Экономические науки/15.Государственное регулирование экономики

 

Ә.Е. Берікбай ОПЭК-11к тобының студенті

Х. Ертай «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының оқытушысы

Н.З. Омарханов «Жұмысшы жастар одағы» РҚБ-нің төрағасы

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

ЖАСТАР ЖҰМЫССЫЗДЫҒЫМЕН КҮРЕСУДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

 

Мемлекеттің бірден-бір функциясына – еңбекпен қамтуды реттеу, жұмыссыздықтың негативті салдарын жою жатады. Әрбір қалада немесе ауданда төмендегідей қызмет көрсететін халықты еңбекпен қамту орталықтары құрылған: жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу, жұмыс табуға  көмектесу, сұранысқа ие мамандықтарға қайта даярлау. Бұл орталықтарға сонымен қатар пссихологиялық көмек те көрсетіледі. Мемлекет, сонымен қоса, жаппай жұмыстан қысқартуды жоспарлап отырған кәсіпорындарға жұмыс орнын сақтау немесе модернизациялау мақсатында қаржылық қолдау көрсете алады. Бұдан басқа мемлекет кез-келген кәсіпорынға оның халықтың аз қорғалған топтарын (мүгедектер, әйелдер, жастар, көп балалы аналар) жұмысқа алғандығы үшін салықтық жеңілдік жасай алады.

Әрбір елдің жұмыссыздықпен күрес әдістерінің өз тұжырымдамасы болады. Пигу мен оның ізбасарлары зұлымдықтың түбірін жоғары жалақымен байланыстырып, төмендегіні ұсынады:

 - жалақы деңгейін төмендетуге ықпал ету;

 - жұмыссыздықтың өсуіне жалақының жоғарылауы әсер етеді деген қағиданы түсіндіру.

Пигудың ұсыныстарынан бірнеше жұмысшылар арасында жалақы ставкасы мен жұмыс уақытын бөлу әдісі кең көлемде қолданылады. Жұмыссыздықпен күресте екі мектептің көзқарастары бар, олар: кейнсианстық және монетаристік,[1].

Кейнсианстардың пікірінше өзін-өзі  реттейтін экономика жұмыссыздықты жеңе алмайды. Жұмысбастылықтың деңгейі «тиімді сұранысқа» тәуелді.

Дж.-Кейнстің ойыша: тұтынушыда кірістің жоғарылауы салдарынан «инвестицияға қызығушылық» тудырады, бұл өндіріс пен жұмыссыздықтың құлдырауына әкеп соқтырады. Өзін-өзі реттейтін экономикада дағдарыстан құтылу мүмкін емес екендігін көрсеткен кейнсианстар, толық толық еңбекпен қамтылуға жету үшін мемлекеттің экономикалық әсер ету қажеттілігін көрсеткен. Ең бастысы ссудалық пайыз бен инвестицияны жоғарылата отырып, тиімді сұранысты жоғарылату қажет. 60 жылдарда кейнсианстың жақтаушылары жұмыссыздық пен инфляцияны бақылау үшін Филлипстің қисық сызығын ұсынған.

Монетаристер кейнсианстардың Филлипстің қисық сызығына қарсы шыққан. Монетаристердің позициясы бойынша, қаншалықты инфляция жоғары болса, өндірістің  қатысушылары соншалықты өздерінің қызметтерінде алдағы күтілетін бағаның өсуін ескере отырып, оны арнайы еңбек келісімдері, контрактілер арқылы жоюға тырысады. Осыдан, уақыт өте келе инфляцияға стимул жасайтын эффект құлдырай бастайды. Өндірісте қайта іске қосу үшін үкімет инфляцияны қосымша өсіруге мәжбүр болады.

Жұмыссыздықпен күресте қаражатты мүлдем аямау керек: Біріншіден жұмыссыздықты басында жою оның ушыққан кездегі күресінен аз шығынды қажет етеді. Екіншіден, жумыссыздықпен алдын-ала күрес анағұрлым тиімдірек. Үшіншіден, алдын-ала негативті салдарды жоймай қаржылық тұрақтылық мүмкін емес,[2].

