“Орыс тілді оқушылардың қазақша сөйлеу икемділіктері мен дағдыларын қалыптастыру әдістері”

 Сөйлесу негізінен, мынадай ерекшеліктерді тікелей меңгеруге байланысты: сөйлесуге қатысатын тұлғалар мен тілдік құралдардың қолданылу амалдарын жете игеріп, оларды қажетті орындарда жұмсай білу үшін мынадай дағдылар болу керек: тілдік материалды қолдана білу; сөйлесу дағдылардың шеберліктері; қатысымдық тұлғаларды игеру. Әдіскер ғалымдардың пікіріне сүйене отырып, оқытудың мазмұндық құрамына қарай жүргізілетін әрекеттерді төмендегіше топтастыруға болады: а) қабылдау; ә) түсіну; б) материалды еске сақтау; в) жағдайға байланысты өзгертіп, өзінше атқару; г) тапсырмаларды дамытып өз бетімен орындау; д) меңгерген сөйлем үлгілерін қатысымдық тәжірбиеде пайдалану. Сондықтан қазақ тілін  оқытуды кезеңдерге бөлуге болады. Мәселен: 1. Дайындық кезең 2. Кіріспе кезең 3. Жаттықтыру кезең 4. Игеру кезең 5. Тұжырымдылық кезең

Әдіскер ғалымдар  Н.Оралбаева, К.Жақсылықова : “Грамматиканың заңдылықтарын меңгеріп,оны сөйлеуде қолдану арқылы ғана байланысты ойды білдіруге болады.Бірақ грамматиканың заңдылықтарын жатқа білгенмен,оны сөйлеуде қолдана алмаса, ол да тіл білгенге жатпайды. Сондықтан тілге үйрету тілдік нұсқаларды оқушыға білгізу және олардың сөйлеуде қолданылуын меңгертуге жаттықтырудан басталады” - дейді.[1]

Тілдік материалдармен жұмыс мақсатқа сәйкес  үш  кезеңге бөлінеді: 1) тілдік дағдыларды қалыптастыру кезеңі; 2) тілдік дағдыларды жетілдіру кезеңі; 3) жеке шеберлікті дамыту кезеңі. Бірінші  кезең екі кезеңшелерге бөлінеді: лексикалық дағдыларды қалыптастыру және грамматикалық дағдыларды қалыптастыру. Екінші кезең сызықша дағдыларды жетілдіру кезеңі мәтінмен жұмыс кезеңінде жүзеге асырылады. Үшінші кезеңде өнім және белсенділік секілді сөйлесудің барлық саласы дамытылады.

     Тұжырымдай келгенде, икемділік пен дағдыларды қалыптастыру кезеңдері сөйлесу белсенділігін арттырады. Ал тілдік белсенділік сөйлесудің басқа түрлерімен байланысты қалыптастырады.  Әдіскер ғалым К.Қадашева: “Сөйлеу әрекеті түрлеріне құрылған тесттік тапсырмалар, мысалы: оқуда (Чтение) мәтінді оқу, оны түсіну және негізгі ақпаратты анықтауымен қатысты болуы керек. Ал сөйлеуде тест тапсырушы сұрақпен ғана шектелмей, жауап түрінде жағдаяттық тапсырмаларға байланысты (болымды,болымсыз түрде,өтінішке жауап қайтару )өз ойын жеткізуге міндетті” – дейді. [2]

     Бұл байланысты 2 аспектіде қарастыруға болады: 1. Сөйлесу , түсініп – тыңдау, оқу және жазу оқытудың мақсаты болып табылатын және әр мақсат үшін жаттығулардың жалпы жүйесінде айтарлықтай дербес, дегенмен басқаларға тұтасымен әсер ететін өзіндік жеке жүйесі құрылған оқытудың барлық курсының шегінде; 2. Тілдік белсенділіктің басқа түрлері оқыту құралы ретінде сөйлесуге оқыту сабақтарында қолданылады. Тілдік белсенділіктің басқа түрлерінен сөйлесудің байланысын анықтай отырып, біз ауызша сөйлесуді нақты айқындау маңызды деп санаймыз.

