История/2. Общая
история
ф.ғ.к., аға оқытушы Увайсова М.М.
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік
университеті, Казахстан
Тұрар
Рысқұлов - қайраткер тұлға
Қазақтың біртуар азаматы Тұрар
Рысқұлов бейнесі жылдар өткен сайын ұлтжанды
ұрпаққа жақындай түседі. Оның
азаматтығы, халқының болашағы үшін батыл да
қайсар, қажырлы да қайратты болғандығы
ұлтын сүйгендерге қашанда үлгі-өнеге.
Бүгінгі күні ұлы тұлғаны өмірі мен
қызметін жайлы білімгерлерге жеткізіп отырсақ артық болмайды.
Тұрар Рысқұлов жайында әңгіме
қозғап, тарихқа оралар болсақ, ең алдымен
оның шыққан жері, кіндік қаны тамған топырағы,
ата тегі, өскен ортасы кімді болмасын қызықтырары
сөзсіз.
Тұрар 1894 жылы 26-желтоқсанда бұрынғы Верный
уезі Шығыс Талғар болысы Бесағаш деген тау арасындағы
шағын елді мекенде дүниеге келген.
Тұрар бала жасынан патша өкіметінің
әділетсіздігін көріп өсті, ішіне ыза түйіп ержетті.
Тұрартанушылардың жазуына қарағанда
Рысқұл жаңа қонысында да көптеген
әділетсіздікке душар болып, тепкі жеген сияқты. Ел қамы емес,
өз қамын ойлаған кейбір би-болыстардың арам
пиғылды қақпанын қауып, кек қуып, адам өлтіріп
түрмеге түседі. Сол кездерде әйелі қайтыс болып, 11
жастағы Тұрар мен қызы Түйметай жетім қалады.
Ұрпағы қандықолдардың
құрбандығына айналып кетпес үшін Рысқұл
өзімен қамауда бірге жатқан революционер Александр
Бронниковтың көмегімен түрме бастығына арызданып
жүріп, жас Тұрарды қасына алдырды. Қызы
Түйметайды Түлкібас жақтағы ағайындары келіп алып
кетеді.
Жазықсыз әкесі тергеуде болған бірнеше ай бойы бала
Тұрар онымен бірге түрмеде болып, оның ауласындағы
әртүрлі жұмыстарды атқарған, түрме
бастығының атқасшысы болған. Сөйтіп жүріп
хат таныған, орыс тілін біршама дәрежеде меңгерген.
Адамзат
қоғамындағы даму заңдылығының біз біле
бермес ерекше бір құбылысы дейміз бе, тіпті тағдырдың,
жазмыштың ұйғарғаны дейміз бе әйтеуір, бір
ақиқаттың бар екендігі айқын: ол—ғасырдың
тоғысқан тұсында, уақыт тұрғысынан
алғанда өліара кезеңдерде тарих сахнасына сирек
қайталанатын айрықша тұлғалардың
шығатындығы. Т.Рысқұлов сондай ғажайып
тұлғалардың бірі. Ол Алашорда қайраткерлері
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев,
Б.Қаратаев, М.Шоқай, т.б. секілді уақыт тынысын, жаңа
қоғамның талап-тілегінен туындаған
саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік идеологиялық саясатты,
отарлауды, ұлттық сананы бұғаулауды мақсат еткен
патшалық, кейіннен Кеңестік ұстанымды сұңғылықпен
сезіне білді, түйсіне білді.