Осыған сәйкес, жастар саясатының қазіргі жағдайы мен оның болашағын айқындау мәселесі үлкен өзектілікке ие. Жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау және дамыту Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының стратегиялық маңызы бар басымдықтарының бірі. Жыл сайынғы Елбасының жолдауларында әлеуметтік-хабардар мемлекеттің құрылуы мен дамытылуына айрықша көңіл бөлінеді. Мұндай әлеуметтік мемлекеттің қалыптасуы мен алдағы уақытта тұрақты дамуының шешуші факторы – жаһандану жағдайындағы қазіргі халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес келетін отандық бәсекеге қабілетті жастар қатарын қалыптастыру және дамыту болып табылады. Осындай жастарымыздың болуы – ұлттың гүлденуі мен дамыған азаматтық қоғамның кепілі, яғни, еліміздің демократия институтының тірегі.

 14-29 жас аралығындағы әрбір қазақстандық жас бала өмірінің маңызды бөлігін жұмыспен қамтылу мәселесі құрайды. Жоғарыда айтылып өткендей, өздерінің жас мөлшеріне байланысты жас адамдар қандай да бір салада үлкен тәжірибеге ие болмағанымен, ірі көлемді инновациялық және шығармашылық мүмкіндіктер, сондай-ақ жемісті еңбек етуге деген айрықша құлшынысқа ие.

Жалпы Қазақстанның мемлекеттік жастар саясаты жүйесін бірнеше тармақтарға бөліп қарастыруға болады. Ол негізінен бәсекелестікті дамыту мен азаматтық тәрбиені дамыту сияқты бөлімдерден құрылып, өз ішінде олар білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, баспана, инновациялық даму мен патриоттық сананың деңгейін жоғарылату сияқты мәселелерді қарастырады. Жастар саясатын жүзеге асырудағы негізгі мақсат – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы мониторинг пен бақылау жасау. Елімізде жастар мәселесі әрдайым Елбасымыздың назарында әрі Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес пен Үкімет жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес бұл қызметтерді атқаруда. Сонымен қатар, орталық деңгейде жастар саясатының дамуын қалыптастыруымен және іске асыруымен мемлекетіміздің Білім және ғылым министрлігі, жергілікті деңгейде министрліктің құрылымдық бөлімдері болып табылмайтын облыстардың, Астана және Алматы қалаларының Ішкі саясат департаменттері айналысады, оған қоса басқа да ведомстволар мен мемлекеттік емес ұйымдар жан-жақты қолдау көрсетуде.

Бүгінгі таңда республика бойынша, барлық жастар ұйымдары қызметтерінің белсенділігі байқалады. Жастар ортасында сана-сезімнің артуы байқалып, жауапкершілік, парыз және бастамашылық сезім орын алуда.

Жалпы алғанда, жастар ұйымдарын бірнеше топқа бөлуге болады. Мәселен, біріншіден, мемлекет тарапынан құрылған ұйымдар, екінші, саяси партиялардың жастар қанаттары, олар партия тарапынан қолдау алып, солардың есебінен қаржыландырылып отырады. Осы ретте алдыңғы қатарда тұрған, еліміздің белді партиясы болып саналатын «Нұр Отан» ХДП-ның қолдауымен құрылған «Жас Отан» жастар қанатының жасап жатқан жұмыстарын ерекше бөліп айтуға болады. Үшіншісі, өз беттерімен, жеке өздерінің бастамашылығымен құрылған топтар деп қарастыруға болады.

Жоғарғы оқу орнын бітіріп, қолына диплом ұстаған әрбір жас түлек жұмысқа орналасу жайын ойлаумен болады, өйткені, елімізде жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесі әлі де жүйелі шешілмеген. Әсіресе, тәжірибесі жоқтығын сылтау етіп, (ал, жаңа бітірген жас түлектің қайдан ғана тәжірибесі болуы мүмкін) жұмысқа қабылдаудан бас тартатындар жетіп артылады. Жасыратыны жоқ, жұмысқа орналасу таныс-тамырдың арқасында мүмкін болып жатады. Міне, жастар үшін бұл толғандырарлық мәселе болатыны да осыдан болар. Жоғары оқу  орындары түлектерінің  жұмыспен қамтылу деңгейінің төмен  болу себептері:

Біріншіден, жоғары оқу орындарына белгілі бір мамандықты оқуға түскен жастар еңбек нарығындағы ағымдағы сұранысқа назар аударады. Ал оқуларын аяқтаған жастар заман талабына сәйкес мамандықтарға деген сұраныстың да өзгеріп кеткенін түсінеді.

