Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі
сабағында оқушылардың жазбаша тілін
дамытудың тиімді жолдары
Қазіргі
кезде мектептегі білім беруде маңызды мәселелердің бірі –
оқушылардың коммуникативтік құзіреттіліктерін дамыту.
«Құзіреттілік»– оқушының алған білімі мен
біліктерін күнделікті өмірде тәжірибе және
теориялық мәселелерді шешуге қолдана алу қабілеттілігі.
Ал, «коммуникация» - қарым-қатынас, өзара байланыс дегенді
білдіреді. Қоғам талабына сай, бәсекеге қабілетті,
шығармашылығы дамыған жеке тұлға болып
қалыптасу үшін коммуникативтік құзіреттілікті дамыту
қажеттігі туындайды.
Тілдік қатынас
(коммуникация) – тіл арқылы байланыс, сөйлеу тілі арқылы
адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы;
қоғамдық, ұлттық тіл арқылы
ұғынысу, түсінісу; яғни адамзаттың тіл
арқылы қатынасқа түсуі.
Тілдік
қатынастың дыбыс арқылы айтылуы және әріп
арқылы таңбалануы
лингвистикада ауызша және жазбаша тілдік қатынас деп те айтылады. Тілдік жүйе
үлкен жүйе, үлкен құрылым деп жатсақ, ол жүйелі құрылым
жазуға түсіп, яғни «тасқа қашалып,
таңбаға басылып» дегендей, денотаттық тұрпатқа ие болғаннан
кейін ғана мәңгілік құндылыққа айналды.
Өйткені, жазу ауызша сөзді жай ғана таңбалап қана
қоймай, адамның тіл туралы түсінігін кеңейтті,
тереңдетті және ең бастысы, тілдің дәл
қазіргідей күрделі деңгейге жетуіне әсер етті.
Бүгінгі әдеби тіліміздегі мәтіндер, күрделі
синтаксистік құрылымдар, күрделі фразалық
тұтасымдар жазудың арқасында ғана дүниеге келді
Жазу өмірдің барлық саласында кең түрде
қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді.
Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауындағы
ең тиімді, қажетті жолы, ойды нақты, түсінікті
берудің амалы.
Орыстілді мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі жан-жақты зерттеліп отырса да, әлі де жүйелі түрде зерттеуді қажет етеді. Соның бірі – орыстілді оқушылардың жазбаша сөйлеу тілін дамыту. Жалпы білім беретін мемлекеттік стандарт бойынша оқытудың міндеттері:
– қазақ тілінде сөйлеу және жазу икемі мен дағдыларын қалыптастыру, яғни коммуникативті біліктілікті қалыптастыру;
– қазақ тілінің тілдік білім негіздерінің жүйесін танып білу, яғни тілдік білікті қалыптастыру;
– қазақ халқының мекенін, тарихын, рухани және материалдық мәдениетін, тұрмысын таныту, яғни тарихи-мәдени таным біліктілігін қалыптастыру», – деп белгілейді [1].
Орыстілді мектеп
оқушыларының жазбаша тілін
дамытуда Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов,
Т.Шонанұлы, Ш.Х.Сарыбаев, М.С.Лапатухин, К.Д.Ушинский, Ф.И.Буслаев,
И.И.Срезневский т.б әдіскер ғалымдар зерттеп өз
тұжырымдарын айтқан.
Оқушылардың тілін дамыту, өз ойын дұрыс, жүйелі жеткізе білуі мен жазбаша сауатты және мәдениетті болуының маңыздылығы жөнінде алғаш пікір білдірген – Ы.Алтынсарин: «Екі тілде жеңіл шығармалар жазуға жаттығу, күрделі іс қағаздарын жүргізу, олардан көшірмелер жасауға үйретуді» міндеттеді [2]
Тіл дамыту мәселелері
А.Байтұрсынов еңбектерінде тілдің теориялық
мәселелерін меңгертумен байланысты терең
қарастырылған.
А.Байтұрсынов оқушылардың жазбаша тілін дамытуда
жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды
пайдалану оқушылардың
сөздік қорларын толықтыратындығын ескеріп, сынау
және дағдыландыру жұмыстарының жүйесін
ұсынған [3].
Қазақ тілін оқыту әдістемесінде орыс мектептеріне арналған
қазақ тілі оқулықтары мен оқу
құралдарын жазған
әдіскер ғалым – Т.Шонанұлы.
Әдіскер ғалымның қазақ тілін өзге
ұлттарға оқытуға арналған «Самоучитель
киргизского для русских» деп аталатын алғашқы
оқулығында 92 сабақта 172 жаттығу берілген. Автор
қазақ тілін практикалық жолмен меңгертуде жазба
жұмыстарына ерекше көңіл бөлген.
Орфографиялық дағды
қалыптастыруға арналған жаттығулар жүйесін
ұсынған [4].
