Ә.Ақкөзов -филол.ғ.к., доцент
ҚИПХДУ
А.Ақкөзова -
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері.
Ә.Тоғызбаев- ҚИПХДУ магистранты
М.ӘУЕЗОВТІҢ «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН – ЭПОПЕЯСЫНДАҒЫ
КӨҢІЛ – КҮЙ ЕТІСТІКТЕРІНІҢ ЭМОЦИОНАЛДЫ
СЕМАНТИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ФУНКЦИОНАЛДЫ ҚОЛДАНЫСЫ
Белгілі бір объектіге
бағытталған амал - әрекетті білдіретін жалпылауыш семаларымен
байланысты топтастырылған етістіктер амал-әрекет
етістіктері деп аталады. Мысалы: «Мен
ірге тигізбей, күздігүні пішенін шауып алайын деп ем» /Абай жолы, 1том 145-бет/ - дегенде
орылатын затқа я істелетін жұмысқа сабақталып айтылып
тұр. Яғни шабу етістігі
іс-әрекет, қозғалыс-амалды білдіреді. Мұндай
етістіктердің лексикалық мағынасы белгілі амалды білдірумен
қатар, сол қимылдың объектісі болатын заттың тіркесіп
айтылуын керек етіп тұрады. Мұндағы шабу етістігі жағымсыз эмоцияны білдіреді. Өйткені
біреудің егінін зорлықпен шауып алу.
Халықтың жыл бойы еткен еңбегін, бір күнде иемденіп алу
[1].
Ал алмасу
етістігі екі немесе одан да көп субъекті әрекетінің жеке
емес ортақ объекті арқылы болатын процесін көрсетеді.
Яғни, екі немесе одан да көп субъектіге ортақ әрекетті
білдіреді. Мысалы: Бұнысы дәл
осы сәтте қауіп пен үміттің тез алмасып, кезек шарпысып, үлкен адам кеудесін жалын мен судай
қатар жалап тұрған шағы еді /Абай жолы, 182 бет/.
Мұндағы алмасу жеке бір
процесті емес, үміт пен қауіпке ортақ процесті
білдіреді. Қауіп пен үміт қайсысының
жеңетіні белгісіз, алмасып келіп отыр.
Үміттенем өмірден
үміттенем,
Үміт оты өшпейді жүректерден – деп алдағы
мақсатын орындау жолында, өмір үшін күресте күшті
сезімдерсіз табысқа жету қиынға созылады. Адам не үшін
күрессе соны жан-тәнімен жақсы көріп, неге қарсы
күрессе, соны өлердей жек көріп отыруы керек. Яғни,
қауіпті үмітпен жеңуге болады. Мұнан жағымды
эмоцияны көруімізге болады.
Етістіктердің жалпылауыш семасы
қозғалысқа түскен заттардың не адамның бір
орыннан екінші орынға өткендігін, орын ауыстырғандығын
білдіретін етістіктер
қозғалу етістігі деп аталады. Мысалы: Байдалының бар мінез, бар сөзін мақұл
көріп, Базаралы атқа мінді /Абай жолы, 367 бет/. -Уа, кет,
жоғал! Құдайдың кәрін көріп болған
Қодар Құнанбайдың кәрінен қорқар деп
пе ең? Жоғал әрмен! –деп айдап жіберген /Абай жолы,25 бет/. Бұл
сөйлемде өшпенділік, жек
көру, бұйыру
мағынасында берілген эмоционалды етістіктер бар. Бұл жағымсыз
эмоция. Өшпенділік өзінің өштескен адамын жоюға
жұмылдырып - әбігерді нығайтып отырады. - Кет, бәлекет, жүзі
қара! Кет! – деп, үлкен тасты қойып жібереді /Абай
жолы,31 бет/. Майсарбайды үнсіз сабап
жүрген Садырбайлар бір уақытта: - Тысқа алып шық! Жүр, алып шық! - деп,
тысқа сүйреп шығарды
/Абай жолы, 156 бет/ Бұл сөйлемдегі «тысқа
алып шық!» Жүр алып шық! -дегенде ашумен айтылған.
