Экономические науки/ 16.Макроэкономика.

Теңізбаева Д.С., экономика магистрі

М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университеті, Тараз қ.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ: БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ

 

 

Бүгінгі таңда көп жастың жұмыссыз жүруінің себебін іздесең таппайсың. Бұл тек қазақ елінде ғана етек алған мәселе емес, жаһанды да жаулаған өзекті проблемалардың біріне айналғалы қашан? Енді ғана оқу бітіріп, дипломын қолына алып, қуанышы қойнына сыймай: «Маман болдым, жарадым, енді еңбек етем», - деп есік қаққандарға «Іс-тәжірибеңіз жоқ, өкінішке орай сізді жұмысқа ала алмаймыз»,- деген сөзді естігенде, бар қуаныш пен ұмтылысы сейіліп, төбесінен жай түскендей сенделіп қалатын жайды да көріп жүрміз.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлағатты сөзді зердесіне тоқыған жас, екі қолға бір күректі даладан болса да тапқанына арланбай, дипломды сандыққа басып: «Саған да рахмет! Қазақ еншісіне маман болу емес, мал бағу біткен екен» деп, ашына дәстүрлі кәсіпке бет бұрғандардың да қарасы күн санап артуда. Бағын базардан сынап, тірлік үшін тырбанып жүргендер де жетерлік.

«Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп ұлы Абай айтып кеткендей, жұмыссыздық жастарды теріс жолға салмасына кім кепіл?

Ел болып, атқа қонып, жастарды жұмыспен қамтуда қарымды істер атқарылуда. Бұл бүгінгі таңда күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселенің бірегейіне айналып, ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр. Десек те, әлі көңіл көншітерлік халге жетпедік. Бір-екі жерге барып, мұрны тасқа тиген жас, меселі қайтып, қайта сұрануға құлықсыз.

Жаһандық сын-қатерлер жағдайында жастардың жұмыссыздығы өсуі әлемнің көптеген елдерін алаңдатып отыр. Халықаралық еңбек ұйымының болжамына сәйкес, жастар арасындағы жұмыссыздық жақын жылдары Еуропалық Одақ мемлекеттері - Испанияда, Италияда, Грекияда 30 пайыздан асады. Әрине, бізде жағдай басқаша, дегенмен жастарды жұмыспен қамту әруақытта өзекті болуы тиіс.

Ағымдағы жылы жұмыссыздық 5,5 пайызды құрады, 2009 жылы бұл көрсеткіш 8,5 пайыз, 2000 жылдары 15-16 пайыз аралығында еді. Жалпы, жастарды жұмыспен қамтудың бірқатар мемлекеттік бағдарламасы бар. Мәселен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында 14 мыңнан астам жас мамандар ауылдық аймақтарға барып жұмысқа орналасты.

Жастарды жұмыссыздықтан қорғауға  қолданған іс-шараларға қарамастан (ҚР Статистика Агентігі) мәліметтері бойынша 15-28 жастар аралығындағы жұмыссыздықтар  жоғары деңгейі   8,4 пайыздан 7 пайызға дейін  Алматы қаласы, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында сақталады.

2013 жылдың 1 қазанында жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыз жастардың ортақ санының ҚР Статистика агенттігінің есебімен16-28 жас аралығындағы жастар 14,3 пайыз немесе 18,4 мың адамды құрады. Бұл көрсеткішті кейінгі  үш жылдың деректерімен салыстырғанда,санының біршама азайғаны көрінеді. 2011 жылдың 1 қазанында жұмыспен қамту органдарында 16-28 жас аралығындағы 35,4 мың жұмыссыздар тіркелген, 2012 жылдың 1 қазанында осы көрсеткіш 43,8 пайызға немесе 15,5 мың адамға төмендеген,ал былтырғы жылмен салыстырғанда 2013 жылдың 1 қазанында 7,8 пайызға немесе 1,6 мың адамға кем.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне  қарағанда жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасуға,   тіркелген жастардың 57 пайызға жуығы немесе 2,7 мың адамы Атырау облысынан, 52 пайызы немесе 4,2 мың адам Қарағанды облысынан, 47,8 пайыз немесе 5,9 мың адам Оңтүстік Қазақстан облысынан, 35 пайызы Шығыс Қазақстан облысынан жастары белсенділік танытуда.

