Политология/4. Политическое лидерство (история, проблемы, перспективы)

 

 

 

оқытушы Ибраимов Н.Л.

 

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Казахстан

 

Тау тұлға - Тұрар Рысқұлов

      

      Биыл халқымыздың ардақты ұлдарының бірі, мемлекетіміздің көрнекті қайраткері, ғасыр басында мың өліп, мың тірілген қазақ халқын дербес, бақуатты мемлекет ретінде өркендету жолында күрескен біртуар азамат Тұрар Рысқұловтың туғанына 120 жыл толғалы отыр.

      Тәуелсіздікке жеткізген жол даңғыл болған жоқ, ол ұлы белестерден, қиын-қыстау асулардан тұрды. Болашақ ұлттық мемлекеттің ірге тасы осы тарихи кезеңдерде қаланған болатын, сондықтан да азаттық жолындағы қасиетті де қасіретті күрестің тарихын зерттеу қазіргі таңда зор маңызға ие болып отыр.

      ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқының азаттық жолында күрескен зиялы азаматтарының бірі-Тұрар Рысқұлов. Академик Манаш Қозыбаев аз ғана уақыт аралығында зиялы қауым ішінен бірбеткей ерлігімен көзге түскен Тұрар Рысқұлов турасында «Егер ғасыр басында реформаторлық ұрпақтың бірден бір танылған көсемі Әлихан Бөкейханов болса, ал кеңестік кезеңде дәстүр жалғастырған-Тұрар Рысқұлов» деп жазды.

    Ал енді Тұрар баланың өмір дерегін тарқатып айтатын болсақ, Ата-бабалары Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы Кемербастау деген жерді мекендеген. Жергілікті би-болыстардың қысымына шыдай алмай олар 1880 жылы туған жерінен ауып, Алматының аржағындағы Шығыс Талғар облысында тұратын жекжаттарын паналап көшіп барады. Тұрар сол жерде 1894 жылы 26 желтоқсанда кедей де болса еті тірі, шаруаға мығым Рысқұл Жылқыайдарұлының отбасында дүниеге келеді.

      Тұрардың әкесін Рысқұлды сол кездегі бай, болыстар барынша пайдаланған Талғар тауынан Асы, Жіңішке, Қарқара жайлауына дейін жатқа білетін, үнемі түзде жүретін оны көбіне Саймасай болыс өз шаруасына жұмсап отырған. 1904 жылы 19-қазан Рысқұл Жылқыайдарұлы ол барымташы және казак-орыстардың егістігіне жылқы жайғаны үшін 12 ай түрмеге жаптырады. Рысқұл болыс Саймасайдың қанын жүктеп Сібірге жер аударылады. Сол жазықсыз әкесі тергеуде болған бірнеше ай бойы бала Тұрар онымен бірге түрмеде болып, оның ауласындағы әртүрлі жұмыстарды атқарған, түрме бастығының атқасшысы болған. Сөйтіп жүріп хат таныған, орыс тілін біршама  меңгерген.

      Тұрардың әкесі Рысқұл болыс Саймасайдың қанын жүктеп Сібірге жер аударылады. Сахалинге жер аударылған Рысқұл, егер шындыққа жүгінетін болсақ, ол жақта өлмеген. Қашып кеткен. Рысқұл Майлыкенттегі ағайындарына барып паналайды. Онда біраз жүреді де, ізін жасыру мақсатымен Таластағы нағашыларына келеді. Көп кешікпей, сонда 1907 жылы қатты сырқаттан дүние салды. Сөйтіп, Рысқұлдың моласы Жамбыл облысы, Талас ауданы «Ойық» шаруашылығының Аққорған деген қорымында жерленген деген деректер бар.

