Утепова А.К, Карабаева Ж.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

АКТЕРЛІК ӨНЕРГЕ БАУЛУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ

 

Актерлік өнер — адам бойындағы қабілеттерінің көмегімен белгілі бір кезеңмен уақытқа тән тірі образ(кейіп) жасау өнері.Актерлік өнер шабыт күшін, қиял қуатын, ыстық сезімді талап ететін ерекше қабілет. Негізінде салт-дәстүрлік рәсімдерден басталған актерлік өнер жан-жақты өнер түрі болып қалыптасты.Салт-дәстүрлік рәсімдерде ән, би, музыка, сөз,грим, киім т.б. қолданылатын. Бертін келе актерлік өнердің балетте — бимен, операда — әнмен, ал драма театрында— сөзбен тығыз байланысты үш түрі айқындалды. Драмалық спектакльдерде де би мен ән болады, бірақ ол қосымша құрал ғана. Актерлік өнердің “таза түрі” де бар, ол —пантомима. Әсерлі сезімге толы қимыл пантомиманың негізін құрайды, мұнсыз актерлік өнер де жоқ. Сондықтан пантомиманы актерлік өнердің негізі деп қабылдаймыз. Актерлік өнердің өзіне тән маңызды ерекшелігі бар. Мысалы: кескіндемешілер кенеппен, бояумен, мүсіншілер гипс, мәрмәр, ағашпен жұмыс істейді. Ал актердің жұмыс құралы — өзі, яғни жүрісі,  қимылы, мимикасы, үні және психикасы. Сондықтан актер үнемі қимыл ептілігін, дауыс мүмкіндігін жетілдіруге тырысады,грим техникасын үйренеді, ең бастысы іштей түрленуге тырысады. Актерлік өнерде ізденуді образдың сомдалуынан бөліп алуға болмайды. Премьера— тек қана істің нәтижесі емес, ол жасампаздық еңбектің жалғасы, шарықтау шегі. Актер көрермендер алдында жұмыс үстінде, ол әр бір спектакль сайын жаңарып көрінеді. Актер мен образ бірігіп кеткендей әсер қалдырса, актерлік өнердің табысты болғаны. Коңқайды Серке Қожамқұлов ойнайтынын жұрттың бәрі біледі, бірақ Қоңқай—Серке сахнаға шыға келгенде көрермен өткен ғасырда өмір сүрген түйсіксіз надан Қоңқайға деген ызасы мен мүсіркеуін жасыра алмайды, өйткені сахнада Қожамқұлов емес, Қоңқай тұрады. Актерлік өнердің бір құралы — тапқырлық. Сахнада тапқырлық автор мен режиссердің артқан міндетін орындай отырып, рөл табиғатын сақтап, әсерлендірудегі актердің еркіндігінен көрінеді. Қазақ театрында оның классикалық бір түрін 1936 жылы Мәскеуде өткен он күндікте Қ.Жандарбеков көрсетті. “ҚызЖібек”операсында Бекежан рөлін ойнап жүрген актер кезекті бір көріністе даусының жетпей қалатынын байқап әнді шырқай көтерудің орнына қарқылдап күліп жібереді де, әрі қарай нотадан шықпай әнін жалғастырады. Бұл әрекеттің сәтті тапқырлық болғаны сонша, кейін Бекежан рөлін орындаушылардың бәрі осылай айтатын болды.

Актерлік өнердің алғышарттарының бәрі қазақ тұрмысында болған. Мысалы: айтыстағы шұғыл, тапқыр әрі әсерлі сөз сайысы әдемі қимыл, орынды мимикамен бірге көрінеді. Әзіл айтыс болса, айтысушылар түр-әлпетін сайқымазақтарша өзгертіп отыратын болған. Ал, қазақтың қыз ұзату, келін түсірудегі дәстүрлі ырымдар, ән мен бидің, күлдіргіштердің әрекеттері сол бойы сахнаға сұранып тұрған көріністер. Жәрмеңкедегі ағаш аяқтардың, жарапазан айтушылардың, көкпар мен қыз қуудағы әрекеттердің бәрінде актерлік өнердің элементтері жатыр. Театр өнеріне жатырқалмай қабылданып, тез дамуына да себеп болған осы жайттар болса керек. Қазақ театрының іргесін қалап, шаңырағын көтерген актерлердің бәрінде де актерлік өнерге қажетті қабілеттер мол болатын. Біресе қыздың, біресе кемпірдің, біресе шалдың рөлін орындайтын, тіпті сиыр мен лақтың үнін де айнытпай салатын Қ.Қуанышбаев, бірспектакльде қыздың, кемпірдің және жас жігіттің рөлін қатар ойнайтын Е. Өмірзақов, бір өзі бүкіл ансамбльге тұратын И. Байзақов, аққуға үн қосқан Әміре т.б. нағыз халық арасынан шыққан актерлер болатын. Бұлардың бәрі де “таза” актерлік өнерді ешбір оқусыз меңгерген табиғи таланттар. Өркениетті қоғамдағы театр тарихында сахнадағы үнсізкөріністің (уақытшатоқтапқалу) мәніне айрықша назар аударылады. Актер неғұрлым дарынды болса, соғұрлым оның үнсіз ойнауы әсерлі көрінеді. Осы өлшеммен қарағанда Қуанышбаевтың  Ақансері —Ақтоқты  спектакліндегі мылқау Балуан рөлін “таза” актерлік өнердің үлгісі деп тануымызкерек. Оның әрбір қимылы, көзқарасы, көкірегін жара шығатын күрсінісі, сынған домбыраны аялай ұстап тұрып егілгендегі көзжасының әсерлілігі сонша, мылқау сөзі анықтауыштан зат есімге айналып “Мылқау балуан” кейіпкер аты болып қалыптасты. Бұл да қазақ театрындағы актерлік өнердің айшықты бір көрінісіболып табылады. Қазақтың актерлік өнері кәсіптік жағынан қалыптасқан, өзіндік сахналық мектебі бар бірнеше буыннан құралады. Міне қазақ сахнасының белестері сан –қилы әсерлі болып табылатыны сөзсіз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.       Қазақстан Республикасы этникалық-мәдени білім беру тұжырымдамасы. //Егемен Қазақстан, 7 тамыз, 1996

2.       ҚазақстанРеспубликасыныңгуманитарлықбілім беру тұжырымдамасы. Алматы, 1994, 37 б.

3.       Леонтьев А.Н. Избранные творческие произведения: В 2-х т. Т.1,Москва, 1983, 288 с