АЛАБОТА ӨСІМДІГІНІҢ БИОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН                                   ШАРУАШЫЛЫҚТАҒЫ  МАҢЫЗЫ

 

Ғылыми жетекші: Байдаулетова Г.Қ., Егемберді Жаннұр Био-213-1,3 тобының студенті

 

Мен  алдыға қойған мақсатқа жету үшін жұмысты қосжарнықтылар класына жататын алабота өсімдігінің арамшөп ретіндегі зиянынан гөрі халық тұрмысындағы маңызын анықтаудан бастадым. «Өсімдіктану», «Дәрілік өсімдікдіктер», энциклопедия және басқа да  ғылыми әдебиеттермен жұмыс істей отырып, алабота өсімдігінің сыртқы құрылысымен таныстым. 

 Алабота –бұл кәдімгі арамшөп; жол жиегінде, егістіктерде кездеседі. Қазақстаның биік  таулы  жерлерінен  басқа  барлық  аудандарда   өседі.  Ақ алабота  тік  сабақты, жапырақтары өте жиі тармақталған, сабаққа кезектесіп , кейбереуінде  қарама-қарсы орналасады, жапырақтарының пішіні әр-түрлі. Жапырақ бетінде ақшыл дақтары болады. Бұлар бір үйлі, дара жынысты гүлді өсімдіктер. Кейбіреуі қос үйл,көріксіз майда гүлдері шоқ-шоқ болып топтанып, масақ тәрізді гүлшоғырын құрайды. Гүлсерігі бес тармақты, жеміс қабы үлпекті, аталығы-бесеу, аналығы – біреу, тұқымы тығыз қабықты, бозғылт қара түсті, жылтыр болып келеді. Бозғылт тұқымдары – ерте, түсі қарасы – кеш піседі. Тұқымы – ұсақ, құстар үшін жақсы азық болып есептелінеді. [1].

Алабота – тыңайтуға   қалдырған   жерлерде, ескі   жұрттарда,  құлаған үйлердің айналасында,  күресіндерде   көп  кездеседі.  Бұл кез –келген жерлерге өсуге бейімделген, күй   таңдамайтын,  күресу   шарасы  өте қиын   арамшөп. Егістіктердің шетіне немесе үй айналасына   бір келіп   орын  тебетін болса,одан құтылу  өте қиын және тез арада биіктеп өсіп кетеді.   Алаботаның   тамыры өте   мықты. Оны   жұлу өте қиын.  Жапырақты жұлу кезінде   сөлі    мыжылып қолды   сілемейлейді    де сабақ жылмақайланады. Бұдан кейін жапырақ    сірнесі   қолға жабысып,  теріні   қатырып   тастайды. Алаботаны жұлғаннан егістікке көп пайда келмейді. Себебі ол сансыз көп тұқым шашады, келесі жылы қайтадан  өсіп шығады.   Сондықтан да « алаботадан арылғанша,   диқаншының жері де тарылады » деген мәтел бар.

Алаботаны орыстар «маро»,  «лебеда»  деп атай береді. Ботаникалық латынша аты  «қазтабан»  деген ұғым береді. Себебі жапырағының үш тілігі аздап қаздың табанына ұқсайды.

Алаботаның   адамға   берер  пайдасы  да бар. Бұрынғы    заманда ерте көктемдегі жас өркендерін   қатты  етті   жұмсартуға   пайдаланып, салатқа  да   қосқан   көрінеді. Ескі жазбаларда   алаботаны   көкөніс   ретінде  арнайы  өсіргендігі   жөнінде  деректертер бар. Ал соғыс  болған қиын – қыстау кездерде алаботадан   сорпа жасаумен   қатар   қара нанға қосып пісіріп нанға оның жасыл өркендерін емес, талқандалған ұнтағын қосады. Ол ұнтақты   мынадай   жолмен   даярлайды.   Қыркүйек   айының  жайма   шуақ  күндерінде алаботаны   жинап алып,   жайып,  кептіріп   алады.  Көкнәрдің    тұқымына    ұқсайтын тұқымдарын  да  осы  жолмен жинайды. Олардың қажет  болған кездерінде қыс бойы пайдалана береді. Нанға қосу үшін  алдымен алаботаның тұқымдарын булап, кептіргеннен соң,  талқандағаннан  кейін ғана ұнға қосқан. Талқандамай қосылған тұқымдарды адам ағзасы    қорытпайды    және      асқазанды ауыртады. Өткен ғасырда орыс шаруалары бұл өсімдіктің тұқымынан  жарма  жасаған   көрінеді. Жазбаларға   қарағанда ол тамақ ретінде пайдаланылыпты. Қабығынан  ажыратылған  тұқымдары    жақсы тамақ. Бірақ кейін   келе   алаботадан  даярланған   тамақты   басқа   тамақ   түрлерімен   араластырмай  үздіксіз   пайдалануға болмайтындығы белгілі болды. Себебі  үздіксіз пайдаланудан адам ағзасында азот азайып, жүдей бастайды. [3].

