Филология магистрі Билял Б. Қ,

РД-21к тобының студенті Қазымбет Т.Т.

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті

Жастардың ақыл-ой тәрбиесіндегі Абайдың көзқарасы

Абай – ұлттық мәдениетіміздің, тарихымыздың ерекше, шын мәніндегі жаңашыл тұлғасы. Поэзия, өнер, философия, тарих, музыка, этика, эстетика, педагогика... ол қамтымаған сала жоқ.

«Абай – дария, мен одан шәмішпен қалқып алдым» - деп, заманымыздың занғар жазушысы М.Әуезовтің осылай айтуы тегін емес. Абайдың осындай баға жетпес мұрасының жастарды тәрбиелеуде маңызы өте зор.

Абай оқыту теориясының ішкі сырларын терең де, жан-жақты білген. Ұсынған дидактикалық пікірлерінің бүгінгі педагогикамен үндесе қабысып жатқандығын мақтанышпен айта аламыз. Өйткені, Абай білім алудың жолын жалпылама айтумен ғана шектелмеген. Қалай оқу, оқығанды қалай меңгеру, ал меңгергенді қалай жүзеге асыру керек екендігі жөнінде ұсынған ойлары педагогикалық тұрғыдан өте байыпты. Оқытудың теориялық сипаты турасынан қарасақ, Абай дидактиканың басты принциптері мен білімді меңгеру тәсілдерін және әдістемелік амалдарын даналықпен дәл нұсқап, оның педагогикалық, психологиялық негіздерін терең аша білген.

«Мен - дейді Абай – егер закон қуаты қолымды бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім». Демек, адам мінезін өзгертуге болатындығына көзі жетіп, замандастарына зығырданы қайнап, Абайдың зілдене айтқан бұл сөзіндегі терең  мағына – мінез өзгертсе, адамның жан дүниесі  де өзгеретіндігінде. Бұл жағынан келгенде бүгінгі  психолог-педагог ғалымдармен Абайдың ой-түсінігі іштей тұстасып жатқандығы қайран қалдырады. Ақыл-ой білімін игерудегі сатылық  теориясын қолдайтың, әлемдік беделге ие болған поляктың көрнекті педагог ғылымы Винценты Оконь былай деп жазады: «Изменяя поведение человека, можно изменить его психику». Осы орайдан білімді қабылдап, ұғынып және меңгерген білімді жүзеге асыру шарттарына зейін қоя қарасақ, Абай атамыз оны педагогикалық  психология тұрғысынан өте шебер де дәл жеткізе алған.

Білім, ғылым жастық шақта бойға тез дарып, көңілге тиянақты қонатындықтан, Абай былай дейді:

Жастықтың оты жалындап,

Жас жүректе жанған щақ...

Әр қиынға салған шақ.

Уайым-аз, үміт көп.

Ет ауырмас бейнетке.

«Бүгін, ертең жетем» деп

Көңілге алған дәулетке.    

Ғылым, білімнің өзін дәулет деп білсек, оны жастықтың жалындаған шағында игеру тиянақты, нәтижелі болмақ. Дер кезінде берілген білім адамның ізденуі мен ұмтылуын демеп, ғылым жолына тереңдей барып, әркім өз үлесін қосуға жол ашатындығын Абай атамыз көрсете білген. Білім беруде баланың жас ерекшеліктерін ескерудің мәніне көңіл бөлудің маңызы зор екенін атап өткен.

Абайдың ойынша, білімнің бастау негізін бала ана тілінде меңгеруге тиісті. Осы жағдайда баланың шығармашылыққа деген қызығушылығы артады, бала өз білімін жетілдіруге ұмтылады, сөздік қорын байытады, сондықтан, бұл жағдайда салыстыру тәсілінің рөлі зор.

Абайды ұрпағы халқының кемеңгері, өз ұлтының ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын дәл бейнелеп, қоғамдық дамудың шындығын дұрыс көрсете білген қайраткер ретінде таниды.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.       Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ. Қызылорда, 1933, 17-б

2.       М. Әуезов. Абай Құнанбайұлы. «Ғылым», 1967жыл, 31-б

3.       М. Әуезов. Абай Құнанбайұлы. Мақалалар мен зерттеулер