Жұмыспен қамту органдарында 16-28 жастағы  тіркелген жұмыссыздардың біліктілік құрылым түрлері келесі: біліктілігі жоқ жұмыскерлер-16,6 пайыз, бұрынғы тіркелгендің ортақ санының бұрын жұмыс істемеген немесе біліктілігі  жоқтар-41 пайыз, бір жыл ғана стажы бар-31,1 пайыз, 20-24 жас аралығындағылар - 48,2 пайыз, әр түрлі кәсібитехникалық білім алу мекемелерінің түлектері-14,4 пайыз, орта кәсіби білімдері барлар- 35 пайыз, әйелдер-68 пайыз,ауыл тұрғындары -38,2 пайыз. Еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарға бүгінгі күні  үміткерлерге қоятын талабы мамандық бойынша жұмыс тәжірибесімен, стажы болу қажет.

Жұмыссыздықтың теориялық мәніне тоқталатын болсақ, жұмыссыздық деңгейі - бұл жұмыс істеуді қалайтындардың жалпы санының ішінде жұмысы жоқ азаматтардың статистикалық көрсеткіші (пайыз түрінде). Статистика агенттігі ай сайын жұмыссыздық деңгейі мен экономикалық саясаттағы еңбек нарығының жағдайын бағалайды.

Экономика ресурстардың қаншалықты жақсы қолданылатынына байланысты сипатталады. Негізгі экономикалық ресурс жұмысбастылықты қолдайтын жұмыс күші болады-бұл экономикалық саясаттың маңызды мақсаты.

  Әрбір адам 3 түрлі санаттың біреуіне жатады: жұмыс істейтін, жұмыссыз және жұмыс күшіне кірмейтіндер. Жұмыс істейтін адам деп — үй шаруасымен немесе оқумен шұғылданбайтын, апта бойы жұмыс істейтін адамдарды осы топқа кіргіземіз. Егерде азамат жаңа жұмысқа шығуды күтіп жүмыс істемесе, яғни уақытша босатылса немесе жұмыс іздеп жүрсе, оңда ол — жұмыссыз деп саналады. Алғашқы екі санатқа жатпайтын азаматтар (мәселен, студенттер және үй шаруасындағы әйелдер), жұмыс күші құрамына кірмейді: олар жұмыс істемейді, іздемейді және жаңа жұмысқа көшу кезеңін күтпейді.

Жұмыс күші - жұмыссыздар мен жұмыс істейтіндердің жиынтығы, ал жұмыссыздық деңгейі - бұл жұмыс күшінің жалпы санындағы жұмыссыздардың пайыз түріндегі анықталуы. Демек,

Жұмыс күші = жұмыс істейтіндер саны + жұмыссыздар саны.

Жұмыссыздықтың себептері:

- жұмыссыздықтың бірінші себебі – мамандықтардың сұранысқа ие болмауы. Қазіргі таңда техникалық мамандықтарға баратын жастар санын арттыру мақсатында мемлкеттік бюджеттен қаражат бөлініп, оларды ынталандыру жұмыстары атқарылып келеді. Алайда алғашқы егенмендікті алған жылдары өндірістердің жабылуына байланысты мамандықтарды даярлаудағы пропорциялар өзгерістерге ұщырады.      