      Тұрарды Саймасай әулетінің қанды құрығынан құтқару үшін Әулиеата уезі Меркі ауданындағы нағашыларына алып кетеді. Осында мал бағып жүрген қаршадай Тұрардың зеректігін, орыс тілін жетік білетіндігін көрген нағашылары оны Қырғызбаев деген жалған есімен Меркідегі орыс-бұратана мектебіне береді. Оны үздік бітірген Тұрар Бішкектегі ауыл шаруашылық мектебіне түсіп, оны да жақсы тамамдайды. Дарынды балаға Самара қаласындағы орта дәрежелі ауылшаруашылық училищесіне түсуге арнайы жолдама да береді. Тұрарды училище директоры: «Мұндай көшпелі қырғызды жер жыртуға үйретудің қажеті жоқ», деп қабылдамай қояды. Оның Ташкент педагогикалық институтына берген арызы да осындай желеумен қабылданбайды. Петербургқа қайта-қайта жазған өтініштерінің бірі қабыл болып, ол 1916 жылы Ташкент пединситутының білімгері атанады. Бірақ-та Тұрардың пешенесіне білімгер болу жазбаған екен. 1916 жылы қазақ даласында патша өкіметінің атышулы 25 маусым жарлығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі басталып, 22 жасар Тұрар оған белсене қатысыды. Қарулы қақтығыстар болып жатқанда Ақкөз батыр Қосанұлы бастаған көтерісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағыт-бағдар сілтейді.     Бұқара халықтың босқа қырылуына жол бергісі келмейді. Қозғалысқа  қатысқандардың арасында жастар ұйымын құрып, саяси қарсылықты күшейтеді. Осылай Тұрар Әулиеатадағы көтерілістің ұйымдастырушысы ретінде тұтқынға алынып, абақтыға жабылады. Бірақ түрмеден шыққаннан кейін де өзінің идеялық ұстанымынын айнымайды. Бұл кезде Тұрар 1916 жылғы көтеріліс жеңіліс тапқан соң Қытай ауып кеткен босқындарды ата мекендеріне қайтару және оларға қажетті көмек көрсету ісін ұйымдастырды.

      Уақытша өкіметтің қуғынына ұшыраған Т. Рысқұлов 1917 жылдың тамыз айында Ташкентке келіп, саяси-төңкерісіне белсене қатысады. Большевиктер партиясына мүше болып қабылданады. 1917 жылғы 1 қарашада Ташкентте болған қарулы көтеріліске қатысып, ол жеңіспен аяқталды. «Барлық өкімет Советтерге берілді. Жер-жерде өкіметті өз қолдарына алаңдар!» деген Ташкент больевиктерінің ұранына үн қосып, Түркістан өлкесінде Ұлы қазан жеңісінің үстемдік құруына атсалысты.

     1917-1918 жылдары Әулиеата уездік Совдепі атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындайды. Осы кезеңдерде қазақ даласына ашаршылық та жетті. Тұрар өз ерлігімен халықты аштықтан аман алып қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, кеңестерге жергілікті тұрғындарды көптеп тартуға барынша күш салады. Әулиеата қаласы маңында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылады. Сонымен қатар қазақ кедейлерін көктемгі егіске қажетті тұқыммен, құрал-сайманмен қамтамасыз ету сияқты істер де ұмыт қалған жоқ. Өзі басқаратын өңірдегі қазақ еңбекшілерінің уездік съезін 1918 жылдың мамырында өткізді. Бірақ, көп ұзамай ол Түркістан өлкелік денсаулық сақтау комиссары және Өлкеде аштықпен күресу жөніндегі төтенше комиссар болып тағайындалды.

      Түркістан Республикасы Кеңесінің 1919 жылғы наурыздағы төтенше 7 съезінде Тұрардың мемлекеттік істе таланттылық байқатқаны бағаланып, Орталық Атқару Комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығына сайланды. Содан көп уақыт өтпей, 1920 жылғы 21 қаңтарда Түрккомиссияның қолдауымен Комитет төрағалығына сеніп тапсырылды. Ол кезде тарихи құжат бойынша 24 жаста еді.

         Т. Рысқұловтың халқы алдында атқарған, әсіресе, екі еңбегін кейінгі ұрпақ ерекше бағалайды. Оның бірі 1918-1919 жылдары Орта Азияда, оның ішінде, әсіресе, Қазақстанда болған үлкен аштыққа байланысты. Оның себебі Түркістан республикасының кейбір әскер және үкімет басшыларының әскерді нығайту керек деген жоспарынан туындаған-ды.