Екіншіден, техникалық мамандықтар, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар, сондай-ақ, био және нанотехнология салаларындағы мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттар санының арту үдерісіне қарамастан, білім беретін оқу ордаларының профессорлық-оқытушылық құрамы мүлдем өзгермейді, осыған байланысты, студенттерге берілетін білім нарықтағы жұмыс берушілердің талаптарына сай келмей, бұрынғы сабақтастығын сақтап қалады.

Айта кететін жайт, жоғары оқу орны түлектерінің оқу үрдісінде алатын теориялық білімі, іс жүзіндегі дағды мен ептілікті былай қойғанда, еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің талаптарына мүлдем сәйкес келмей жататын жасырудың қажеті жоқ. Осылайша, Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы студенттердің мамандану деңгейі шынайы өмір ағымы мен талаптарына жауап бермейді деуге толық негіз бар. Бұл университет қабырғаларында білім беретін профессорлық-оқытушылық құрамның өзгермеуі мен берілетін білімдердің бұрынғы сарынмен, жаңа үдерістерге сәйкес болмауына байланысты. Ағымдағы өмір көрсетіп отырғандай, жоғары оқу орындарының түлектері өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай, басқа кәсіппен айналысады немесе сұранысқа ие мамандықты алу мақсатында қайта оқуға түсуге мәжбүр.

Мемлекет тарапынан бұл мәселеге назар аударылып, әртүрлі жобалар жасалынып жатқандығын да айта кеткен жөн. Мәселен, республика бойынша «Жастар тәжірибесі» жобасы жасалынып, бұл жоба жоғарғы оқу орындарын, колледждер мен өзге де орта кәсіптік оқу орындарын бітірген жас түлектерге мемлекеттік көмектің қосымша мөлшері болып табылады. Жас мамандар үшін бұл, ең алдымен, басқа да тәжірибелі мамандармен бәсекеге түсу үшін тәжірибе жинақтау мен жұмыс істеудің бастамасы болмақ. Аталмыш жобамен республика бойынша 50 мыңнан астам жас маман қамтылды. Мемлекет басшысының «Жас Отан» Жастар қанатының I Съезінде мемлекеттік басқару, бизнес жүйесі және қоғамдық қызмет саласы үшін жастар кадрлық резервін қалыптастыру туралы тапсырмасына сәйкес, «Жастар кадрлық резерві» жобасы іске асырылуда. Жобаның мақсаты – 29 жасқа дейінгі қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар арасынан басқарушы кадрларды анықтау, іріктеу, даярлау және тәрбиелеу, әлеуметтік маңызды қызметке тарту жолдары арқылы Қазақстанның жастары арасынан ка-дрлық резерв қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты «Дипломмен ауылға!» жобасын әзірлеп, 2012 жылдың шілдесінен бастап жүзеге асырылуда,[3].

Қазақ жастарының негізгі бөлігін ауыл жастары құрайтындықтан жастардың әлеуметтік жағдайын, сауаттылық деңгейін, саяси белсенділігін тек қала жастарының сипатымен қарауға болмайды. Бірақ, өкінішке орай бұл мәселе бізде ушығып тұр. Өйткені, ауыл жастарын ұлттық мәдениетке, ұлттық рухқа, білімге деген көзқарастарын өзгертетін арнайы құрал кітапхана, клуб бәрі жабылып, жастардың бос уақытын өткізуі дұрыс жолға қойылмауы сияқты келеңсіз құбылыстар жоқ емес. Соның салдарынан қыл-мыстың жастар арасында өсуі проблемаға айналып отыр.

Бұл орайда мемлекет тарапынан ұйымдастырылған «Жасыл Ел» бағдарламасы студент-жастарды жазғы демалыс уақыттарында елімізді көгалдандыру мен абттандыру жұмыстарына, сонымен қатар, студенттік құрылыс жасақтарына тартып, жастар арасында қарым-қатынасты нығайтып, еңбексүйгіштік, өз ісіне жауапкершілікпен қарау қабілеттерін арттыруды мақсат етіп, мәселенің алдын алуға тырысуда,[3,б.21].

«Жастар тәжірибесінің» негізгі мақсаты жұмыссыз жастардың кәсіби білімдерін мсеңгеру, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату, жұмысқа тұру мүмкіндіктерін кеңейту болып табылады. «Жастар тәжірибесі» оқу жұмыс орындарында ұйымдастырылып, қызмет ақысы бюджеттік есептен қаржыландырылады. Оқу жұмыс орны – жұмыс берушімен құрылған өндірістегі тәжірибелік жұмыстың кәсіби білімін, дағды мен біліктілігін меңгеруге негізделген қосымша уақытша жұмыс орны. Еңбек жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қорғай органдары  жұмыссыз жастарды жұмыс берушілерде бар вакантты жұмыс орындарына бағдарлай алады. Жұмысқа алушы оқу жұмыс орындарын жасап, және оған жұмыссыз жастарды жұмысқа алу барысында еңбек, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қорғау органдарымен келісім-шартқа отыру негізінде ғана жүзеге асырылады. Жастар тәжірибесіне оқу жұмыс орнына сәйкес келетін кәсібі (мамандығы) бар жұмыссыздар бағытталады. Олардың қатарына:

- кәсіби-техникалық,арнайы орта және жоғары білімді алуды қамтамасыз ететін мекеме түлектері;

- мемлекеттік жұмысқа орналастырудың  бағдарлауымен кәсіби оқуды өткен жастар;

- кадрлардың квалификациясын жоғарылату және қайта даярлауды қамтамасыз ететін мекемелерде оқу курсын өткен тұлғалар;

- еңбек, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қорғау органдарына, ұзақ уақыт жұмыс істемеген әйел-аналар жұмысқа орналаса алады. Бұған ілігу үшін  бала 3 жасқа толғанша белгіленген тәртіппен жұмыссыз ретінде тіркелгендер.

Бұл жобаның ерекшелігі кез-келген жігіттер мен қыздар келіп жұмыс сұрай алмайды. жұмыс сұраушылар жаңадан қандай да бір оқу орнын бітіріп, диплом алған болулары шарт. Яғни жобаның атауы айтып тұрғандай, жастар өздерінің жаңадан алған мамандығы бойынша тәжірибе жинауы тиіс. «Жастар тәжірибесінің» ережесіне сәйкес әрбір жас тәжірибе алу үшін алты ай жұмыс істеуі қажет. Әйткенмен 2012 жылы көптеген жастар бұл жоба бойынша толық алты ай жұмыс істеген жоқ. Мәселен, кейбіреулер бір ай, кей жастар екі немесе үш ай ғана жұмыс істеді. Олар өздерінің тәжірибе алу уақыттарын алты айға толтыру үшін биыл тағы да «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмыс істесе болады. Бірақ, жоба негізінде былтыр үш ай жұмыс істеген адам биыл да үш ай, былтыр төрт ай жұмыс істеген адам енді екі ай ғана жұмыс істей алады,[3,б.2]..

2012 жылы «Жастар тәжірибесі» жобасы негізінде жұмыс істегендерге 15 мың теңге жалақы белгіленгені белгілі. Одан заң бойынша түрлі салықтар ұсталынып, қалған ақшаны әрбір жас нақтылай алды. 2013 жылы аталмыш бағдарлама бойынша жұмыс істеушілер үшін жалақы 20 мың теңге болып белгіленді. Мұнан да табыс салығы, әлеуметтік салық, зейнетақы жарнасы ұсталынып, 17 мың теңгедей жалақы қолға беріліп отырады. Заң бойынша 29 жасқа дейінгілер жас болып есептеледі. Сол себептен 29 жасқа дейінгі адам аталмыш жоба бойынша жұмыс іздеп келген азаматтар қатыса алады. Әр адам «Жастар тәжірибесі» аясында өзінің тұрғылықты жерінде қызмет ете алады. Облысымыздағы әр ауданда жұмыспен қамту жөнінде өкілетті орган бар. Сол жерге әркім өз мамандығына орай жұмыс іздеп барса болады. 2012-2013жж. «Жастар тәжірибесін» жүзеге асыру барысында жұмыс орындарын құру мақсатында  кәсіпорындармен келісім шарттқа отырып, жоспарда белгіленген жас түлектерді жұмысқа орналастыру шаралары жүзеге асырылды.(қосымша З)

