ӘОЖ: 520-О-11

 

Оспанов Алмас Серикбаевич, АӘИУ ІІ курс магистранты

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының сюжеттік желісі мен

композициялық тұтастығы

 

Қазақта ұлтын ұлықтаған, халқының қамын жеген тұлғалар аз емес. Елдің қамын жеп, күйін күйттеген тұлғаларға халық ұлы деген айдар таққан. Жалпы, ұлы ұғымында шек жоқ. Осы ұлы ұғымын ақын Абайға арнап айтсақ артық айтпаймыз. Неге деген сұрақ туатын болса, Абай - қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл қазақ халқының тарихындағы үздік құбылыс екені рас. Абай -жалғыз атаның емес, халықтың ұлы болды. Ол адамзаттың - Абайы. Абай туралы айтқанда, ең алдымен Абайды жазба әдебиеттің негізін салушы ретінде танығанымыз абзал. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Біздің міндетіміз бәсекелестікке лайық ұрпақ тәрбиелеу» деген пікірі жастарға Абайша білім алу, Абайша өмір сүру дегенді ұқтырады. «Абайды тани алмаған қазақ, дүниені де танып жарытпайды» деген. Роман-эпопеяның негізгі идеясы - тақырып арқылы өмір шындығын суреттеу, оны өз көзқарасы мен дүниетанымы тұрғысынан бейнелеу, сол арқылы өз мақсатын білдіру.

Кейіпкер тілін дөп беруде, тілдік қолданыста, кейбір тұрақты сөз сыңарларының арасына сыналап сөзді қосу бұрыннан бар құбылыс. Бұндай құбылысты көркем әдебиеттегі кез-келген шығармалардан кездестіруімізге болады. Шығарма мен туындыда сол сөздердің тұрақты сөз орамының мағына тұтастығына нұқсан тигізбей, қайта жымдасып, үндестік табуында болып табылады. Мұндайды аса шебер пайдаланған жазушы М.Әуезов. Көркемдеуіш құралдары мен тұрақты сөз орамдарының құрамын кеңейтіп қолдану құбылысына жазушы шығармасынан мына мысалды келтіруге болады: мысалы, Бәрі де тіреліп қалды. Ат тұмсығы бір бітеу, меңіреу, қабырғаға тірелген сияқты. Жалтара алмады, үндемеді («Абай жолы» роман-эпопеясы). Бұл жерде қаламгер-жазушы М.Әуезов ел жуандарының тұйыққа қамалып, уәжден жеңіліп, мысы құрып отырғанын кейіптеген.

Жазушы-қаламгер М.Әуезовтің шығармашылығын ерекшелейтін басты белгінің бірі де - қаламы арқылы қайта жаңғырған жазушылық шеберліктің, шынайы суреттің, жоғары көркемдік деңгейдің, жырдай оқылып оқырманды еліктіріп әкететіндігінде. Аллитерация мен ассонансты, бояуы қанық теңеулер мен эпитеттерді, көркемдік бейнелеу құралы, қазақ тілінің шұрайлылығын көрсететін өзгеше пафосты көркем шығармаға сыналап ендіруі үлкен жаңалығы.

Ұлы ақын Абай ғасырлар бойы қыстау, жаз жайлау арасында көшпелі өмір кешкен қазақ халқының орыс отаршылдығының зорлық-зомбылығы нәтижесінде өркениеттің басқа сатысына бет бұрған кезеңнің белді ғұламасы. Қоғам қайраткері Әихан Бөкейханұлы дәл айтқандай «Абай тағдыры-оның отаны беймезгіл кезеңде шығарған бір құйма алтыны болды» десе, қазақ әліпбиінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп бағалаған Абай - сол Ресейге қараған патшалық заманда да, кешегі кеңестік заманда да, бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елі тұсында да Абай ақын әлі де дара келеді. Абайға әсер еткен Шығыс, Батыс әдебиеттері, оның ішінде төл әдебиетіміз, ақынмен тікелей қарым-қатынаста болып, бірге, бірлестікте әсер етті. «Қазақ даласында ХІХ ғасырда патшалы Ресей отарлаушылары жүргізген саяси-әлеуметтік өктемдік пен басқару жүйесіндегі реформалардың себеп-салдарлары сол кезеңдегі қазақ әдебиеті шығармаларынан да жан-жақты көрініс тапты. Бұрқ етіп басталып, езіп-жаншылып, қайта бас көтеріп өршіп отырған ұлт-азаттық қозғалыс тарихының ұзақ мерзімді кезеңдерінде ақындардың сөзі, ұлттық әдебиет мұраты ғана өз жолынан да, жүрісінен де жаңылған жоқ», - [1,4].

