Педагогика. Современные  методы  педагогики

Калыгулова Багыйлаш Талимовна

Әдістемелік  бірлестік  жетекшісі,

қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің  мұғалімі

№57 жалпы  білім беретін мектебі Алматы  қаласы, Қазақстан

Кембридж бағдарламасының  оқыту мен оқудағы маңыздылығы

Қазақстандық білім беру бағдарламалары жасалып, білікті мамандарды даярлауды жолға қоюда. Себебі, « Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім» ( Стронг,Уард де Гранд, 2011 ).  «Халық пен халықты теңестіретін – білім» (М. Әуезов) дегендей, әлемдік көшке ілесудің, өзіндік келбеті бар өркениетті мемлекет болудың, өзге елдермен терезе теңестірудің бірден-бір жолы - ұлттық құндылықтарды бойына қалыптастырған, дүниетанымы кең, білімді, белсенді, өмірге, қоршаған ортаға деген танымдық ой – өрісі бар, инновациялық технологияларды жетік меңгерген жеке тұлғаны тәрбиелеу.

       Ал ондай тұлғаны тәрбиелеу үшін XXI ғасыр мұғалімі ізденімпаз- зерттеуші, нәзік психолог, еңбекқор, білімпаз, кез келген іске ұйытқы, көреген де икем көшбасшы болуы керек. «Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер»,- деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, мұғалім бойындағы білімі мен біліктілігін шеберлікпен ұштастыра алатындай өнерді игеруі қажет.

       Жапон елінде айтылатын «Ұстазды көрсең, үш қадам артқа шегін, алайда көлеңкесін басып кетпе» деген сөз мұғалім мәртебесінің осы елде қаншалықты жоғары екендігін көрсетсе керек. Біздің елдегі бұрынғы көзқараста қоғам мұғалім алдында бас исе, бүгінгі қоғамда мұғалімге ақшасы аз, өкіметтің жай бір жұмысшысы ретіндегі көзқарас басым. Сондықтан да білім беру саласында жүргізілетін реформада мұғалім мәртебесін көтеру мәселесіне де көңіл бөлінгені жөн деп ойлаймын.

       «Ертеңін ойлаған ел озады» деген халық даналығын ұстанған Қазақстандық білім беру жүйесіндегі реформа бағыты – жастардың білім алуына қолайлы жағдай туғызып, білімді қолжетімді ету, алған білімін үздіксіз дамытуына мүмкіндік беріп, олардың интелектуалды – үйлесімді болуын қамтамасыз ету. Осыған орай, білім беру қызметін көрсету деңгейіне, педагогтардың кәсіби шеберлігі мен біліктілігіне бүгінгі күнде талап күшейіп отыр, еліміздегі білім беру жүйесі өте маңызды да қарқынды өзгерістер сатысында тұр.

        Білім беру сапасының тиімділігін арттыру үшін мұғалімнің біліктілігін көтеру мақсатында Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары, педагогикалық шеберлік орталықтары жұмыс істеуде. Мақсаты -мұғалімдердің кәсіби біліктілігін дамыту. Мұғалімдердің кәсіби деңгейінің жоғарылауы, оқыту әдіс – тәсілдерінің озық түрлерін меңгеруі - нәтижелік критерийлерді жетілдіруге, жақсартуға тікелей әсер етеді.

        Педагогтардың біліктілігін арттыру курстарының мақсаты – оқыту мен оқу әдіс – тәсілдерін өзгерту үшін мұғалімдерге қажетті білім мен білік, дағдыларды беру болып табылады . Курстың бағдарламасындағы негізгі ой «әлемдік білім беру практикасында орын алған мұғалімді мектептерге инновациялық қызметті «әкелуші» деп қабылдайтын пікірмен астасады, оған оқушылар бойында қалыптасатын дағдыларға қойылатын талаптардың да түбегейлі өзгеруі себеп болып отыр. Бұл өзгерістер белгілі бір құзіреттіліктерге айтарлықтай әсер етеді, оқушыларда 21-ғасыр дағдыларын тиімді қалыптастыра алу үшін мұғалімдердің өздері де ол дағдыларды меңгеруі тиіс. Осылайша,оқушыларды оқытудағы жаңа тәсілдер мұғалімдерді оқытуда да жаңа тәсілдерді талап етеді.(Мұғалімге арналған нұсқаулық, 1-деңгей 64-65 бет).

         Бетбұрыс кезеңінде әр мұғалім де өз жұмысына, өз тәжірбиесіне сын көзімен қарап, сын тұрғысынан ойланып, кемшілік болса түзеп, артықшылықтарын әріптестерімен бөлісе алады. Мұғалім өзін де үнемі білім алушының санатына қосып, білімі мен біліктілігін жетілдіріп отырса, оның кәсіби даму мақсатындағы оқуы оқыту сапасына оң әсерін тигізері анық.    Сондықтан да Қазақстан білім саласындағы реформаны, білім беру жүйесіндегі өзгерісті, әр мектептегі өзгерісті мұғалімнің кәсіби біліктілігін арттырудан бастап отыр.

      Кембридж бағдарламасындағы жеті модульді мектебіміздің мұғалімдерінің іс-тәжірибесіне  енгізу арқылы оң өзгерістерге жетуге болатынына көзім жетті. Заманауи зерттеушілер (Siner.2009)перспективті идеялар мен тәсілдерді игерген көшбасшы мұғалімдер тәжірибесін өзгертуге қауқарсыз екенін атап көрсетуде,өйткені,  олар әдетте өзінен «Өзгеріс не үшін қажет? » деп сұрамайды (Мұғалімге арналған нұсқаулық ,1-деңгей,64-бет) делінген. «Егер сен басқа адамдарға ықпал жасағың келсе, алдымен өзің ол адамдарды шын мәнінде ынталандыра білетін адам болуың керек(К.Маркс) деген пікір мектеп көшбасшысының ролі өте жоғары екенін көрсетсе керек. Көшбасшылық қасиеттерді зерделеу мақсатында жүргізілген зерттеулер көшбасшылардың өздері атқарып отырған істерінің мақсаттарын, сондай-ақ көшбасшылықтың алып отырған орнын және жақсарту үшін нені өзгерту қажеттілігін ұғынудың маңызды екендігіне ерекше көңіл бөледі(Sinek, 2009).(Нұсқаулық,1-деңгей,8-бет).  

       Өз мамандығын сүйетін мұғалім  балаға жан-тәнімен білім мен тәрбие беруге ұмтылады, шынайы қамқор болады, ондай мұғалім  білім мен сол білімді меңгеру  үшін оқушы игеруге тиісті дағдыларды тиімді қолдануға үйрететін жаңа әдіс-тәсілдерді, өзгерістерді ашықтықпен, қызығушылықпен қабылдайды деп сенемін.Сондықтан мұғалім үздіксіз оқудан, кәсіби білімін жетілдіруден жалықпауы керек.

          Болашақта еліміздің экономикалық – әлеуметтік дамуына өзіндік үлесін қоса алатын, білімді, таным көкжиегі кең, білікті азаматты тәрбиелеу – қоғамның мұғалімге артып отырған зор міндеті. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мұғалімнің оқытудағы тәжірибесіне елеулі өзгеріс енгізудің өзектілігі туып отыр. Зерттеушілер әлемдік білім беру жүйесінде оқыту сапасын көтеру үшін өте маңызды мынандай факторларды анықтаған. Біріншіден, педагог болуға лайықты адамдар ғана мұғалім болуы керек. Екіншіден, мұғалімдердің оқытушылық қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін арнайы дайындықтан өтуі керек. Үшіншіден, әрбір оқушыға сапалы білім алатындай жағдайды, оған дербес қолдау көрсетуді қамтамасыз ету керек. Білім беру саласындағы көптеген жүлдегер елдер мектеп жұмысының тиімділігін арттыруда ісінде мұғалім жұмысының сапасын арттыруға ерекше көңіл бөледі.