Аталмыш жоба бойынша кей мекемелерге тәжірибе жинауға барып, сол жерде өзін білікті маман ретінде көрсете алатындар тұрақты қызметкер болып  қалуға мүмкіндіктері бар. Мысалы, өткен жылы «Жастар тәжірибесі» негізінде 14. 971 адам түрлі мекемелерге  барса, солардың ішінен 651-і өздерінің қабілеттілігін көрсетіп, сол жерлерде тұрақты қызметкер болып қалған. Жастар практикасына жоғары және орта кәсіби білім беретін мекемелердің түлектері жіберілді. Ал оның ұзақтығы алты айдан аспауы тиіс. Бұл бағдарламаның жүзеге асуы мен бөлінген қаражаттың қайда жұмсалғаны туралы ақпарат БАҚ таратылмады. Жалпы алғанда, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын кеңейту барысында 51 мың жас маман жіберілген 13 мың кәсіпорынмен келісімшарттарға қол қойылған болатын,[4,б.54].

Сонымен қатар, оқу жұмыс орындарына үш жасқа дейінгі  балаларына қарап отырған, кейін  12 ай мерзім ішінде еңбек жұмысқа орналастыру және әлеуметтік  қорғау органдарына тіркелу қажет. Жұмыссыз жастарды  уақытша жұмысқа орналастыру еңбек, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қорғау органдарының бағыттауымен оқу жұмыс органдарына орналасқан жұмыссыздар мен жұмысқа алушылар  6 айға жедел еңбек  шартын бекіту арқылы ұйымдастырылады. Бұл шартта жұмысқа орналасқана азаматтың мамандығы, кәсіби және квалификациясы көрсетімді, жұмыссызбен индивидуалды оқу жоспары құрылады. Кіші және  орташа қалалық  жердегі ұйымдарға еңбек, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қорғау органы бағыттаған жұмыссыздарды оқу жұмыс органдарына алатын болса, және ол жерде тұрақты жоғары жұмыссыздық деңгейі болатын жағдайда, жұмысқа алушы  жұмыссызбен жыл көлеміндегі келісім-шартқа отырады. Жұмыс барысында жұмыссызбен құрылған және келісілген индивидуалды оқу жоспары жүзеге асырылады. «Жастар тәжірибесінің» аяқталу мерзіміне дейін индивидуалды оқу жоспарын  ойдағыдай орындағын  жұмыссыздың квалификациясы (разряды) белгіленген тәртіппен жоғарылатылуы мүмкін.

Жұмысқа алушының шешімі бойынша «Жастар тәжірибесінің» аяқталу мерзіміне дейін жұмыссыз тұрақты жұмыс орнына алынуы мүмкін. Жұмысқа алушының немесе жұмыссыздың иннициативасы бойынша еңбек шарты мерзіміне дейін бұзылатын болса, жұмысқа алушы бұл туралы  профсоюзды ескертіп, еңбек, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қорғау органдарына 3 күн мерзім ішінде жұмыссыздың жұмыстан кету себептерін көрсетіп ақпараттандыруы тиіс. Жұмыстан кету еңбек кодексінің заңдылығы бойынша жүзеге асырылады. Жұмыс берушілердің көпшілігі жас кадрларды «қосымша оқытуға» қаражат шығындауға дайын бола бермейді. Сонымен қатар, жұмысқа орналасқан жоғары оқу орындарының түлектері үшін ешқандай әлеуметтік көмек, ең алдымен, тұрғын үй алу мәселесі қарастырылмаған. Осылайша, бүгінгі таңда Қазақстандағы ер адамдардың некеге тұру жасы 28-30 құраса, әйел адамдардың ішінде – 27 жасты құрайды . Сол себептен де, жұбайлардың жасы 29 аспайтын, сондай-ақ балалары бар жас отбасына арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алу мүмкіндігі де өте төмен. Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алатын жас мамандардың қатарынан жастарды көру мүмкін емес, ал қазіргі жағдайда олардың басым бөлігінің жалақысы отбасын асырауға де жетпей жатады,[5,б.2-6].