Замана уақыты бойы сақталып қалған ескілік ғұрыптарын қаз-қалпында

бергісі келіп, қараңғылық жаршысы болған ел билеушілерге қарсы жаңадан туындап келе жатқан күштің күресін көрсету, демократиялық орыс мәдениетінің ықпалын, қазақ, орыс халықтары ынтымағының бастауларын айту, еңбекші бұқараның бойындағы буырқанған күштің тарихи орнын көрсету - эпопеяның, негізгі бағыты болып табылады. «Абай жолы» арқылы қазіргі халқымыздың прозасы барлық дүние жүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. 19 ғасырдың 40-50-жылдарын М.Әуезов төл әдебиетіміздің даму тарихын ренессансқа айналдырды. Өйткені «Абайдай» шығарма бұл тұсқа дейін қазақ әдебиетінде болған емес», - [2].

Роман-эпопеяның бас кейіпкері - Абай. Ақын Абайдың адам, азамат, ақын ретінде қалыптасуы сол жарты ғасыр ішіндегі қазақ қоғамының барлық саласындағы өмірдің барлық ойымен, қырымен, қалтарыстарымен қоса беріледі. Ақын Абай арқылы өткен ғасырдың екінші жартысындағы және осы ғасырдың басындағы бүкіл халық тіршілігін, оның қилы тағдырын, ой-арманын, мақсаты мен күрес-тартысын түгел шарлап өтеміз. Роман-эпопеяда ешбір адам жоғарыдағыдай тартыс арнасынан шет қалмайды. Бәрінің мінездері сол қым-қиғаш айтыс-тартыстың үстінде қалыптасады. «Реалист-суреткердің айта қалғандай шығармашылық күш-қуатының тағы бір керемет көрініс тапқан тұсы - осы ара: әке мен баланың өзара ымырасыз жауларға айналуы, нәтижесінде Абайдың әкеден біржола тұсау үзіп, іргесін ажыратуы. Оқырманды осыған қалтқысыз сендіруі - автордың қисапсыз шеберлігі болса, соның нәтижесінде көрінген. Абайдың қасиеті - өз табының тілегінен көп қиналыстар, толғанулар, тәнге-жанға түскен жаралар арқылы жыртылып айырылуында, өз заманынан биік тұруында», - [2].

Бұл роман-эпопеяның идеясы, тақырыптық негізінің мызғымас мықтылығы. «Абай жолының» граниттей берік ірге тасы осынша шебер қаланған. Ал, роман-эпопеядағы сюжет пен құрылымға келер болсақ, мұнда да қаламгер-жазушы М.Әуезов суреткерлік шеберліктің үлгісін көрсеткен. Төрт кітаптың өн бойында адам образдарын жасауға қызмет етпейтін бір де бір деталь, штрих, керек десеңіз, бір де бір сызық жоқ. Бәрі де мінездеу мен мүсіндеу, жинақтау мен даралау міндеттерін атқарып тұр. Әр мінездің жасалу тарихы бар. Әр мінез, кейіпкер, образ деңгейі мен дәрежесіне дейін көтерілген. Басты кейіпкерлерді ұдайы өсу үстінде кқреміз. 

Статикалық түрде бір де бір құбылыс жоқ, бәрі динамикалық сипатта. Бұны жазушы Ғ.Мүсірепов анық, тура аңғарған. Ол «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген тарауларда берілген. «Осыны біріне бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат, шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға келе жатқан Абайды көресің. Бұл - үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге бұл - Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Сонда, Абайдың жолы - «қайтқанда, қат-қабатта, шытырманда, бел-белесте, өрде, қияда» болып шығады да, Құнанбайдың жолы - «қияда, өрде, бел-белесте, шытырманда, қат-қабатта, қайтқанда» болады. Бірі - көтерілу, бірі түсу, төмендеу жолы. Үшінші, бұл - Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы», - [2]. 

Белгілі жазушы Ғ.Мүсірепов романдағы типтер мен характерлерді былай дәлме-дәл суреттейді. «Сүйіндік - жалтақ; Байдалы - табанды, қырыс адам. Бөжей - сыр бермес, Қаратай - жеңген топтың қасында... Майбасар, Жұмағұл, Тәкежандар мансапқорлар. Оспан - ер мінезді, ағасын өте жақсы көретін, арқасынан қоң етін кесіп алсаң да, «қыңқн адам, Зере - ел анасы, Ұлжан - соның жалғасы. Бұның анық дәлелін роман-эпопеядан көруімізге болады. Мысалы,

«Бір сәтте есік артында тасырлатып, салдыр-гүлдір асығып келе жатқан аяқ дыбыстарын естіді... Сақылдап тұрып, күле қашып, жүгіріп келе жатқан Оспан екен. Артында біреу өкшелеп қуып келеді. Қуғыншы бақыра жылып, өлердей күйіп келе жатқан Смағұл. О да Абайдың інісі. Айғыздан туған. Смағұл Оспанмен түйдей құрдас.

-         Ал қайтесің? - деп, Смағұлды жағадан ала бергенде, Абай екеуін

айырып жіберіп, Смағұлға қарады.

-         Немене, не қылды? - деп еді, Смағұл қорсылдап, жылап қоя берді:

-         Құлжамды, қызыл құлжамды ұрлап мынау...

-         Қашан? Әй, жылауық! - деп Оспан әуелі күліп алып, артынан өтірік

қорс-қорс етіп жылаған боп: «Кіжіл күлжәм» деп, Смағұлды мазақ қыла бастады...

Оспан алғам жоқ, өтірік... - деп, тана берді.

Бірақ Абай ырық бермеді. Тінте бастады. Оспанның тінту бермек ойы жоқ. Барынша бұлқынып, Абайдан сытыла қашып, пеш қасына барды. Екі қолын артына ұстап, бұрышқа кептеле тұрып алды.

Сонымен келесі бір сәтте Оспан айқайын зорайта беріп, қолындағы қызыл құлжаны қымыз ішіне тастап жібіріп, екі қолын көтеріп, Абайға:

-         Міне! Ойбай!.. Міне, түк жоқ! - деп, зарлап қоя берді де қолындағы

қызыл құлжаны күбідегі қымыздың ішіне тастай салды. Абай Оспанның мына қорлығына шадай алмай, күйіп кетті. Шықшы, Абайжан! Қушы анау иті құрғырды! Тағы бүлдіріп жүрген әлгі жынды неме ғой! деп, Абайды тысқа шығарып және үйге кірген бір жас әйелді де жұмсаған. Берілген сөйлемдерде Оспанның ожар да қыңыр мінезі кең тұрғыда суреттелген. Мысалы,

«Шешесі мұны сол қолынан шап ұстап алып:

- Сен жаңағы ат қойған нәрсені қайдан шығардың? Оның  жаман ырым екенін айтпап па едім? Үйде бала ауырып жатқанда, өй, итқуар жынды неме? - деп, жұлқып қалып етпетінен салып, құйрығына шапалақпен салып-салып жіберді», - деп берілген сөйлемдер қызықты әрі күлкілі.

Ал, енді осы образдардың жиынтығы, негізгі сақасы сияқты Құнанбай - сонша сұм, аруақты, кесек образ. Ол роман-эпопеяда анық, нақты берілген. Мысалы,

«Құнанбай - өз басы бір шешеден жалғыз, бәйбішенің жалғызы. Қара шаңырақ иесі. Қалың дәулет пен әмір, билік иесі. Жасқа да көп туысынан өзі үлкен. Сол себепті, үлкен  әкесі Ырғызбайдан тараған осы мына жиырма ауылдың мынандай топтарының ішінен бірде-бір жан әлі күнге Құнанбайдың алдынан көлденең шығып көрген емес. Тіпті, өкпе-назы болса да, ашып-жарып айта алмайтын. Ал, бірақ Құнанбай сойыл соғарды, қол қимылды, тізе мен ызғарды керек қылған жер болса, бұл қауымның іркілетін бірі жоқ», - деген сөйлемде Құнанбайдың негізгі образы әдемі ашылған.

Ал, енді негізгі кейіпкер Абайдың өзін алатын болсақ - бұл бұқара халықтың тартқан жапа, көрген қорлық, төккен жасынан туған, ел тілегіне жаңа жолдар, ел болашағына жаңа бағыт іздеген, әзір таппаған, бірақ қайдан табатынын дәл сезіп болған ел басы, замана жасы. Құнанбай - елдің тоқырап қалған, өз биігінен аса алмаған ескі ойы болса, Абай - елдің алысты болжай алған, ілгері сүйреген ойы» - [2].

«Абай жолының» энциклопедиялық сипаты туралы академик Қ.Сәтбаев әдемі айтқан: «Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымның бірде-бірі бұл кітапты жанап өте алмайды: ғалым-филолог одан фольклордың бай материалдарына қанығумен қоса, қазақ әдеби тілі мен сөздігінің қаз басуы мен қалыптасуын көреді; ғалым-этнограф қазір көне заманмен қоса көнерген небір тұрмыстық белгілер мен өмір құбылыстарын біледі. Құс салып, саят құрған, қыз ұзатып, ас беруді, өлік жөнелтуді суреттейтін тараулар, билер айтысы мен билік шешкен қазылық картиналарының әрқайсысы жеке-жеке-ақ ғылыми-этнографиялық толайым еңбектерге барабар».

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Қирабаев С. Абайтанудың кезекті міндеттері туралы. / Кітапта: Абай және қазіргі заман: Зерттеулер жинағы. - Алматы: Ғылым, 1994. - 336 б.

2.Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. - Алматы, 1970, - 164 б.

3.Ахметов З. Мұхтар Әуезов - қазақ әдебиетінің классигі / Кітапта: М.Әуезов - ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі. - Алматы, Ғылым, 1997. -163 б.