Молдахметова Г.М.
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті
Эмоциялық интеллект феномені және оның қазіргі
модельдері
Эмоциялық
интеллект – адамның ішкі жай-күйінде, айналадағыларға
деген эмпатиялық қатынаста, идентификацияда, эмоционалды
күйлермен мінез-құлықты бақылау және
рефлексиялауда, эмоциялық ақпаратты айналадағы адамдармен
қарым-қатынаста қолдануда көрінеді.
Эмоциялық
интеллектінің мәнін ашу үрдісінде оның
құрылымын сипаттайтын әртүрлі модельдер
анықталды. Оларды аралас модельдер
және қабілеттер модельдері
деп бөледі. Аралас модель
бағытының өкілдері эмоциялық күйді басқару
– когнитивті қабілеттер мен тұлғалық нышандардың
белгілі бір кешені негізінде жүретінін
алға тартады.
Қабілеттер моделі
бағытының өкілдері эмоциялық интеллектіге эмоционалды
ақпараттарды өңдеумен байланысты когнитивті
қабілеттерді жатқызады.
Эмоциялық
интеллект модельдерінің үш түрі бар: екі аралас модельдер
(Д.Гоулман және Р. Бар-Он) және қабілеттер моделі (П.
Саловей, Дж. Мэйер, Д. Карузо).
Эмоциялық
интеллектінің аралас модельдері когнитивті, тұлғалық
және мотивациялық нышандардан тұралы, олар өмірге
бейімделу және
қарым-қатынас үрдістерімен тығыз байланысады.
Бұл модельдер эмоциялық интеллектіні өзіне-өзі есеп
беру, дәстүрлі
тұлғалық сұрақтамалар көмегімен
өлшеуді ұйғарады.
Қабілеттер
моделі – эмоциялық интеллектіні дұрыс және қате
жауаптары бар тапсырмалардан тұратын тестер көмегімен
өлшенетін қабілеттер жиынтығы ретінде анықтайды.
Эмоциялық
интеллектінің жоғарыда аталған модельдеріне толығырақ тоқталайық. П. Саловей
және оның авторласы Дж. Мэйер эмоциялық интеллектіні зерттей
отырып, 1999 жылы аталған
ұғымды өзінің және өзге адамдардың
сезімдері мен эмоцияларын байқауға, ажыратуға, бұл
ақпараттарды ойлау мен әрекеттерді бағыттау үшін
қолдануға көмектесетін қабілеттер ретінде
анықтайды. Авторлар пікірінше, эмоциялық интеллект үш
түрлі қабілеттерден тұрады. Қабілеттердің
әрбір түрі бірқатар компоненттерден құралады
(сурет – 1).



Сурет – 1
Эмоциялық интеллектінің үш факторлы моделі
(П. Саловей, Дж.
Мэйер, Д. Карузо)
Эмоциялық
интеллектінің көрсетілген үш факторлы моделі (П. Саловей, Дж. Мэйер, Д. Карузо) бірнеше
жылдардан соң толықтырылды, яғни эмоциялық
интеллектінің төрт факторлы моделі жасалды. Бұл модельде
эмоция – адамның өзге адамдармен байланысы туралы
ақпараттардан тұрады, бұл байланыстар естеліктер немесе
қиялдар болуы мүмкін. Адамдармен байланыстарды өзгерту
эмоцияларды өзгертуге себепші деген түсініктерге негізделеді.
Нақтырақ айтсақ, П. Саловей, Дж. Мэйер, Д. Карузо моделінде
эмоциялық интеллект эмоцияда сақталатын ақпараттарды
өңдеу: эмоциялардың маңыздылығын, олардың
бір-бірімен байланысын анықтау, эмоциялық ақпаратты ойлау
және шешім қабылдау үшін қолдану қабілеті ретінде түсіндіріледі.
Сонымен,
П. Саловей, Дж. Мэйер, Д. Карузо ұсынған төрт факторлы
модельдегі құрылымдық компоненттерге тоқталамыз.
1.
Эмоцияларды
қабылдау, ұқсастыру және оларды білдіру. Бұл компонент
эмоцияларды қабылдау, анықтау, сонымен қатар оларды
дұрыс, дәл көрсету, шын және жалған эмоцияларды
ажырата білу қабілетінен тұрады.
2.
Ойлау фасилитациясы. Белгілі бір эмоцияны
тудыра білу, оны бақылау қабілеті. Әртүрлі эмоционалды
күйлер нақты мәселелерді, міндеттерді шешу кезінде
өзіндік із қалдырады.
3.
Эмоцияларды түсіну.
Эмоцияны, оның арасындағы
байланысты, бір эмоциядан басқа эмоцияға ауысуды, осы және
басқа эмоциялардың туындау себептерін түсіну, эмоцияларды
талдау, эмоцияларды жіктеу, олардың маңызын түсіндіру қабілеті.
4.
Эмоцияларды
басқару. Бұл қабілет эмоцияларды қадағалаумен байланысты.
Эмоцияларды рефлексивті басқару – ұғыну арқылы
жүреді. Эмоцияларды басқару жағымсыз эмоциялардың
қарқындылығын бәсеңдету ептілігі; эмоцияларды
мақсатқа орай тудыру немесе одан бас тарту қабілеттілігі [1].
1990
жылы қабілеттер моделімен қатар, эмоциялық интеллектіні
когнитивті қабілеттер мен тұлғалық мінездеменің
байланысы ретінде түсіндіретін аралас
модель пайда болды. Бұл теорияны жақтаушылар – америкалық
психолог Д.Гоулмен және израиль психологы Р.Бар-Он.
Д.Гоулмен
эмоциялық интеллект және оның адам өміріндегі
маңызы туралы түсініктердің кеңеюіне зор үлесін
қосқан ғалым. Д.Гоулмен теориясы бойынша эмоциялық
интеллект – тұлғаның өз эмоциясы мен
айналадағылар эмоциясын түсіну, оны өзінің жеке
мақсаттарын жүзеге асыру үшін қолдану қабілеті.
Д.Гоулмен жасаған модельде эмоциялық интеллектінің
құрылымдық компоненттері бір-бірімен өзара байланыста көрсетілген:
1.
Ұқсастыру (идентификация) және эмоциялық
күйлерін айту, эмоция, ойлау және әрекет арасындағы
өзара байланыстарды түсіну.
2.
Эмоциялық күйін басқару – эмоцияларды
қадағалау және ұнамсыз эмоциялық күйлерді
ұнамды эмоцияға ауыстыру.
3.
Табысқа жетелейтін эмоциялық күйлерге ене білу
қабілеті.
4.
Өзге адамдардың эмоциясын ұқсастыру қабілеті,
оларды сезіну, басқалардың эмоциясын басқару.
5.
Өзге адамдармен үйлесімді тұлғааралық
қатынастар орнату қабілеті.
Қазіргі
таңда Д.Гоулменнің толықтырып, жетілдірген эмоциялық
интеллектінің құрылымдық компоненттері бар. Олар:
-
өзіндік сана;
-
өзін-өзі бақылау;
-
әлеуметтік сақтық (сезімталдық);
-
қатынастарды басқару.

Сурет
– 2 Д.Гоулменнің эмоциялық
интеллект моделі
Д.
Гоулмен моделінде эмоциялық интеллектімен байланысты дағдылар бар:
1.
Тұлғалық
дағдылар, бұл өзімізді өзіміз қалай басқаратынымызды
анықтайтын қабілеттер. Д. Гоулмен тұлғалық
дағдыларға өзіндік сана мен өзін-өзі
бақылауды жатқызады.
Өзіндік сана мыналардан тұрады:
-
эмоциялық өзіндік сана: өзінің жеке эмоцияларын
талдау және олардың бізге ықпалын ұғыну; шешім
қабылдауда ішкі түйсікті (интуицияны) қолдану;
-
нақты өзіндік бағалау: өзінің күшті
жақтарын және өз мүмкіншіліктерінің шегін
түсіну;
-
өзіне-өзі сену: өз қадірін сезу және
өзінің дарындылығын дұрыс бағалау.
Өзін-өзі бақылауды құрайды:
-
эмоцияларды жүгендеу (тыю): қиратушы эмоцияларды бақылау
икемділігі;
-
ашықтық: шыншылдықты және бірбеткейлікті
көрсету, сенімділік;
-
бейімделу: өзгермелі жағдаяттарға лайық бейімделу
және кедергілерді жеңу;
-
жеңіске жігерленген ерік: сапаның ішкі стандартына сай болу
үшін өнімділікті жақсартуға табандылық
көрсету;
-
бастамашылдық: белсенді әрекет етуге дайындық және
мүмкіншіліктерді жіберіп алмау имкемділігі;
-
оптимизм: нәрселерге жарқын үмітпен қарау
икемділігі.
2.
Әлеуметтік
дағдылар, өзге адамдармен қарым-қатынасымызды қалай
басқаратынымызды анықтайтын қабілеттер. Д. Гоулмен
әлеуметтік дағдыларға әлеуметтік сақтықты
(сезімталдықты) және қатынастарды басқаруды
жатқызады.
Әлеуметтік сақтық келесі элементтерден
тұрады:
-
Жанашырлық білдіру: өзге адамдардың сезімдерімен
бөлісе білу, олардың ұстанымын түсіну және
олардың проблемаларына ниеттестік қатынаста болу.
-
Іскери хабардарлық: ағымдағы жағдайларды,
жауапкершілікті және ұйымдастыру деңгейіндегі саясатты
түсіну.
-
Сыпайылық: бағынушылардың, клиенттердің,
тұтынушылардың қажеттіліктерін мақұлдау
және қанағаттандыру.
Келесі
элементтер қатынастарды
басқаруды анықтайды:
-
жігерлі жұмыс жасауға құлшыну, шабыттану:
өзін-өзі ұстай білу, болашақты болжау;
-
ықпал ету: сендіру әдістерін меңгеру;
-
өзін-өзі жетілдіруге көмектесу: пікір айту және
жөн сілтеу арқылы өзге адамдардың
қабілеттерінің дамуын мадақтау;
-
өзгерістерге септігін тигізу:
өзерістерді ынталандыру қабілеті, басқару әдістерін
жетілдіру және жұмыскерлерді жаңа бағытқа
жетелеу;
-
дау-жанжалдарды реттеу: келіспеушіліктерді шешу;
-
жеке қатынастарды нығайту: әлеуметтік байланыстар желісін
қолдау [2].
Эмоциялық
интеллектінің аралас модельдерінің бірі израиль психологы
Р.Бар-Онның концепциясы болып табылады. Автор эмоциялық
интеллектіні келесідей анықтайды: «Эмоциялық интеллект – бұл
қоршаған ортаның талаптарына және қысымына
төтеп бере алу қабілетіне ықпал ететін когнитивті емес
қабілеттер мен дағдылар жиынтығы».
Р.
Бар-Он эмоциялық интеллект феноменін белсенді зерттеумен айналысқан
белгілі ғалымдардың бірі. Ғалым ХХ ғ. 80-ші жылдары эмоциялық коэффициент (немесе EQ
эмоциялық дамуы) ұғымын енгізді және бес
компонентке топтастыруға болатын 15 құзыреттіліктен
(қабілеттер, дағдылар)
тұратын модельді жасады (сурет-3).
Ішкі тұлғалық сфера

Тәуелсіздік






Сурет
– 3. Р. Бар-Онның эмоциялық интеллект моделі
Р. Бар-Онның
эмоциялық интеллект моделіндегі құрылымдар сипаты келесідей:
1. Ішкі тұлғалық сфера мыналардан тұрады:
-
эмоциялық өзіндік
талдау –
өз сезімдерін және өз қылықтарының себебін түсіну қабілеті, сонымен
қатар олардың айналаға ықпалы. Адам аталған
қабілетті меңгермесе, өзге адамдардың қолында
қуыршақтай күйде болады;
-
ассертивтілік –
тұлғаның өз сезімдерін, көзқарастарын
және ой-пікірлерін білдіріп, қорғай алуы. Бұл
адамдардың қызығулары мен реакцияларын ескере отырып,
ашық, нақты қарым-қатынас орнатуға
мүмкіндік береді;
-
тәуелсіздік –
тұлғаның шешімді өз бетінше қабылдап,
өзгелерден эмоционалды тәуелсіз болу қабілеті. Бұл
адамның алға мақсат қою, оларға жету жолдарын
табу, оларға өзін бағыттау ептілігі;
-
өзін-өзі
бағалау, өзін-өзі құрметтеу – тұлғаның
өзінің күшті және әлсіз жақтарын
құрметтеу және қабылдау қабілеті.
Өзін-өзі құрметтеу – адамға кез келген жағдаятта өзін
сенімді ұстауға мүмкіндік береді;
-
өзіндік актуализация – бұл
тұлғаның алға мақсат қою және
өз мүмкіндігін жүзеге асыру қабілеті. Өзіндік
актуализациясы жоғары деңгейде дамыған адамдарға
өз жұмысы аса ұнайды.
2. Тұлғааралық қатынастар сферасына
жатады:
-
эмпатия – тұлғаның
дүниені өзге адамдармен көзімен қарау қабілеті.