Қазақ тілін
басқа ұлттарға оқыту әдістемесін арнайы
қарастырған әдіскер ғалым М.С.Лапатухин
қазақша сөйлеу тіліне үйретуде фонетикалық,
грамматикалық минимумдарды меңгертумен қатар аударма
жұмысы мен іс қағаздарын жазуға үйрету
мәселелеріне ерекше тоқталды. Ғалым орыс мектептерінде
қазақ тілін оқытудың
аралас (комбинированный), аударма
және тура немесе көрсетпе (натуралды) әдістері
оқушылардың жазбаша тілін дамытуға негізделе
жүргізілетіндігін қарастырды [5].
Қазақ тілін орыс
мектебінде оқыту әдістемесін тұңғыш ғылыми
негізде зерттеген ғалым Ш.Х.Сарыбаев «Жаздырып үйретудің
әдістері» еңбегінде
«Программамен жазу», «Дұрыс жазуға үйретудегі
қазіргі кедергілер», «Дұрыс жазып үйренуге де жағдай
керек», «Дұрыс жазуға көру сезімі арқылы әсер
ету», «Көшіртіп жаздыру», «Дұрыс жазу
құлаққа әсер ететін болсын» т.б. көшіртіп
жазудың 10 түрін жеке-жеке қарастырады. Сонымен қатар
хат жаздыру мен оның мәні, баяндама, тезис жазуға
жаттықтыру мәселелері қарастырылған [6].
С.Жиенбаев тіл дамыту
жұмыстарын оқушылардың сөздік қорын молайту,
сөйлем құрай білуге жаттығу және кітап
оқуға байланысты жұмыстар негізінде қарастырып,
айтылған мәселелер бойынша жүргізілетін жұмыс
түрлерін айқындаған.
Оқушылардың жазбаша
сөйлеу тілін дамытуда ұсынылатын жазба жұмыстары
қатысымдық құзіреттілікті жетілдіру мақсатын іске
асырады. Бұл мәселе жөнінде Ф.Ш.Оразбаева: «Қарым-қатынас
жасаудың өзі бірлескен шығармашылықтың, бірлесе
ойлаудың, әріптестіктің сабағы, әлдекімнің
ырқына берілмей, ойын еркін айта алатын және айтуға тиіс
еркіндік сабағы. Өйткені мұнда позиция айқын: білім
беру арқылы қарым-қатынас жасау және қарым-қатынас
арқылы білім беру керек»
[ 7].
Дидактиканың ғылымилық ұстанымы бойынша оқушылардың жазбаша сөйлеу тілін дамытуда жүргізілетін жазба жұмыстары тілдік минимумды дағдылы қолдана білуіне байланысты. Қазақ тіл білімінің теориялары оқушылардың жазбаша сөйлеу тілін дамытуға негіз болады. Жазба жұмыстарын орындауда қалыптасатын орфографиялық дағды тіл білімінің орфография саласымен бірлікте қарастырылады. Оқушылардың жазбаша тілін дамытуда тіл білімінің заңдылықтары мен тілдік ұғымдарды қатесіз меңгертуді және тілдік минимумдарды практикалық жазба жұмыстарында қолдана білуге дағдылануы қажет. Оқытудың ғылымилық ұстанымымен бірлікте іске асырылатын ұстаным – саналылық пен белсенділік ұстанымы. Оқушылардың жазбаша тілін дамыту тілдік материалды қаншалықты меңгергендігімен байланысты. Саналылық ұстанымы тілдік ұғымдарды саналы түрде меңгеріп, оны ауызша және жазбаша сөйлеу тілінде қолдана білуге негізделеді. Зерттеу жұмысының нысанасы болып отырған жазылым әрекетін жетілдіруге негізделген оқушылардың жазбаша тілін дамытуды педагогтар мен психологтар саналы, ерікті әрекет ретінде қарастырады. Саналылық ұстанымы білімді меңгерту барысында өзін-өзі бақылау қабілеттілігін қамтиды. Оқушылардың өзін-өзі бақылау қабілеттілігі заттар мен құбылыстар арасындағы байланыс пен өзара қатынастарын ашуға, орындалып отырған жазба жұмысының тақырыбы бойынша ой қорытуын қамтамасыз етеді. Саналы түрде жазба жұмыстарын орындауда оқушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығы оянып, жазылым әрекетін іске асыру белсенділігі дамитындығы байқалды.
Жүйелілік ұстанымы. Оқушылардың жазылым әрекетін дамыту – үздіксіз, жүйелі түрде жүргізілетін жұмыстың нәтижесі. Бастауыш сыныптан орталау мектепке келген оқушылардың тілдік білім деңгейі анықталып, жүргізілетін жазба жүмыстарының жүйесі жасалынады. Оқушылардың бірлесіп орындайтын немесе жеке, өз бетімен орындайтын жазба жұмыстары белгілі жүйемен күрделендіріп отырса, жұмыс нәтижелі болады. Оқушылардың жазбаша тілін дамытуда мәтінмен жұмыс істеу жүйесі төмендегідей сатылардан тұрады: а) жазылатын шығарма жұмыстарының тақырыптарын сұрыптау; б) тақырып мазмұнына қатысты сөздер мен сөйлемдерді таңдап, сұрыптау арқылы мәтін құрастыру; в) жазылған мәтінді тексеріп, одан әрі жетілдіру сияқты жүйесі орындалады. Жүйелілік ұстанымы грамматикалық материалды сұрыптау ұстанымымен байланысты болғандықтан, оқушылардың қазақ тілінде жазбаша сөйлеу тілін дамытуда негізгі ұстанымдардың бірі ретінде қарастырылды.