Яғни, аффект. Эмоциялардың сыртқа шығып, аз уақыт
ішінде әрекеттің өтетін түрін – аффект дейміз. Мен
де құшағым жая ұмтылып: «кел, келші, сәулем!»-деп
барып, оянып кеттім. -Рас, сен сүйдедің. Соны айтып ояндым! - дей берді Ербол /Абай жолы, 307 бет/. Кел, келші сөздері мұнда
еркелеу, шақыру мәнінде қолданылып тұр. Яғни,
жағымды эмоция.
Қарым –
қатынас етістіктері. Бұл топтағы етістіктер заттар не
адамдар арасындағы түрлі қатынастарды білдіретін семаларымен
байланысты топтастырылады. Мысалы: Сол
сәтте көзін жалт еткізіп Абайға бұрып: -
Әссәламұғалейкум, Абай аға! – деп, оң
қолын төсіне қойып, мұсылманша тағзым білдірді
/Абай жолы, 531 бет/. Бұл сөйлемнен үлкенге деген ізгілікті, кішіпейілділікті көреміз. Жағымды эмоция. Мыналар даурыға сәлем бергенде,
үйде отырған екеуінің еріндері болымсыз ғана
жыбыр-жыбыр етісіп, сараң әңгімелесті /Абай жолы, 1 том 9 бет/.
Сезіну етістіктері.
Бұл топтағы етістіктер сезім мүшелерінің қызметімен
байланысты жалпылауыш семаға ие болады. Мысалы: Абай ойлана отырып, Татьяна хатына үңілді: Неткен
айтқыш тіл! Тіл емес, жүректің лебі. Лүпілдеп
соққан ырғағы. Қандай нәзік тереңдік!
– деп отырып, кітап бетінен көзін тайдыра бере:
Ғашықтық тілі тілсіз тіл,
Көзбен көрде, ішін біл.... – деді /Абай
жолы,1 том 566 бет/.
Әйгерім:
- О, не шырақ ? Не істеді өзі? – деп,
құмалаққа үңілді.
- Абай ағамның мына бір жаңа әнін
үйреніп кетейін деп, әдейі жолымнан бөгеліп отыр ем!...
«Көкмойыннан» тұздық алдырған кісі енді, бізге
неғып оралсын! – деп, күбірлеп сөйлеп, күйзеліп
отыр /Абай жолы, 574 бет/.
Бұл сөйлемдерден
көңіл-күйдің құбылуына байланысты
іштей сезілетін процестердің нәзіктілігін, оның көңіл-күйге
өтетін әсерін байқаймыз. Терең
ойға бату, таңдану,
әзілдеу бар.
Адамның ойлау процесімен
байланысты болатын етістіктер ойлау етістіктері.
Мысалы: Абай бірнеше күн
қатты толғанып, жапа-жалғыз ойланып жүрді /Абай жолы, І том 241 бет/.
Құнанбайдың
келе жатқанын білдірді /ІІ
том,10бет/. Абай оп-оңай үйде отырып-ақ лезде біліп, лезде
танып, таратып отыратын /Абай жолы, 132
бет/.
Дыбыс толқындары арқылы
белгілі бір информацияны екінші біреуге жеткізу жалпылауыш семасы арқылы
топтастырылған етістіктер сөйлеу
етістіктері деп аталады. Мысалы: Ей,
не оттап отырсың өзің? Топты баласы-мен Ділдә не болады сонда? /Абай жолы, 1том 336 бет/.
Ит болайық, енді қыбырламасаң. Оразбай
жалғыз жалтылдатып, айнала қарап, қанын ішіне тартып
сөйлейді /Абай жолы,І том 512бет/.
