Ә.Ақкөзов -филол.ғ.к., доцент ҚИПХДУ.

А.Ақкөзова-А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері,

Ә.Тоғызбаев-  ҚИПХДУ магистранты

 

Қатысымдық бірліктердің коммуникативті-функционалдық сипаты

 

 

 Жалпы тіл білімінде сөз мағынасының құрылымдық элементтерін анықтауды К.Огден мен И.Ричардстың семантикалық үш бұрышынан бастау алады. Ал қазақ тіл білімінде бұл құбылысты жан-жақты ашып берген ғалым ретінде М.Оразовты айта аламыз. Ғалым сөз мағынасының құрылымын анықтаудың бірнеше жолын көрсете келе, «Біздіңше, сөз мағынасының құрылымдық элементтері туралы сөз болғанда, негізінен, төрт мағына элементтеріне тоқталған жөн. Олар: денотаттық мағына бөлшегі, сигнификаттық мағына бөлшегі, эмоциялық мағына бөлшегі және тілдің ішкі құрылымымен байланысып қана қоймастан, адамдардың түрлі қызметімен, көп қырлы тұрмыс жағдайларымен, ынтасымен адамзаттың барлық өмірін қамтуы керек. Сондықтан да сөз мағынасында, кей ғалымдар көрсеткеніндей, сөйлеушінің жасына, өмір тәжірибесіне, тіпті ұлттық ерекшеліктеріне байланысты мағыналық элементтердің болуы мүмкін. Біздіңше, бұлар сөз мағынасында шешуші қызмет атқармайды, атқарса да эмоциялық мағына аясында қалып қояды. Сөздің метафоралы, метонимиялы және синонимдік, антонимдік қасиеттері де мағынамен тікелей байланысты. Бірақ бұлардың табиғатын анықтау басқа жоспардағы зерттеу жұмысына қалар еді» [1;79] – деп, сөздің семантикалық мағынасын анықтауда денотат, сигнификат, коннотаттық мағыналарды айыра білудің рөлі ерекше екендігін айтады.

М.Оразов денотаттық мағына туралы былай дейді: «Сөздің деноттаттық мағынасы туралы сөз болғанда, ең алдымен оның объектив дүниедегі заттар мен түрлі құбылыстарға, заттардың амал-әрекеті мен түрлі қасиеттерін бейнелеп беру мүмкіндігі бірінші орында тұруы керек. Кез келген сөздің мағына құрамында объектив дүниедегі заттармен байланысып жататын элемент бар дегенде осы денотаттық мағына еске түседі. Кей тілші ғалымдардың «Сөз – зат не түрлі құбылыс атауы» дегенде осы қасиетті басты өлшем етіп алғаны анық көрінеді. Сөз мағынасының қалыптасуы мен объектив дүниені бейнелеу қасиетін бір жақты түсіну, бір сатылы құбылыс деп қарау дұрыс болмайтындығы қандай анық болса, сөз мағынасын бір ғана объектив дүниедегі заттардың бейнесі деп түсіну де дұрыс болмайды. Сондай-ақ тіл бір не он ғасырдың жемісі емес. Ол өте ұзақ даму жолын басып өтіп, өзінің о бастағы объектив дүниемен байланысу формасын да өзгерткен. Осы ұзақ және үздіксіз дамудың нәтижесінде ғана сөз сөйлеу процесінде, белгілі бір заттың атауы ретінде, оның орнына жұмсалып, араларына теңдік қоятын дәрежеге келеді. Сол үшін де адамдар өзара сөйлескен кезде заттарды көрсетіп, түрлі амал-әрекет, қимылдар жасап жатуы шарт емес. Мысалы, «Қар – аппақ, түлкі – қызыл, бүркіт – қара, Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға (Абай)» дегенде қарды, бүркітті, түлкіні, түрлі түстерді көз алдымызға келтіреміз, бірақ қардың, түлкінің, бүркіттің нақ сол жерде болуы шарт емес. Бұл, әрине, бір жағынан тілдің таңбалық қасиетімен байланысып жатса, екінші жағынан, сөз мағынасына да қатысты» [1;76-77]. Бұл жерден түсінгеніміз денотат белгіленуші зат, заттың нақты атауы және әртүрлі реңк тудыратын үстеме мағынадан тыс сөздің негізгі мағынасы. Ал енді сигнификат туралы ғалым «Егер байыптап қарайтын болсақ, сигнификат денотат та емес, сондай-ақ ұғым да емес. Денотаттан айырмашылығы сол – ой субъектив қасиетке ие. Екінші сөзбен айтқанда сигнификат нақтылы заттың белгісі мен түрлі қасиеттерінен қол үзген идеалды денотатқа сүйенеді. Ал ұғымнан айырмашылығы – ұғымда мидың қызметі негізінде түйсік арқылы алынған информациялар анализ, синтез жасалынып жеке адамның өмір тәжірибесіне, біліміне, рухани қалпына т.б. қарай мағыналық мән қосып күрделенсе, сигнификатта ондай жеке адамға тән болған индивидуалдылық қасиет болмайды. Соның үшін де сөз мағынасын анализ жасағанда семаларға ажыратады. Осы семалар сигнификаттық мағынаның негізіне жатады» [1;84б.] – деп, ой қорытады. Түсінуімізше сигнификат қандай да бір таңбаның ұғымдық мазмұнына тең келеді.