    Тіл дамыту мақсатымен тыңдап - түсіну жаттығуларын орындау нәтижесінде дайындық кезінде оқушылардың мынадай икемділіктерін қалыптастыру  қажет: а) дыбыстық бейнелерді мығынамен ұштастыру икемділігі; ә) тыңдап отырған хабардағы таныс емес құбылыстарды анықтау, оларды бір – бірінен ажырату және түсіну икемділігі; б) сөзжасам тәсілдеріне сене отырып, таныс емес сөздің мағынасын анықтау іскерлігі; в) түрлі лексикалық бірліктермен грамматикалық нұсқаулардың контекстегі мағыналарын анықтау икемділігі; г) синоним, антоним көп мағыналық құбылыстарды танып, олардың мағыналарын ашу икемділігі т.б. Бұл икемділіктердің негізі – сөз және оның мағынасын тану.

   Сөйлесудің диалогтік және монологтік түрі болғандықтан икемділік пен дағдыны қалыптастыру сөйлесудің осы екі түріне  байланысты дамытылады. Сондықтан тыңдап-түсінуді дамытатын жаттығуларды төмендегіше қарастыруға болады.

                  Диалогты тыңдап-түсіну икемділігі дамытатын жаттығулар: а) диалогті жазылған таспадан тыңдату және сол тақырыпта соған ұқсас диалог құру; ә) бір мәселе жөнінде диалогты бастапқы екі – үш ілікпе сөз кезектестіре тыңдатып, одан әрі оқушылардың өздеріне сөйлесудің мазмұнын кеңейттіріп, толықтыру; б) дыбыстық таспаға жызылған диалогты тыңдап, түсінігін өз сөзімен монолог ретінде айтқызу; в) жазылған диалогті тыңдатып, олардың әнгімесі не туралы екендігіне пікір айтқызу немесе әңгіме болып отырған мәселеге байланысты өз пікірлерін баяндату т.б.

                  Монологті тыңдап-түсінуге байланысты сөйлесуді дамыту жаттығулары:  а) мәтінді тыңдатып, белгілі бір мәлесе бойынша жауап бергізу; ә) тыңдаған мәтіннің кіріспесін, негізін, қорытындысын өзгертіп баяндату; б) мәтіннің белгілі бөлім, қайырымдарын беріп, оны одан әрі жалғастырып айтқызу; г) тыңдаған хабарды қайырымдарға, бөлімдерге  бөліп жоспарлау және ол жоспар бойынша әңгімелесу; ғ) мәтінді тыңдап оған пікір айтқызу. Осы сияқты жаттығуларды орындау нәтижесінде оқушылардың тыңдап – түсіну қабілеті әрекетін дамыту арқылы сөйлесу әрекеті жетілдіріп, одан әрі байланыстырып сөйлесу дамытылады.

   Ауызша сөйлесуге үйретудегі басты құрал – жаттығу. Тілдік жаттығу барлық уақытта сөйлеушінің стратегиясымен тактикасының болуын қарастырады, үнемі қатынасқа қатысушылардың өзара қарым-қатынасының болуын қамтамасыз етеді, әр қашанда сөйлеушінің тілдік белсенділігі мен дербестігін дамытады, сөйлесудің құрылымдық  және вербальдық әр алуандылығы мен қамтамасыз етілетін жаңа ахуал. Сөйлесу жаттығулары соңғы кезде «қатысымдық жаттығулар» деп аталып жүр. Қазақ тілін басқа ұлтқа оқыту мәселесіне арналған негізгі әдістемелік оқулықтарында сөйлесу жаттығуларының мәні өте зор екенін баса айтып, қазіргі заманда екінші тілді оқыту әдістемесі сөйлесуге үйретуді негізге алатынын, олай болса, қазақ тілін басқа ұлтқа оқытуда қазақша сөйлесуге үйрету негізгі мақсат боладыда, жұмыстың басым көпшілігі осы мақсатқа сай ұйымдастырылатынын көрсетеді.

   Сөйлесу жаттығуларын құрудың бірінші ұстанымы- сөйлеушілердің қатысымдық мақсатын пайдалану. Сөйлесу жаттығулардың құрудың екінші ұстанымы- тілдік бірліктерді, тұлғаларды меңгертуде үлгіге сүйену. Сөйлесу жаттығулардың құрудың үшінші ұстанымы- тілдік бірліктерді олардың сөйлеудегі қызметін бірге байланыста меңгеру. Осы ұстанымдарды негізге ала отырып, оқушыларды қазақша сөйлесуге үйрететін төмендегідей сөйлесу жаттығулары қолданылады: 1) диалог жаттығулары – сөйлесу; 2) монолог жаттығулары – мазмұндау. Бұл мәселелерді диалог пен монологке байланысты қарастырамыз.

