнелеп тілдің жанама номинациялық құрамына енеді.

Қазақ халқының тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, т.б. рухани салт-санасын, содан туындаған мәдениетін де мейлінше кеңінен көрсететін саласы үйлендіру, құда болу т.б. салтқа қатысты. Осы салаға қатысты қалыптасқан этнолексикалық мәдени жүйенің символдық сипаты олардың номинативтік мағыналарын жойып, этнографизмдер жүйесін түзеді [1, 213]. Осымен байланысты көптеген фразеологиялық тіркестер туған: Мысалы, бақан аттар; бесік құда; босаға аттар; қарғы бау; шеге шапан; киіт кию // кигізу; той бастар; бата аяқ, сырға тағар; бас жақсы; жанама жақсы; аяқ жақсы; өлі-тірісін берді; ауыл айбанасы; ентікпесін берді; ілу сый; жыртыс сый, жыртыс мата; жасау сый, жасау мата; қол ұстатар, шаш сипатар; қыз қашар; кемпір өлді; бақан салды; ит ырылдар; төсек салар; көрпе қимылдатар, қыз құшақтатар; қыз жасауы; сүт ақы;  қыз көші; келіншек көші және т.б.

Бақан аттар – құда түскелі барғанда құдалардан алынатын кәде. Қолданылу барысында ол кейде бір атау ретінде ұғынылып, соның нәтижесінде бір сөз секілді бірге жазылады.

Бесік құда – сәбилерді бесігінде аттастыру арқылы болған жекжаттық.

Босаға аттар – қалыңдығын алуға келген күйеуден алынатын кәде.

Қарғы бау – құда түскенде қалың мал сыртында құлақ моншақ есебінде берілетін мал немесе қыз айттыра барғанда жаушы апаратын сый. Бұл ырымның атауы ретінде кейінірек ауыспалы бейнелі мағынада қалыптасқан. Тура мағынада: қарғы – иттің мойнына тағылатын бау. Қарғы бау – 1. Жақсы иттің күшігін алу үшін иесіне берілетін тарту, сыйлық. Қарғы бауға ақша т.б. беріледі; 2. Иттің мойнындағы қарғыға байланатын жіп немес қайыс [ҚСЭ, VI, 516].

Шеге шапан – келісімге келген соң жаушыға кигізетін шапан.

Киіт кию // кигізу. Аталған фразеологиялық сөздікте: «Киіт – құда түсіп, қалың мал мөлшері белгіленіп, бата жасалған соң, қыз әкесінің ұл жағынан келген бас құдаға сыйы», – деп анықталған [ФС, 507]. Ол қазақ энцциклопедиясында да: «құдаларды қайтарғанда берілетін сый-сыяпат», – деп түсіндірілген [ҚСЭ, V, 459]. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» ол ажыратылып көрсетілмей, тек «құда-құдағиларға киім-кешек түрінде берілетін сыйлық» деп жалпы берілген [ҚТТС, V, 47], бірақ онда келтірілген мысалдарда да киіт сөзінің жоғарыдағы анықтамасына сай келеді. Бұған ерекше мән беріп отырғанымыз – қазіргі тұрмысымызда киіт сөзі «екі жақтың да той үстінде құдаларының үй-ішіне, жақын туыстарына апаратын (киім түріндегі) сыйлығы» деген мағынада жұмсалады. Мұны дәстүрдің дамуына, тұрмыстың өзгеруіне байланысты киіт сөзінің семантикалық дамуы деп қарауға болады. Шын мәнінде киіт сөзі тарихи тұрғыдан қыз әкесінің құдаларына кигізетін, жасайтын сыйлығы атаған. Оны тарихи-тілдік ескерткіштер дәлелдейді:

1.                көйлек, киім;

2.                көйлектен тұратын сыйлық; қалыңдықтың әкесінің беретін сыйлығы [РСл, ІІ, 1347]; қалыңдықтың әкесінің беретін сыйлығы [БСл, ІІ, 183];

3.                kebü – жасау ия сыйлық ретінде берілетін шапан, киім [МК, І, 357] т.б.

Киіт сөзінің түбірі ки ˭ етістігімен байланысты екендігі дау тудырмайды. Жалпы, киіт сөзінің толық әрі қызықты этимологиясы       проф. Е.Жанпейісовтің еңбегінде жасалған [2, 80-82]. Әсіресе киіт сөзін мініт, сыйыт сөздерімен салыстыру оның тарихи-морфологиялық құрамын анықтауға көмектеседі. Нақтылай түссек, ол салыстыру –ыт // -іт тұлғасын сөз тудырушы модель деп қарастыруға негіз болады. Салыстырыңыз: шап > шаб+ыт; түп > түб+іт; үм > үг+іт; ұу > ұу+ыт; ұм > ұм+ыт; кій > кій+іт; сау > сау+ыт т.б. [3, 128].

Той бастар – той бастаған кісіге берілетін кәде-сый.

Бата аяқ, сырға тағар – құда түсе келгенде ұлдың әкесі жіберетін сый мал.

