Филология
магистрі Билял Б.Қ.,
РД-21к
тобының студенті Наутбаева Ү.Б.
Қазтұтынуодағы
Қарағанды экономикалық университеті
Қазіргі жастар бойындағы ұлттық тәрбие
құндылықтары
Жастардың тәрбие
мәселесі бүгінгі күні түрлі саяси-әлеуметтік
жағдайға байланысты аса зор мәнге ие болып отыр. Жас
ұрпақтың болашақта қандай дәрежеде
өсіп-жетілуі, балалар мен
жасөспірімдердің дүниеге көзқарастары мен
өмірлік ұстанымдары қандай ортада
қалыптасқандығы, еліміз
бен мемлекетіміздің ертеңгі тағдыры осы
жағдайларға қатысты. Жаңа
қоғамдағы әлі қалыптасып үлгермеген
нарықтық мұраттардың бүгінгі кезеңінде
тәрбие мәселесі білім беру ісінен едәуір кейін келе жатыр. Отбасылардың бүгінгі жағдайы
кім-кімді де қатты алаңдатады. Өйткені қаржы аз, тұрмысы нашар
ата-аналар өздерінің басты рөлі - бала
тәрбиесімен жеткілікті дәрежеде айналыса алмай келеді.
Қоғам жеке отбасынан
тұрады. Қазақ отбасы үш буыннан құралады: ата-әже,
әке-шеше, бала. Халқымыз көшпелі тұрмысты басынан кешсе
де бала тәрбиесін назардан тыс
қалдырмаған. Ұлағатты сөздер, мақал-мәтелдер
арқылы жас ұрпағын ойшылдыққа, әдептілікке,
батылдыққа баулыған. Ал бүгінгі таңда, бесік жырын
айтпайтын ана, немереге ертегі айтып бере алмайтын әжелердің
көбейгені –бәрімізді қыңжылтып отырғаны хақ.
Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап өспеген бала «көзі
ашылмаған бұлақ» тәрізді күйінде қалады. Өзінің
ата-тегін білмейтін әке-шеше, аға-іні, апа-сіңділердің аз
еместігі – осының дәлелі емес пе?- деген ой туатыны сөзсіз.
Ұрпаққа ата
мұрасын жалғастыру – аға буынның, қоғамның
борышы болып табылады. Жастарымыздың
жат қылыққа әуестігі, жетесіздік, нашақорлық, адамзаттың басына төніп
тұрған әр түрлі дерттің қанат жаюы бүкіл әлемді
алаңдатып отыр. Міне, осы мәселелерлі шешудің бірден-бір
жолы-халқымыздың ұлттық тәрбиесіне ден қою.
”Атымды адам қойған
соң, қайтіп надан болайын” - деп Абай атамыз адам бола тұрып,
надан болудың зорлық екендігін ашына көрсеткен. Жастарға
- болашақ ұрпаққа не болса соны үйретуге болмайды,
оларға даналардың бетке ұстаған тағылымдарын, жол
көрсетер, өмірде бағыт сілтер даналықты жас кездерінен
көңілдеріне ұялатып, саналарына жеткізудің зияны
жоқ. Кейін оларға әсері ойдағыдай болмауы да
мүмкін, өмір жас ұрпақты өз ағымына теріс
бағытта ілестіріп кетуі әбден мүмкін нәрсе. Қазір
даналық пен ұлттық тәрбие
құндылықтарын мектеп жасынан бастап оқытуға
мән беріліп отыр. Рухани
құндылықтар мен дәстүрлердің өсіп
келе жатқан жас, жеткіншек ұрпақты, бүгінгі
заманның көшіне ілесе алатын буын, бітім-болмысы мықты,
дүниеге өзіндік көзқарасы бар, атадан балаға
мирас болып келе жатқан ақжарқын мінезі мен биік адамгершілік
қадір - қасиеттерді бойына жинақтаған жаны жомарт, ділі
мен діні таза азамат, жеке тұлға ретінде қалыптастыруда,
қоғам өміріне бейімдеп, әлеуметтендіруде алатын
өзіндік орны мен рөлі біршама. Осыған байланысты
халықтық тәрбие көздерінің тарихи орны мен
рөлін объективті тұрғыдан дұрыс бағалап, зерделеу
бүгінгі таңда терең мәнді әлеуметтік
маңызға, халық мәдениетін білу, оны ой елегінен
өткізу және пайдалану қазіргі жағдайларда жастарды
тәрбиелеудегі әлеуметтік күрделі проблемаларды
ойдағыдай шешуге жәрдемдеседі.
Халық педагогикасы – ұлттық
қазына, рухани дүние. Халық педагогикасы – қазақ
халқының сан ғасырдан бері атадан балаға өлмес
мирас болып келе жатқан тәрбие жөніндегі жинақталған
тәжірибесі. Мұндағы бас тәрбиеші – халықтың
өзі. Ол ұрпақтан ұрпаққа ауыса отырып,
бірте-бірте қордаланып, кемелдене келе «халық айтса, қалт
айтпайды» дейтіндей кетіксіз, ақаусыз халық игерген тәрбие
негізі.
Тәлім-тәрбие –
ақыл-ойдың жемісі. Ол ұзақ мерзімді тәжірибелер
арқасында қалыптасады.Ақыл – көрген-білгенді,
қоршаған орта болмысын тек қабылдаудан алған әсер
ғана емес, оны үнемі ой елегінен өткізіп, сарапқа салып
отыру, түйінді нәтижені өмір-тіршілікте қолдана білуге
баулу мәселесі қазақ тәлімінің басты
қағидасы болғанын халық ауыз әдебиеті
үлгілерінен танып білеміз. «Ақылдың көзі-аталы
сөз», «Білімдіден шыққан сөз-талаптыға болсын кез»,
«Алтын шірімейді, ақыл арымайды», «Ақыл азбайды, білім тозбайды» т.с.с.
мыңдаған мақал-мәтелдердегі ой осының
дәлелі.
Қазақ отбасының
тәрбиесінде өскен ұрпақ, халқының
экономикалық, әлеуметтік, тарихи, мәдени ерекшеліктерін
бойына сіңіре отырып, сол материалдық, рухани
құндылықтарды адамдар арасындағы қарым-қатынаста,
өзі өмір сүрген ортада жарасымды пайдалануды да
меңгеріп отырған. Бұл жерде ата-әже, әке, ана
тәрбиесінің, олардың жеке бастарының
мінез-құлық, этикалық қасиеттерінің, бала
қасиеттерінің қалыптасуына ықпалы мол болған. «Әке
– балаға сыншы»-дейді қазақ. Әке балаларының жеке
ерекшелігін, қандай іске, өнерге бейімділігін ескере отырып,
олардың бойындағы табиғи қасиеттерін дамытуға
күш салады. Парасатты әке балаларына, ата-бабалардың, ауыл-аймақтың
қадірлі адамдарының үлгі боларлық іс-әрекеттерін
таныстыра отырып, ағайын-туыс және басқа адамдар
арасындағы жарасымды қатынастарға тұлға ретінде
енуіне ықпал жасап отырған, халық арасындағы кең
тараған ерлік жырларын, музыкалық туындыларын, төзімділікке,
батырлыққа, адамгершілікке баулитын ертегі-аңыздарды,
мақал-мәтелдерді, ұлттық тәрбиелік
қағидалардың, талаптардың негізінде ұрпақ
тәрбиелеудің білім көздері етіп ұтымды
пайдаланған.
Ұлтымыздың
қанындағы ізеттілік-дөрекілікке, қайырымдылық-қатігездікке,
жомарттық-тоғашарлыққа, адалдық-арамдыққа,
парасаттылық- парықсыздыққа ауыспасын деп тілеймін. Қазақ
халқында «жетім балалар үйі», «қарттар үйі» болмағандығын
бір сәт те есімізден шығармай, өтпелі кезеңде
тәлімді тәрбиелі бола білейік, бір сөзбен айтқанда
көрегенділікті, өнегені, ұғымды білдіретін
ұлттық дәстүрімізді санамызға кіргізейік, жастар!
Міне, біздің міндетіміз-жастар, өскелең ұрпақтар
үйренген үстіне үйренейік.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.
С. Қалиев.
«Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен
тарихы». – Алматы, 1995.
2.
А.Нүсіпоқасұлы.
«Тал бесіктен жер бесікке дейін». – Өнер 21-ғасыр, 2014.
3.
Қ.Өмірәлиев.
«Абай афоризмі». – Алматы, 1993.
4.
«Беташар». –
Өнер, 1991.