БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛ САБАҒЫНДА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН ДАМЫТУ

 Ирсакова М.А.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ. 

 

              Шығармашылық – бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет. Шығармашылық —бүкіл тірішіліктің көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі. Бұған бүкілхалықтық, жалпы және жеке адамның шығармашылығы арқылы келдік.

            Шығармашылық - адамның өмірінде өзін-өзі таңуға ұмтылуы, өз бетінше ізденуі. Баланың бойында шығармашылық қабілеттерін дамыту жан-жақты жұмыс жүргізуді қажет етеді. Оқушының шығармашылықпен айналысуына қоршаған ортасы, ата – ана, мектеп қолайлы жағдай туғызуы керек. Шығармашылықпен жеке дара оқушы емес, сыныптағы барлық оқушылар айналысу үшін мүмкіндік керек.  Шығармашылықпен айналысқан оқушының ойы жүйрік, тұғыры биік азамат болып қалыптасады.

             Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу әрбір ұстаздың басты міндеті. Білім негізі мектепте қаланатын болғандықтан, оқушының жеке тұлға ретінде дамыту, оның шығармашылық қабілеттерінің дамуы маңызды болып табылады. Сондықтан да  қазіргі ұстаздар қауымының алдындағы үлкен мақсат: білімді, белсенді, шығармашылық іс-әрекетіне қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеу.
Бұл мақсатқа жетуде ұстаздар терең білімді, әдістемелік жағынан толық қаруланған және жоғары мәдени деңгейі болуы тиіс. 

            Баланы бастауыш сыныптардан бастап шығармашылық ойлауға, қалыптан тыс шешімдер қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға әкелудің жолдарын көрсету керек.

           Бастауыш сынып оқушының тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін, ерекше құнды қайталанбас кезең. Сондықтан бастауыш білім- үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да жауапты жұмыс. Бастауыш мектеп балаға белгілі бір білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйретеді. Дамыта оқытудың ең басты мақсаты - баланы оқыта отырып, оны шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту. Оқушылардың шығармашылық қызығуын ояту, ана тіліне сүйіспеншілігін қалыптастыру өте маңызды іс.

         Сондықтан да қазіргі таңда сабақты заманауи әдіс-тәсілдерді, техникалық құралдарды  қолдану арқылы жүргізу керектігі айқын көрініп тұр. Бастауыш сыныптың қазақ тілі сабағында шығармашылық тапсырмаларды қолдану арқылы оқушылардың пәнге деген, ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруға болады. Қазақ тілі пәні мұғалімі шығармашылық тапсырмалар арқылы оқушылардың оқуға ынтасын оятып, олардың қабілеттерінің дамуына жол ашады. Мұғалім алғашқы сабақтан бастап әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін, ынтасы мен бейімділігін, оқу мен еңбекке ұқыптылығын ескере отырып оқу үрдісін жүргізуі керек.
           Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту жұмыстарын қазақ тілі сабағында түрлі тапсырмалар, ойын түрлерін жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Сондай тапсырмалардың бірі «Сөйлемдерді толықтырып жазу». Бұл тапсырманы орындау үшін бір тақырып аясында бірнеше қысқа сөйлемдер беріледі. Сол сөйлемдерді толықтыру мақсатында бірнеше сұрақтар беріледі.

       Сөйлем                                                      Сұрақтары :

1.Жапырақтар түсіп жатыр.            Қандай жапырақтар түсіп жатыр?

2.Жел соғады.                                   Қандай жел соғады?

3.Бұлт  торлаған.                              Нені, қандай бұлт торлаған?

4.    Жаңбыр жауа бастады.                 Қалай жаңбыр жауа бастады?

5.    Адамдар жылы киіне бастайды.  Қашан адамдар жылы киіне бастайды?            

                                             

                                          Күз.

Сарғайған жапырақтар жерге түсіп жатыр. Суық жел соғады. Аспанды сұрғылт бұлт торлаған.  Тамшылай жаңбыр жауа бастады.Күзде адамдар жылы киіне бастайды.

 Осы берілген тапсырманың нәтижесінде берілген сұрақтарға толық жауап беру арқылы сөйлемдерді толықтырып, әңгіме құралады.