Бас жақсы – 1. Қалыңдыққа арнап жасалатын сәукеле; 2. Қалың малдың малмен төленетін алдыңғы тобы [ҚТФС, 507]. Қазақ тіліндегі зергерлік атауларды арнайы зерттеген Р.Н.Шойбеков бұл атаудың мәнін толығырақ ашады: «Бас жақсы – сәукеленің әшекей бұйымдары, асыл тастардың (маржан, меруерт т.б.) жиынтығы. Сәукеленің әшекей заттары көп болғандықтан, олар әрі қымбатқа түскендіктен, ертеде күйеу жағы қалың малдан тыс сәукеленің құнын төлеген. Ол төлем халықтың тілінде сәукеле әшекейлердің жиынтық атауымен бас жақсы деп аталған» [4, 18].

Жанама жақсы – қалың малдың орта тобы.

Аяқ жақсы – қалың малдың соңғы тобы. Байқап отырғанымыздай, мәдениетке тән жүйелілік, біртұтастық, жіктелімдік сипат бар. Мысалы, бас жақсы, жанама жақсы, аяқ жақсы.

Өлі-тірісін берді. Тірісі – қалың малдың аяқты түрі, өлісі – жыртыс, жасау сияқты қымбат бұйымдар.

Ауыл айбанасы – күйеудің ұрын барғанда қалыңдықтың ата-анасына апаратын сыйы.

Ентікпесін берді. Ентікпе – күйеу ұрын келгенде жеңгелердің алдынан жүгіріп шығып алатын алғашқы ырым сыйы.

Ілу сый – күйеу есік аша келгенде әкелетін қалың малдың басы. Қыз әкесі берген киіт сыйдың қарымтасы, қаруы. Е.Жанпейісов ілу сөзінің төркіні моңғолдық деп қарайды (өлгий// елгей – күміс ия алтын жамбы – ілу) [2, 80].

Жыртыс сый, жыртыс мата – күйеу есік аша келгенде қалыңдық жағындағы жол ашатын кісілерге арнап әкелген шапан, көйлек орнына өтетін маталар.

Жасау сый, жасау мата – келіннің көрпе-төсек, киім-кешегіне деп әкелінетін мата.

Қол ұстатар, шаш сипатар – қол ұстату, шаш сипату ырымдарын жасауға көмектескен жеңгенің алар сыйы.

Қыз қашар – қыз «қашырған» кісілерге, оны табу тартысы өткен үйге берілетін сый. Қ.Өмірәлиев фразеологиялық сөздікте бұл сыйдың мәнін толық ашып түсіндіретін мәлімет береді: «Күндізгі той өтіп, кешкілік үлкендер ерте «жатып қалып», қыз-келіншектер қалыңдықты көрші ауылға апарып «жасырып» қояды. Ол ауылда бір үй арнайы дайындалады. Бұл топта жүргендер екі жақ болып (күйеу жақ, қалыңдық жақ) бөлінеді. Әлгі үйге қалыңдық жағы қызды жасырып отырады, күйеу жағы іздеп барып табады. Екі жақ тартыс ойын жасайды. Күйеу жақ жеңіп, қалығдықты жеңгенің қолына береді. Әлгі үй иесіне күйеу бір ат, я жақсы қымбат шапан береді, оны қыз қашар деп атайды» (Ы.Алтынсарин, Шығармалары).

Сол сияқты кемпір өлді, бақан салды, ит ырылдар, төсек салар, көрпе қимылдатар, қыз құшақтатар т.б. – ырымдарға байланысты жасалатын сый-сыяпаттың атаулары.

Қыз әкесінің ұзатқан қызына беретін бүкіл дүниесінің жалпы атауы – қыз жасауы. Оның ішіне тіккен үйі, көрпе-төсегі, үй жабдығы, еншіге берген малы т.б. кіреді.

Сүт ақы – күйеу баланың қайын енесіне беретін сыйы.

Қыз көші – ұзатылып бара жатқан қыздың жасау-жабдықты көші өз ауылының шетінен шыққанша осылай аталады. Ал, өз ауылының шетіне шыққан соң келіншек көші деп аталады.

Қорыта келе, қазақтың қыз ұзату, келін түсіруіне байланысты қалыптасқан осы келтірілген фразеологиялық тіркестер тойға қатысты қазақтың қаншалықты бай да, сән салтанаты, мол игі дәстүрлері мен салт-санасына негізделген мәдени мұрасы бар екеніне көз жеткізеді. Алуан түрлі ырымдарға сай сый-сыяпаттардың атаулары тек материалдық байлықты ғана емес, ұлтымыздың рухани байлығын да көрсетеді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Манкеева Ж.А. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздер. – Алматы, 2008.

2. Жанпеисов Е.Н. Этнокультурная лексика казахского языка (на материалах произведении М.Ауезова). – Алма-Ата, 1989.

3. Қайдаров А.Т. Структура односложных корней и основ в казахском языке. – Алма-ата, 1986.

4. Шойбеков Р.  Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі. – Алматы, 1989