Курманалина Ж. Б.

Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің тарих және құқық пәні мұғалімі

Шалқар қаласы Ақтөбе облысы, Қазақстан

 

Құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары

 

         Қазақстан Республикасының Конституциясында Қазақстан Республикасы өзінің  демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет  ретінде орнықтыратыны   аталған. Бұл  еліміз  үшін  мәртебелі  мақсат.  Сондай-ақ,   Қазақстан Республикасының Конституциясының  1-бабында:  «Қазақстан Республикасының ең  қымбат қазынасы – адам  және адамның өмірі,  құқықтары мен бостандықтары» -деп көрсетілген. Қазіргі таңда тиянақты білім беру жүйесінде оқушылармен тәрбие жұмысын дамыту басты мақсат болып отыр. Осыған байланысты мектептің алдына қоятын ең басты мәселелердің бірі - өркениетті, прогресшілдік бағыттағы, азаматтық-адамгершілік қасиеті мол, сондай-ақ ұлттық тілін жоғалтпаған, өзге елдегі замандастарымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын биік, өрелі, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар жеке басының сапасын көтеру.

         Тәрбие – қоғамдық үрдіс, қоғам мен жеке тұлғаның арақатынасын қамтамасыз ететін басты жүйе. Оның негізгі өлшемі өмірге қажетті тұлғаның жағымды қасиеттерін дамыту болып табылады. Оқушылардың сапалы тәртібі мен пайымды мінезін қалыптастыру, оған сәйкес сезімін және сенімін тәрбиелеу тәрбиешінің мақсатқа бағытталған іс-әрекетіне байланысты.

         Тәрбиенің негізгі міндеті – қоғамның қажетті талаптарын әрбір баланың борыш, намыс, ождан, қадір-қасиет сияқты биік адамгершілік стимулдарына айналдыру. Қазіргі таңда әсіресе көп көңіл бөлінетін мәселе – құқық бұзушылықтың алдын алу. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды аспектісі болып табылады. Заңды, әлеуметтік пайдалы қызметке және қоғам мен өмірге ізгілікті көзқарас қалыптастырып, жастарды қылмыстық қызметке жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу қажет. Қазақстан Республикасында кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қадағалаусыз және қараусыз жүруінің алдын алу жөніндегі заңнаманы қалыптастыру және дамыту жұмысы қолға алынған. Бұларға «Неке және отбасы туралы», «Отбасылық үлгідегі балалар деревнялары және жасөспірімдер үйлері туралы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Еңбек туралы», «Қазақстан Республикасындағы арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы», «Дене тәрбиесі және спорт туралы» заңдары, кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссиялардың, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ішкі істер органдарының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер және т.б. жатады. Кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алуды тікелей не жанама көздейтін құқықтың қайнар көздерінің осылайша  көп болуы қоғамдық қатынастардың кез келген саласында кәмелетке толмағандар тұлғасының дамуын қамтамасыз ететін қолдау жүйесінің көзделгендігін көрсетеді. Әсіресе бұл қауіпті жағдайда тұрған және ерекше қорғау мен қолдауға мұқтаж жасөспірімдерге қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оқытуда отбасының маңызы зор. Осыған орай мемлекетіміз отбасының, соның ішінде кеңейтілген отбасының тұтастығын сақтауға аса назар аударып отыр. Отбасында тұрақтылық пен береке болмаса, осыған байланысты қоғам тарапынан көмек көрсету әрекеттері сәтсіз болған жағдайда, тіршілік етудің балама орындарын пайдалану мүмкіндігін қарастыру қажет.

