Турсунова
Гульшат Конуспековна
Учитель
казахского языка и литературы КГУ СОШ №65,г. Караганда, Республика Казахстан
Мазмұндама
жазғызудың тиімді жолдары
Қазақ тілі сабақтарында ең жиі
қолданылатын жұмыстың бір түрі – мәтін бойынша
мазмұндау. Мәтіннің мазмұнын әңгімелеу
оқушылардың тілдерін дамытады, сөйлеу дағдыларын
қалыптастырады. Көпшілік жағдайда мәтіннің
мазмұнын айтып беру үшін, арнайы дайындық жұмыстары
жүргізіледі: әңгімені толық, қысқартып
айту, мәтінге жақын айту; мазмұны талданады,
сұрақ-жауап арқылы мәтіннің мазмұны
бекітіледі; мәтінді бөліктерге бөлу, бөліктерге ат
қою; жоспар құру, жоспармен мазмұндау.
Мазмұндама
жұмысының негізгі мақсаты – оқушылардың жазатын
жұмыстарын терең түсіне отырып, олардың тілдік
құралдарына, сөздік қорына, сөз таңдау,
сөйлеудегі сөздердің орнына, көркемділігіне,
бейнелілігіне назар аударып, өз ойын жүйелі айтып, не жазып беруге
дағдыландыру болып табылады. Оқушылардың логикалық
ойлау қабілеті, есте сақтауы, зейіні жетілетіндігі анықталды.
Осындай бiлiм дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың
мынандай түрлерiн жүргiзуге болады:
Дайын мәтiн бойынша мазмұндама.
Сурет бойынша мазмұндама.
Аяқталмаған мәтiн бойынша
мазмұндама.
Дайын мәтiн бойынша мазмұндама. Дайын мәтiн
бойынша мазмұндаманың өзiн бiрнеше түрге бөлуге болады:
Мәтiнге жуық немесе толық
мазмұндау.
Мәтiннiң мазмұнын сақтай отырып,
бiрақ баяндалу формасын өзгертiп баяндау.
Қысқарта баяндау.
Толықтырып мазмұндау.
Үлгі мәтін бойынша мазмұндама.
Мәтіннің
оқиға желісін сақтап, түрін өзгертіп
мазмұндау. Мұнда оқушылар мысалы, бірінші жақпен баяндалған
оқиғаны екінші, үшінші жақпен айналдырып
мазмұндап береді.
Мәтінді
қысқартып немесе ықшамдап мазмұндау. Берілген
әңгімені қысқартып, өз сөздерімен
шағын әңгіме жазады.
Мәтінді диалогке
айналдырып, рөлге бөліп мазмұндау. Бұл
мазмұндаманың түріне мысалға, «Кім жүйрік?»,
«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Түйе
мен түлкі» т.б. мәтіндерді алуға болады. Мәтіндерді
рөлге бөліп оқытса, бала қызығады.
Мәтіндерді балаларға рөлге бөліп оқытып,
сөйлетіп, жазғызуға болады.
1.
Мәтіндегі негізгі ой оқушының баяндауында түгел
қамтылуы керек.
2.
Оқушының
баяндауы мәтіннен алыстап кетпеуге тиіс.
3.
Оқығанын
оқушы өз сөзімен айтып беру, бірақ мәтіндегі
көркем сөздерді, сөз тіркестерін қолдануға
тырысуы керек.
Дайын мәтiн бойынша жазылатын
мазмұндаманың келесi бiр түрi – толықтырып
мазмұндау. Бұл жоғарыда айтылған ықшамдап
мазмұндауға керiсiнше берiлген әңгiме мазмұнын
толықтырып, кеңейтетiн, ұсынылған ойға тың
пiкiрлер, жаңа сюжеттер тапқызу мақсатында жүргiзiледi.
Мұнда оқушының шығармашылық қабiлетiн
дамыту мақсат етiледi.
Жұмыстың бұл түрiнде бiр
әңгiменiң қысқаша мазмұны берiледi. Негiзгi
ой ұсынылады. Оқушы өз жанынан берiлген ойды
күшейтетiндей детальдар қосып, мәтiндi толықтырады.
Жаңа сюжеттер қосып, баяндалған iс-әрекеттi
дәлелдей түседi. Мұндай жұмыстар
оқушылардың таным процестерiн дамытып, тiлiн ширатады.
Мазмұндаманың бұл түрiн жаздыру
мұғалiмге үлкен жауапкершiлiк жүктейдi.
Тыңғылықты дайындалуын қажет етедi.
Ұстаздардың үнемi есiнде болатын мәселе: оқушыларға
ұсынылатын мәтiндер мазмұны олардың
күнбе-күн араласып, көрiп-бiлiп жүрген, етене таныс
зат, құбылыс оқиға және iс-әрекеттер
болғаны жөн. Балалар сонда ғана жұмыс барысында онша қиналмай,
тез төселiп кетедi.
Сурет бойынша мазмұндау. Мәтінге қосымша сурет дайындалады. Сурет бойынша
мазмұндау, әңгіме құрастыру
оқушылардың ойын, тілін дамытады.
Суреттi пайдалана отырып
жазылатын мазмұндаманың мынандай түрлерi бар:
а) белгiлi оқиғаға арналған бiр
сурет бойынша мазмұндама;
б) бiр оқиға мазмұнын ашатын сюжеттi
суреттер арқылы жаздырылатын мазмұндама.
Сурет және
сюжеттi суреттер бойынша жаздырылатын мазмұндамаларды түрлендiрiп
өтуге мүмкiндiк мол. Сюжеттi сурет бойынша өткiзiлетiн
мазмұндама мәтiнiндегi қайырымдар мен
сөйлемдердiң орындарын ауыстырып берiп, оны суреттiң сюжетiне
байланысты түзеттiрiп немесе орны ауыстырылған суреттердi
мәтiн мазмұны бойынша жүйеге түсiрiп, түрлерi
оқушының ойлауы мен қиялын дамытып, шығармашылық
қабiлетiн арттырады.
Алдын-ала дайындалған қыс келбетi бейнеленген
суреттi iлiп, сұрақ-жауап тәсiлi бойынша дайындық
жұмысы жүргiзiледi.
1.
Суретте жылдың қай мезгiлi бейнеленген? Оны немен
дәлелдейсiңдер? 2. Суреттiң алдыңғы жағында
кiмдер көрiнедi? Олар не iстеп жүр? 3. Балалардың
көңiл-күйлерi қандай? 4. Ауа райы қандай деп
ойлайсыңдар? 5. Суретке
қандай ат қоямыз? 6. Қандай ой қорытындысын жасаймыз?
Балалар суретке сүйене отырып, түсінгендерін
айтып береді. Егер балалар қиналғандай болса, сұрақ
қою арқылы көмек көрсету. Балалардың
мәтіннен түсінгендерін 2, 3 рет айтқызуға болады.
Суреттiң мазмұны жоғарыдағы
жоспар бойынша да талқыланып, сұрақтарға дұрыс
берiлген жауаптар iрiктеледi.
Мұғалiм осы сурет бойынша дайындап келген
мәтiндi мәнерлеп оқып шығады.
Мұғалiм мзмұндама мәтiнiн
оқып болғаннан соң, әрбiр қайырым суретпен
салыстырылады. Балаларға мағынасы түсiнiксiз деген
сөздер мен сөз тiркестерi синоним сөздер арқылы
түсiндiрiледi. Кейбiр сөздердiң орфографиясын есте
сақтау қажеттiлiгi ескерiлiп, тақтаға жазылады.
Жоспардың үлгiсi:
1.
Таңертеңгi табиғат көрiнiсi.
2. Өзен
жағасында.
3.
Балалардың қыс қызығы.
4. Балалар
соққан аққала.
5.
Қорытынды.
Аяқталмаған мәтiн бойынша
мазмұндама жаздырудағы
мақсат – оқушыларды өз бетiнше сюжет ойлап,
әңгiменi әрi қарай жалғастыра отырып, сәттi
шешiм тауып аяқтауға дағдыландыру.
Бұл шығармашылық жұмыс
түрiнде мазмұндама мен шығарманың элементтерi
кездеседi. Бұрын ылғи дайын мәтiнмен жұмыс iстеп
қалыптасқан оқушы алғаш рет өз ойынан
әңгiме құрап, өзiндiк ой қорытындысын
жасайды. Мұғалiмнiң негiзгi мақсаты – баланы
ойлантуға ситуация туғызу. Бала бойындағы “туа бiткен тiлдiк
қабiлетiн” ояту. Мұғалiм бұл жұмысты
“жеңiлден ауырға қарай жүргiзу” принципi негiзiнде
iстейдi. Алғаш рет оқушыларға ұсынылатын аяқталмаған
әңгiменiң оқиға желiсi, сюжетi суреттер
арқылы бағыт-бағдар беру негiзiнде жүргiзiледi. Демек,
оқушылар аяқталмаған мәтiндi сюжеттi суреттерге
және ұжым болып құрылған жоспар негiзiнде жазып
шығады.
Мысалы, мазмұндама тақырыбы: «Жалқау
мысық».
Менің бір әдемі мысығым бар. Өзі
өте сүйкімді. Оның бізбен тұрғанына алты жылдай
болып қалды. Алғаш асырап алған кезімізде ол сондай тынымсыз
еді. Кішкене доп, оралған жіп көрсе, сонымен ойнайтын. Ал
қазір оны орнынан тұрғыза алмайсың. Күндіз де,
түнде де пештің түбінде жатып алып ұйқыдан бас
көтермейді. Сөйтіп, менің мысығым жалқау болып
кетті. Маған мысығымның осы мінезі ұнамай жүр.
Тірек сөздер мен сөз тіркестері:
сүйкімді, сондай тынымсыз, бұрын, алғаш асырап алған
кезімде, ұйқыдан бас көтермейді, оралған жіп
көрсе, жалқау.
Жоспары: 1. Сүйкімді мысық. 2. Ойынға
құмарлық. 3. Ұнамсыз қылық.
Берілген тірек
сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы
түсіндіріліп, сөздік жұмысы жүргізіледі.
Мазмұндама жазуға қойылатын негізгі
талаптар:
Тақырыпты оқушының өз ойы
және өз сөзі арқылы, жазып отырған
тақырыптан алшақтамай, оның мазмұнын нақты
ашуға талпыну.
Артық баяндау, қажетсіз дәлелдемелер
мен көпсөздікке жол бермеу.
Жазу техникасы: мазмұндама жазылатын мәтiн
ең алдымен сыныпта мәнерлеп оқылады. Қандай да болмасын
әсерлi шығарма ұсынылған, ол нақышына келтiрiп,
дұрыс дауыс ырғағымен оқылмаса, қызығушылық
сезiмiн тудыра алмас едi. Өйткенi мазмұндама мәтiндерiн
оқушыларға оқып беруде мұғалiмнiң дауыс
сазының әсерлi болуының маңызы зор. Сондықтан
мазмұндама мәтiнiн оқығанда мұғалiм дауыс
ырғағын бiрқалыпты сақтап, өзiнiң
дикциясына қатты көңiл бөлгенi жөн.
Мәнерлеп оқуда екi түрлi талап қойылады. Олар –
физикалық және психикалық. Бiрiншiден, оқыған
кезде дұрыс тұру, демдi еркiн және терең алу, дауысты
бiрқалыпты сақтау болса, ал екiншiсiне оқудың ритмiн
сақтау, сөздi анық айту, бiрқалыпты оқу, пауза
жасау, дауыс ырғағын тыныс белгiлерiне сәйкестендiру, т.б.
жатады.
Мiне,
сондықтан мазмұндама мәтiнiн мұғалiмнiң
өзi оқып бергенi жөн. Одан кейiн мазмұны айтылып,
мәтiндегi мағынасы түсiнiксiз сөздер мен сөз
тiркестерi (фразеологизмдер) түсiндiрiледi. Мазмұндау жоспары
түзiледi. Алғашқы кезде мұғалiмнiң
көмегiмен, кейiннен оқушылар өз беттерiнше жоспар
құрады. Жоспар жазылмақшы мәтiннiң
мазмұнына байланысты жай және күрделi болып келедi.
Мәтiнге жоспар құру, оның мазмұнын жоспарлап жазу
дегенiмiз – мәтiн мазмұнын бөлiм-бөлiмге бөлiп
беру деген сөз. Мәтiндi жоспарлау – оқылған
шығарманың мазмұнын жүйелеп беру, ондағы
оқиғаның, iс-әрекеттiң орындарын алмастырып алмау
үшiн қажет. Жоспарлау мәтiндегi әңгiме болып
отырған негiзгi мәселенi тани бiлуге баулиды. Мәтiнге жоспар
жасау, әдетте, жай жоспар күрделi жоспар жолымен жүзеге
асырылады.
Қолданылған
әдебиеттер:
1.
Рахметқызы С. Бастауыш сыныптарда оқушылардың тілін
ұстарту. – Алматы: Рауан, 1997. – 141 б.
Сведения об авторе
Турсунова Гульшат Конуспековна - учитель
казахского языка и литературы КГУ СОШ №65, Караганда, Казахстан
Адрес: 100022 г. Караганда, ул.
Волочаевская д. 55, кв. 24
Тел: 72-27-07 (дом.т.), 8-701-356-44-86 (моб.тел.)
E-mail: t_marhaba@mail.ru