Зейнетақы жүйесін жетілдіру – маңызды міндет
Еркебалаева В.З. – э.ғ.к.,
доцент
Аленова И.С. – 2 курс магистранты, ҚИПХДУ, Шымкент қ.,
ҚР
Зейнетақымен
қамсыздандыру кез келген ел үкіметінің басты
назарындағы әлеуметтік мәселелер қатарына жатады.
Қазақстан Республикасында да азаматтардың
қартайғанда әлеуметтік қамсыздандыруға
құқықтары Конституцияда бекітілген.
Қазақстан қоғамдық қатынастар өзгерістерге ұшырап жатқан қиын жағдайларда әлеуметтік қамсыздандыру моделін таңдауды жүзеге асырды. Әлеуметтік кепілдік берудің
патерналистік схемасын адам дамуының қажеттіліктеріне, саяси
реформалар мен экономиканы ұйымдастырудың жаңа
нарықтық қағидаттарына қарай қайта өзгерту
қажеттігі туындады. Таңдау әлеуметтік қамсыздандыруды
ұйымдастыру және халықаралық институттардың
ұсынымдарын есепке ала отырып жасалды.
Чили
тәжірибесіне негізделген қазақстандық модель сипаты
бойынша түрлі заманауи модельдердің белгілерін қамтиды.
Мемлекеттің белсенді қатысуы мен жұмыспен қамту
мәселелеріне ерекше көңіл бөлу скандинавиялық
(Швеция, Дания, Норвегия) модельге үйлеседі. Сақтандырудың
болуы және тікелей мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің
арасында әлеуметтік қамсыздандыру жауапкершілігінің
теңдей бөлінуі консервативтік-корпоративтік (Германия,
Франция, Италия) және либералды (АҚШ, Канада, Ұлыбритания)
модельдерге сәйкес келеді. Әлеуметтік саясаттың экономикалық
өсуге тәуелді болуы Шығыс Азия моделінің (80
жж.-ға дейінгі Жапония, Оңтүстік Корея) үлгісінде
жүзеге асырылады.
Қазақстандағы
қазіргі зейнетақы жүйесі Үкімет елімізде
зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін реформалау
тұжырымдамасын мақұлдаған және
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру
туралы» заң қабылданған кезден, яғни 1997 жылдан бастау
алады.
Зейнетақы реформасы
капитал рыногын жекешелендіру және дамытудан тұратын үш
бірдей экономикалық даму стратегиясының ажырамас бөлігі
ретінде жоспарланған болатын. Экономикалық дамуды ескеретін
қаржылық тұрақты, дербестендірілген зейнетақы
жарналар арқылы еңбек үлесімен өлшенетін әділ
жүйе құру қайта құрудың басты
мақсаты болып табылды.
Реформаның
ұзақ мерзімді мақсаты төлемдері белгілі ынтымақты
зейнетақы жүйесінен аударымдары нақты жинақтаушы
жүйеге өтуден тұрады. Қазақстан
Республикасында зейнетақы жүйесін дамыту жөніндегі зерттеу
жұмыстарының шеңберінде жүргізілген
Дүниежүзілік банктің актуарлық есептеулері бойынша
аталған транзит 2043 жылға қарай аяқталады деп
болжануда. Сол уақытта зейнеткерлер зейнетақыны толықтай
капитал рыногында инвестицияланатын міндетті дербес жинақтау
шоттарындағы жинақтардың есебінен алуға тиіс.
Еліміздегі
зейнетақы жүйесін реформалаудың 14 жылы ішінде
толыққанды көп деңгейлі зейнетақы жүйесін
құруға арналған тұжырымды және нормативтік
құқықтық база қалыптастырылды, жинақтаушы
зейнетақы жүйесінің инфрақұрылымы жасалып,
дамытылуда, зейнетақы жүйесін басқарудың белгілі бір
тәжірибесі жинақталды. Бұл қолданыстағы
жүйеге қажетті талдау жүргізуге және тиісті
түзетулер енгізуге мүмкіндік берді.
Қазіргі
таңда зейнетақы қызметі рыногында 11 жинақтаушы
зейнетақы қоры жұмыс істеуде. Салымшылардың дербес
зейнетақы шоттарының саны 8,2 млн. бірлікті құрайды.
Бұл ретте қорларға міндетті зейнетақы жарнасын белсенді
төлеушілердің саны 5,6 млн. адамды немесе жұмыспен
қамтылған адамдардың 67 %-ын құрайды (1999 жылмен
салыстырғанда 1,5 есеге көп). Салымшылардың зейнетақы
жинақтары 2011 жылдың басынан бері 393,2 млрд. теңгеге немесе
17,4 %-ға көбейіп, 2 триллион 651 млрд. теңгені
құрады.
Қазақстанда
өмір сүру ұзақтығына қарамастан, зейнет
жасына жеткеннен кейін сақтандырылған адамға аннуитеттер
төлеуді көздейтін зейнетақымен сақтандыру жүйесі
де белсенді енгізілуде. 2007-2011 жылдар аралығында зейнетақы
аннуитеті шартын жасаған салымшылардың саны 300 есеге (29 шарттан
6,5 мың шартқа дейін), зейнетақы аннуитеттер бойынша
сыйақылар жинағы 500 есеге (32 млн. теңгеден 15,8 млрд.
теңгеге дейін) өсті.