   Лексикалық материалды оқытуда деңгейлік жаттығулар мен тапсырмаларда үлкен орын алады. Әр деңгейдің талап-тілегін қамтитын түрлі тапсырмалар арқылы оқушының білім көлемінің қай деңгейге сай келетінін анықтауға  болады. Оқушылық деңгейде орындалатын жаттығулар: өткен материалдар мен өзара салыстыра отырып, жаңа материалдың ерекшеліктерін ажырата алуға негізделген болуы керек; шығармашылық деңгейде орындалатын жаттығулар: белгілі бір шығармашылық жұмысқа бейімдейтін болуы керек (сурет,шығарма, фантастикалық әңгіме, ой толғау, өлең, әзіл өлең жазу, т.б); ғылыми көзқарасын қалыптастыруға арналған болуы қажет.

  

   Көрнекіліктің бір түрі – грамматикалық кесте, ондағы материалдарды игеру мен бірге, осыған ұқсас немесе ұқсас емес тілдік құбылыстарды салыстыра отырып, олардың ара қатынасын анықтай алатындай дәрежеде түсінік алуы тиіс, өзінің бақылағандарынан қорытынды шығарып сол ережені тәжірбиеде қолданғанда ғана тілдік көрнекі құралдардың мақсатына жеткендігі көрінеді.

   Қазақ тілі материалдарын терең меңгертуге, тілін дамытуға арналған көрнекі құралдарының түрі- суретпен жұмыс. Мұнда материал тақырыбына сай зат немесе құбылыстың бейнесі, сонымен бірге белгілі бір, сөздің мағынасын анықтап, оны дұрыс та дәл қолдану дағдыларын қалыптастыруда, оқушының сөздік қорын байытуға байланысты тапсырмалар енеді.Техникалық оқу құралдарынан жиі қолданылатын слайдтар негізінде оқиғалы суреттер мен жеке картинкаларды үлкейтіп көрсету арқылы оқушылардың сөйлесу дағдысын қалыптастыруда мынадай жаттығу жұмыстарын жүргізуге болады: суретке тақырып қою,мәтін (әңгіме) құру,сөздік диктант жазу,суреттегі зат,құбылыстық антоним,синонимдерін табу,рөлдік ( жұптық , топтық )сұхбаттар құру,сұрақтарға немесе тест сұрақтарының дұрыс жауаптарын іздеу т.б. Ф.Ш. Оразбаева, Р.С. Рахметова: “Оқущылардың білім дағдысын қалыптастыру мен жетілдіру тіл білімінің салалары мен материалдарын тізбектеп оқыта берумен емес, керісінше, олардың ішінен сөйлеуге қажетті ең керектілерін сұрыптап ала білумен, сөйлеу құралдары мен амалдарын танумен,оларды дұрыс қолданумен, сөйлесім әрекетінде тиімді пайдалана білумен ерекшеленеді” – дейді.[3]

   Келесі тіл дамыту көрнекі құралдардың бірі – диапозитивтер.Оны пайдаланудағы басты мақсат:сауатты жазу дағдыларын қалыптастырумен бірге ауызша тіл мәдениетін көтеруге ықпал ету,байланыстырып сөйлеуін қалыптастыру.

   Оқушыларды ой-пікір білдіруге тәрбиелеуде кинофильм, оқу фильмдері,бейне видео материалдар,спектакль т.б. атқаратын қызметі ерекше.Алайда жұмысты өз деңгейінде жүргізу үшін ана тілі мен қазақ тілі пәніне арналған оқу құралдарынан басқа тіл дамытуға арналған арнаулы “Менің атым – Қожа”, “Жыл он екі ай” бейнетаспаларын көрсету арқылы жұмыс жасату тиімді.Сондай-ақ теледидардан түсірілген “Наурыз – Ұлы мереке”, “Қазақстаным менің” бағдарламаларын бейне таспаға жазып көрсету арқылы бірқатар сөйлесу жаттығуларын орындату – оқушының сөйлесу икемділіктері мен дағдыларын қалыптастыруға көмегін тигізеді.

   Қазіргі кезеңде қазақ тілін үйретуге компьютерлік бағдарламаларды да тиімді қолдануға болады.Әрине, электрондық оқулық пен оқу құралдарын түзу – күрделі жұмыс, дегенмен бұл салада зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Тәжірбиемізде компьютерді қоланудың тиімділігі анықталады.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

        Оралбаева Н.,Жақсылықова К. Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі – Алматы: Ана тілі, 1996

        Қадашева Қ.

Қазақ тілін оқыту әдістемесі. –Алматы: “Мұрагер” баспа үйі, 2005

        Оразбаева Ф.Ш, Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі