Тұрдалиева Ш.Т., Тоғаева А.А.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ., Қазақстан

 

ПСИХИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТЕЖЕЛГЕН БАЛАЛАРДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

 

Арнайы психологияның ғылымының, сондай-ақ арнайы мектептің ең күрделі мәселелерінің бірі - кемістігі бар балаларды тәрбиелеу мен оқыту. Ал негізгі міндеті – дамуы тежелген балалардың психикалық дамуының психологиялық заңдылықтарын зерттеу, тәрбиелеу және үйрету арқылы тұлғалық қасиеттерінің дамуына ықпал ету. Психикалық дамуы тежелген балаларға оқу-тәрбие үрдісінің бағдарламасын меңгеруде қиындықтарға кездесетін және үлгермеуші балалар жатады. Мұндай балалар білімі мен дағдыларына, тұлғалық жетімділігіне мінез-құлқына байланысты мектепте оқуды бастауға дайын емес. Олар оқуда көп қиыншылықтар көреді: мектепте орнатылған тәртіп нормаларын сақтау оларға аса қиын. Оқудағы қиыншылықтар олардың жүйке жүйесінің әлсіреуінен тереңдей түседі – жүйкесі тозып, соның салдарынан олар тез шаршайды, жұмысқа қабілеті төмендейді, бастаған жұмысын аяқтамайды.

Дамуында ауытқуы бар балалар ерекшеліктерін зерттеуге деген қызығушылық ХVІІІ ғ. пайда болды. Осы кезеңде аномальды балаларды тәрбиелеу мен қоғамдық ортаға үйретудің алғашқы мүмкіндіктері жасалды. Олар педагогикалық және психологиялық жұмыстарды ұйымдастыру және психологиялық зерттеу жүргізу. Арнайы психология мәселелерін өңдеу профессор Л.С.Выготский басшылығымен 20 ғ. соңында эксперименталды-дефектологиялық институтта басталды. Сол жерде әлемде алғаш рет аномальды балаларды зерттеу зертханасы ашылды.

Арнайы психологияның негізгі міндеттері - бала дамуының патологиялық белгілерін ерте жастан анықтауға бағытталған әдістерді даярлау; әртүрлі патологиялық даму түрлеріндегі балалар мен жасөспірімдердің психикалық және әлеуметтік дамуының «күшті» және «әлсіз» жақтарын сипаттау; балалық жастағы патологиялық дамуға, психологиялық-педагогикалық коррекция жасау мен алдын-алу әдістерінің жүйесін даярлау.

Психикалық кемiстiк - адам психикасы дамуының және уақытша, қысқа мерзімдік жұмыс iстеуiнiң немесе тұрақты кемiстiгi, ол: сенсорлық бұзылыстардың салдары; сөйлеу бұзылыстары; эмоциялық-ерікті бұзылыстары; ми зақымдануының салдары; ақыл-ой дамуының бұзылыстары, ақыл-ойының артта қалуы; психикалық дамуының тежелуi, осыған байланысты оқу-тәрбиеге үйренудегi өзiндiк қиындықтар.

Кемістігі бар балаларды жан-жақты тәрбиелей отырып, қоғамның бір мүшесі етіп қалыптастыру және көптеген арнайы мектептерде сияқты, естімейтін және нашар еститін балаларға арналған мектептердің негізгі мәселелерінің бірі - тәрбиешілердің арнайы мамандықтарының болуы. Өйткені, психикалық дамуы тежелген балалардың психологиялық ерекшеліктері қалыпты нормадағы балалармен салыстырғанда өте күрделі. Олармен ұйымдастырылатын оқу үрдісі мен тәрбиелік жұмыстардың көлемі де, талабы да ең алдымен педагог-тәрбиешінің арнайы білімі мен шеберлігін, сонымен қатар психологиялық даярлығын талап етеді.

Қазіргі уақытта арнайы мектепте, жалпы мектептегідей сынып жетекшісі оқытады және тәрбиелейді. Арнайы мектептегі тәрбиелеу мен оқытудың объектісі ол қалыпты жағдайдан және психикалық дамуы бұзылған балалар,яғни естімейтін және нашар еститін балалар.

Сынып жетекшісі- өзінің сыныбына тәрбие жұмысын қалыптастыру болып табылады. Арнайы мектеп оқушылары қозғыш болып келеді. Мұғалімдерді тыңдамай, жан-жағына алаңдап, қасындағы жолдасына жұмыс жасауына мүмкіндік бермей, кедергі келтіреді. Осы себептен арнайы мектепте тәрбие тәрбие мазмұнының рөлі аса зор. Мұғалім оқушыға тек бір жақты қарамай, оның мінез-құлқына, кемістігіне, дәрежесіне, денсаулығына аса зор мән беру қажет. Кейбір есту қабілеті зақымданған балалар қарапайым нәрсені орындаудан бас тартады. Мұндай кезде мұғалімнің талап қойғыштығы болу керек. Балаға бас салып ұрыспай, оған түсіндіру, дұрыс жолға бағыт беруі тиіс. Сондықтан да, есту кемістігі бар балаларға арнайы мектеп тәрбиешісінің алатын орны ерекше. Тәрбиешілер, ең алдымен, өзі үлгі болатындай етіп, өз-өзін тәрбиелеуі керек. Әр баламен жеке дара жұмыс жасап, әңгімелесіп, сырласу тәрбиешінің ғанибетті ісі.

Тәрбиешілер табиғи болуы қажет, олардың жылы жүрегі, мейірімді жүзі, аялы алақаны, ыстық құшағынан балаға дүние есігі ашылады, оның дүние танымы, өмірді танып білуінен басталады. Әр тәрбиешінің бойында, естімейтін және нашар еститін балаларға деген сүйіспеншілік, қамқорлық сезімі, елеулі рухани күштің, сезім сұлулығы мен мінез байлығының, өмірдің әр қырының жағымды үлгі-өнегесі болуы қажет.

Дамуы тежелген баралармен оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру қарапайым қоршаған ортаны таныстырудан бас алады. Өйткені мұндай ауытқуы бар балалармен жұмыстың ерекшеліктері өте күрделі. Кемістігі бар балалар үшін, табиғатта жасалатын серуендеудің маңызы зор. Табиғаттану бойынша серуендеу, оқушыларға өздерін қоршаған аймақтың жер бедерімен, өсімдіктерімен таныстырып, зерттеуді, оның ерекшеліктерін анықтауды мақсат етеді. Сонымен қатар, мұғалім оқушыларды тәрбиелеуде табиғатты қорғау, оған мейлінше ұқыптылықпен қарау керектігі туралы әңгімелесуі керек, әдетте, табиғатты қорғау дегенді қолдан отырғызылған жасыл ағаштарды кеспей, қамқорлық жасау туралы мәселемен ғана тірейді. Сол сияқты, арнайы мектепте оқытылатын естімейтін және нашар еститін оқушылардың көбі, бейнелеу өнеріне қабілетті болады. Бұл әрекет – балада әлемді эстетикалық тұрғыдан ұғыну қажеттілігін тудырады, сол арқылы бала бойында эстетикалық тәрбие қалыптасады. Бейнелеу әрекетінде баланың бақылағыштық, қиял, көру арқылы аз болса да , есте сақтауы, қабылдауы қалыптасады.

Л.С.Выготский ақыл-ойының дамуы тежелген балалардың психологиялық ерекшеліктеріне ерекше мән берген. Оның зерттеуінше, ондай балалар психологиясының негізгі мәселесі – оларға жалпы мектептерде оқуға кедергі келтіретін танымдық қызметтердің сипаттары, түзету-коррекциялық жұмыс арқылы даму мүмкіндіктерін анықтау. Ақыл-ойының дамуы тежелген балалардың психикасының артта қалуы олардың танымдық іс-әрекетінің көріністерінен анықталады.

Ақыл-ойының дамуы тежелген балаларга арналған мектепке дейінгі мекемелердің түзету-тәрбиелеу жұмысы дамудағы кемістіктердің алдын-алудан және оны жоюдан тұрады. Мектепке дейінгі терең ақыл-есі кем балалар әлеуметтік қамсыздандыру (арнайы интернаттар) жүйесіндегі мекемелерге жіберіледі. Мектеп жасындағы ақыл-ойының дамуы тежелген балалар арнайы жалпы білім беретін мектеп-интернаттарда ( көмекші мектеп) оқиды.

Ақыл-ой жұмысына қабiлеттiлiгi бұзылуының бiлiну дәрежесi мен сипаты әртүрлi болуы мүмкiн. Бiлiну дәрежесi бойынша ақыл-ой жұмысына қабiлеттiлiгiнiң бұзылуларын шартты түрде жеңiл (өрескел емес, әлсiз бiлiнетiн), айқын бiлiнген және айрықша бiлiнген (өрескел) деп бөлуге болады.

Арнайы мектеп немесе арнайы мекемелерді құру жүйесінің принциптерінің маңыздысы оның мемлекеттік сипаттылығы, бірлігі, жалпылығы және оқу міндеттілігі болып табылады. Бұл дегеніміз ұлттық білім берудегі жалпы мемлекеттік жүйеге кіретін барлық арнайы оқыту мекемелері бір бастаудан қалыптасады. Олардың жалпы мақсаты аномалды балаларды қоғамдық өмірге бейімдеу мен әлеуметтік қамтамасыз ету. Жалпы және міндетті оқыту туралы заң толыгымен даму кемістігі бар балаларды қамтиды. Арнайы мсктептердің арнайы оқу жоспарымен қамтылуы, бағдарламалар мен арнайы кітаптар бұл заңның орындалуын жүзеге асырады. Ерекше жағдайдагы тэрбие мен оқытуды қажет ететін барлық аномалды балалар, жынысы мен әлеуметтік жағдайына қарамастан арнайы мекемелерге орналасуға қүқықтары бар.

Дамуында ауытқуы бар балаларға арналған тәрбиенің мазмұны ерекше. Бұл тәрбиенің басты мақсаты - әлеуметтік сарыны кемтар балалардың кемістіктерін жою, оларды әр тарапты дамыған қоғамның толық мүшесі етіп дайындау. Яғни, бұл дегеніміз осы алынған мәліметтердің жасалынған жұмыстардың барлығы да тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың қалыпты балалар жағдайына жетуге талпынатынын көрсетеді. Арнайы ұйымдастырылған жұмыстардың арқасында олардың танымдық қабілеттерін қалыптастырамыз.

Дамуында ауытқуы бар балаларға арналған тәрбиенің мазмұны ерекше. Бұл тәрбиенің басты мақсаты - әлеуметтік сарыны кемтар балалардың кемістіктерін жою, оларды әр тарапты дамыған қоғамның толық мүшесі етіп дайындау.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.  Широкова Г.А. Практикум для детского психолога-Ростов-на-Дону, 2004.

2.   Назарова Н.М. Специальная педагогика. - М, 2001.

3.   Лубовский В.И. Специальная психология. - М, 2005.