Жұмыссыздардың жалақысы бекітілген заңдылық бойынша жүзеге асырылып, минималды еңбек ақы деңгейінен  төмен болмауы тиіс. жұмысқа алушы ай сайын еңбек, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қорғау органдарына жұмыссыздың еңбегіне төленген шығынның деңгейі туралы анықтама көрсетуі тиіс. Көрсетілген шығындардың ішіне орындалған жұмыстың жалақысы және өтелген жұмыс уақыты, міндетті сақтандыру жарнасының суммасы кіреді.

Жастар тәжірибесінің  мүмкіншіліктері:

- кәсіби тәжірибені меңгеру;

- өз-өзін көрсете алу және ары қарай жұмысқа орналасуға мүмкіншілік;

- мемлекеттен қаржылай қолдау алу(мансаптың алғашқы 180 күнінде)

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты» Заңы жастарды жұмыспен  қамту, кәсіби даярлау, квалификацияны жоғарлату, мемлекеттік ұйымдар мен жекеменшік кәсіпорындарында жұмыс орындарын тауып беруде әсер етуге кепіл береді.

Жастар тәжірибесіне қатысу шарттары:

«Жастар тәжірибесінің» 2013 жыл түлектеріне, иеленген мамандықтары бойынша алғашқы  жұмыс тәжірибесін меңгеруге қосымша  мемлекеттік қолдау көрсету болып табылады. Жұмыссыздар жастар тәжірибесін ұйымның жекеменшік формасынан тәуелсіз кез-келген жерде өткізе алады. Мемлекет жастар практикасы бойынша жұмыс істеп жүрген азаматтарға ай сайын 20000 (жиырма мың) теңге көлемінде жалақы төлеп тұрады. Жұмыс беруші өзінің шешімі бойынша практикантқа қосымша үстеме  төлеуге құқығы бар. Жастар тәжірибесінің максималды мерзімі 6 ай. Бұл бағдарламаға кәсіби білімі бар, бірақ жұмыс тәжірибесі жоқ және еңбекпен қамту органдарына жұмыссыз ретінде  тіркелген 24 жасқа дейінгі  жастар қатыса алады.

Жастар тәжірибесіне қатысу шарттары:

Бірінші қадам. Құжаттарды дайындау:

1 Жеке бас куәлігі

2 Диплом

3 СТН

4 ӘЖК

5 Зейнетақы қорымен жасалған келісім-шарт

6 «Халық  банкі» АҚ-да ашылған есепшот

7 Үй кітапшасы немесе адрестік бюродан алынған анықтама,[6,б.12-16].

Екінші қадам. Жастар тәжірибесін жүзеге асыратын орынды іздеу(жұмыс беруші)

Бірінші нұсқа: жұмыссыз жастар практикасы бөлімшесінің сайтында тіркеліп, жұмыс іздеушінің анкетасын толтырады, артынан жобаның координаторы жұмыссызды әңгімелесуге шақырады. әңгімелесудің қорытындысы қарай координатор жұмыс іздеушіге өзін маман ретінде көрсете алатын  кәсіпорындар тізімін ұсынады. Екінші нұсқа: жұмыссыз сәйкесінше еңбекпен қамту басқармасы мен жақын жердегі әлеуметтік бағдарламаларға көмек сұрап бара алады. Үшінші нұсқа: жастар практикасын жүзеге асыру орнын жұмыссыз өзі іздеп таба алады.

1 Тіркелу 500 теңге (2013 ж. жәрмеңкеге қатысу және жұмыс берушілердің тізімін алуға рұқсат беру);

2 Жұмысқа орналастыру қызметіне 5000 тенге ҚҚС (қосылған құн салығы НДС). Жұмысқа орналасқан азаматтың алғашқы жалақысынан кесіледі.

3 Курстық оқыту қызметі 500-ден 7000 теңгеге дейін.

