пc. ғ. к., доцент м.а. Мандыкаева А. Р.
магистрант Оңайғалиева А .Р.
Л.Н. Гумилев
атындағы Еуразия
ұлттық университеті
Ойын –
мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті.
Ойын балалардың негізгі
іс-әрекеті ретінде психологиялық, анатомиялық-физиологиялық,
педагогикалық
маңызы зор қызметтер атқарады.
Ойын баланың даму құралы, таным көзі, білімдік,
тәрбиелік, дамытушылық мәнге
ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына
ықпал етеді. Ойынды әрбір адам ойнап өседі, ойынды көп
ойнаған адамның
дүниетанымы кең, жаны таза, жүрегі нәзік, нағыз сезімтал
тұлға болмақ. Әрине, ойын адамның дамуына,
қалыптасуына әртүрлі
әсер береді. Кей бала ойында шынайы
өмірді бейнелесе, кей бала ішкі сезімін білдіреді. Ойынның дамуына және баланың ойынға араласуына әсер ететін
факторлар өте көп.
Мысалы, үлкендердің ойынға басшылық жасауы, ойыншықтар, баланың
өсетін ортасы, балалар
ұжымы, баланың тәрбиесі т.б. Дегенмен де ойын тек әрекет емес,
балалардың да, үлкендердің
де қызығушылық ермегі, адамды рахат және қанағат
сезіміне бөлейтін іс-әрекеті.
Балалар тұрмақ, үлкен адамдар да әлі күнге дейін ойнайды, әрине
ойынның түрлері өте көп. Балалар ойынына талдау
жасайтын болсақ, оның өзгеріп отыруы балалардың жас және жеке дара ерекшеліктеріне
бай-ланысты. Мысалы, сюжеттік рөлді, қимыл-қозғалыс,
драматизациялық, музыкалық, дидактикалық,
құрастыру, ұлттық, спорттық, дамытушы ойындардың түрлері бар.
Әрқайсысының
өзіндік мәні, ерекшеліктері, мазмұны, ережелері,
тәртібі, білімдік, тәрбиелік, дамытушылық функциялары бар. Оның
әрқайсысына жеке тоқталатын болсақ, сюжеттік рөлді ойындар ойынның
алғашқы танымы десек, артық болмас.
Ойын мазмұны мен түріне қарай:
мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық,
құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді.
Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп
жеткізуге тырысады, оған қажетті
құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау
үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық
іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық
іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара
қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік
сапаларды қалыптастырады. Бала алған рөлдеріне сай
кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын
мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан
(ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін
пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын
айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған
ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан
құрастырған заттарды ойын құралы ретінде
пайдаланады. Мазмұнды-бейнелі ойынның ерекшелігі: оны
балалардың өздері жасауында, ал ойын қызметі айқын
өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады.
Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін.
Құрылыс ойынында бала сызық бойына
әдемі үй құрылысын жасап, оның бояуларының
бір-бірімен келісімді болуын қадағалайды. Құрылыс
материалдарын пішіні, түсі бойынша симметриялы орналастырып, оларды
көлемі (кең, тар), биіктігі (биік, аласа) бойынша салыстырады.
Баланың өмірге қадам басардағы
алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да
оның мәні ерекше. Жас баланың өмірді тануы,
еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын
үстінде қалыптасады. Ойынды зерттеу мәселесімен тек
психологтар мен педагогтар ғана емес, философтар, тарихшылар, этнографтар
және өнер қайраткерлері мен бала тәрбиесін зерттейтін
ғалымдар да шұғылданды.
Сюжеттік - рөлді ойындардың негізгі ерекшелігі ол балалардың қоршаған
өмірді - адамдардың қимылын, іс-әрекеттерін бейнелеу болып табылады. Ойында бөлме
теңіз, аспан кеңістігі де, темір
жол вагоны да болуы мүмкін. Балалар жағдайға ойынның
өздері ойлаған түпкі ниеті мен мазмұнына лайықты
маңыз береді.