Бұл өзге адамға жанашырлық, түсіністік танытуы.
Мұндай мінез-құлық кез келген жанжалдың
ынтымақтастыққа ұласуына мүмкіндік береді;
-
әлеуметтік жауапкершілік –
тұлғаның топ, ұйым, біртұтас қоғам
игілігі үшін ынтымақтастыққа даярлығын
көрсету қабілеті, бұл тұлғаның жеке пайдасы
үшін жасалмайды;
-
тұлғааралық
қатынастар – тұлғаның өзге адамдармен пайдалы әрі
жағымды қарым-қатынас орната білу қабілеті.
3. Бейімделу сферасы:
-
мәселелерді шешу ептілігі – тұлғаның
отбасындағы және жұмыс орнындағы жеке және
тұлғааралық сипаттағы проблемаларды анықтау
және шешу қабілеті;
-
шындықты бағалау –
тұлғаның ағымда болып жатқан
жағдайларды сол қалпында
көре білуі, шынайы бағалауы;
-
икемділік –
тұлғаның бейімделу қабілеті және жаңа
ақпараттарға өз ойын, мінез-құлқын, сезімін
бейімдеуі. Икемді адамдар өзгермелі талаптарға оңай
төтеп бере алады. Икемділіктің болуы нәтижеге қол
жеткізу кепілі.
4. Стрессті басқару сферасы келесі субкомпоненттермен
сипатталады:
-
стресске толеранттылық –
тұлғаның қолайсыз жағдайларға қарсы
тұра алуы және оларды конструктивті шешу қабілеті. Стрессті
жеңе алмайтын адам шындықты дұрыс бағалай алмайды,
дұрыс шешім қабылдай білмейді;
-
ырықсыздықты
бақылау – тұлғаның ниет күшін тоқтата алу немесе
кейінге қалдыру қабілеті, алдау немесе әрекетке ұмтылу.
Бұл жерде бейсаналы реакция мен саналы таңдау арасындағы
айырмашылықты көруді үйрену қажет, орындалатын
әрекеттің салдарын ойлап, өзіне өзі есеп бере алуы
керек.
5. Жалпы көңіл-күй сферасына кіреді:
-
өмірге
қанағаттану – тұлғаның өзімен,
өзгелермен, өмірмен үйлесімді қатынаста болу
қабілеті. Бақытты адамдар жеке өмірінде де, жұмысында
да табысқа жете алады, себебі олармен қарым-қатынасқа
түсу ұнамды, қолайлы;
-
оптимизм – жарқын
болашаққа үміт арту. Оптимистер біліміне және өз
ептіліктеріне, проблемаларды белсенді шешу икемділігіне және
өзінің бұрынғы табыстарын есте ұстау
қабілетіне сүйенеді.
Шетелдік
психолог-зерттеушілер пікірінше, «эмоциялық интеллект» -
өзінің және өзгелердің эмоциясын тани білу,
оларды басқара алу; эмоцияны басқару мүмкіншілігі –
адамдардың тұлғааралық өзара әрекеттесуіне
анағұрлым тиімді бейімделуге көмектеседі [3,4].
Эмоциялық
интеллект әлеуметтік және эмоциялық
қабілеттердің, соның ішінде өзінің және
өзге адамдардың эмоцияларын түсіну, басқару
қабілеттерінің
жиынтығынан тұрады. Эмоциялық интеллект - тұлғааралық
қатынастар үрдісінде әртүрлі эмоциялық
күйлерді дұрыс түсінуге,
өзгелердің эмоциялық күйіне орай икемделуге
мүмкіндік береді. Тұлғаның бейімделу қабілетін,
ортамен үйлесімді қарым-қатынасын арттырады.
Әдебиет:
1.
Кузовкин В.В., Баранникова С.А. Концептуализация понятия «эмоциональный
интеллект» в психологической науке // Психология и школа. № 2 / 2014.
2.
Гоулман Д. Эмоциональный интеллект. – М.: АСТ: АСТ Москва: Хранитель, 2008.
– 478 с.
3.
Чиркина Е.А. Формирование
эмоционального интеллекта у студентов, будущих специалистов в сфере помогающих
профессий дидактическими средствами: автореф.дисс.канд.психол.наук. – Ижевск,
2012.
4.
Робертс Р.Д., Мэттьюс Дж, Зайднер М., Люсин Д.В. Эмоциональный интеллект:
проблемы теории, измерения и применения на практике // Психология (Журнал
Высшей школы экономики). – 2004. - № 4. – С. 3-26.