 Бастауыш сынып оқушыларының сауатты жазу дағдыларын жетілдіру мақсатымен әр сабақта сөздік диктант жүргізіледі. Ол сөздердің дұрыс жазылуын меңгертіп қана қоймай, осы сөздер бойынша мәтін құрастыруға тапсырма берілді. Мысалы, саябақ,  ағаш, құс, гүл, балалар, әткеншек, экскурсия сөздерімен мынадай мәтін құрауға болады: Біздің қаламызда бірнеше саябақ бар. Онда ағаштар мен  гүлдердің түрлері өте көп. Балалар саябаққа барғанды ұнатады. Өйткені онда әр түрлі әткеншекрер бар. Жаз айларында біз саябаққа сыныптастарыммен бірге экскурсияға бардық

Бастауыш сыныптың оқу-тәрбие үдерісінде дидиактикалық ойындарды қолдана отырып оқушылардың тілін дамытуға, ойын, қиялын ұштауға, сөздік қорын байытуға, жан-жақты дамыған шығармашыл тұлға тәрбиелеуге   мүмкін туады.  Әр сабақ үрдісінде қандай ойын қолдануға болатынын сабақтың мақсатына, жас ерекшелігіне сәйкес таңдау керек. Мысалы,          «Әріптерді жоғалтпа» ойынында оқушылар әр әріпті жаңылмай орнына қойып, жаңылтпаш сияқты айтып беруі керек. Сәл мүдірсе болды, оқушы ойын тәртібін бұзған болып, одан шығып қалады. Сондықтан ойын тәртібін бұзбау үшін алфавитті жақсы білу талап етіледі. Бұл ойынды балалар сабақтан шаршағанда, тақырыпты пысықтау кезінде, сондай-ақ олардың кейбірі дыбыстарды дұрыс атап, жаза алмаған кездерде пайдалануға болады.

         «Сөздерді тап» ойыны алдын-ала дайындалған сөздер қима қағаздарға жазылып таратылады. Әр оқушы  сөздің ішінен сөздерді табу керек. Бұл ойынға оқушылардың мүмкіндігіне қарай 5-6 минут беріледі.

Қызметкер– қыз, қызмет, қеме, теке, етек;

Алдараспан – ал, аспан,нас, рас, пана, сана,дара, ара, сал, дала;

Таңертең – таң, аң,ер,ерте,ертең,тең;

Астана – ас, тана, тас, сана, аса, ана.

       «Жалғасын тап» ойыны. Тақтаға белгілі мақалдардан екіден сөздер жазылады.

1.     Гүл ...............

Қыз................

2.     Оқу............қазғандай.

3.     Ата.................

Ана.................

              «Бәйге» ойыны шапшаң ойлауға, жинақылыққа үйрету, тез, әрі дұрыс жауап бере білуге дағдыландырады. Бұл ойынның әр қатардан бір-бірден оқушы шығады.Ойын белгілі бір тақырыпты өткеннен кейін бекіту мақсатында жургізуге болады. Сұрақтарды қойылады, оқушылар тез әрі дұрыс жауап беру қажет. Әрбір дұрыс жауап- бір қадам алға жылжу.

Мысалы: «Сөз құрамы» тақырыбынан кейін мынандай сауалдар қоюға болады.

1. Сөз дегеніміз не?

2. Сөз құрамына не жатады?

3. Түбір дегеніміз не?

4. Қосымша дегеніміз не?

         Бастауыш сыныптың қазақ тілі сабағында шығармашылық  тапсырмаларды, ойын түрлерін пайдалану арқылы оқу танымдық белсенділіктің арта түсетініне, шығармашылық қабілеттерінің дамуына  үлкен ықпалы ететіндігі сөзсіз. Сондықтан оны күнделікті сабақ үрдісінде пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор.

   Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.    Тұрғынбаева Б.А.Ұстаздық шығармашылық. Алматы: Ана тілі,2007.

2.    Әбденбекқызы Ә. Оқушылардың көркем  шығармашылық қабілетін дамыту. Алматы: Рауан, 2003.

3.    Атыманова Қ.Ж. Балалрдың шығармашылық қабілеттерін дамытудың  педагогикалық шарттары мен іс-әрекет бағыттары. // Бастауыш мектеп №5,2007.