         Қазіргі «Білім туралы» Заңның талаптарын орындау әлі  де  көптеген экономикалық – материалдық, құқықтық – нормативтік базаны нығайтуды,  құқықтық тәрбиені  шығармашылықпен  ұйымдастыруды, жаңа технологияларды тәрбие жұмысында кеңінен қолдануды, шеберлікті  қажет етеді. Сондықтан  мұғалім жаңа   заңдылықтармен  танысып, оны жұмыс барысында басшылыққа  алып пайдалануды, оқу-тәрбие үрдісінде ұтымды, тиімді, мақсатты қолдану жолдарын,  тәрбиенің әдістерін,  түрлі  формаларын  біліп, жаңа технологияларды кеңінен қолданғаны жөн. Жастарды құқықтық  сауаттылыққа  тәрбиелеу – олардың  қылмысқа ұрынбауына, өздігінен өмірдегі мәселелерді шешуде дұрыс шешім қабылдауына, келеңсіз, жағымсыз  жағдайлардан  тартынуына,  қоғамға пайдалы іспен шұғылдануларына  жәрдемдеседі. Қоғам талабы – заман талабы, өйткені «әр адам - өз заманының баласы». Сол себепті адамды заман билейді. Біз құқықтық мемлекет орнықтыруды мақсат етіп отырған елміз, яғни құқықты жаппай оқыту мен құқықтық тәрбие беру саласында жасалатын іс-шаралар бұл мақсатты айқындай түспек. Халықты құқықтық жағынан білімін жетілдіре түсу мәселелеріне мемлекеттің өзі баса назар аударуда. Президенттің 1995 жылы 21 маусымда қабылдаған «Құқықтық жаппай оқытуды жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы» қаулысы зор саяси маңызы бар акт болып есептеледі. Бұл қаулыда құқықтық және әдептілік нормаларына мектепке дейінгі сәби жасынан бастап үйрету көзделген. Жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесінің алғашқы буыны отбасы болып табылады. Бұл болашақ жеке тұлғаның тәрбиесін жанұяның негізгі міндеті етіп көрсететін қазақтың дәстүрлерінен бастау алады. Жастар арасында заң бұзушы әрекеттердің деңгейі ата-аналардың білімі мен мәдениет деңгейіне тікелей байланысты. Мәдениеті төмен жанұяларда балалар қылмысы мәдениеті жоғары жанұялармен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Балалар үлкендерге еліктейді, ең алдымен өз ата-аналарына, сондықтан олардың мінез-құлық тәртібі балалардың мінез-құлық тәртібін қалыптастыратын маңызды фактор. Балалардың қараусыз қалуына жеткізетін негізгі себеп ата-аналардың жұмысбастылығы. Олар жұмыстарына толықтай берілетіндігі сонша, балаларының тәрбиесіне көңіл бөлмейді, олардың қажеттілігін, қызығушылығын білмейді, үйден тыс немен айналысатынына бақылау жасай алмайды. Мұндай ата-аналардың балаларымен байланысы әлсіз болады. Ата-аналардың педагогикалық мәдениетін көтерудің басқа түрі құқықтық тәрбие мәселелері бойынша дәрістер оқу, әңгімелесу, педагогикалық өзіндік білімін көтеруге арналған нұсқаулар, балаларға адамгершілік-құқықтық тәрбие беру жөнінде нақты тапсырмалар беру, адамгершілік-құқықтық тақырыптардағы әдебиеттерді ата-аналармен талқылау болып табылады. Ата-ана мен мұғалімнің жеке кездесулерінің пайдасы өте зор. Көзбе-көз кездескенде ең құпия, басқа адамдардың көзінше айта алмайтын сырларын бөлісе алады. Осындай әңгімелесуде жасөспірімнің тәрбиесіне жағымды әсер ететін әдісті табу оңай болар еді.

Мектептің маңызды міндеттерінің бірі – оқушылардың қоғамға жат көзқарастары мен қылықтарының қалыптаса бастағанын неғұрлым ертерек тани білу. Құқықтық тәрбиені тиімді және нәтижелі жүргізу үшін мұғалімдер оқушылардың жанұя жағдайларын жан-жақты білуі шарт. Жасы толмаған құқық бұзушылардың жанұяларын зерттеушілер негізінен 3 топқа бөледі:

ü     Өз балаларын тәрбиелеуге қабілеті жетпейді, олардың жалпы білімі, мәдени дәрежесі төмен, тәрбиелеу мүмкіндігі, қабілеті жоқтың қасы;

ü     Балаларына мардымды тәрбие бере алмайтын ата-аналар;

ü     Балаларын қоғам талаптарына сай, дұрыс тәрбиелегісі келмейтін, балаларға теріс үлгі көрсететін ата-аналар.

Жалпы жас жеткіншектің құқық бұзушылық жолына тез икемделіп, ересектер ықпалына еруі – тікелей ата-ананың кінәсі. Егер әрбір ата-ана баласының сабақтан тыс уақытта қандай іспен шұғылданып жүргенін күнделікті бақылап отырған болса, өкінішті жайлардың аз болары сөзсіз. Баланың достарының кім екенін, мектепте қалай оқитынын қадағалау ата-ана тарапынан күнделікті дағдыға айналса, бақылаудың барын сезінген бала құқық бұзушылыққа бармас еді.

