Халықтың көші-қоны еңбек ресурстарының қосымша көзі ретінде

Абжалелова Маржан

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

«Экономика» мамандығының магистранты

Ерниязова Ж.Н.

«Экономика және менеджмент» кафедрасының

аға оқытушысы,э.ғ.к.

 

Еңбек ресурсына сұранысты, оның құрылымын, ұсынысқа сәйкестiгiн зерттеу, қазiргi кезде сонымен қатар, болашақта халықтың механикалық қозғалысы мен ұдайы өсу процестерiне әсер ету мақсатында мемлекеттiң сәйкес демографиялық саясатын  жүргiзуiнде маңызы зор.

Экономика және еңбек статистикасы бойынша отандық әдебиеттерде «еңбек ресурстары» терминi кең тараған. Бұл термин бұрынғы кеңес үкiметiнiң алғашқы жылдарында пайда болып, елдiң адам ресурстарын орталықтан басқару қажеттiлiктерi үшiн қолданылған. Әмiршiл-әкiмшiл экономикада әр адамның еңбек ету құқығымен қатар, әр еңбекке жарамды азаматтың еңбек ету мiндетi (немесе күндiзгi оқу орынында оқу) заңмен бекiтiлген.

Қазақстанның еңбек заңына сәйкес, жалпы бiлiм беру, кәсiптiк-техникалық және арнайы  орта бiлiм беру мекемелерiнде оқитын 14 жасқа толған оқушыларды сабақтан тыс уақытта ата-аналарының бiрiнiң келiсiмiмен немесе оларды алмастырушы тұлғалардың келiсiмiмен оқу процесiне, денсаулығына зиян келтiрмейтiн (толық емес жұмыс күнi аясында),  жеңiл жұмыстарға қабылдауға рұқсат етiледi. Еңбек ресурстарын қалыптастырудың табиғи негізі - халық.

Халық пен еңбек ресурстарының бiртұтастығы халықтың жыныстық құрамының өзара байланысы мен еңбек ресурстарын қалыптастыруда да көрiнiс табады. Халық құрамындағы еркектердiң үлес салмағының азаюы еңбек ресурстарының санын азайтады. Себебi еркектердiң құқықтық және нақты еңбек ету кезеңi әйелдермен салыстырғанда ұзақ. Халық санындағы еркектердiң үлес салмағының артуы еңбек ресурстарының санының ұлғаюына ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық шаруашылықта жұмыс iстеушiлердiң санының өсуiне әкеледi.

Халықтың жас құрамын талдаудың маңызды аспектiлерiнiң бiрi – адамдардың еңбекке белсендiлiгi жасқа байланысты болады. Экономиканың дамуы үшiн ғылым мен техниканың жетiстiктерiн тез меңгеретiн жастар жеткiлiктi болуы керек.

Халық пен еңбек ресурстарының бiртұтастығы олардың арасындағы шекараның жылжымалылығына байланысты. Мысалы , 64 жастағы адам зейнеткерлiкте болса, ол еңбек ресурстарының құрамына кiрмейдi. Егер, ол жұмысқа орналасса, сол кезден бастап, еңбек ресурстарының құрамына кiредi.

Еңбек ресурстарының дамуы қоғамдық ұдайы өндiрiс процесi барысында жүзеге асады. Ол нәтижесiнде қоғамдық өмiрдiң сәйкес жетiлуiне әкелетiн қоғамның еңбек ресурстарының сандық және сапалық өзгерiстерiнде көрiнiс табады. Еңбек ресурстарының дамуы шексiз процесс болып табылады.

Дамыған елдерде шетелдік жұмысшы күшін пайдалану тарихы тереңге бойлайды. Шетелдік жұмысшы күшін тартудың формалары мен құралдары, көші-қон ағымдарының құрамы мен географиясы әр елдерде әртүрлі және көптеген өзгерістеге ұшырады.

Халықаралық көшi-қон мәселесiн зерттеу 60-жылдардың аяғында «экономикалық өсу» моделі аясында белсендi жүзеге асырыла бастады. Бұл модель жұмысшы күшінің халықаралық көші-қоны өндіріс факторларының бірі ретінде экономикалық өсу қарқынына әсер етеді және халықтың көші-қонына әр елдердегі еңбекақы деңгейінің әртүрлілігі себеп болады деп қарастырды.

Кеңейтiлген тұжырымдамада еңбек көшi-қоны –  негiзгi қозғаушы күшi жұмыс iздеу болатын, тұрақты мекен жайын ауыстыруын қарастыратын, жұмысқа тұру мақсатындағы халықтың қозғалысы деп қарастырылады. Кейде еңбек көшi-қоны түсiнiгiне коммерциялық қызметпен байланысты көшi-қон формаларын да жатқызады. Тар мағыналы тұжырымдамада еңбек көшi-қоны – халықтың тұрғылықты жерiн өзгертпейтiн, жұмысқа тұру мақсатындағы уақытша қозғалысы деп қарастырылады .

Еңбек көші-қоны жөніндегі зерттеулердің кеңдігіне қарамастан, экономист ғалымдардың арасында әлі де аталған терминге ортақ ой қалыптаспаған. Әрекет етуші көзқарастарды ескере отырып және бұл процестің мәнінің теориялық концепцияларына сүйене отырып, автор келесідей анықтама береді: еңбек көші-қоны - бұл негізгі мақсаты төлемақысы жоғары және қажетті еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілген жұмыс орынын табу болып табылатын халықтың қозғалысы.

Иммиграция өзiнiң ауқымына байланысты әсiресе, экономикалық өсу мен жергiлiктi жұмысшы күшi тапшы болған жағдайда, көптеген дамыған елдерде еңбек ресурстарының қосымша көзi болып табылады.

Қорыта келгенде еңбек ресурстарының табиғи көзi – халық, ал қосымша көзi кадрларды дайындау мен қайта даярлау жүйесi өзiнiң инерттiлiгiне қарамастан, қысқа мерзiм iшiнде экономиканы қажеттi ресурстармен қамти алмайтындықтан, халықтың көшi-қоны болып табылады. Сондықтан «шетелдiк мамандарды» тарту еңбек ресурстарының ұсынысының деңгейi мен құрылымын жақсартатын ең тиiмдi әдiс болып табылады.

        Халықтың көшi-қонының қоғамға әсерi артып отырғанда, оның тиiмдiлiгiн арттыру (бiлiктi жұмысшы күшiнiң келуi, халықтың экономикалық белсендiлiгiнiң артуы ),терiс әсерiн төмендету үшiн (заңсыз келгендердiң жұмыспен  қамтылуы нәтижесiнде салықтың төленбеуi) көшi-қонды реттеу өзекті мәселе болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Пузакова Е.П. Мировая экономика . – Ростов на Дону: Феникс, 2011

2 Лукашев С. Зарубежный опыт регулирования миграции рабочей силы в условиях глобализации  // Труд в Казахстане.-2009.№5

3 Рязанцев С. Трудовая миграция в СНГ: тенденции и проблемы регулирования //МЭиМО.-2010 .№11