Қайырбекова Ұ.С.   филол.ғ.к.,доцент ҚИПХДУ

                            Айтенов Е.Е. - ҚИПХДУ -нің аға оқытушысы

                             Жантөреева Г.А. - ҚИПХДУ-нің магистранты

 

Жастар тіліне  қоршаған ортаның әсері

 

        Тіл- адам ойының айнасы. Адамның тіл жұмсау дағдысынан, тіл мәдениетінен оның кім, қандай адам екенін аңғару қиын емес. Әдетте ойы айқын кісінің сөзі де анық, дәл болады. Ойы таяз, пікірі күңгірт кісінің сөзі де берекесіз болады.  Әсіресе, жастардың ауызша сөйлегенде сөзді мағынасына сай дұрыс жұмсай алмауы, айтайын деген ойын көркем, жүйелі жеткізе алмауы жанға батады. Бұл туралы Серке Қожамқұлов ағамыз:

-Жастарымыздың үлкен бір кемшілігі бар. Ол мынау: сөйлесе кетсең, көпшілігі-ақ мүдіріп, аузына сөз түспей, білген сөзінің өзін бұзып айтып қиналады да қалады. Ана тілінде таза сөйлей алмайтыны, сөйлемдерінің басы мен аяғы араласып, сөздері шұбар ала келетіні бірден байқалады. Бұның өзі, әрине, тілін ұстартуға зер салмағандықтың салдары. [2, 18б]

Адамның қоғамдық өмірі қарым-қатынассыз болмайды. Сол қарым-қатынаста біреуге біреу ойын айту, пікір алысу тілдік қарым-қатынасты тудыратыны белгілі. Адамның тіл жұмсауы- оның қоғам мүддесіне лайық көптеген іс-әрекетінің бір бөлігі. Қазіргі қоғамда өзгерістер, яғни жаңарулар көп болғандықтан, халқымыз түрлі жұмыс салаларында еңбек етеді. Әрине, оларға қойылатын талап та жоғары. Заман талабына сай әр қызметкер білімді, өз ісіне шебер, тілді жетік меңгерген азамат болуы тиіс. Жұмысқа орналасқан  жастардың тіл мәдениеті жоғары болсын деген талап- қоғам талабы, заман талабы.[ 1, 38б]

Аудиторияда ғылыми немесе курстық жұмысын қорғап тұрған жас студентте өте көп кездесетін кемшіліктердің бірі- сөз арасына жаңағы, яки, яғни, және, мінекей, жалпы, ия, мәселен, ммм, әлгі т.б. сөздерді орынсыз қыстыра беруі. Ал сабақтан тыс орындарда жаңағы сөздермен қатар, значит, так, пока, уже, допустим, вообще, и , в общем, после, так как  сияқты сөздерді пайдаланып, қайталай беру елдігімізге сын, тілімізді ластау, бүлдіру.

Жастар жаргонын пайдаланудың басты функционалды міндеттерінің бірі- оның коммуникативтік қызметі. Ерекше әлеуметтік  топ құрылады, сонымен қатар ішкі ұқсастық  белгілер мен тілдегі жаңа қолданыстар өзінің құрдастарымен қарым-қатынас жасауға, коммуникативтік актіге түсуге бағытталады.

Жастар жаргоны креативті қызметті іске асырады, бұл лексикалық бірліктерді қарым-қатынас жағдаятында өз ойын білдіруге қажетті құрал ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Әдеби тілге тән нормалар мен табуларды бұзып, жаңа сөздерді ойлап шығарады, ол арқылы жастар дербестігі мен шығармашылық мүмкіндіктерін аша түседі, тілдің лексикалық құрамын жаңартады.

Жастар жаргонын пайдалану көптеген мақсаттарды шешуге жол ашатындықтан, номинативті бірліктердің жасалуы мен таралуы түрлі бағытта болады. Бірінші кезекте жастар жаргонының лексикалық құрамының толығу ерекшелігін қарастыру керек, бұл көп жағдайда жастардың дүниені тану тәсілін анықтайды.

Студент тілінде оқытушыларды номинациялау жаргондалатыны және негізгілері болып бөлінеді. Оқытушыларды  преп,препод/ деп атайды. Жас ерекшелігіне және қызметіне байланысты оқытушыларды студенттер  ешкі (жас), асс немесе қораз ( ассистент), псих (психолог), завкаф, гавгав (кафедра меңгерушісі), декан студенттің бар мәселесін шешетін болғандықтан, оны «тағдырды шешуші», « тәрбиеші», « стипендиядан айырушы» т.б. деп атайды.

Студенттік өмірде бақылау, емтихан басты орын алады. Олар өмірге қауіп тудыратын қорқынышты, өтпелі кезең ретінде сол сәттерді кішкене тозақ, той бітті, лоторея, айқас, қош келдің, әскери өмір деп атайды.

Студенттік атаулардың ішіндегі қызығушылық тудыратындардың бірі-жатақхана. Студенттер оны жануарлар тұрағы ретінде ұя, тауық қора және оның жағымсыз ерекшеліктері туралы общяк, общяга, тышқан, тозақ деп атайды.

 Жаргондар  жастардың үнемі асығып жүруіне байланысты тілдік үнемдеу принципін де басшалыққа алады. Жастардың тіліне қарап олардың қандай топтарға жататындығын, қандай мамандық иелері екендігін  анықтауға болады, сондықтан студенттің тілдік тұлғасын оның қоғамдағы басқа әлеуметтік топтардан өзін ажыратып тұратын құрал десек те болады.

Соңғы кездері жастар жаргонындағы арготикалық сөздер саны азайып келеді, себебі жастардың ойынша қызықты сөздер қазіргі қолданыста тұрақтанды, қалғандары ерекше назар аударуды қажет етпейді, ал жаңалары әлі пайда болған жоқ.

Жастар тілінде программист мамандардың жаргоны ерекше орын алады. Жастар жаргонындағы компьютерге қатысты лексика  20%-ды құрайды. Бұл лексиканы тек ақпараттық жүйелер мамандықтарында оқып жатқан студенттер ғана емес, сонымен бірге дербес компьютермен жұмыс істейтін барлық жастар қолданады. Мысалы, емеля- электронды почта, пень- пентиюм, энет-интернет т.б.

Жастардың тілінің ерекшелігін, лексиконының толығу тәсілін және оның берілу жолдарын айқындай келе, жастар жаргонын жастар мәдениеті шеңберінде ерекше жүйе деп айтуымызға болады. Олар бір жағынан, жастар дамуының баспалдағын, иерархиялық реттелуін, тілдік кодтар, қоғамдағы басқа да әлеуметтік топтармен байланысын орнатса, екінші жағынан, жастар мәдениетінің басқа субмәдени бірліктермен бірігу тәсілін анықтайды.

Жастар арасында билингвизм басым орын алуда. Қай тілде сөйлесең де бөтен тілді араластырмай сөйлеу тіл мәдениетінің, жалпы мәдениеттіліктің жоғары деңгейде болуы. Бір тілде еркін, әрі көркем сөйлеу – жоғары мәдениеттіліктің көрінісі. Өз ана тілін осындай дәрежеде меңгерген адам екінші тілге де жүйрік болады. Бір тілде сөздік қоры неғұрлым бай адамға екінші тіл тез бағынады. Ал керісінше, билингвизмге тілдік қоры нашар, тіл мәдениеті төмен адамдар жиі жүгінеді. Ең өкініштісі, жастар арасында бұл құбылысты «алға басқандық, білімі тасығандықтың» белгісі ретінде ұғынатындар көп. Әсіресе еліктегіш ауыл жастары ( оның басым бөлігі қыздар ) осы әдетке бейім екендігі расталып  отыр. Мұның себебі әртүрлі: бұл, біріншіден, ауылдық тұйық мәдени ортадан шыққан жастар ауылдан шыққан соң билингвизмді өздерінің ерекшелігі санай бастайды. Кейіннен ол жаман әдетке айналады. Тіпті, орысша шала сөйлейтін жастарымыз да осыған бейім келеді. Соңынан не ол, не бұл тілді меңгеріп кете алмайды. Тіпті, өзінің ана тілінде тәуір сөйлеуден де ажырап, тіл мәдениетін жоғалтады. Мысалдар келтіре кетсек: Давай, мектепке барып қайтайық... Менің компьютерімде загрузка. Күте тұршы, ладнинко... Сен менің логиніме дружба жіберіпсін ғой... Утини, рахметы тебе... Кешке кездесермиз, хопчик.... Допустим, что мен онда бардым... Әсіресе, қоғамдық көліктерде « Абаядан түсеміз» ( Байтұрсыновадан, Абылай ханадан, Ауезовадан т.с.с) дейді. Тіпті, қазақша сөйлегеннің өзінде « Абая аялдамасы» дейтіндері бар. Ол « Абая» емес, «Абай» аялдамасы. Міне, осылай сөйлеу арқылы жастар мәдениеттілікті қуалап жүріп, нағыз мәдениетсіздіктің тасымалдаушысына қалай айналғанын білмей жүрген жастарымыз да жетерлік. Қос тілдесіп сөйлесіп жүрген жастар билингвизмді қазақтың бір қыры ретінде көрсетуге қызмет етуде. Жастардың бұл қатынас құралы бүгінгі күнде ешкімді таң қалдырмайды. Бірақ, жоғарғы тілдік мәдениетке қойылатын әлемдік талап бойынша- бұл жағдай сол процесске қатысушы екі тілді де қорлау болып саналады. Ал, екі тілді біршама меңгерген жастардың жартысына-намыс, жартысына –әдет. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2011 жылғы жолдауында: « Біздің міндетіміз-2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын сексен пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде тоқсан бес пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің жүз пайызы мемлекеттік тілді шығатын болады... Мен қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу-әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін. Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде жиырма пайызды құрауы тиіс деп есептеймін»,-делінген. Қуаныштысы, Елбасымыз мемлекеттік тіл мәселесіне басты тұрғыда, ерекше мән беріп отыр. Жастар тіліне әлеуметтік факторлардың әсері төмендеп, тілін шұбарламай, қос тілде емес, бірінші кезекте қасиетті ана тілімізде еркін, жетік, мәдениетті сөйлеп, қалған тілдерді де сауатты меңгеруіне ерекше мән беріп, сол үшін жастарды мәдениетті сөйлеуге талпындыруымыз қажет

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Балақаев М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту-Алматы, Мектеп.-1989.

2. Тіл мәдениеті. Оқу құралы.// ( Авт.бірл.: Уәлиев Н, З.Бейсембаева, Ж.Исмайлова, М.Қанабекова, Г.Қайдарова). Алматы, 2005. 112 б.