- жұмыссыздықтың екінші себебі — жалақының қатаңдығы, яғни оның икемді өзгере алмайтындығынан. Тепе-теңдік еңбек нарығының үлгісіндегі нақты жалақы сұраныс пен ұсынысты теңестіруден өзгеріп тұрады. Бірақ шын мәнінде жалақы әрқашан икемді болмайды. Кейде нақты жалақы тепе-тендіктен жоғары деңгейде болады.

- Егер фирма жалақыны қысқартса, ең күшті жұмысшылар басқа жұмысқа ауысуы мүмкін, сонда фирмада тек нашар, баламасы жоқ жұмысшылар ғана қалады. Экономистер осындай сұрыптауды теріс селекция деп атайды. Тепе-тендік деңгейден жоғары жалақыны төлей отырып, жұмысшылардың сапалы құрамын жақсартып, соның нәтижесінде еңбек өнімділігін жоғарылатуы мүмкін.

Статистикалық мәліметтер негізінде 2013 жылғы қаңтарда жұмыссыздар саны, бағалау бойынша 488,1 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 5,4% құрады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2013 жылғы қаңтар айының соңына 47,9 мың адам («Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020» қатысатындар құрамына енгізілген тұлғалардың есебінсіз) ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,5%-ын құрады (2012ж. қаңтарда – 0,5%)», деп жазылған хабарламада.

2013 жылғы қаңтарда бағалау бойынша жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,4%-ын құрады.

Статистика агенттігінің мәліметіне қарағанда, республика экономикасында 2013 жылғы қаңтарда (бағалау бойынша) 8,5 млн. адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда олардың саны 57,0 мың адамға немесе 0,7%-ға көбейді. Жалдамалы қызметкерлердің саны аталған кезеңде 5,8 млн. адамды (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 68,8%) құрады.

Халқымыздың әлеуеті жақсармай жұмыссыздардың саны азаймай, еліміз алға қарай қарыштап дами алмайтыны, экономикамыздың көтерілмейтіні белгілі. Елімізде күннен – күнге көбейіп келе жатқан жұмыссыздар санын азайту жолындағы түйткілді түйіндерді шешетін жаңа бағдарлама өмірге келіп, өз жұмысын бастап та кетті.

«ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы №316 қаулысымен бекітілген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданды.

Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының жүзеге асуына 100 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Осы бағытта Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2012 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын қаржыландыруға 2,4 млрд. теңге, 2013 жылы 6,2 млрд. теңге бөлінді. Биылғы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағыттары бойынша 5,8 млрд. теңгені игеру көзделіп отыр. Оның 5,3 млрд. теңгесі республикалық бюджет қаржысы. Атап айтқанда, бүгінде жоспарланған 746,3 млн. теңгенің 455 млн. теңгесі игерілді.

Аталған бағдарлама аясында ауылдық кәсіпкерлікті дамыту бағытында бизнестің қыр-сырына 920 адам оқытылды. Жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету бағытында бір жарым мың адам оқумен қамтылды. Сонымен қатар 635 әлеуметтік жұмыс орындарын құру ескеріліп отыр. 

Үш жылда Жамбыл облысында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасына 9,5 мыңнан астам адам қатысты. Жол картасын жүзеге асыру шаралары өңірдегі еңбек нарығына оңтайлы әсер етуде. 2009 жылмен салыстырғанда жұмыссыздар саны 5,6 мың адамға қысқарды.

Қорыта айтқанда, жұмыссыздықты жою елдегі саяси және әлеуметтік тұрақтылық жағдайын жақсартады және болашақта алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына кіругі ықпал етеді.

 

Әдебиет

1.Кузнецов Б.Т Макроэкономика : учеб. пособие для вузов. М.: ЮНИТИ, 2009. – 463 с.

2.Доғалов А.Н., Досмағанбетов Н.С. Макроэкономика: экономикалық мамандықтарға арналған оқулық/ А.Н. Доғалов, Н.С. Досмағанбетов - 2 бас., өңд. және толықт. - Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2012. - 416 б.

5.http://www.egemen.kz

6.http://egov.kz