         Қазіргі кезеңде жасөспірімдер арасында құқықтық тәрбие жұмысы белсенділікпен жүргізіліп жатса да, тәртіп бұзушылар саны күннен-күнге өсуде. Дегенмен біздің қоғамда қылмыс бой берместей етек алып кетті деуге тағы болмайды. Азаматтарымыздың басым көпшілігі дұрыс өмір сүреді, балаларын жақсы тәрбиелейді, өзіне және қоғамға пайдасын тигізіп, еңбек етеді, білімдерін көтереді. Бірақ қылмыстың қауіпті екені соншалық, бір адам жасаған қылмыстың зардабы басқа бір адамға немесе адамдар тобына зиян келтіріп, оларды қайғы-қасіретке ұшыратуы мүмкін. Сондықтан қылмысқа қарсы күрес тек қана құқық қорғау органдарының ісі деп түсінбеу керек. Әрине, қылмыс істегендерге қарсы күрес бірінші кезекте полиция, прокуратура, соттың тікелей міндеті. Бұл органдардың қызметкерлері халық арасында заң тәртіптерін түсіндіру жұмыстарын, облыстағы, қаладағы, ауылдағы құқық тәртібінің жайын кеңірек хабарлап, өздерінің осынау қауіпті де ауыр жұмыстары жөнінде әсерлі әңгімелеп отырса игі болар еді. Әйтсе де, саналы азаматтар оларға үлкен көмек көрсетіп отыруы керек. Мұның өзі – адал ниетті, заңды мүлтіксіз орындап жүрген адамдардың өздерін қорғауға қажетті іс.  Жасөспірімдер қылмысы жылдан-жылға өсіп барады. Міне, сондықтан да заң категориялары мен ол туралы түсінікті адамның рухани дүниесі қалыптасатын балалық шағында, яғни неғұрлым ертерек кезеңде сіңіре білу керек. Мектепке дейінгі балалар мекемелерінде балаларды құқықтық нормалардың «әліппесімен» таныстырып, жақсы мен жаманды ажырата білуге үйреткен дұрыс. Өйткені, құқықтың негізгі қағидалары жақсылық пен жамандық, шыншылдық пен әділдік категорияларымен байланысты. Ендеше «әр адам бала кезден не істеуге болады, не істеуге болмайды?» дегенді біліп өсуі керек. Құқықтық тәрбиені жаңа деңгейге көтеріп, оның ғылыми-әдістемелік негіздерін жасау – кезек күттірмейтін іс. Мектептегі оқу үдерісінде құқық негіздерін меңгеру мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың бірнеше кезеңдерін бөліп көрсету қажет:

I.            1 – 4 сыныптар: насихаттаушылық курс – бұл оқушыларға құқықты таныстырудың алғашқы кезеңі. Оқытудың ойын түріндегі бағдарламалары мен құқықтық қарапайым жаттығуларды қолдана отырып, құқықтық мәдениеттің алғашқы элементтері қалыптасады;

II.            7 – 9 сыныптар: базалық курс – құқықтан оқушылар даярлаудың жалпы білімдік міндетті минимумын қамтамасыз етеді. Ол оқушылардың құқықтық есептерді шешудің әдістері мен құралдарын меңгертуге бағытталады, өзінің оқу, одан соң кәсіби қызметінде құқықты саналы және тиімді пайдалана білу дағдыларын қалыптастырады;

III.            10 – 11 сыныптар: құқық саласындағы білімдерін профильді оқыту түрінде жалғастыру. Жаңа типті мектеп оқушыларының кәсіби даярлыққа дейінгі қызығушылықтары мен бағыттарына байланысты көлемі мен мазмұнын дифференциалдау. Гуманитарлық бағыттағы сыныптарға құқықты тереңдетіп оқыту мүмкіндігін жасау.

Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршінге сол кезден бастап құқықтық білімнің бастауларын сіңіре білгеннен еш ұтылмаймыз. Сондықтан заң ғылымдарының кандидаты Л.Қ.Ерінбетова өз зерттеуінде әрбір мектепте бірінші сыныптан бастап-ақ «Құқық негіздері» атты пәннің жүруі мақсатқа лайықты болар еді деген пікір білдіреді. Шындығында, мектеп қабырғасы – құқықтық тәрбие беретін орта десек те, республиканың көптеген мектептерінде құқықтық насихат жеткіліксіз дәрежеде деуге болады. Ал бүгінгі күннің талабы заңгерлерді ғана емес, заң негіздерін білетін азаматтарды да тәрбиелеу қажет екенін көрсетіп отырған жағдайда бұған толыққанды өзгерістер жасау қажет. Ал құқық білімін ерте бастан бала санасына құю оның жат әрекетке бармауының берік тосқауылы болатыны сөзсіз. Құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарының тиімділігін көтерудің қажетті жағдайлары:

