Тлеубергенова М.А.
э.ғ. магистрі, Қаңбақбаева М.А. студент
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік мемлекеттік университеті, Қазақстан
Негізгі құралдардың
экономикалық мәні: құрамы және
құрылымы
Негізгі
өндірістік қорлар елдің экономикалық
потенциалының маңызды сипаттамаларының бірі болып табылады.
Негізгі
капитал деп материалдық өндіріс саласында, сонымен қатар
өндірістік емес салада ұзақ уақыт бойы, яғни бір
жылдан артық уақыт пайдаланылатын, өзінің
бастапқы түрін, көлемін сақтай отырып,
құнын шығарылған өнімге, орындалған
жұмысқа, көрсетілген қызметке байланысты
амортизациялық аударым мөлшері аясында біртіндеп ауыстырып отыратын
еңбек құралдарын айтады.
Негізгі
капиталға жататындар: жылжымайтын мүлік (жер телімдері,
ғимараттар, құрылымдар, көп жылдық екпе ағаштары
т.б.), машина мен құрал-жабдықтар, беріліс
қондырғылары, өлшеуіш машиналар мен техникалар және
олардың бағдарламалық құралдары, тасымалдау
құралдары, аспаптар, өндірістік және шаруашылық
құрал-саймандары, жұмыс малы мен өнім беретін мал,
арнайы саймандар және өзге де негізгі капитал.
Көлеміне
немесе бағасына қарамастан пайдалану мерзімі бір жылдан аспайтын
өндіріс құралдары негізгі капиталға жатпайды.
Мақсатына
қарай материалдық активтер есепте негізгі капитал,
тауарлық-материалдық қорлар және қаржылық
инвестициялар түрінде көрсетіледі.
Негізгі
өндірістік қорлар қоғамның
материалдық-техникалық негізінің маңызды бөлігін
құрайды. Оның қаншалықты тиімді пайдаланылуына,
қайтарымы қандай болатынына байланысты еңбек
өнімділігінің өсімі, ұлттық табыс өсімі
тәуелді болады.
Халық
шаруашылығын үнемі дамыту және жетілдіру жағдайында
негізгі қорлар құнының өсуімен бірге жаңа
еңбек құралдары да пайда болуда. Осының барлығы
оларды дұрыс жіктеуді қажет етеді.
Барлық
негізгі қорлар экономикалық белгілеріне қарай жіктелуі
мүмкін. Олардың ішіндегі маңыздылары – функционалдық
міндеті, тозу қарқыны және қызмет ету мерзімі,
пайдалану дәрежесі, кәсіпорын жұмысына ықпал ету
дәрежесі, техникалық жаңалығы, халық
шаруашылық саласы, меншік иелігі. Негізгі капитал жеке капиталдардың
жиынтығы ретінде қарастырылады.
Негізгі
қор топтарының арақатынасы немесе жекелеген топтардың
жалпы құн ішіндегі
үлес салмағы негізгі қорлардың өндірістік құрылымын
құрайды, ол өнеркәсіптік өндірістердің
техникалық деңгейін көрсететін көрсеткіш ретінде
қызмет етуі мүмкін.
Негізгі
құралдардың құрылымында активті және
пассивті бөлімді ажыратады. Активті бөлікке кәсіпорын мен
саланың өндірістік қуатын, техникалық деңгейін
анықтайтын, «өнімді жасайтын» негізгі қорлар жатады.
Кең мағынада активті бөлікке
еңбек затына кез келген түрде әсер ететін және
осы процесті қамтамасыз етуші еңбек құралдары жатады.
Бұл топтың негізін машиналар мен құрал-жабдықтар,
жабдықтар мен бақылау-өлшеу құралдары
құрайды.
Пассивті
бөлігіне өндіріске жағдай жасайтын, бірақ тікелей
«өнім өндіруші» болып табылмайтын негізгі қорлар жатады.
Бұл бөлікке ғимараттар мен құрылымдар, беріліс
қондырғылары, көлік құралдары және
инвентарь енеді.
Негізгі
өндірістік құралдардың құрылымына
әсер ететін маңызды факторлар мыналар болып табылады: шығарылатын
өнім сипаты, өнім шығару көлемі, автоматтандырылу мен
механикаландырылу деңгейі, мамандану мен кооперациялану деңгейі,
кәсіпорындардың орналасуының климаттық және
географиялық жағдайлары.
Негізгі
өндірістік құралдардың құрылымын
жақсарту төмендегілерге мүмкіндік береді:
·
Жабдықтарды
жаңарту және модернизациялау;
·
Прогрессивті станоктар
мен машиналар түрлерінің, автоматтық және жартылай
автоматтық станоктардың, универсалды агрегаттық
станоктардың, автоматтық линиялардың, сандық
бағдармаламалық басқару станоктарының үлесін
ұлғайту есебінен жабдықтардың құрылымын
жетілдіру;
·
Үйлер мен
ғимараттарды жақсы пайдалану, бос аумақтарға
қосымша жабдықтарды орнату;
·
Құрылыс
жобасын дұрыс әзірлеу, кәсіпорынның құрылыс
жоспарының жоғары сапалы орындалуы;
·
Артық және
аз пайдаланылатын жабдықтарды жою, жабдықтың жекелеген
топтары арасындағы дұрыс пропорцияны қамтамасыз ететін
жабдықтарды орнату.
Өндірістік
процеске қатысу сипатына қарай негізгі қорлар
өндірістік және өндірістік емес деп бөлінеді.
Өндірістік
негізгі капиталға өндіріс процесіне тікелей қатысатын
нысандар жатады, олардың көмегімен өнімді әзірлеген
кезде еңбек құралдарына (машина,
құрал-жабдық, құрал-саймандар және т.б.)
әсер ету арқылы жүзеге асады немесе өндірісті
жүргізу үшін қажет материалдық жағдайын жасайды
(ғимараттар, беріліс қондырғылары). Негізгі өндірістік
құралдар - өзінің натуралдық формасын
сақтай отырып, өндіріс процесіне ұзақ уақыт бойы
қатысатын, ал олардың құны дайындалатын өнімге
тозу шамасы бойынша біртіндеп берілетін өндірістік
құралдардың бөлігі. Олар күрделі салымдар
есебінен толықтырылады.
Өндірістік
емес негізгі құралдар – бұл кәсіпорын
балансындағы тұрғын үйлер, балалар және спорт
мекемелері, басқа да мәдени-тұрмыстық қызмет
көрсету нысандары. Өндірістік құралдардан
айырмашылығы олар өндіріс процесіне қатыспайды және
өзінің құнын өнімге көшірмейді, өйткені
ол өндірілмейді. Олардың құны тұтыну кезінде
жоғалады.
Өндірістік
емес негізгі құралдар өндіріс көлеміне, еңбек
өнімділігінің өсуіне тікелей ықпал етпегеніменде,
олардың ұлғаюы кәсіпорын жұмыскерлерінің
тұрмыс жағдайының жақсаруымен, олардың
өмірінің материалдық және мәдени
деңгейінің жоғарылауымен үздіксіз байланысты.
Мұның өзі кәсіпорын қызметінің
нәтижелеріне әсер етеді.
Иелігіне қарай негізгі капитал меншіктік және
уақытша жалға алынған болып бөлінеді.
Меншіктік капитал дегеніміз субъектіге тиесілі және
оның балансында бейнеленетін негізгі капитал. Белгіленген мерзімге
сәйкес басқа субъектіден алынған негізгі капитал жалға
алынған құралдар болып есептеледі.
Өндірістік-шаруашылық қызметтегі
пайдаланылу барысына қарай негізгі қорлар жұмыс жасайтын, жұмыс
жасамайтын және сақтауда тұрған деп үш
топқа бөлінеді. Жұмыс жасайтындарға өндіріс процесіндегі, яғни
қолданыстағы негізгі капитал жатады. Екінші топқа
тоқтатылып қойылған, белгілі себептермен әзірге
басқа жаққа берілмеген басы артық жабдықтар жатады.
Сақтауда тұрған негізгі капиталдың қатарына
алдағы уақытта тозуына немесе басқа жағдайларға
байланысты істен шығатын негізгі капиталдың орнына
пайдалануға арналған құрал-жабдықтар жатады.
Заттық құрамына қарай негізгі
капитал мүліктік және мүліктік емес болып бөлінеді.
Мүліктікке заттай көрінісі бар, яғни санауға және
өлшеуге болатындар (үйлер, ғимараттар, машиналар,
жабдықтар) жатады. Мүліктік еместерге пайдаланылатын жер, орман алқабы,
су ресурстарына күрделі қаржы салымы, яғни заттық
нысаны жоқ шығындар жатады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1.
№16 ХҚЕС " Негізгі
құралдар "
2.
Дуламбаева Р. Кәсіпорын экономикасы. Оқу құралы –
Алматы: Қазақ университеті, 2009
3.
Ниязбекова Р.Қ.,
Рахметов Б.А., Байнеева П.Т.,Кәсіпорын экономикасы: Оқу
құралы/ Алматы: Экономика, 2008
4.
Экономика организаций
(предприятий): Учебник/ Под ред.проф. В.Я.Горфинкеля, проф. В.А.Швандара – М.:
ЮНИТИ-ДАНА, 2006