Қазақ
деген халықтың басына киілген бодандық ноқтасының
тым тарылып кететінін түсінген ол өз серіктерімен
тығырықтан шығар жол іздеді. Ұлттық
болмысқа негізделген халықтың руханияттың,
ғұмыр кешу салтының ғасырлар бойы қалыптасып,
сыннан өткен түрлерінің келе-келе құрдымға
кетіп, жоқ боларын, табан астында топталарын жан-тәнімен
ұғынды. Т.Рысқұлов қазақтың ұлт
ретінде, халық ретінде тарих толқынындағы топан су астында
қалмай, аман қалуының жолы—рух биіктігінде, қажымас
қайрат пен асқан зияткерлікте екенін сезіне алды. Осыдан келіп,
күн тәртібіне ұлттық сананың оянып, кемелденуін
бірден-бір дәнекер болатын партия
құру мәселесі қойылған еді. Сөйтіп,
өмірге қоғамдық, тарихи қажеттіліктердің
негізінде Алашорда қозғалысы, Алашорда партиясы, сәл
кейінірек Алашорда өкіметі келді. /1/
Ойды ой
қозғайды, сөз реті келген соң бір жәйттің
басын аша кеткен жөн. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бері
күні бүгінге дейін Алашорда жайлы, оның көсемдері жайлы
біршама еңбектер жарық көрді, әлі де жарық
көрмек. Солардың біразында, өкінішке қарай, Алашорда
қайраткерлерін Кеңес, партия қызметін атқарған
танымал тұлғаларға қарсы қою, оларды өзара
жаулық, дұшпандық қатынаста болды деген
пікірлердің қылаң беріп қалатыны жасырын емес. Алайда
көптеген тарихи құжаттарды, әр тарихи есімнің
қоғамдық-әлеуметтік, тарих аясындағы өз
халқына деген қарызы мен парызын зерттеушілік көзбен
үңіле отырып зерделегенде, бір нәрсеге даусыз
көзің жетеді. Ол—мейлі Т.Рысқұлов болсын, немесе
А.Байтұрсынов болсын, өз өмірінің
мән-маңызы да, мазмұны да туған халқына
қызмет ету деген азаматтық ұстанымды ғұмырларының
темірқазығы деп ұғынғаны. Бұндай ұлы
қасиетті тарих пен тағдыр екінің біріне бұйырта
бермеген. Олардың ірілігі ғана емес, ұлылығы да осынау
мақсат-мұраттардан туындап жатыр. Бөкейханов та, Сейфуллин
де, Т.Рысқұлов та өз елінің айрықша
өркендеп, өркениетті жұрттар қатарына қосылуын
мәңгі-бақи армандап өтті, шама-шарықтарынша сол
мақсат жолында еңбек етті, тіпті жанында қиды. Алайда,
ұлы арманға жету үшін таңдап алған жолдары
әр түрлі еді. Т.Рысқұлов пен оның пікірлестері
халқының болашағына деген үмітін кеңес
үкіметі мен коммунистік-большевиктік партиямен байланыстырды,
Бөкейханов, Байтұрсынов, М.Дулатов барлық үмітін
қақазтың дербес, тәуелсіз мемлекеттігімен, Алашордамен
тығыз байланысты қарастырды, яғни, мақсат-біреу еді,
тек таңдап алынған жол ғана бір-бірінен бөлек болатын.
Ұлы мұрат жолында негізгі мақсатқа жету үшін
олардың пікір, көзқарастарында жекелеген алшақтық
болғаны жасыратын нәрсе емес, бірақ олар бір-біріне
дұшпандық пиғылда болған емес, жеке бастық
мүддесінен гөрі, халықтың мүддесі жоғары
қойғанын ерекше айтуымыз қажет. Оларды табыстырып,
халқы жүктеп отырған парызды орындауда ұйыстырған
жайт—ұлттық мүдде екенін қай зерттеуші болса да
қаперіне алуы керек дегіміз келеді.
Алашорда
қайраткерлері—қазақ елінің тәуелсіздігі
үшін жанын қиған жандар. Олар өз елінің осы мақсатты көздеген
ұлт-азаттық қозғалысы көсемдерінің
қатарына жатады. Солардың бірі—Т.Рысқұлов.
Т.Рысқұлов
Меркідегі алашордашылар партиясының мүшесі болған.
Санкт-Петербургтегі мұғалімдер семинариясын бітіріп келген
Қарабай Әділбеков ашқан орыс-қазақ (түзем)
мктебінде оқығаны белгілі. Ол осында Қабылбек Сармалдаев,
Мақсұт Жылыспаев, Әшімжан Нұршанов, Сыдық Адабаев
сынды достар тапты. Иван Васильевич Андреев сынды ұстазы екеуі кейін
бірге Кеңес өкіметін орнатуға атсалысты. Меркідегі
революциялық жастар ұйымын құрды.
Ол қыры мен
сыры көп, мұрасы мол, күрделі тұлға.
Рысқұловтың мұраларына үңілген сайын
оның шығармашылығы мен өмірінде терең
зерттелмеген, әлі де болса ғылыми бағасы берілмеген
тұстарын кездестіруге болады. Рысқұловтың
көздеген мақсаты, түпкі идеясы—Түркі дүниесін
біріктіру. Алғашында автономия құрып, одан кейін
ұсақ автономиялардан конфедерация жасау үшін қызмет
қылды. Ол сонда ғана Түркістан жері ұлы державаға
айналатынын білген. Осы
автономиялардың табиғи байлықтарын тұтастай
орталыққа жібере бермей, белгілі бір бөлігін елде
қалдырып, оны өңдеп, өнім қылып шығару
керектігін талай рет айтқан. Осы қадамға барғанда
ғана ел экономикасының еңсесі көтеріліп,
тепе-теңдік сақталып, саяси биліктің әлеуеті артады.
1919 жылдан 1930
жылға дейін Рысқұлов қоғамға пайдалы
тың пікірлермен ашық айтып, ел назарын өзіне аудартып,
қаратып отырды. Басқаны былай қойғанда,
үкіметтің құрылымы қандай болуы керектігі туралы
тың идеялары мен ұсыныстары қаншама. Парламенттік билікті де
алғаш рет айтқанда Рысқұлов болатын.
Т.Рысқұловтың
саяси өмірінің кезекті бөлігі Ресей Федерациясының
үкіметінде атқарған қызметіне байланысты.
Монғолиядан оралған соң Т.Рысқұлов аз уақыт
«Еңбекші қазақ» газетінде істейді. 1926 жылы мамыр айында
Ресей Федерациясы Орталық Атқарушы Комитетінің шешімімен ол
халық комиссарлары Кеңесі төрағасының
орынбасарлығына тағайындалып, бұл лауазымда 1937 жылға
дейін істегені белгілі. Т.Рысқұловтың қызметінің
осы кезеңі салыстырмалы түрде алғанда аз зерттелген.
Т.Рысқұловтың
ұлттық республикада істегенде жинақтаған бай
практикалық тәжірибесі, әсіресе оның ұлт
мәселесі саласындағы терең білікті қайраткер екендігін
ескере отырып Ресей Федерациясының үкіметі оған Федерация
құрамына кіретін ұлттық автономиялық облыстар мен
республикалардың экономикасы мен мәдениетін дамыту, Одақ
көлеміндегі коммунистік партияның ұлт саясаты
мәселесімен шұғылдануды жүктеді. Осы мақсатпен
оны ВКП (б) саяси бюроның ұлт республикаларындағы
ұлттық-мемлекеттік құрылым мәселесімен
шұғылданатын комиссияның құрамына енгізеді. Осы
міндетті жүзеге асыруда 1926 жылғы қараша айында
Т.Рысқұловтың тікелей бастамасымен шақырылған
тарихта ұлт өкілдерінің жеке мәжілісі деп аталған
жиылыс маңызды рөл атқарады. Т.Рысқұловтың
Кеңес Одағындағы ұлттық-мемлекеттік
құрылымының толғағы жеткен мәселелері
жөнінде көтерген ІІ пунктен тұратын ұсынысы Ресей
Федерациясында ғана емес Одақ көлемінде автономиялық
құрылымдардың саяси және құқықтық
мәселелеріне арналған. Ұлт өкілдері
мәжілісінің шешімдерін орындау барысында, әсіресе
ұлттық республикалардың экономикасын дамытуда,
Т.Рысқұловтың бастамасымен және оның тікелей
қатысуымен жүзеге асырылған шаралардың
алғашқыларының бірі-Түркісіб темір жолын салу болды.