Бүгінгі   таңда    халықтың әл – ауқатының   төмендеуіне   байланысты қышыма аруы ауылды  жерлерде   көп   таралуда. Осыған  қарсы күресуде алаботаны пайдалануға болады.

1 литр суға  40 – 60 гр    ұнтақталған алаботаны  10 – 15  минут    бұқтырып, бөлме температурасында суытып, сүзіп алған қотырды жуады.  Қалалық аурухананың онколог дәрігері, фитотерапевт  Мусаев  Ербол   Болатұлы алаботаның асқазан – ішек, өт жолдары қызметінің бұзылуына, үлкен дәретті дұрыс жүргізуге пайдалы емдік қасиеттерін айтып берді. Оны «Денсаулық» журналының және  Л. В. Пастушенковтың «Дәрілік  өсімдіктер»     кітабындағы   деректер   айғақтайды.

Жас   өспірімдердің   тік   ішегіндегі   паразит   құрттарды   (аскарида)   түсіру  үшін алаботаның  1 -2.5  грамын  1  стақан суға бұқтырып, аш қарынға тамақ ішуден  1 сағат  бұрын  2  ас   қасықтан    күніне   үш   рет    ішкізеді.    Бұл   емді   ежелгі    грек дәрігері   Гиппократтың өзі ұсынған. Үлкен дәреттің жүрмеуінің басты себебі - өт  пен  бауырдың, ұйқы   безі   қызметінің    бұзылуы,  асқазан, ішек   қуысы,  әсіресе   үлкен дәрет жүрмей қалғанда,   балалардың   мешел   ауруына, зәр, өт  жүрмей   қалғанда мынадай қайнатпаны  пайдаланады:  4 ас қасық    кептіріліп  жанышталған    алаботаны   1  стақан  қайнаған  суға 10 минут   бұқтырып, бөлме   температурасында   суытып, сүзіп алып,  1стақаннан   аш қарынға   күніне  3 рет ішеді.

Халықтық   медицинада  жас   алаботаны жаныштап, сөлі шыққан  соң денеге шыққан сыздауық    пен   шиқанның    аузына   тартса, ішіндегі ірің мен соқтасын  сорып алады. Бұдан жас алаботаның құрамындағы макроэлементтер  мен биохимиялық қосылыстардың ерігіштік, сорғыштық қасиетінің бар екенін анықтауға болады.   

Мұның есесіне алабота өте жақсы мал азығы. Жазда алаботамен ірі қара мал мен шошқаларды қосымша қоректендіреді, олар жапырақтары мен жас өркендерін құмарта жейді. Қысқа азық даярланған кезде алаботаны астық тұқымдастарға қосып сүрлейді және  басқа арам шөптермен қосып кептіреді. Тамбов облысының шаруалары мал азығы ретінде алаботаны қалуденмен, гүлтәжімен, қайызғақ шөппен ( чистец )  қосып кептіреді. Мұндай арамшөптер қауымын қыста қоймен қозы, сиырлар мен тайыншалар бас алмай жейді. Қойлар жуан сабақтарын да кеміріп жеп қояды. Қояндар да жапырақтары мен нәзік сабақтарын тойғанша жейді. Тұқымдары дәнді дақылдардан кем түспейтін қысқы мал азығы. Алабота тұқымдарынан азық даярламас бұрын оны ыстық суға салу керек, өйтпесе мал азығы ащы және малдың қорытуына ауыр болады. Алабота құстарға да пайдалы. Олардың азығының рационына бір процент алабота қосылғанның өзінде құс балапандары авитаминоз ауруына ұшырамайды. Сондықтан да саңырау құрлар көбіне алабота көп жерге жайылатын болса керек. 

Бұрынғы кезде алаботаны көптеген азықтық дән беретін өсімдік ретінде қолдан өсірген кездер болыпты. Бұл өсімдік қолайсыз жылдардың өзінде бір гектарынан 100  центнерге дейін жасыл балауса, 4–6  центнер тұқым береді. Бір центнер жасыл балаусасында  азық ретінде қорытылатын ақуыздың мөлшері, арпаның бір центнерінде болатын ақуыз мөлшерінен үш килограмм артық. Алаботаның биологиясы ерекше, өскіндері күй таңдамайды, жаздың кез келген уақытында өніп шыға береді. Бұл жыл бойы малды сіңімді жас балаусамен қамтамасыз етеді деген сөз.