Грамматикалық материалды сұрыптау ұстанымы мәселелері А.Н.Ким, Н.З.Бакеева, А.П.Васильченко, Т.Н.Казесалу, В.И.Баранников т.б. еңбектерінде зерттеліп, аталған ғалымдар орыс тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету әдістемесінің негізін жасады. Грамматикалық материалды сұрыптауда сөйлеу модельдерінің қолдану жүйелілігіне, бір типтілігіне, қажеттілігіне көңіл бөлінеді. Диктант мәтіндері оқу бағдарламасындағы модуль тақырыптарына сәйкестендіріле сұрыпталуы тиіс. Бұл ұстаным негізінде сұрыпталған диктант мәтіндері өтілген грамматикалық материалмен байланысты болады. Оқу бағдарламасында грамматикалық тақырыптар жеңілден қиынға, белгіліден белгісізге ұстанымын ұстанса, жазба жұмыстардың мәтінін сұрыптауда да негізге алынды. Бұл ұстаным бойынша әр сынып оқушыларының жас ерекшеліктері мен білім дәрежесі есепке алынады. Орыстілді бесінші сыныпта қазақ тілінің 9 төл дыбысы мен әріптері өтілген соң әріп диктанты, олардан құралған буындарды меңгерту мақсатында буын диктанты, бірте-бірте сатылай қиындатып, сөз, сөйлем, графикалық диктанттары жүргізіледі. Оқушыларға жоғарыда аталған диктант түрлері меңгертілген соң, диктанттарының күрделі (терме, көру, шығармашылық, ескерту т.б.) түрлері орындатылады.
Оқушылардың жазбаша тілін дамытуда тілдік материалдарды меңгертуде негізге алынатын ұстанымның түрі – сапалылық ұстанымы. Сапалы түрде жазу дегенде, оқушының ойы, оны жеткізу сапасы екі түрлі болуы мүмкін. Біріншісі, оқушы жазу үстінде өзінің ойын басқа біреуге түсінікті болу үшін тиісті дыбыстар, буындар, сөз бен сөйлемдер таңдап, қолдануға тырысады. Оқушылар жазба жұмыстарын орындауда емле мәселелеріне мән бере бермейді. Мәтін тақырыбына байланысты жазба жұмыстарын орындауда сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс жазғанымен, айтылатын ой анық, дәл, мазмұнды деңгейде болмайды. Жүйелі, үзіліссіз жүргізілген диктанттың нәтижесінде оқушылар орфографиялық, пунктуациялық ережелерге сай дұрыс жазуға дағдыланады. Орфографиялық, пунктуациялық дағдылардың сапалы меңгертілгенде ғана мазмұндама, шығарма жұмыстарын орындай бастайды.
Қазақ тілі сабақтарында жазба жұмыстарын кешенді жүргізу оқушылардың жазбаша сөйлеу тілін дамытып, тілдік қатысым жасауға белсенді қатысуға бағытталады.
Осы негізді ұстанымдарды алға қойып отырып, қазақ тілін сауатты үйрету үшін оқушыларға берілетін жазба жұмыстарын дұрыс жоспарлаудың маңызы зор. Мектеп бағдарламасының талабына сай сауатты жазу дағдысын қалыптастыру үшін бірнеше жазба жұмыстар жүргізілуі тиіс. Мұндай жазба жұмыстарына жататындар:
1.
Жазбаша жаттығулар
2.
Қысқа мәтіндер
3.
Жазбаша бақылау жұмыстары
4.
Диктанттың түрлері
5.
Жазбаша ойындар
7. Іс – қағаздардың үлгілері
8. Мазмұндама
9. Сөздікпен жұмыс
10. Шығарма
Қорыта айтқанда, жазбаша тілді дамытуға арналған бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп отырса, тиімді нәтиже береді деп ойлаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан
Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №
550 жарлығымен бекітілген
«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы». – Алматы, 2002.
2.
Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. Оқу әдістемелік
шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1988.
3.
Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – А., 1992.
4.
Шонанұлы Т. Орыстар үшін қазақша әліппе. – Алматы:
Қазақстан, 1931.
5.
Лапатухин М.С. Очерки по методике казахского языка в русской школе. – А.: КазГосИздат, 1940.
6.
Сарыбаев Ш.Х. Жаздырып үйретудің әдістері. Тіл
мұғалімдері үшін. – Ташкент, 1932.
7.
Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас.– Алматы:Сөздік–Словарь, 2005.