Т.Рысқұловтың Ресей Федерация үкіметінің жанынан
құрылған Түркістан-Сібір темір жолын салуға
жәрдем комитетінің төрағасы қызметін атқара
жүріп Қазақстан экономикасы үшін ғана емес,
бүкіл Одақта жүргізілген индустрияландыру саясатында маңызды
орын алған индустрия объектісін уақытысында салып іске қосуда
оның ұйымдастырушылық таланты ерекше көрінгенін атап
айту қажет.
1930 жылы
сәуір айында іске қосылған Түркісіб темір жолы—жол салу
жұмысын ұйымдастырушы Т.Рысқұловтың үлкен
жеңісі, оның ұйымдастырушылық қабілетінің
тағы бір айқын айғағы еді. Бұл жол
Қазақстан Республикасының экономикасын дамытудағы
қомақты үлес қосқаны белгілі.
Ресей Федерациясы
үкіметінде төрағаның орынбасары қызметін
атқара жүріп, Қазақ халқының тарихына
қосқан екінші қомақты үлесі—1930 жылдары
Кеңес Одағының Коммунистік партиясы мен оның
көсемдерінің қате саясаты мен асыра сілтеушілігінен
туындаған Қазақстанда мал шаруашылығын
ұйымдастыру барысында жіберілген қателіктер мен
бұрмалаушылықтарға қарсы, оның зардаптарын
жеңілдетуге байланысты жүргізген күресі болып табылады.
Т.Рысқұлов
ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға
көмек ұйымдастыру шараларын жүзеге асыруға үнемі
көңіл бөліп отырғанын айтқан жөн.
Оның ерекше көңіл бөліп, күш
жұмсауының арқасында жүз мыңдаған қазақ ашаршылықтан аман
қалғаны мәлім.
Бүкіл
түркі халықтарына ортақ тұлға,
халықаралық дәрежедегі ірі қайраткер
Т.Рысқұлов өзінің 40 жылға жуық
өмірінің тең жартысын халық мүддесі,
мұқтажы жолындағы күреске арнады. Осы күрес оны
өз замандастарының арасынан көрнекті мемлекет және
қоғам қайраткері дәрежесіне көтерді.
Тұрар
Рысқұлов 1922 жылдың 13 желтоқсанында құрылған
мәдени-ағартушылық бағыттағы «Талап» ұйымын
құруға атсалысқан. Ә.Бөкейхановты себепсіз
қамауға алған кезде де Т.Рысқұлов пен
С.Қожанов. И.В.Сталинге хат жазып, егер Әлиханды қамауда
ұстайтын болса, онда қазақ жерінде бассыздыққа
жол беретінін түсіндірген еді. Сол кезде қаптаған түрлі
бюролардың қызметін ашық сынап, халықтың
мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білді.
Әрқайсысы өзінше бір бөлек әлем болып жататын
Орта Азиялық мемлекеттердің, әсіресе сол кездегі
Түркістан Республикасы мен Қазақстан Республикасының
Орта Азияның батыс бөлігі мен орта бөлігінің
бір-бірімен экономикалық қарым-қатынас орнатып,
байланысқа түсуіне ықпал жасаған бірден-бір
тұлға. Ұлттық тұрғыда Республикалар мен
олардың алыс аймақтарының экономика, мәдениет,білім
беру,денсаулық сақтау салаларының дамуына, минералдарды ашу
мен пайдалану, университеттерді құру, Магниторск мен Кузнецк
металургия зауыттарын, Шымкент қорғасын зауыты, Сталиноград, Челябі
зауыттарын, Балқаш мыс қорыту зауыттарын, Қарағанды
және Кузбасс көмір бассейіндер секілді өнеркәсіп
ошақтарын ашу мен дамытуға үлкен үлес
қосқан. Сонымен қатар, ел экономикасын дамытудың
ең тиімді тәсілдерін ұсынып, нарықтық
қатынастарды енгізу, орта және жеңіл өнеркәсіпті
дамыту,салықтың-қаржылық операцияларды жүзеге
асыру, акционерлік қоғам құру барысында жұмыс
жасады. Ол әркез өнеркәсіптің барлық салаларын
өнеркәсіптік жүйеге көшіру кереметтігін айтты.