2008 жылы
басталған әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс
дамыған елдердің әлеуметтік-экономикалық
жағдайына едәуір әсерін тигізді. Дағдарыс ықпалын
ескерген Қазақстан қаржы жүйесін сауықтыру
жөніндегі кешенді шаралармен қатар, халықтың
әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз санатының өмір
сүру деңгейін төмендетіп алмау үшін алдын алу шараларын
қарастырды. Осындай дағдарысқа қарсы
шаралардың бірі зейнетақы төлеміне құқық
туындаған сәтте, яғни зейнетке шығар кездегі инфляция
деңгейіне қарай міндетті зейнетақы жарналарының
сақталуы бойынша кепілдіктермен қамтамасыз ету болды.
Қазақстан
Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму
жоспарында жақын онжылдықта әлеуметтік қорғау
мәселесі еліміздің негізгі даму басымдықтары болып
белгіленген. Осыған байланысты, жақын келешекте
қолданыстағы зейнетақы жүйесіне параметрлік
өзгерістер енгізуді талап ететін базалық және
ынтымақты деңгейлерде зейнетақы төлемдерінің
мөлшерін арттыру тетіктерін әзірлеу өзекті
мәселенің бірі болып тұр. Келешекте, тиісті шаралар
қабылданғаннан кейін базалық зейнетақының
мөлшері 2015 жылға ең төмен күнкөріс
деңгейі мөлшерінің 60%-на жеткізіледі, ал ынтымақты
зейнетақы төлемдері жыл сайын инфляция деңгейіне қарай
міндетті түрде өсіріліп тұрады.
Тұрғындарды
жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметімен
қамтуды кеңейту, жинақтаушы зейнетақы
қорларының инвестициялық қызметін және
олардағы зейнетақы төлемдері тетігін жетілдіру,
сондай-ақ зейнетақы аннуитеттері рыногын дамыту
қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесін
жетілдірудің басты бағыты болып табылады.
Қазақстан
Үкіметі 2011 жылдың наурызында бекіткен «Жұмыспен қамту
– 2020» бағдарламасының аясында тұрғындарды
жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту
жоспарланып отыр. Аталмыш бағдарлама өз бетінше жұмыспен
қамтылғандар, жұмыссыздар мен табысы аз
қазақстандықтарды нәтижелі жұмыспен
қамтуға белсенді жәрдемдесуге ғана емес, өз
бетінше жұмыспен қамтылған адамдарды жинақтаушы
зейнетақы жүйесіне тартуға да бағытталған.
Жұмыспен қамту бағдарламасының нәтижесінде
жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтылған
өз бетінше жұмыспен айналысатындардың саны 2016 жылға
қарай шамамен 1,0 млн. адамды құрайтын болады. Бұл
ретте бағдарламамен қамтылған өз бетінше жұмыспен
айналысушы адамның 60 %-ы жалдамалы қызметкер мәртебесіне ие
болады. Өз бетінше жұмыспен айналысатындардың
жалақысын төлеуге жұмсалатын субсидия сомасынан
10 % мөлшерінде міндетті зейнетақы жарна аударылатын болады.
Өз бетінше жұмыспен айналысатындардың екінші бөлігі (40
%) өз пайдасына 22,2 млрд. теңге сомасында міндетті зейнетақы
жарнасын аударады. Сонымен бір уақытта өз бетінше жұмыспен
айналысатындардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне
қатысу есебі мен мониторингін жетілдіру шаралары қабылданады.
Жинақтаушы
зейнетақы қорларының инвестициялық проблемаларын шешу
құнды қағаздар рыногының жай-күйімен
тікелей байланысты, себебі салынған зейнетақы активтерінен инвестициялық
табыс алу портфельдік инвестициялар шеңберінде ғана мүмкін
және орынды болады. Биылғы жылдан бастап, жинақтаушы
зейнетақы қорлары қаржылық құралдар
құрылымы бойынша және инвестициялық қатерлер
деңгейі бойынша ерекшеленетін бірнеше инвестициялық портфельдерді
(консервативтік, біркелкі) қалыптастыратын болады. Бұл орайда жинақтаушы
зейнетақы қорының әрбір салымшысына (алушысына)
зейнетақы жинақтарын көбейту мақсатында
инвестициялық портфельді өз бетінше таңдау
құқығы беріледі.
Жинақтаушы
зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемдері тетіктерін
жетілдіру және келешекте зейнетақы аннуитеттері рыногын
дамыту аяқталғаннан кейін аннуитеттерді одан әрі
кеңінен қолдану, бірлескен аннуитеттердің түрлерін
енгізу жоспарлануда, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы
қорларының зейнетақы жинақтарын төлеу
тәртібіне де бірқатар өзгерістер енгізілетін болады.
Қорыта келе,
Қазақстанның зейнетақы жүйесін дамытудың
келешек перспективалары ұлттық экономиканың шикізат моделінен
индустриялық-инновациялық моделіне өтуімен тығыз байланысты,
оның басты құрамдас бөлігі қоғам мен
мемлекеттің заманауи зейнетақы жүйесінің жалпы
рентабельдігіне тікелей әсер ететін тыныс-тіршілігінің
барлық салаларын жаңарту болып табылады, ал мемлекеттік
шығыстарды жоспарлаудың негізгі басымдығы
халықтың тұрақты өсуі, өмір сүру
деңгейінің артуы және олардың әл-ауқатын
нығайту болған және бола да беретінін атап өтуге
болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: