Филологические
науки/ 8. Родной язык и литература
Ф.ғ.д., Жұбаназар Асанов, Райбек Сағадатов.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік мемлекеттік университеті, Қазақстан
Мөңке би ер едіге
ұрпағы
Академик Рахманқұл
Бердібай 2004 жылы Ақтөбе облыстық газетіне берген
сұхбатының бір жерінде «Ақтөбе – қазақ-ноғай
дастандарының өрбіген жері. Мәселен, «Едіге»
дастанындағы «Қарғалы», «Елек» секілді жер-су атаулары осы
Ақтөбеде бар. Тіптен, Едігенің үрім-бұтақтары
осы облыста бар екенін білдік», – дейді[1.86]. Белгілі фольклорист ғалым
бірдеңені білген соң айтып отыр. Едіге ұрпақтарына
қатысты Ақтөбе өңірінде аңыз-әңгімелер
сақталған. Шежірелерде де аталады. Оны түсіну үшін
аздап ескі тарихқа соғып, жүгіне кетуге тура келеді.
Тарихқа үңілсек, Қазақстанның Батыс
аймағы бұрын Ноғай Ордасына қараған, оның
ішінде «Алтұл ұлысына». Ол ұлыстың шығыс беттегі
шекарасы қазіргі Қызылорда облысында жатқан Сарысу
өзенімен шектелген. Бұл туралы қазақтың белгілі
тарихшысы М. Тынышбаев өзінің «Қазақ
халқының тарихы» деп аталатын іргелі еңбегінде: В « Материалах к истории киргиз-казакского
народа» мы остановились на событиях 1598-1604 годов, когда по смерти Орманбет
бия от Ногайского Улуса откололась многочисленная группа и присоединилась к казакам, бывшим под
властью дома Джаныбека: она кочевала в окрестностях Синего или Аральского моря
и известно русским под именем Алтульского Улуса» [2.153], – дейді.
Алтын Орда
ыдыраған соң бір халық екіге жарылып – ноғай,
қазақ болып шекара белгілеген. Бірақ араларындағы
шекара ұғымы қазіргі біздің түсініктегіден
өзгеше болса керек. ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы
қазақ пен ноғайға ортақ әдебиет
мұраларын жинап, бір жүйеге келтірген, соған қатысты
ноғайлар тарихын біршама зерттеген жазушы-ғалым Мұхтар Мағауин:
«Қазақ халқы әр түрлі тайпалық
одақтар мен ұлыстардың құрамында болған бір
тектес түрік руларынан құралды. Осындай тілі ортақ,
әдет, салты ортақ рулардың бір тобы
қазақтарға ноғай ордасынан қосылды. Бұл
шартты түрдегі ғана шекара еді. Ноғайлар мен
қазақтар аралас-құралас отыра берген; кей ауылдар бірге
көшіп та жүрген, кейде қазақ хандары мен ноғай
билері қыз алысып, қыз берісіп тұрған.
Қазақтар мен ноғайлар кейде тіпті жауға бірге аттанатын
болған. Мәселен, Орта Азия тарихшысы Абдаллах бен Мұхаммед
бен Али Насыруллах Қасым ханның әскері қазақтар
мен ноғайлардан құралған еді деп жазады. ...
Көңіліне билеушісі жақпаған рулар бір ұлыстан
екінші ұлысқа ауып өте берген. Бұл ағым
көбіне қазақтан ноғайға қарай емес,
керісінше болған. Ноғай Ордасындағы бірталай түрік
руларының қазақ халқының құрамына
енген тағы бір уағы – ХҮІІ ғасырдың орта шені.
... Қалмақтардың қол астында қалған рулар
түгелдей дерлік қазақтарға қосылды. ...
Сондықтан ноғай одағындағы рулардың
қазақ хандығы құрамына енуі туралы айтқанда
олардың ассимиляциялануы, жұтылуы, сіңісуі жайында сөз
болмауға тиіс» [3.34], – дейді.
Ғалымның бұл айтқандары тарихтан белгілі
нәрселер ғана. Әйтпесе, ол дәуірде жекелеген
адамдардың, кейбір рулардың туыстас екі халықтың бір-біріне
өтіп отыруы әдепкі жағдай болған.
Аталған
дәуірге байланысты
Ақтөбе өңірінде Мөңке бидің
ата-тектеріне қатысты шежірелік
деректер сақталған. Бұл шежірелік дерек қазақтар
тәуелсіздік алған бетте 1992 жылы Алматыдағы «Рауан»
баспасынан шыққан «Алты ата Әлім» атты кітапта тасқа
басылған. Онда: «Жаманақтың үлкен ұлы
Шыңғыс жылқы қайырып жүріп, өлім халінде
талықсып жатқан балаң жігіттің үстінен
шығады. Аузына су тамызып, есін жиғызып, аулына алып келеді.
Шыңғыс бала тауып алғанын хабарлап, оны сүтке
шомылдырып, асықты жілік ұстатып, өзіне бала қылып,
жеке үй тігіпті. Балаң жігіт өзінің аты-жөнін,
шыққан тегін айтпапты да, араларында «Мәку» атала бастапты.
Оған Зеріп атты ақылды қыз алып береді, бірақ көп
ұзамай жігіт дертке ұшырап, қатты науқастанады. Жігіт
ауру меңдей бастаған соң, өлерін біліп, Шыңғысқа
бар шындығын айтады. Өзінің атының Қалу екенін
жасырмайды. Әкесінің аты – Сирақ екен. Сирақтың
әкесі атақты ноғайлының Мұса ханы екен.
Оның бәйбішесінен, Сирақтан басқа Орақ, Мамай,
Алшағыр туған. Тоқалдан Мұса ханның жеті баласы
болады, үлкені – Ысмайыл екен. Мұса хан өліп, Орақ хан
болып тұрғанда, Ысмайыл бастаған жақтастар Орақты
айламен өлтіреді. Ысмайыл хан болу үшін енді Орақтың
ұлдары Қарасай, Қазидан құтылудың жолын
ойлайды. Сөйтіп жүргенде алыс жұртта ілім іздеп, оқудан
қайтып келе жатқан Орақтың үшінші ұлы
Айдынділмаш елге жақындағанда, жас Қалуды ертіп, Ысмайыл
алдынан шығады. Жол үстінде Айдынділмаштың садағын
алдап түсіріп, оны Қалуға беріп, өлтіртеді. Енді
Қалуды өлтіру үшін Қырымнан жаугершіліктен
қайтқан Қарасай, Қазиға хабар жібереді.
Қалу өзінің алдауға түскенін біліп және кінәсін
түсініп, басының ауған жағына кете барады. Ол кезде
ноғайлы елімен Кіші жүздің елі қатар жатқан
қоңсылас жұрттар. Міне, осы Қалуды Шыңғыс
тауып алған. Өз басынан кешкенді айтып берген Қалу өлім
алдында жатып, әйелінің жүкті екенін, ұл туса атын
Бөлек деп қоюды аманат етеді. Сөйтіп Қалу Зеріпке
үйленгеннен кейін алты айдан соң қайтыс болады. Зеріп
босанғаннан кейін баланың атын Бөлек қояды, өзіне
тең көріп, Жаманақтың бір ұрпағы деп
қабылдайды» [4.153], – делінген.
Бұл дерек 1994 жылы Алматыдағы «Ер-Дәулет» баспасында
тасқа басылған «Кіші жүз рулары (шежіресі мен тарихы)» деген
кітапта да бар [5.50-51].
Кітапқа
түскен бұл шежіре бұрын Ақтөбе
өңірінің тұрғындары арасында жиі айтылған,
қолжазба түрінде таңбаланған. Ол шежірелер бойынша
Қалудың қасында Сары деген бауыры болады. Бірі болмаса,
екіншісі тірі қалу үшін екеуі бөлініп екі жаққа
қашады. Сары Жетіруға жататын Табын аталығындағы
перзенті жоқ бір шалға бала болады. Өсе келе қажырлы
жігіттің ел арасында беделі көтеріледі. Дәулеті артып, мал
санын көбейтеді. Әсіресе, қойы көбейіп, оларының
түсі негізінен қара болады. Ұрпағы өсіп,
үрім-бұтағы кең жайылады. Табындар арасында бұл
аталық «Қарақойлы Табын» аталып кетеді. Батыс
Қазақстанда «Асау-Барақ» атты тарихи дастан бар, осы
Асау мен Барақ сол Сарының ұрпақтары. Барақтан
Асау, Асаудан Дәуіт туған. Дәуіт Асауұлы 1868
жылғы патша үкіметі шығарған «Ереже» тұсында
Торғай облысындағы ұлт-азаттық қозғалысын
басқарушылардың бірі [6.420] .
Халық
арасына кең жайылған бұл шежірені таратып айтсақ,
ұзаққа кетеміз. Сондықтан Мөңкеге
қайта оралайық. «Қазақстан» деп аталатын
ұлттық энциклопедиямыздың алтыншы томында «Мөңке би Тілеуұлы» деп
аталатын мақала бар. Жазған белгілі ғалым, қоғам
қайраткері Мұхтар Құл-Мұхамбет. Мұхтар
Құл-Мұхамбет
Мөңкенің арғы атасы Сейдақ еді, оның
әкесі Мұса хан, арғы тегі – Едіге дейді [7.577]. Сол
сияқты «Ақтөбе» энциклопедиясындағы «Мөңке
Тілеуұлы» дейтін мақалада да Мөңкенің арғы
атасы Едіге деп көрсетілген [8.693]. Филология ғылымдарының
докторы, профессор Серікқали Бәйменше «Егемен Қазақстан»
газетінде жариялаған «Мөңке бидің Нострадамустан несі
кем?» деген зерттеу еңбегінде: «Ғасырлар бойғы
шежіренің жеткізуінше, Жаманақтың Шыңғыс, Баубек,
Өріс және Мәку (Қалу) атты ұлдары болған.
Осы Мәкуден (Қалудан) Бөлек туған. Арғы тегі
түптеп келгенде ноғайлының Мұса ханымен, Орақ,
Мамай, Алшағыр, Сейдақ, Қарасай, Қазилармен қандас
сол Бөлек батыр Айт, Бұжыр, Шоң деген перзенттер
көрген. Айттан – Қабақ, Тілеу туған. Тілеудің бес ұлы болады. Олар –
Есіркеміс, Алдаберді, Жолдаяқ, Жақсымбет және біз айтып
отырған Мөңке» [9.36], – дейді. Ғалымның
бұл дерегі ұлттық энциклопедияның 6-томы
шықпастан бірнеше жыл бұрын жазылған. Мұнда да С.
Бәйменшин ел аузындағы
шежіреге жүгінген.
2000 жылы Ақтөбе облысында тұратын
белгілі журналист Мұхамбетәли Есмағамбетовтың
«Қазақстан әйелдері» журналында «Қалу» атты
мақаласы шықты. М. Есмағамбетов бұл мақаласында
Мөңкенің әкесі Тілеу мен Тілеудің ағасы
Қабақтың арғы тегі Қалу екендігін көрсетеді
[10.8].
1998 жылы
халық ақыны, Қызылорда облысының перзенті, советтік
репрессия құрбаны Нұрмағанбет
Қосжанұлының(1897 -1937) «Сартай батыр» атты дастаны
Алматыдағы «Санат» баспасынан
кітап түрінде басылып шықты. Кітап соңындағы
дастан кейіпкерлеріне берілген түсініктерде Қабақтың
немересі Пұсырман туралы «Әбілқайыр ханның
батырларының бірі, шежіре бойынша Едігеден тарайды» [11.120.], –
делінген. Осы кітаптың 112 бетінде Қабақтын тағы бір
немересі Бақтыбай жөнінде «Бақтыбай батыр (1697 – ө. ж.
беймәлім) шежіре бойынша Алтын Орданы билеген, үлкен Ноғай
ордасының (Кіші жүздің) негізін қалаған Едігеден
тарайды», – деп таңбаланған.
Қазақтың
белгілі жазушысы Зейнолла Шүкіров Совет үкіметі тұсында «Сыр
бойы» атты роман жазған. Отарлық езгі астындағы жазушы
көзінің тірісінде ол романын жариялай алмаған. Тәуелсіздікке қол жеткен соң
ғана баспадан шықты. Осы тарихи романда да аталып отырған
жағдай, яғни шежірелік дерек әңгіме болады. «Екі
қолы екі жақта, екі аяғы екі жақта, баланың
төрт тағандап жатысына қарап, ішегін тартыпты.
«Күндердің күнінде төрт арыс елді билейтін»
адамның пішініне ұқсатып, сүйсінеді. Баланы
иығынан түртіп оятады.
– Бәкуім деп алып барсам, іні орнына
іні болар ма едің?
– Іні
болуға мен жарар едім-ау. Бірақ, күндердің
күнінде кірме деген атақ алдымнан шығады ғой...
Ертең
Шөмекейдің асы. Сол жерде мен
сені танып ұстармын, – дейді Орыс. – Бойыңда белгің
бар ма еді?
Бала
арқасындағы алақандай қалды көрсетеді.
Астың
үстінде Орыс балаға табысады. Арқадағы қал
жұрт көңіліндегі кәдікті тарқатады.
Жоғалған бала табылып, Шектінің аулында той болып жатыр...
Ұзамай
Бәку аяқтанады.
Содан кейін
бір-ақ жыл өткен, Бәку тырыспай тиіп өледі. Артында жас
жесірі Зеріп қалыпты.
...Баланың
атын Бөлек қояды.
Бөлек
бүгіндері бір тайпа ел. Бүкіл Шектінің қақ жартысы
Бөлектен тарап отыр....» [12.327-328].
2005 жылы
«Егемен Қазақстан» газетінде «Пайғамбардың сахабасы»
деген көлемді еңбек жарық көрді. Авторы Шымкенттік
журналист Бақыт Төлегенұлы: «Мөңке би – Едігенің
ұрпағы. Сондай-ақ әйгілі қазақ батырлары
Есет пен Бекет те Едігенің ұрпағы болып табылады» [13], – деп
жазады.
Абай
атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық
университетінің профессоры Г. Қосымова «Қазақ шешендік
өнерінің негіздері және тілдік танымы» деген жоғары
оқу орындары студенттеріне арналған оқулықты баспадан
шығарды. Мұнда да Мөңкені Едігенің
ұрпағы деген байлам жасалған [14.126].
Қазақстан
Республикасына танымал журналист Бердібай Кемал «Алтын Орда» апталығында
жариялаған «Қай Мөңке би?» [15] деп аталатын зерттеу еңбегінде де
Мөңкенің арғы атасы Едіге екендігіне тоқтала
кетеді.
Ақтөбе
облысындағы Шалқар ауданы әкімінің бірінші орынбасары
Қанатбай Елеусізұлы 2002 жылғы «Жас Түркістан»
журналының №1 санында ел аузындағы өлеңмен
жазылған шежіре дастанды айғаққа тарта отырып,
Мөңкенің әкесі Тілеу Едіге ұрпағы екендігін
дәлелдейді[16.4-9].
Қалу
мен Сары «Қырымның қырық батыры» деп аталатын циклде
әлденеше жерде айтылады. Мысалы:
Мұсаның
отыз баласы,
Расын
оның сұрасаң
Қалу
менен Сары еді,[17.179]
Айласын
оның қарашы
Сонда
кеңес құрыпты,
Мұсаның
отыз баласы,
Белгілі
құдай ұрыпты
Ең
кенжесін сұрасаң
Қалу
менен Сары еді, [17.185]
Ақылға
қамал ұғып ал,
Сен
оларға жеткенше
Қази
бала талай бар.
Бұл
жиынның ішінде
Смайыл,
Тобаяқ,
Қалу
менен Сары бар [17.192], – деп бір ғана «Телағыс» жырының
өзінде үш рет есімдері аталады. Қалу – Нұртуған
жырлаған «Орақ-Мамай» эпосының, эпостың ноғайша
нұсқаларының кейіпкері.
«Орақ-Мамай» жырының ноғайша
нұсқасы «Мамай» деп аталады. Бұл жырда да Мұса
бидің он екі баласы бар еді делінеді.
Мұсаның досы Асан абыз деген екен.
Мұса жасы ұлғайған соң, «Менің он екі
ұлым бар. Мен Асан абызды әкеліп, ұлдарымды сынатайын.
Қандай болып шығар екен бұлардың ақылы,
қылығы» деп ойлайды. Би Асанды шақырып, қой сояды,
қонақ қылады. Түннің бір уақыты болады,
балалар жатқан соң, Мұса би Абызға менің
жасым ұлғайды, сені
шақыртқан себебім, балаларымды сынатайын деп едім, олар өскен
кезде қандай болып шығар
екен. Соны біліп, еншілерін берсем бе деп едім, - дейді. Жақсы дейді Асан абыз. Балалар
ұйықтасын, сосын барып көрейік дейді. Балалар
ұйықтағаннан кейін қолдарына шырақ алып, олар
жатқан бөлмеге кіреді. Сосын Абыз айтады, сен қай
ұлыңның қалай жатқанын жазып ал дейді. Өзі
зейін салып қарап шығады. Өз бөлмелеріне барған
соң, досым сенің ұлдарыңның ішінде Мамайдан
ақылдысы жоқ, өскен соң көп адам соның
аузына қарар. Ұлдарыңның ішінде Орақтан батыры
да, тентегі де жоқ. Ағысыңа да, Сейдағыңа да
әңгіме жоқ, тек Смаил деген ұлың араға
іріткі салар, пітнеші болар. Ұлдарыңды бұзса, сол Смаил
бұзбақ. Мұса айтады менің ойым саған сынатып,
өсиет айтып кетпек едім, Орақ тентек, әрі батыр болса,
мұны Мамаймен бірге бол десем қалай қарайсың дейді.
Асан мұны қоштайды. Қалу деген ұлымды ақылы
аздау, өкпешіл болар дедің, мұны да Мамайға
қоссам қалай болар екен,
бір тентек, бір ақылсызға Мамай ие болар дейді. «Жарар» дейді Асан.
Эпоста осы оқиға былай
таңбаланған:
–
Каьлуьв деп айтты бир увылын. Ол бир аз мазмун, сай акыллы, бакылшы, оьпкелевши
болар дединъ. Олай болганда, – деди Муса, – бу пакыр янъгыз яшап та болмаяк.
Муны да Мамайга берейик. Мамай сакласын
муны да. Бир тентекти де, бир ойсыз языкты да[18.54].
Әкесі Ағыс пен Сейдақты бір бөлек
қоймақ болды. Ертеңіне Асан үйіне қайтады. Арада
екі-үш күн өтеді. Содан соң Мұса би балаларын
жинап алып, менің Мұса би деген атым бар, өлгенімде
халыққа хабар жіберіңдер. Маған тиесілі садақаны
мал сойып, дұрыстап өткізіңдер. Мен өлгеннен кейін
Мұса бидің балалары бұлай болды деп жаманатқа
қалдырмаңдар, бір жылға шейін бір-біріңе ащы сөйлемеңдер.
Бір жылдан кейін еншілесіңдер, сонда былай болыңар деп Асанмен
келіскен өсиетін айтады. Арада
сегіз ай, бір жеті өткенде Мұса дүниеден озады. Жұрт көп
жиналады. Бір жыл бойы келіп көңіл айтушылар үзілмейді.
«Баягы
Каьлуьви уьйге келген мусапирдинъ атына-затына карайды. Байлайды, ем береди.
Орак яс, колда-якта токтамайтаган. Дуныяда ба Оракты тербияламага Мамайдынъ
колы тиймейди» [18.55].
Қалу – эпастың
ұлттық версияларының бірінде осылайша Мұсаның баласы, екіншісінде
Алшағырдың баласы ретінде
көрінеді.
Қалудың
тек эпикалық кейіпкер ғана емес, тарихи адам болуы мүмкін
екенін академик В.М. Жирмунский өзінің «Сказания об Едиге» деп
аталатын тамаша еңбегінде атап көрсетеді. Профессор М.И.Ахметзянов
тауып жариялаған татарларлар шежіресінде: «От Мусы родились Калау, Мамай
хан, хан Исмагиль хайлче, Алчагир хан, Айдане Урак хан, Султан Сайдак, Нартлы
желтый Юсуп, Сары, Мамай шейх, Ямгырчи», – делінген. Яғни,
қазақ шежіресін де ғана емес, татар шежіресінде де
жырдағы Қалу мен Сарының аты таңбалануы, олардың
тарихта болған адамдар екендігіне сенімді арттыра түседі. Белгілі
ғалым С.Н. Азбеловтің: «Следует признать что устные источники не
менее важны для определения историчности фактов отдаленного прошлого. Если
события настолько запечатлелось в сознании современников, что повестовования о
нем передаются на протяжении веков, то перед нами надежное удостоверение
исторической значимости» [19.35], – деген байламына сүйенсек, онда
Қалудың Мұса бидің ұрпағы екендігі тарихи
шындық болып шығады.
Кеңбайтақ
Қазақстанның әр
түкпірінен жиналған жоғарыда аталған деректерге,
танымал ғалымдар тұжырымдарына сүйене отырып, Мөңке Едігенің
ұрпағы деген тұжырымға тоқталуға тура
келеді. Олай болса, қазіргі
Ақтөбе облысы мен Қарақалпақстанда тұратын
Тілеу мен Қабақ ұрпақтарының, Бұжыр
ұрпақтарының, Қарақойлы табындардың арғы атасы Едіге болып шығады.
Бұлардың саны ондаған мың. Яғни, Едігенің
қазіргі ХХІ ғасырда да ұрпақтары баршылық.
Бұлар кейбіреулер айтып жүргендей ноғай емес, себебі
Едігенің өзі ноғай емес. Олар негізінен өздерінің
атақонысы «Алтыұл ұлысында» отыр. Қазақ тарихында
аттары қалған Есет Көтібарұлы, Бекет Серкебайұлы,
Ерназар Кенжалыұлы, Қалдыбай хан Қангелдіұлы,
Әзберген Мұңайтпасұлы, Қарағұл
Қонақбайұлы, Мырзағұл Шыманұлы, Сары
Батақұлы, Сарышолақ Боранбайұлы, Нұрпейіс
Байғанин жоғарыда
аталған Барақ, Асау, Дәуіт Едіге ұрпағы болып
есептеледі. Бұларға қатысты «Есет батыр», «Бекет батыр»,
«Ерназар-Бекет» жырлары, Қалдыбай хан , Әзберген
Мұңайтпасұлы, Қарағұл
Қонақбайұлы, Мырзағұл Шыманұлына қатысты
аңыз-әңгімелер мен өлең-толғаулар ел ішінде
жеткілікті. Олардың бірсыпырасы баспасөз бетін көрген.
Пайдаланған әдебиет:
1.
Бердібай Р. Ақтөбе жыр мен күйдің шежіресі. //
«Ақтөбе» обл. газеті, 17.06.2004.
2.
Тынышбаев М. История Казахского
народа.–Алматы: Санат, 2002.- 224 с.
3.
Мағауин М. Ғасырлар бедері. – Алматы: Жазушы, 1991 ж.
4.
Дәуренбекұлы Ж. Құттыбайұлы С. Алты ата
әлім. – Алматы: Рауан, 1992.- 32 бет.
5.
Табылдиев Х. Қалмұратов
А. Кіші жүз рулары. (шежіресі мен тарихы) – Алматы: Ер-Дәулет,
1994. - 110 бет.
6.
Қазақ ССР тарихы. – Алматы: ҚМБ, 1957.- 640 бет.
7.
Мұхтар
Құл-Мұхамед. Мөңке би. //
«Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. 6-т. – 2001.- 696 б.
8.
Мөңке Тілеуұлы //
«Ақтөбе» энциклопедиясы.- Ақтөбе, 2001.- 667 б.
9.
Бәйменше С. Мөңке
бидің Нострадамустан несі кем? // Егемен Қазақстан, 29
қараша, 2000 ж.
10. Есмағамбетов М. Қалу. // Қазақстан
әйелдері, 2000 ж. №4.
11. Қосжанұлы Нұрмағамбет. Сартай батыр.
Жинақ. – Алматы: Санат, 1998.-128 бет.
12. Шүкіров З. Сыр бойы. – Қызылорда: Тұмар, 1998.-
480 б.
13. Төлегенұлы Б. Пайғамбардың сахабасы //
Егемен Қазақстан, 30 қараша, 2005.
14. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің
негіздері және тілдік танымы. – Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа
орталығы, 2005.- 296 б.
15. Кемал Б. Қай
Мөңке би? // «Алтын Орда» газеті, 5 қазан, 2001 ж.
16. Елеусізұлы Қ.Сайрам сардары. // «Жас Түркістан»
журналы. №1.2002 ж.
17. Батырлар жыры. 5 т.- А: Жазушы,
1989.- 381 б.
18. Мамай. // Ногайдынъ кырк
баьтири.- Махачкала, 1991.- 158 б.
19. Азбелов С.Н. Историзм былин и специфика и фольклора.- Ленинград:
Наука, 1982-