Бұл сөйлемнен
Оразбайдың өз ойын, пікірін сөзбен хабарлап білдіргенін
байқаймыз. Ат кекілін кессең
де, қатты айтып, ел өкпесін түгел жеткіз деп, Түсіпке
өзі де ашумен сөйлеп нық қайрат берді /Абай жолы, І том
172бет/. Бұл сөйлемнен ашумен келіп, шындықты айтуды, ел
өкпесін жеткізуді, қайрат
бере сөйлеуді аңғарамыз. Адам шыншылдығының
шегіне жетіп, ызасынан туған сөздер. Жағымды – эмоция.
Сөйлеу етістіктері жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы»
роман-эпопеясында болымсыз формалармен қатар аналитикалық формада
жұмсалған. Мысалы: Ол
өз үйіне соқпастан, бірде-бір жанмен тіл қатысып,
сөйлеспестен асығып-аптығып кеп, Абайдың үстіне
кірген /Абай жолы, ІІ том 170 бет/. Бұл сөйлемдегі «тіл
қатысып, сөйлеспестен» деген сөздер сөйлеспеу
мәніне ие болып тұр. Ол өз ойын Абайға ғана
айтқысы келген. Өйткені түсінетін – Абай. Жағымды эмоция.
1). Абай қатты сызданып қабақ түйді.
Тәкежанға үлкен ашумен қатты сөйледі. /Абай жолы,
1том 542бет/
2). Тәкежан Абайды жақтырмай, қыжыртып отыр екен.
- Е «сөзі сендерде» деп, бұларыңның аулын шауып,
кісісін өлтірген, Тәкежан, Ысқақ бар ма екен? Немене
бұл екі қу көк шолақты қылқитып әкеп,
маған зәулі қып отырсың? Түсінен шошысын деп отырсың ба, сүмпитіп әкеп
бұларыңды? – деп ұрса сөйледі /Абай жолы, І том 542 бет/.
Бұл екі сөйлемде де «сөйледі»
сөзі жағымсыз эмоцияны білдіріп тұр. Бірінші сөйлемде, Абайдың Тәкежанға деген
ашу, ызасы білдірілген. Ал, екінші сөйлемде,
Тәкежан әділдікті ту етіп кедей-кепшіктің мұңын
айтып, жоғын жоқтап, осыларды жоқ – жітік еткен атаң - Өскенбай, Құнанбай,
Мырзатай деп шындықты айта келген Абайға ұрса сөйледі.
Яғни жағымсыз эмоция.
3). - Не дейді?! Не көкиді әңгі соқырлар?...-деп,
ашуланды /Абай жолы, Ітом 272 бет/.
4). Былжырамай, осыңды ал да аулақ кет өзің
қасымнан! – деді.
5). Абай осы арада ғана қатып, құбылып,
шұғыл ақырып қалды. – Оттапсың, екі төбет!
– деп, боқтап жіберді. /Абай жолы, Ітом 555 бет/.
6). Жетпіс бес жасқа жеткенше мылжыңдап кеп, ең
аяғында осындай ақыл тапқан Жұманды көрген
жоқ па? /Абай жолы, ІІ том 393 бет/. Бұл сөйлемдегі оттап, былжырап, мыжыңдап
сөздері, жағымсыз эмоция. Бетімен
лағып, мылжыңдап орынсыз, қисынсыз, шамадан тыс, артық сөйлеуді білдіреді. Айту, сөйлеу қарапайым
сөздің әдеби баламасы да, олардың синонимі мылжыңдау, көку, оттау сөйлеуге қатысты
синоним етістіктер. Олар түрлі стильдік мәнде
қолданылған. Сондықтан М.Әуезов мұның
бәрін белгілі бір стильдік экспрессивті – эмоционалды реңк беретін күмілжу, міңгірлеу,
күңкілдеу, айту, сөйлеу синонимдері арқылы ойын дәл келтіріп,
мазмұнды дамытқан. С. Мырзабеков «Абай жолы» романында сөйле етістігінің 845 рет
түрлі мағынада қолданылғанын айқындаған
[2;102].