Қытайда көп жылдар бойы қолданып келген шаруашылық
есептің төркіні Рыков пен
Рыскуловтың экономикалық саясатында жатқанын біреу
білсе, біреу білмес. Тіптен бүған шек келтіретіндер де бар.
Дегенмен ақиқаты осы.
Бұл факты Т.
Рысқүловтың тек саясаткер ғана емес, әлемдік
дүниедегі кең ауқымды экономист екенін де көрсетсе
керек.
Кеңестік
тотелитарлық жүйе кезінде қазақ халқының
мүддесі үшін күрескен азаматтың бүгінгі
күнде аты ауызға алынбай кетті.Оның реформаторлық
еңбегі әліде болса, өз бағасын алған жоқ.
Тек қазақ халқы емес, бүкіл Орта Азия, Ресей
Федерациясы, тіпті Евразияның азаттық
қозғалыстарының алдында Т. Рыскүловтың
еңбегі ерең.
Бүгінде кейбір
тарихшылар мен филологтар Тұрардың сол кездегі
реформаторларға қатысы жок деген пікірлерді айтып жатады. Алашорда
үкіметі мен Алаш партиясының маңызы көптеген пікір
таластарға арқау болғаны белгілі.Осы арада көптеген
қоғам қайраткерлерінің еңбегі еленбей
қалды.Солардың ішінде С.Сейфуллин
,С.Асфендияров,Т.Рысқұлов,У Қабылов. С.
Мұқановтар бар. Жоғарыда аталған қайраткерлер
ешқашан қазақ халқының мүдесін сатқан
емес.
М. Шоқай
тұтас Түркістан идеясын ұстанса, Т.Рысқұлов екі
ірі империяның ортасында түрік тілді халықтардың
конфедерециясын құрғысы келді. Бірақ оған
тоталитарлық жүйе мүмкіндік бермеді. Оның бүкіл
түркі жүртына жасаған қызыметін санамалап
өтпей-ақ, кейбір маңызды деген идеялары мен
қызыметтерін атап өтуді өз парызымыз деп білеміз.
Ең бірінші,
экономикаға тоқталып кетелік. Ол ең
алғашқылардың бірі болып металды өңдеу
манафактурасы туралы, екінші Жетісу темір жолы, үшінші Орта Азиялық
нарықтық аймақ құру, төртінші осы Орта Азия
аймағында экономикалық одаққа сол кездегі
Түркістан, Хорезм, Бухара республикалары мен Түркістан
республикасының арасында кедендік одақ құру
мәселесін де жолға қойған.
1920 жылы
Түркістан республикасы мен Қазақ республикасының
арасында экономикалық байланыс орнату жолында қызмет
атқарған.
Өткен
ғасырдың 80-жылдары Т. Рысқұловтың
әйелінен Лениндік саяси бюро мен
Сталиндік саяси бюрода жұмыс істеген адамдардың қандай
айырмашылығы болды?- деп сұрағанда ол кісі Ең бірінші, Лениндік саяси бюро
мүшелері, Троцкий болсын, Свердлов болсын, Рыков болсын, Дзержинский,
Каменев, Куйбышев, Фрунзе, Луначарский, Кржижановский, Чичерин болсын
бұлардың барлығы мамандар еді. Өмірлік тәжірибесі
мол, жан-жақты, теориялық білімі зор, өзіндік пікірі бар
азаматтар еді», - деп жауап берген. Ал Сталиндік бюрода
құлшылдық, жағымпаздық, бірін-бірі мақтау,
реформаторлық ой-өрісі төмен Ворошилов, Каганович, Молотовтар
болды», - деген./3/ Осы екі бюроның кезінде қызмет
атқарған алты алашқа
аты әйгілі қазақ азаматтарының ішінде бірі де, бірегейі
де—Т.Рысқұлов. Ол РСФСР Совпаркомында жүріп алты Алашты
басқарған жерлесіміз.
Енді оның
саяси қайраткерлігіне келетін болсақ, ол бұл салада да
көп іс тындырды. Рысқұлов 1919 жылы 31 наурызда
Түркістан компартиясы Орталық комитеті жанынан Мұсылман
бюросын құрады. Көп уақыт өтпей жатып-ақ,
осы бюроның беделі көтеріліп, ел билігіне елеулі ықпал етті.
Түркістан Республикасындағы күрделі мәселелер
Мұсбюроның қарауына қойылып, шешіліп жатты. Ол осында
да экономика, мәдениет, қаржы, әскер, тіл, шекара, сот
жүйесінен бастап, басқа да өзекті мәселелерді
қарап, шешуді қамти бастады. Жергілікті ұлт өкілдерін
басшылыққа тартты. Түркістан компартиясы Орталық
Комитетін, Түркістан Атқару комитетін Мұсбюромен санасатын
жағдайға жеткізген. Егер Рысқұлов басшы болмаса,
Мұсбюро сондай халықтық билік дәрежесіне жетпес те еді.
Т.Рысқұлов бар мәселені мұсылмандар мүддесі
тұрғысынан қарағандықтан, сол кездің
өзінде-ақ оған «ұлтшыл», «панисламшыл» деген айыптаулар
тағылып жатты. Оның ұлтшылдығы езгіге түскен
түркі халықтарының мүддесін қорғап, шын
жанашырлық көрсетіп, өз жерлерін билеп, өзгеге есе
жіберілуіне мұрындық болуынан байқалатын.
Т.Рысқұлов
қай жерде басшылықта жүрмесін, жауапты орындарға
жергілікті ұлт өкілдерінен кадрларды тартып жүрді. Оның
Түркістан республикасындағы рөлі мен ықпалы ерекше. Ол
әр кез халықтық идеяны ұстанғандықтан биік
еді. Т.Рысқұлов—М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, К.Жалелов,
М.Әуезов, М.Жұмабаев іспетті Алаш зиялыларын, арыстарын,
марқасқаларын Ташкент шаһарына шоғырландырып, 1922 жылы
желтоқсанда «Талап» атты ғылыми қоғам
құрады. 1934 жылы желтоқсанда Қ.И.Сатпаев пен
К.Орджаникидзені кездестіріп, Жезқазған мыс кеніне қаржы
бөлгізуі—ұлтына, ұлттық интеллигенцияға
қамқоршылығының айқын көрінісі. Бай баласы
оқып жүр деген Бекболат есімді кісінің арызы ізімен
институттан Д.А.Қонаевты шығармақшы болғанда
Т.Рысқұлов А.В.Луначарский арқылы оны оқуға
қайта қабылдатқан, Н.Нұрмақовты ВЦИК-ке
орналастырса, С.Меңдешев Тұрардың арқасында 1926-1930
жж. Мәскеуде қызмет атқарған. Ж.Досмұхамедов
Өзбекстаннан, Қазақстаннан қуылған соң оны
Мәскеуде жұмысқа орналастырады. Түркістан
университетінің медицина факультетінің студенті кезінде
Аққағаз Жосжановаға шәкіртақы да
үлестірген. Т.Рысқұлов Геллерді орнынан алып, С.Асфендияровты
Түркістан республикасында денсаулық министрі етіп тағайындап,
М.Жұмабаевты Ташкентке шақыртып, қамқорлығына
алған. Диваевты зейнетақы және баспанамен қамтамасыз
еткен. Ташкенттегі абақтыдан шығып келгенде денсаулығы
нашарлаған М.Әуезовты 1932 жылы шипажайға
орналастырған. Қырғызстаннан қуылған
Қырғызсубнаркомының төрағасы Ж.Абдрахмановты
Самара облысында атқару комитетінің орынбасары, кейін Оренбург
облысында ауылшаруашылық саласын басқаруға дейін
сүйемел болған—Т.Рысқұлов. М.Тынышбаевты
Қоқан автономиясына жұмысқа орналастырған.
С.Қожанов екеуі И.В.Сталинге жеделхат жіберіп Ә.Бөкейхановты
абақтыдан босатқызған.
Калининнен келісіп,
Нұрмақовты ВЦИК-тегі ұлттар бөлім
бастығының орнына отырғызса, Бауыржан Момышұлының
Ленинградтағы қаржы академиясында білім теңізінен сусындауына
тікелей ықпал еткен. «Шыңғыс Айтматовтың әкесі
Төреқұлды Т.Рысқұлов қолынан жетектеп
жүріп, ташкентте оқуға түсірген. Кейін
қырғыздың көрнекті қоғам қайраткері
болған, 1938 жылы «Халық жауы» ретінде атылып кеткен
Төреқұл Айтматов Т.Рысқұловтың тікелей
тәрбиесін көрген шәкірті болған».
Т.Рысқұлов
ұлт-азаттық көтерілісті басқарушы, өзі де тікелей
қатысушы адам. Әулиеата уезін басқарып,
қазақтың революциялық жастар ұйымын
құруға мұрындық болған. Сталиннің
саяси репрессиясына 1923 жылы ең бірінші қарсы тұрған
адам. Алашорда алдында тоталитаризм режимімен де аянбай ашық
күрескен еді. Бүкіл көшпелі республикаларда мал
шаруашылығын кеңінен дамыту керектігін айтқан. Алайда 1928
жылы ұсынған тың жерді игеру мәселесі тек 1954 жылы
ғана іске асты. Түркістан мемлекетіндегі қазақ
халқы қалыптассын деген игі ниетпен Жетісу облысынан көшіп
кеткен адамдарды қайтадан қайтару комиссиясын
басқарған. Жеке-дара күрескер ретінде қанаушылық
пен шовинистікті, ол сынды ұлттық саясатты ашық айтып,
сынаған Тұрардай күрескер жоқ. Тіпті Орталық
Азияда оған бәсекелестік бір тұлға жоқ десек
артық айтқандық емес. Үндістан үшін—Неру, Туркия
үшін—Ататүрік, Қытай үшін—Сунь-ят Сен қандай
болса, біз үшін Тұрар да сондай тұлға.
Сонымен өткен
тарихымызға зер сала
қарасақ, Алаш қозғалысының тарихы мен
еліміздің бүгіні арасында өзара байланыс пен
сабақтастық бар. Бұл сабақтастықтың
өзегі—ұлттық мемлекеттілік мәселесі. Қазақ
елінің тәуелсіздігің аңсаған талай боздақ
солшыл саясаттың құрбанына айналды. Өткен ғасырдың
басында бір топ қазақ зиялылары бас құрып,
Ресейдің отаршыл саясатына қарсы бас қосты. Ахмет
Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев,
Міржақып Дулатов, М.Шоқай, Т.Рысқұловтар ел
азаттығы жолында аянбай еңбек етті.
Алашордашылықтар
ұлтжандылық танытып, ұлт мүддесін қорғады.
Қазақ елінің болашақ тағдыры жолында аянбай
күресті. Алаш жетекшілері көрсетіп кеткен бағыт-бағдар
қазір еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болған кезде
де өз маңызын жоймай, қазақ қоғамы осы
заманғы әлемдік өркениетпен ұштастыруға жол сілтеп
отыр.
Әдебиет:
1. Сарғожаев Н. Бөлек батыр. Алматы 1998ж.
2. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы. Алматы,
2005, 337-423-бб.
3. Егемен Қазақстан. 2006ж., 26 қараша.
4. Әдебиет айдыны. 2008ж., 31 маусым.