Ойын іс-әрекетінің тағы бір ерекшелігі
- оның әрекеттік сипаты. Балалар ойын шығарушылар, ойынды
жасаушылар болып табылады. Олар ойында өздеріне мәлім өмір
құбылыстары мен оқиғалары туралы білімдерін бейнелейді, оларға өзінің қатынасын
білдіреді.
Балалар ойынының ерекшелігі
сондай-ақ бейненің, ойын әрекеті мен
сөздің ұштасуымен өзара байланыстылығында.
Бұл оның сыртқы белгісі емес, шын мәні. Ойында
бала өзі бейнелеген қаһарманның
іс-әрекетімен, сезімімен тыныстайды. Кейде бейненің
баланы баурап әкететіні соншалық, ол тіпті өзін
әдеттегідей шақырғанға жауап та қатпайды.
Балалар үн-түнсіз
ойнамайды. Тіпті бала жалғыз болғанның өзінде
ойыншықтармен сөйлесіп жүреді. Ойынға
қиялдағы қатысушылармен әңгімелеседі,
өзі мен мамасы үшін, науқас кісі мен дәрігер
үшін сөйлеседі және т.б. Сөз нақ бір ойын
әрекетін сүйемелдеуші болып табылады, бейнені, оған
баланың өз қатынасын толығырақ ашады.
Ойын процесінде сөйлесу
қарым-қатынасы үлкен рөл
атқарады. Сөйлесе жүріп балалар пікірлесіп, әсер алысып,
ойынның түпкі ниеті мен мазмұнын анықтайды. Ойында
сөзбен уәделесу ұйымдастырушылық қызмет атқарады, балалар арасында
өзара түсінісу мен достықтың,
қоршаған өмірдің қайсыбір
фактілері мен құбылыстарына бірдей көзқарастың пайда болуына және дамуына көмектеседі.
Бейненің, ойын әрекеті
мен сөздің өзара байланысы ойын қызметінің өзегі болып табылады, шындықты бейнелеудің
құралы қызметін атқарады.
Ойынның негізгі
құрылымдық элементтері мыналар: ойынның
түпкі ниеті, сюжеті немесе мазмұны; ойын әрекеттері,
рөлдер; ойынның өзінен туатын және
балалар жасайтын немесе ересектер ұсынатын ойын ережесі.
Бұл элементтер өзара тығыз байланысты және ойынды
балалардың өзінше бір іс - әрекеті ретінде көрсетеді.
Ойынның түпкі ниеті -
бұл балалардың нені және қалай ойнайтынының жалпы анықтамасы, мәселен: «дүкен»,
«аурухана», «әскер»,
«қызы мен шешесі», «мектеп» және т.с.с. болып ойнау. Ол сөзде тұжырымдалып, ойын
әрекеттерінің өзінде бейнеленеді, ойынның мазмұнында қалыптасады және ойынның өзегі болып табылады.
Ойынның түпкі ниетіне
қарай ойындарды азды-көпті мынадай типтік топтарға
бөлуге болады:
а) тұрмыстық
құбылыстарды бейнелейтін ойындар («отбасы», «мектеп»,
«балабақша» және т.б. болып ойнау);
ә) жасампаз еңбекті
бейнелейтін ойындар (корабль салу, үйлер, стадиондар
тұрғызу және т.б.);
б) қоғамдық оқиғаларды,
дәстүрлерді бейнелейтін ойындар (мерекелер, демонстрациялар, қонақтарды қарсы
алу, саяхаттар
т.т.).
Ойындарды бұлай бөлу, әрине, шартты
ғана, өйткені ойын өмірдің алуан түрлі құбылыстарын бейнелеуді қамтуы
мүмкін.
Ойынның сюжеті, мазмұны - бұл
оның жанды тұлғасын
құрайтын, ойын әрекеттерінің, балалардың өзара
қарым-қатынастарының дамуын,
көп жақтылығын және өзара байланысын
анықтайтын... Ойынның мазмұны оны қызықты
етеді, ойнауға деген ықылас пен ынтаны қоздырады.
Ойынның құрылымдық ерекшелігі мен
түйіні - бала атқаратын
рөл. Ойын процесінде рөлге берілетін маңызына
қарай көптеген ойындар
рөлді немесе рөлді-сюжетті ойындар деп аталады. Рөл
әрқашан адамға немесе жануарға, ол
қиялдағы қылықтарға, іс-әрекеттерге, қарым-қатынастарға
қатысты болады. Солардың
бейнесіне енген бала сол өзі
қалап алған нәрсеге айналады, яғни белгілі бір
рөлді ойнайды.
Ойынның осы құрылымдық элементтерінің бәрі
типтік болып табылады, бірақ олардың түрлі
маңызы бар және әртүрлі ойындарда түрліше
арақатынаста болады. Әрине ойынның әр
түріне сипаттама беруге болады, дегенмен ойынның
ішінде дидактикалық ойындардың білімдік,
тәрбиелік, дамытушылық мәні зор.
Дидактикалық ойындарды
мұғалім сабақта пайдаланып, оқыту
мақсатын шешеді, сондай ойындардың бірнешеуін
ұсынбақпыз.
«ҚАЙ
СӨЗДІ ЖОҒАЛТТЫМ?». Бұл ойын 1-сыныпта
сөз және сөйлем тақырыптарын еткен кезде жүргізіледі.
... еріді... жылынды. Гүл ... . Бұлбүл
... . Ол ...
оқыды.
Жоғарыдағы
тәрізді таблицаларды тақтаға іліп
қойып немесе карточка түрінде оқушылардың қолдарына
үлестіріп бере отырып, сөйлем ішіндегі жоғалтылған
сөздерді тапқызады. Мұнда
сөйлемдердің сөзден құралатынына, сөйлемдегі
сөздердің дұрыс орналасуына оқушылардың
назарын аударту керек.
Математикадан қолданылатын дидактикалық ойындар.
«КӨРШІ-КӨРШІ».
Ойынның мақсаты: 10 көлеміндегі сандардың
ретін меңгерту. Ойынның мазмұны: мұғалім бір санды атайды, мысалы: «Жеті» дейді. Жеті саны тағылған
бала ілгері шығып, балалардың алдына тұрады.
Мұғалім: Бұл
санның көршілері қатарына тұрыңдар!
6, 7, 8 сандарын құрады. Одан соң 6 және 7 сандары салыстырылады.
6-ның 7-ден біреуі кем,
6-ға 1-ді қоссақ 7 болады. 6 саны 6 бірл. тұрады. Одан соң 7, 8, т.с.с.
«САҚИНА ТАСТАУ» ойыны. Дидактикалық мақсаты: 20
көлеміндегі қосу және азайтудың таблицалық жағдайын бекіту
Мазмұны. Сақинаны алған оқушы карточка бойынша 20 көлеміндегі сандарды қосу мен
азайтуға
берілген мысалды тақтаға шығарып, сақинаны өзі қалаған
оқушыға салады. Ойын осылайша жылдам түрде жалғасады.
Міне, осы секілді ойындар
отбасында да, мектепте немесе мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында
қолданылса бүлдіршіндеріміздің дамуына, психологиялық
тұрақты қалыптасуына зор мүмкіндік жасалатыны
сөзсіз. Ең бастысы, баланың тұлғалық
қалыптасуына ата-ана да, ұстаз да өз үлесін
қосуға міндетті. Өйткені, бірі тек баласын ғана емес,
екіншісі шәкіртін ғана емес, мемлекеттің болашақ
қайраткерлерін тәрбиелеп жатуы да бек мүмкін.
Пайдаланылған әдебиеттер:
«Жас
санаты және педагогикалық психология»., А.В. Петровский., М; 1986 ж
«Балалар психологиясы»., Л. Ф. Обухова., М; 1971 ж
«Жас санаты және дифференсалды психология»., ЛГУ.,
1990 ж
«Бала психологиясы»., Е. О. Смирнов., М; 1997 ж
«Бала мен
балабақша» №6, 2010 жыл Республикалық
педагогикалық журнал.