Алабота тұқымды өте көп береді. Арамшөптер көп өсетін жерде бір текше метр жерде мыңдаған тұқым таралады. Ондай жерде өсетін өсімдіктердің әр екі тұқымына  бірден алабота тұқымы келеді. Осы тұқымдар түгелдей   өнбей кезегін күтіп жатады. Бірі көктемде, екіншісі көктемнің аяғында, жаздың басында тіпті күзде де өне алады. Ал кейбіреулері 5–6 жылға дейін өнімділік қасиетін жоймай жата береді. Сыртқы су өткізбейтін қабықшасының арқасында суда 32 айға дейін өнімділігін сақтайды. Алабота тұқымды   өте көп береді: бір өсімдіктен 100  мыңға дейін тұқым алынады.  Соншалықты тұқымының салмағы  85 грамм ғана.  Бұдан алабота тұқымдарының өте ұсақ екенін аңғаруға болады.  Егістік даланы  алаботадан тазалау үшін өскіндері гүлдегенге  дейін топырақты қопсытып, тамырын қиып тастау керек және  тұқымды себер алдында терең қазып  қопсытады. Гүлдеу  мерзімі өтіп, егістікті алаботадан қорғау қиынға соғады.

Әрине барлық жерден алаботаны аластап құртып жіберуге болмайды. Арамшөптерді де қорғау қажет. Бұл арамшөп түр ретінде құрып кетеді деген ұғым тумайды.  Басқа да барлық өсімдіктер жан-жануарлар сияқты арамшөптер де экологиялық жағдайдың ырғағының  бұзылуына қатысы бар. Яғни биосфера үшін бірде-бір пайдасыз ағза болмайды деген сөз. Мысалы: алаботаның тозаңдары болмаса бал аралары тозаң аштығына ұшырайды екен бұл кішкентай ғана қанатты еңбекқорлар, көктемде көктеректің  тозаңдарымен қоректенетін болса, жаз бойы оларға негізінен алабота тозаңдары қорек болады. [2]. 

Бұған қоса алабота бояулы өсімдік ертеде оның өркенінен қызыл бояу алған. Халық медицинасы алаботамен тұмауды және асқазан ауруын емдеген. 18 ғасырда белгілі дәрігер  А. Болатов  өзінің еңбектерінің бірінде  алаботаны « Мейірімді  Генрих  шөбі » деп атап жас және іріңдеген ескі жараларды  жазатындығын, теріні тазалайтын қасиетін, ауру  бәсеңдететіндігін  жазған болатын [5].

Ізденіс жұмыстарының нәтижесінде алабота өсімдігінің бағалы қасиеттерін, оның табиғаттағы, адам өміріндегі алатын орнын анықтап табиғатты аялай білудің маңызы түсіндірілді.

Алаботаның құрылысы мен оны жинау кезеңдері жөніндігі деректерді жинақтауда көптеген ғылыми-көпшілік әдебиеттермен жұмыс істелінді. Алаботаның дәрілік қасиетін анықтау үшін қаладағы фармацевт дәрігерлермен кездесулер өткізілді. Атап айтқанда, алаботаның қайнатпаларынан ағзаның ішкі және сыртқы бөліктерін емдеуге болатыны, бауыр мен өт жолының қызметін реттейтіні және қайнатпаларының ерігіштік, сорғыштық қасиетінің бар екені туралы қорытынды жасалды.

Бұрынғы кезде, әсіресе соғыс уақытында халқымыз алаботаны нан пісіргенде пайдаланған. Пісіп жетілген жемісін сүтке араластырып, дәмді, жұғымды ботқа дайындаған. Ерте кезде рауғашты қосып көже және жұмыртқамен қосып қуырып, өте дәмді ас дайындаған.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     А.А.Иващенко «Қазақстан өсімдіктер әлемі», «Алматы кітап»  2004 жыл, 176 бет

2.     С.А.Арыстанғалиев; Е.Р.Рамазанов «Қазақстан–өсімдіктері немесе «Растения Казахстана», Алматы  «Ғылым» баспасы 1977жыл,   77-79 беттер

3.     Д.Б.Муханов, Т.Ж.Мұсақұлов, Н.А.Суворов, «Қазақстанның өсімдіктері мен жануарлары»  Алматы «Мектеп» баспасы, 44-45 беттер.

4.     Ә.Р.Іскендіров, «Қазақстан дәрілік өсімдіктері», Алматы «Ғылым» баспасы 1982жыл,   77 бет

5.     Р.Адамбаева, Б.Д.Әлібекова, Е.Т.Бостанова «Өсімдіктану», Алматы «Рауан» баспасы, 1997жыл, 123бет.

6.     Н.Т.Сыбанбеков «Биология ғажаптары» «Алматы кітап» 1973жыл 139-141 беттер.