     Сол кезде Тұрар аштыққа қарсы жан аямай күреседі. Аштарға жедел көмек көрсету туралы өкіметке қаулы қабылдатады. Аштықпен күрес комиссиясын басқарады. Тарихтан белгілі екінші аштық 1932-1933 жылдары болды. Жаппай коллективтендіру кезеңінде Қазақстанда өрескел бұрмалаушылық орын алды.  Осының салдарынан халық көпе-көрінеу аштыққа ұшырап, өмірде сирек кездесетін нәубетке тап болды. Голощекин; «Коллективтендіруді тамаша өткізіп жатырмыз» деп Мәскеуге ақпар берумен болды. Бірақ халық шынына келгенде, жаппай күйзеліске ұшырап жатқан-ды.

      Міне, осындай сын сағатта Т. Рысқұлов 1932 жылы қыркүйек айында Сталинге хат жазады. Одан нәтиже бола қоймаған соң, араға бірнеше ай салып Сталин, Молотов, Кагановичтердің атына екінші рет жазады. Хатында мал баққан халықтың ата кәсібінен айырылғанын көрсетеді. Халықтың қолындағы малын жаппай тартып алып, бір орталыққа топтау саясатының қазақ халқына оның кәсіби күн көрісіне қайшы екенін дәлелдейді...

     Малынан айырылған халықтың аштықтан көбі ажал құшып, көп адам елден басқа жаққа тамақ іздеп, күнкөрістің қамымен босап жатқанын ашына жазады. Қазақстанның сол кездегі басшысы Голощекин: «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп қатер төңдіргенін бұлтартпас фактілермен, нақты деректермен дәлелдеді.

     Мәліметтерге сүйене отырып, ашаршылықтың жаңа басталған шағында-ақ: Орта Волга бойына-40 мың, Қырғыстанға – 100 мың, Батыс Сібірге – 50 мың, Қарақалпақстанға – 20 мың, Орта Азияға – 30 мың қазақтың «төңкеріске тап боламыз» және аштық қырғынынан құтыламыз деп үрке қашып, Батыс Қытайға өтіп жатқанын, оның шегінің жоқтығын баяндайды.

    Аш адамдар арасында жұқпалы індет тарайды. Көптеген қалалардағы өліктер күн сайын сыртқа тасыла бастаған. Мәселен, Шу ауданының орталығы Ново-Троицкіде күн сайын 10-12 қазақ өлген және коммунистердің 50 проценті кетіп қалған. Сарысу ауданындағы 7000 үйден тек 500 үй қалған. Әулиеата қаласындағы шайхана маңайын төңіректеп, ақыры аяға қатып қалған 80 баланың өлігі жиналып алынған. Ақтөбе облыстық комитетінің 1932 жылы 16-қазан айындағы қаулысында Жосалы темір жол стансасына кері оралып келген 300-400 үйге жәрдем көрсетілмегендіктен, олардың 150-ге жуығы қаза тапқан, оның 21-і қара шешектен өлген. Торғайдағы 2500 тұрғынның 728-і шешекпен ауырған және көбі өлімге ұшыраған.

    Жергілікті органдардың мәліметі бойынша, Торғай және Бетпаққара аудандарындағы халықтың 20-30 проценті тегіс қазаға ұшыраған. Шалқар ауданындағы халықтың 30-35 проценті қырылған. Ақтөбе облысында 1930 жылы халық саны 1.012.500 болған 1932 жылы бұдан 725.800 адам, яғни халықтың 71 проценті ғана қалған. Алматы іргесіндегі Балғаш ауданындағы 60 мың халықтың жергілікті ОГПУ-дың мәліметі бойынша 12 мыңы көшіп кеткен, 36 мыңы қаза тапқан. Сонымен 60 мың халықтан 12 мыңы ғана қалған. Оба ауруы жаппай тараған. Қаратал ауданындағы үш қазақ ауылының бар малын тартып алып, отырықшылдыққа күштеп көндіру нәтижесінде тұрғындардың тең жартысы қаза болған. осы ауданда жергілікті ОГПУ-дың мәліметі бойынша 1933 жылғы қыста алғашқы 10 күнде 569 адам аштан өлген, 1931 жылы Шұбартау ауданында 5300 үй болған екен, 1933 жылдың 1-қаңтарында оның 1941-і ғана қалған. Осындай жаппай қырылу Қазақстанның барлық жерлерінде болған.