М.Оразов коноттатық мағынаны «эмоциялы мағына» деп атап, «Кез келген сөз тек денотаттық не сигнификаттық мағынаны ғана білдіреді дейтін болсақ, сөздік құрамдағы біраз сөздердің мағына құрамына талдау жасай алмаған болар едік. Мысалы, жексұрын, надан, топас, балақай, албасты сияқты зат есімдер мен сын есімдер: бытти, адыраңда, бажыраңда, балпылда, отта, тырбаңда сияқты етістіктердің; әттеген-ай, қайран, ойбай, пәлі, бәсе, бәтшағар сияқты одағайлардың мағыналарында адамның көңіл-күйін білдіретін мағыналық реңк сөздің негізгі мағыналық ядросын жасап тұр. Бұлардың мағынасын объектив дүниедегі заттармен байланыстырып не сол заттар негізінен пайда болған ұғымдар арқылы анықтауға болмайды. Шындығында да адамзат айналасындағы дүниені не сол дүниеде болып жатқан құбылыстарды, олардың түрлі қасиеттерін тек сезім мүшелері арқылы қабылдап қана қоймайды, оған өздерінің көзқарастарын білдіріп, оны өзгертуге, өзіне қажетті жағдайға келтіруге әрекет ететіндігі, дүниені өзгертуге актив қатынасатындығы анық. Сондықтан да дүниені танып білу тек сезім мүшелері арқылы олардың көшірмесін қабылдау деп түсіну дұрыс емес. Әрқашанда объектив дүниедегі заттардың түйсік арқылы қабылданған информация адам ойының, санасының елегінен өтіп жататындығы, оған белгілі баға да берілтіндігі де шындық» [1;107]  лексикадағы осындай сөздерді эмоциялы мағыналы сөздер деп таниды.

Тілдегі осы мағыналардың қызметі коммуникативтік аспектіде айқын байқалады.  Тілдік қатынаста сөз дербес ақпарат беретін қатысымдық бірлік болса, сөйлемде коммуникаторлар тарапынан дербес ақпараттың кеңейтілген мазмұны тілдік кодқа салынады да, сөз бен сөйлем арасында байланыс орнайды. Себебі, сөз шындық болмыс пен өмірге байланысты ақпараттың санада қабылдануына негіз болады. Ол дербес күйінде емес, сөйлем құрамында жұмсалғанда, айтылатын ойдың ақпарттық элементтеріне айналады. Сондықтан сөз сөйлеу бірліктері ретінде өзара байланысқа түсіп, тиянақты ойды білдіру қызметін атқарады. Сөздердің сөйлеу бірліктері ретіндегі жұмсалымдық қызметі баяншының айтпақ болған ойына қатысты коммуникативтік мақсатты өтейді. Тіл білімінде синтагмалық қатынастың қатысым теориясындағы көрінісі В.В.Солнцевтың зерттеулерінде қарастырылады. Ғалым «сөйлеу кезіндегі өзара байланысқан тіл элементтерінің арасындағы байланысты синтагмалық қатынас» [2;35] деп атап, оған сөздердің бір-бірімен грамматикалық және лексикалық тұрғыда тіркесу мүмкіндігі арқау болатынын ескертеді. Сондықтан қатысым теориясындағы синтагма сөйлеу кезіндегі сөздердің байланысын, семантика-граматикалық үйлесімділігін анықтауға негіз болады. Мысалы: Ас батырмау, басы айнала беру, ағарып, жүдеп, төсекке жантая беру мұның салты боп алған (М Әуезов. «Абай жолы» ІІІ кітап «Қияда»); Ақылбайды Ұлжан өзi бауырына салып, өз баласы қып алды (М Әуезов. «Абай жолы» ІІІ кітап «Қияда»); Тiлi шығып қалған Ақылбай бұл күнде Абайды әкем екен деп бiлмейдi (М Әуезов. «Абай жолы» ІІІ кітап «Қияда»). Осы мысалдардағы ас батырмау, басы айнала беру, бауырына салу, тілі шығу тіркестеріндегі сөздерді парадигмалық тұрғыдан қарасақ, дәл осындай мағына бере алмас еді. Синтагмалық қатынас синтаксистік байланыстағы сөздердің когнитивтік мәні мен грамматикалық жақтан байланысу жолдары арқылы анықтап, оларды өз ішінде денотаттық мағынадағы синтагма, коноттаттық мағынадағы синтагма түрлеріне жіктеуге болады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

1. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. Алматы: Рауан, 1981.

2. Солнцев В.М. Языковой знак и его свойства. – Вопросы языкознания, 1977.