Ø     Педагогикалық қызметкерлердің дайындығы;

Ø     Ата-аналардың педагогикалық-психологиялық құзырлылығы;

Ø     Нормативті-құқықтық қамтамасыз ету;

Ø     Білім беру ұйымында психолог маманның болуы;

Ø     Әлеуметтік педагогтің болуы;

Ø     Әдістемелік қамтамасыз ету;

Ø     Қаржылық қамтамасыз ету;

Ø     Кәмелетке жасы толмағандар ісі комиссияларымен байланыс;

Ø     Балалармен, жасөспірімдермен жұмыс істейтін орталықтар, одақтар, бірлестіктер желісі;

Ø     Ерекше назардағы балаларға көмек көрсетудің аймақтық бағдарламасы және облыстық үйлестіруші орталығының болуы.

Оқушылар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу өз құрамына мына компоненттерді кіргізеді:

ü     «Ерекше назардағы» оқушыларды анықтау, мінез-құлық ауытқушылығының себептерін анықтау;

ü     Оқушының мінез-құлқындағы ауытқушылықтың себептерін болдырмау;

ü     Тәрбиеленушілердің құрдастарымен және үлкендермен жеке қарым-қатынастарының сипатын өзгерту;

ü     «Ерекше назардағы» оқушыларды әр түрлі жағымды іс-әрекеттерге тарту;

ü     Отбасылық тәрбие жағдайын өзгерту.

Азаматтар өздерінің негізгі құқықтары мен бостандықтарын, міндеттерін біліп, оны  өзгелердің және мемлекеттің мүддесіне  қайшы  келтірмей   түсініп саналы орындауы, мемлекет алдындағы өз жауапкершілігін сезіне білуі тиіс. Заңгер ғалымдар Ғ.Сапарғалиев және А.Ибраева  өз еңбектерінде:  «Тұлғаның құқықтық мәдениеті –құқықты  білу, ұғыну  (түсіну)  және құрметтеуден    тұрады. Ал мұның өзі құқықтық ұйғарымдарды жете түсініп барып орындаудан білінеді (көрінеді)» — деп  атап  көрсеткен.

Оқушылар арасында құқықтық тәртіпті бұзушылықтың алдын алу үшін жүргізілетін шаралар:

ü      тәртіп бұзушының теріс мінез-құлқын қалыптастыруға ықпал ететін жағдайды жою;

ü     оқушының тәрбиесін, өмір жағдайын, ортасын сауықтыру;

ü      оқу, еңбек, іс-әрекетін тиімді ұйымастыру;

ü      Отан қорғау, туған елдің күш қуатын молайту, сөз, баспасөз бостандығы мәселелері жөнінде тәрбиелік іс-әрекеттер ұйымдастыру.

Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2030″ стратегиялық бағдарламасында Отан қорғау мен оның қауіпсіздігіне ерекше мән бергені мәлім. Қарулы күштерінің бір тармағы ретінде ішкі әскердің де іргетасы қаланды. Ішкі әскер барлық қазақстандықтардың, қарапайым азаматтардың мүддесін қорғаушы — құқықтың тәртіп әскері. Бұл мектеп, отбасы және қоғам жұртшылығының құқықтық тәрбие жұмысын жүргізудегі басты бағытының бірі — оқушылар арасында заң тәртібін бұзушылықтың алдын алу шараларын жүргізуге кең жол ашып отыр.

Оқушылардың бір бөлігінің сапалы білім алуына олардың тәртіпсіздігі мен қылмыс жасауға даярлығы кесірін тигізуде. Елімізде «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» заңы жайдан жай қабылданған жоқ. Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түн мезгілінде көше кезуіне тыйым салатын заң жобасын әзірледі. Онда бұдан былай сағат 23.00 – 06.00-ға дейінгі түнгі уақыттарда тұрғын жайлардан тыс жерлерде, қасында заңды өкілдері жоқ, өз бетімен жалғыз, топпен жүрген кәмелетке толмаған  жастар әкімшілік жауапқа тартылатындығы айтылған.

Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуде бұқаралық ақпарат құралдары зор рөл атқарады. Бірақ, бұл істе айтарлықтай кемшіліктер бар екендігі барлығымызға белгілі. Мысалы: теледидар арқылы адам өлтіру, қатыгездік, қанкұйлы оқиғалар, алдап-арбау, эротикалық мағынадағы журналдар, фото суреттер, жарнамалар мұның өзі келешек ұрпақтың мінез құлқының қалыптасуы мен даму процестеріне зиян келтіретіндігі айтпаса да түсінікті. Осы жағдайға байланысты бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда, жастарға арналған тиісті қызметтер мен мүмкіндіктерді БАҚ арқылы тарату қажеттігі туралы норма императивті түрде баяндалу керек. Заңда бұқаралық ақпарат құралдарын есірткімен, зорлықпен байланысты материалдар көрсетуді мейлінше азайтуға, сондай-ақ зорлық пен қанауды жағымсыз жағынан көрсетуге мүдделі ететін, осыған ынталандыратын нормалар көзделуі тиіс. БАҚ өз бағдарламаларын дер кезінде түзетуі аса қажет, олардағы ақпарат балалар мен жасөспірімдердің ақылын кемітпей, қатыгез етпей, дұрыс бағдар беруі тиіс. Сонымен қатар есірткі мен алкогольді пайдаланудың алдын алудағы, бұл заттардың зияны туралы ақпаратты барлық деңгейде таратудағы рөлі мен жауапкершілігі заң жүзінде анықталғаны жөн. Жоғарыда айтылғандай, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасауының себептеріне кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның, прокурорлық қадағалау, полиция, сот-тергеу органдарының  қызметін жетілдіру шаралары көзделіп, кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алудың тиімділігін арттыру үшін барлық құқық қорғау, мемлекеттік басқару органдарының, балалар мен жасөспірімдер мәселелерімен айналысатын жастар және қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің өзара ықпалдасуын, қызметтерін үйлестіру жөнінде кешенді шараларды әзірлеу қажет. Осы мақсатта үйлестіруші орган, балалар мен жасөспірімдер құқық бұзушылығының алдын алу іс шараларын жүзеге асыру кезінде жинақталатын ақпарат, тәжірибе, білім мен мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейде алмасуды жандандыруға тиіс. Осы орайда айта кететін бір жағдай, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар, білім басқару мекемелері, ішкі істер органдары,  балалар мен жасөспірімдердің жалпы әлеуметтік нормалар мен құндылықтарға сай келмейтін мінез-құлқы, көп жағдайда есею процесімен байланысты болатындығын және есейген сайын олардың мінез-құлқы өзгеретіндігін, ал жасөспірімдерді тәртіп, құқық бұзушы немесе бастап келе жатқан құқық бұзушы деп анықтау көп жағдайда жастардың бойында тұрақты жағымсыз мінез-құлық қалыптасуына әкеліп соғатындығын да терең ескерілуі қажет деп ойлаймын.

Оқушыларды азамат ретінде тәрбиелеу құқықтық сана-сезім мен құқық мәдениетінсіз жүзеге аспайды. Осы бағыттағы тәрбие бойынша оқушыларды адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауға белсене қатысуға, қоғамды қылмыстан қорғауға, заңдарды дұрыс орындауға және құқық қорғау қызметтеріне даярлау қажет. Жалпы білім беретін мектептердің оқушылары қоғам құрамындағы ерекше орынға, өзіндік құқықтық беделге, оларға тиесілі психологиялық өсу ерекшеліктеріне, сонымен бірге құқықтық санаға ие болуы тиіс. Мектеп оқушысының құқықтық санасы, жасөспірімдердің өзара қатынастарының шеңберінде негізделетін құқықтық құбылыстар мен нормалардан көрініс алады. Оқушылардың құқықтық көзқарастары, олардың саналарында толық қалыптаспаған. Санасы мен тәртібі енді қалыптасу деңгейіндегі жасөспірім тәрбиелеудің негізгі объектісі болып табылады. Оқушыларға құқықтық тәрбие берудегі негіз – құқық нормаларын танып-білу және дұрыс меңгеру.

Бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің болашақ жас ұрпақтарын тәрбиелеуде «Ата заң» нормативтерін жүйелі қолдану арқылы құқықтық тәрбие мәселесіне назар аудару – басты мақсатымыз.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.     Қазақстан Республикасының Конституциясы, 1995 жыл 30 тамыз

2.     ҚР Президентінің Халыққа Жолдауы

3.     А.Ә.Маханбетова, Р.С.Егізбаева «Кәмелетке толмағандарды құқықтық мәдениетке тәрбиелеу», Алматы, 2010ж.

4.     Ғ.Сапарғалиев, А.Ибраева, «Мемлекет және  құқық теориясы», Алматы, 2007ж.

5.     Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі N591 Заңы

6.     "Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 26 қарашадағы N1086 Қаулысы

7.     Білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысын ұйымдастыруда басшылыққа алынатын нормативтік-құқықтық құжаттардың жинағы, Алматы, 2012ж.