   Ашаршылықтың қатты қысқаны соншалық, адамдар балаларын көрінген жерге тастап, өздері тентіреп кеткен. Балаларды орналастыратын жер болмаған. Өйткені барлық жер балаларға толы, олар шетінен өліп те жатты, ал босаған орындарға жетім балалар үйіліп-төгілетін. Балалар өлімі де күн өткен сайын артып отырған.

     Тұрар Сталинге жазған хатында осындай мәселелер ашып көрсетіледі. ВКП (б) Орталық комитетінің 1932 жылғы 17-қыркүйектегі қаулысымен қолдан жасалған ашаршылыққа көмек ретінде 1 миллион пұт астық босатылады. Халыққа оның не бар 111.066 пұты, яғни 15 проценті ғана тиген. Аштыққа ұшыраған адамдарға тиісті астықтың көбісі аудан орталықтары мен түрлі мекемелердің талан-таражына түскен және оның бір бөлігі астық дайындау есебіне өткізіліп жіберілген. Мұндай қылмыстардың беті ашылып, кейін тиісті адамдар жауапқа тартылды.

      Ашаршылық пен өлім-жетім жөнінде ресми айтуға тиым салынған. Жергілікті органдардың қызметкерлері мал басының кемдігі туралы да айтуға бата алмаған. Қазақстанның өкілдері Мәскеуге келіп жүріп, орталыққа бірде-бірін жеткізбеген. Қазақстандағы болып жатқан жағдай туралы ресми мәселені көтермеген. Қазақстанда мал басы да қатты кеміген. Мал өлімі жөнінде пікір айтқан Төреғожин қудаланды. Бірақ Тұрар сынды азаматтар қорықпаған. Бұл қылмысты ашық айтты. Ақыры 1933 жылы наурыз Пленумында Мәскеуде Қазақстан жағдайы талқыланып, Голощекин Қазкрайкомның бірінші хатшылығынан алынды.

    Тұрардың Сталинге, одан кейін Молатов пен Кагановичке жазған Ашық хатында ашаршылықты ашып көрсетумен қатар, сол кездегі мал басының күрт төмендегенін, жаппай коллективтендірудегі кейбір олқылықтарды, егіншілік мәселесін де қозғаған болатын. Қазақ халқының негізгі кәсібі мал басының қатты азаю себебін де ашып көрсеткен-ді. Сондықтан малы жоқ халық, сөйтіп, тірідей қырылды. Қауқары барлар бас сауғалап шетелге ауды. Сөйтіп, қазақ ұлтының бүгіндері он миллионнан әзер асуына осындай қолдан жасалған ашаршылық тікелей себепкер болды. Аштықтан 2 миллион 200 мың қазақ қырылды.

         Тұрар Рысқұлов РСФСР  Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып 1926 жылдан 1937 жылға дейін, яғни он бір жылдан аса жұмыс істеді. Бұл жылдары оның атқарған саналуан жұмысын айтып жеткізу қиын. Олардың басты-бастылары: мақта өнімдерін дайындайтын тұрақты комиссияның төрағасы, Түрксіб темір жолын салуға көмектесетін  комитеттің төрағасы,  РСФСР Халық комиссарлар кеңесі жанындағы коммуналдық шаруашылық бас басқармасының төрағасы, шетелге тауар шығару мәжілісінің  төрағасы, қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру кеңесінің төрағасы, жергілікті өнеркәсіп пен қолөнер кәсіпорындардың төрағасы. Бұл жылдары ол сонымен қатар ВКП(б)-ның 15-18 съездіне депутат болып сайланды. Бірнеше мәрте Бүкілодақтық атқару комитетінің мүшесі,  РСФСР  Жоғарғы Қенесінің депутаты болды. Бұл  жылдары Қазақ автономиялы Кеңестік Республикасы РСФСР- ға қарайтын. Сондықтан да Тұрар Қазақстандағы өндіргіш күштерді іске қосып, дамытуға мол үлес қосты.

1926 жылы 25 қарашада ВКП(б)  Орталық Комитетінің саяси бюросы: «Мемлекеттік жоспарлау комитеті ұсынып отырған Бүкілодақтық құрылыстардың бірінші кезектегісі Жетісу темір жолы мен Днепр өзеніндегі су-электр станциясының құрылысы болып есептелсін»  деген қаулы қабылдады. Осыдан кейін-ақ одақтық Еңбек және Қорғаныс кеңесі ұзындығы 1500  километрлік  Түркістан – Сібір темір жолын салу туралы шешім қабылдады. Оны салуға көмектесу жөніндегі өкіметтік комитетің төрағасы болып Тұрар Рысқұлов бекітілді.

Түрікстан-Сібір темір жолының жалпы үзындығы Арыс бекетінен Новосибирск бекетіне дейін 2858 километрге созылады. Сол кезде оның Арыстан Луговой бекетіне дейінгі 424 километрі іске қосылып қойған еді. Ал, Новосибирскіден  Семейге  дейінгі 653 километрінде құрылыс жұмыстары жүріп жатқан. Тұрар Рысқұловтың «Түркістан Сібір теміржолы және оның КСРО халық шаруашылығын  өркендетуде гі маңызы» деген мақаласынан  осы құрылыстың  Қазақстанның күре тамыры деп бекер аталмағандығын байқауға болады. Қазіргі әкімшілік-территориялық бөліну бойынша айтсақ, бұл ғасыр жолы Қазақстанның Оңтүстік Қазақстан,  Жамбыл, Алматы, Талдықорған, Семей, Ақмола, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар областарын, Қырғыстаның солтүстік Талас, Бішкек областарын, Ресейдің Новосибирск облысы мен Алтай өлкесін аралап өтеді екен. Жалпы алып жатқан жер аумағы 125 миллион гектарға тарта. Оның 77,3 проценті Қазақстанның, 13,1 проценті Сібірдің, 9,6 проценті Қырғызстаның жерінен өтеді екен. Міне, сондықтан да құрылыс жұмыстарымен қатар Қазақстанда  болашақта мақта, қант қызылшасын, ақ егісті ұлғайту, жерін  суландыру жұмыстарын жүргізу де көзделді. Сондай- ақ жоспарда темір жол бойындағы Алтай – Риддер, Балқаш- Жезқазған мыс өндіру кеніштерін,  Қарағанды – Екібастүз көмір бассейнін,  Қытаймен  шекаралас Алатау – Тарбағатай аймағын   одан әрі дамыту да көзделді. Ең бастысы Қазақстанның оңтүстігінен шығысына,  одан Сібірге айналып баратын  бұл жол халықтардың мәдени – тұрмыстық байланысын  нығайтып,  Қазақстанның келешегіне үлкен жол ашатын еді. Мәні,  сондықтан да Тұрар Түрксіб темір жолын салу туралы орталықтың шешімін  қызу қуаттап, оның құрылысына жан-тәнімен кірісіп кетті. Патшалық Ресей тұсында жасалған жоба бойынша Жетісу  темір жолын  Луговой –Бішкек  арқылы Алматыға жеткізу көзделгені белгілі. Тұрар 1927 жылы өткен еңбек және қорғаныс кеңісінде Қордай асуынан темір  жолды  асыру мүмкін еместігін әрі ол қымбатқа түсентіндігін дәлелдеп сөйлеп, темір жолды Шоқпар арқылы асырудың мүмкідігін қарастыруды ұсынды. Еңбек және қорғаныс кеңесі ақылдаса келіп, Тұрардың ұсынысын қабылдады. Келісім алынганнан кейін   оны жобалап, жүзіге асыру үшін тұңғыш Қазақ темір жол маманы Мұхамеджан Тынышбаев  алғашында жобалау басқармасың төрағасы, кейіннен құрылыстың бас инженері болып тағайындалды. Тұрар мен  Мұхамеджан  Луговойдан шығып, Мойынқұмды жағалай Қосқұдыққа,  одан Еспе, Шоқпар,  Дөң   асулары  арқылы Отарға дейін үш апта жаяу аралап, болашақ теміржолдың жобасын жасады.

1927 жылдың көктемінде Луговой бекетінен Алматыға баратын теміржолдың құрылысы бастады. Тұрар  құрылыс жұмысына басшылық  етумен қатар  ауыл-ауылдардағы  қазақ  жастарың да осы жұмысқа көбірек тартуға тырысты. Ол сондай-ақ құрылыста  жүрген қазақ жастарының арасынан ынталы,  жігерлі, қабілеттілерін  Мәскеу,  Ленинград,, Омбы. Новосибирск  қалаларындағы оқу орындарына арнайы жіберіп тұрды. Олардың бәрі де біртінде білікті мамандар болып шықты. Солардың қатарында алпысыншы жылдары Қазақ темір жол басқармасының бастығы болған Омаров, «Қазақтрансстрой»  құрылыс басқармасының бастығы Қазыбековтер бар.

Бірінші бесжылдық жоспарында Түрксіб құрылысын бес жыл ішінде аяқтау көзделген болатын. Алайда, құрысты екі жақтап жүргізу нәтижесінде бұл мерзім едәуір қысқарды. Сөйтіп, мерзімінен екі жылдай уақыт бұрын Айнабұлақ бекетінде екі жақтан желі тартып келген рельс салтанатты жағдайда түйістірілді. Алғашқы  паравозды қазақ машинисті Т. Қойшыманов айдап өтті. Салтанатты жиналысты  орталықтын өкілі Т. Рысқұлов ашып, құрылысшыларды ұлы жеңіспен құттықтап,  құрылыс басқармасының бастығы В.С.  Шатовқа ұжымының Еңбек Қызыл  Ту   орденін тапсырып,  қазақ халқының атынан шапан жапты. Осынау оқиғаға байланысты қабылдаған  КСРО  Бүкілодақты атқару комитеті мен РСФСР Халық комиссарлар кеңесінің  біріккен қаулысында Түрксіб  темір жолын салуға  көмектесу жөніндегі комитеттің төрағасы Тұрар Рысқұловтың  ерен қызметі  атап көрсетіліп,  ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. /3/ 

        Т. Рысқұловтың Түрксиб құрылысын салудағы ерекше еңбегі аталып көрсетілді. Халқына қалдырып кеткен сансыз мұрасының бірі әрі бірегейі Түрксіб темір жолы, міне содан бері халқымыздың игілігіне қызмет етіп келеді.

        Т. Рысқұлов – қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жанын қиған қайраткер. Ол қыры мен сыры көп, мұрасы мол, күрделі тұлға.  Т.Рысқұловтың мұраларына үңілген сайын оның шығармашылығы мен өмірінде терең зерттелмеген, әлі де болса ғылыми бағасы берілмеген тұстарын кездестіруге болады.  Өмірі мен қызметі әлі толық зерттеліп болған жоқ. Оның ғылыми мұралары да түгел жарияланған жоқ. Сондықтан да болашақ зерттеуші ғалымдарымызға, жазушыларымызға өріс кең деп айтпақпыз.Т. Рысқұловтың көздеген мақсаты, түпкі идеясы – Түркі дүниесін біріктіру. Алғашында автономия құрып, одан кейін ұсақ автономиялардан конфедерация жасау үшін қызмет қылды. Ол сонда ғана Түркістан жері ұлы державаға айналатынын білген.

     Т.Рысқұловтың арман-тілегінің орындалғанына бүгінде тарих куә, ол бұл бақытты күнді көре алмаса да, оның туатынына сенген еді.

     Еліміздің бүтіндігі, жеріміздің тұтастығы жолында күрескен қайраткер, қазақ зиялыларының көш басшысы Т. Рысқұловтың есімі мен ерлік істерін Тәуелсіз еліміздің бүгінгі ұрпақтары ұмытпай, мақтанышпен еске алып отырады.

 

   

Әдебиет:

 

  1. Сарғожаев. Н. «Қайта жалғасқан өмір» Алматы «Рауан» баспасы  1998ж.

 

2. Сарғожаев. Н. «Бөлек батыр» Алматы 1998 42-45б.

 

3. Жүргенов. Ә. «Біздің Тұрар» «Ақжол» 9-сәуір 1994ж.