ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚОЛ СҰҒЫЛМАУ құқығының конституциялық  құқықтық  категориясы

 

Утегенова Г.А.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің  оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі

Кындыбаева Р. Р.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің  оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі

 

Мемлекеттік егемендіктің нығаюымен және адам құқықтары бойынша халықаралық міндеттемелерді орындаумен байланысты Қазақстан Республикасында азаматтың құқықтары мен бостандықтарына деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады» - деп көрсетілген [1]. Жалпы адамзаттық құндылықтың басымдылығы туралы Конституциялық ереже Қазақстан Республикасындағы құқықтық мемлекет құру негізінен алынған.

Қазақстан Республикасы  Конституциясының 25-бап 1-тармағына сәйкес «тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны тексеруге және тiнтуге заңмен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi» [1].

Тұрғын үйге қол сұғылмау - заң негізінде сонда тұратын адамның еркінен тыс үйге кіруге тыйым салынатынын білдіретін конституциялық қағида. Яғни, адамдардың тұрғын жайында лауазымды тұлғалар және басқа да адамдар тарапынан заңсыз кіру, тінту және тағы басқа да әрекеттер жасаудан мемлекет арқылы қорғану құқығы.

Адам және азаматтың басқа да конституциялық құқықтары мен бостандықтарымен қатар тұрғын үйге қол сұғылмау құқығы тек егеменді Қазақстан шеңберінде ғана қорғалмайды. Бұл маңызды халықаралық мәселе төменде аталған халықаралық құжаттармен реттеледі: 1948 жылғы Адам құқығының жалпыға ортақ Декларациясы, ол адамның құқықтары мен бостандықтарының қатарына тұрғын үйге қол сұғылмау құқығын да белгілейді; 1966 жылғы «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» Халықаралық Пактінің 17 бабында тұрғын үйге баса-көктеп немесе заңсыз қол сұғылуға жол берілмейтіндігі көрсетілген.

Тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу қылмыстық заңнаманың ерекше даму тарихы, айрықша орны мен маңызы бар ажырамас нормасы болып табылады. Тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзғаны үшін жауапкершілікті қарастыратын қолданыстағы заңнама бірден қалыптасқан жоқ. Оның даму тарихы Қазақстан халқының әлеуметтік-құқықтық дамуымен тікелей байланысты болды. Қазақ мемлекетінің қалыптасуына Ресей мемлекетінің ықпалы болуына байланысты, бұл мәселені зерттеуде Ресей қайнар көздеріне жүгінеміз.

Қазақстанның тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде бекітілуі барлық заңнаманың, оның ішінде қылмыстық заңнаманың да қайтадан қабылдануын талап етті. Тұрғынжайға қол сұғылмаушылықты бұзу 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 149-бабына сәйкес «Адам және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар» деп аталатын 3-тарауына орнықтырылған. Заң шығарушының бұл әрекеті, біздің ойымызша, орынды болып саналады, себебі тұрғынжайға қол сұғылмау құқығы адам және азаматтардың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарының ажырамас бөлігі болып табылады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 149-бабына сәйкес тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу ретінде тұрғын үйге онда тұратын адамның еркiнен тыс басып кiру түсіндіріледі. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 149-бап 2-тармағында тұрғын үйге заңсыз басып кіруді саралаудың белгілері ретінде мыналар көрсетілген: а) күш қолданып не оны қолданамын деп қорқытумен; ә) адамдар тобы жасаған; б) түнгi уақытта; в) заңсыз тiнтуге ұласа жасалған әрекет; г) сол сияқты тұрғын үйден заңсыз шығарып тастау [2].

Қарастырып отырған баптың 3-тармағында тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзудың ерекше сараланған құрамы көрсетілген: Қазақстан Республикасы ҚК-нің 149-бабының бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып жасаған әрекеттер.

Тұрғын үйге қол сұғылмау құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 25-бабында қарастырылған. Тұрғын үйге қол сұғылмау - заң негізінде сонда тұратын адамның еркінен тыс үйге кіруге тыйым салынатынын білдіретін конституциялық қағида. Яғни, адамдардың тұрғын жайына лауазымды тұлғалар және басқа да адамдар тарапынан заңсыз кіру, тінту және тағы басқа да әрекеттер жасаудан мемлекет арқылы қорғану құқығы.

Тұрғын үйге қол сұғылмаушылықтың тікелей объектісі (ҚР ҚК-нің 149-бабы) Қазақстан Республикасының Конституциясының 25-бабымен кепілдендірілген адам мен азаматтың тұрғын үйге қол сұғылмауға деген конституциялық құқықтар мен бостандықтары болып саналады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 149-бабының 2-тармағында қарастырылған қылмысқа қатысу нысанының бір түрі болып табылатын адамдар тобы, саралаушы белгі ретінде олардың сапалық ерекшеліктерін, қылмыстық-құқықтық мәртебесін анықтайтын төмендегідей белгілердің жиынтығымен сипатталады: екі немесе одан да көп адамның болуы, ортақ іс әрекет, қатысушылардың өз әрекеттерінің қылмыстық сипаты туралы хабардар болуы және оған өз еркімен баруы. Адамдар тобымен жасалған тұрғын үйге заңсыз басып кіру ретінде екі немесе одан да көп адамның көрінеу ортақ, алдын ала сөз байласпай-ақ, тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзудың объективті жағын құрайтын әрекеттерді жасауы үшін бірігуін түсінуге болады.

 «Түнгі уақыт» түсінігінің мәнін анықтайтын қылмыстық іс жүргізу, әкімшілік, еңбек заңнамаларына жасалған талдау бірыңғай заңды анықтама жоқ екенін көрсетті. Бұл жағдай құқық қолдану қызметінде заңды нақты қолданбауға әсер ету мүмкін. Осыған байланысты барлық нормативтік құқықтық актілерді бірыңғай түнгі уақыт анықтамасын бекіту қажет. Ол біздің ойымызша, жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 22-ден таңғы 6-дейін болуы тиіс. Нақты айтар болса, Қазақстан Респпубликасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 333-бап 1-тармағының диспозициясына уақытқа байланысты өзгеріс енгізу қажет.

Заңсыз тінту жүргізу ретінде заңды негізсіз жүргізілген немесе оны жүргізудің қылмыстық іс жүргізу заңнамасында бекітілген тәртібін бұза отырып жүргізілген тінтуді түсіну керек. Тұрғын үйден заңсыз шығару дегеніміз – тұрғын үй заңнамасымен бекітілген тәртіпті, шарттар мен заңды негіздерді бұза отырып адамдар мен олардың отбасын олардың заңды тұрып жатқан тұрғын үйінен шығарылуы болып табылады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 149-бабының 3-тармағында қарастырылған «өзінің қызмет бабын падалану» деген саралаушы белгі біріншіден, тек лауазымды тұлғаға, екіншіден, қызметтік уәкілеттігіне тұрғын үйге онда тұрып жатқан адамдардың еркінен тыс кіру құқығы жатқызылған лауазымды тұлғаға, үшіншіден, өз қызметіне байланысты құқықтар мен міндеттер аясында әрекет ете отырып, тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзған тұлғаға ғана қолданылады [3].

Тұрғынжайға қол сұғылмаушылықты бұзудың алдын алу үшін оның себептері мен шарттарына мақсатты әсер ету қажет. Ол үшін жалпы әлеуметтік және арнайы криминологиялық шараларды өзара байланыстыра отырып әрекет ету керек.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Қазақстан Республикасының Конституциясы. - Алматы: Юрист, 2014.

2 Қазақстан Республикасының 2014 жылдың 3 шілдедегі Қылмыстық кодексі.

3 4 Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Тұрғын үй қатынастары туралы Заңы.