Үшінші қадам. Жұмыс берушімен келісім-шартқа отыру. 1 Жұмыс берушімен жастар практикасына қатысуға құқық беретін бағыт талонын толтырып, оны бұйрық көшірмесімен қоса жұмысқа орналастыру және әлеуметтік бадарламалар басқармасына тапсыру; 2 Жұмысқа орналастыру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бекітілген типтік келісім-шартқа қол қою. 3 Жұмыс берушімен келісім-шартқа қол қою. 4 Жұмыс берушіге жеке бас куәлігі, СТН, ӘЖК, диплом және еңбек кітапшасының көшірмесін тапсыру.

Бір кездері қолына дипломын алған жас түлектер туған ауылына оралудан гөрі, сол оқу орнын тамамдаған қалада қалып немесе ел орталығына асып еңбек етіп, жаппай сонда тұрақтап жатты. Себебі сол сәтте еліміздегі ауылдардың бәрі қиын жағдайды бастан кешіп, тоқырауға тап келіп жатты. Жастардың дені қалаға ұмтылды. Осының салдарынан ауылда жасы егделер мен бала-шаға қалып, жастар күрт азайып кетті. Маман тапшылығы қатты сезіле бастады. Дәрігердің болмауынан ауылдықтар бірнеше шақырым жердегі аудан орталықтарына ат арылтуына тура келді. Ал мектепте мұғалімнің жетіспеуінен жағрафия пәні маманы, химия, физика сияқты жаратылыстанудың күрделі салаларын балаларға үйретулеріне тура келді. Осыдан барып, ауылдағы жас жеткіншектердің білім сапасы төмендеп, науқас жандар көбейіп, ана мен бала өлімі белең алды. Ауыл күйі күйрей бастады. Дегенмен уақыт өте келе, ерен еңбектің арқасында еліміздің экономикасы қайта даму үрдісіне бет алып, жағдай дұрыстала бастады. Елбасы ауыл жағдайын көтеру үшін арнайы шаралар қабылдап, Үкіметке тиісті тапсырмалар берді.

2012 жылдан бастап Ауылшаруашылығы министрлігінің бастамасымен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанатының бастама-қолдауымен «Дипломмен - ауылға!» жобасы қолға алынды. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен "жас отандықтардың" бастамасы бойынша, тiкелей президенттiң тапсырмасымен 2008 жылдың қаңтар айынан бастап iске асырыла бастаған болатын.  Бұл жоба барлық жасерекшелік  жастағы азаматтарға қолдана береді. Қазіргі уақытта еліміз бойынша, жоғарғы оқу орындарын жыл сайын шамамен 600 мыңнан астам студент бітіріп шығады. Бұл жобаның жоспары  бойынша 2012-2011 ж. 26000 азамат жұмысқа қабылдануы тиіс. Ал соңғы мәліметтер бойынша бағдарлама аясында 10 мыңға жуық жас маман жұмысқа орналасыпты. Мысалы, 2013 ж. қараша айына 2560 өтініш білдіріліп, соның ішінде  1027 ғана бюджет саласына орналасыпты. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Оразаев М. айтуы бойынша, олардың 78% - мұғалімдер, ал қалғандары – денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет пен спорт салаларында жұмыс істейтін мамандар. Оларға шамамен 600 млн теңге қаражат бөлініпті. Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін бұл жеткіліксіз. Патерналистік қоғам үшін мемлекеттің тарапынан бұл көрсетілген көмектің материалдықтан бұрын, психологиялық маңызы басым. Бұл үшін құзіретті мекемелер тарапынан бағдарламаның орындалуын, жауапты органдардың қызметін қадағалауды күшейту қажет. Оқуын  бітіріп, ауылға қайтуды жоспарлап отырған жастарда бағдарламаға деген белгілі бір қызығушылық та жоқ емес. Қазір аталған бағдарлама бойынша Алматы, Ақмола, Оңтүcтік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарына жұмысқа барғысы келетіндердің қарасы көп. Жастарды тарту мақсатында Алматы қаласында «Дипломмен ауылға» атты бейімдеу орталығы ашылды. Қазірдің өзінде 2000-дай жас маман орталыққа келіп кеңес алып, қызығушылық танытқан. Ауыл шаруашылығы Министрлігінің мәліметі бойынша 2012 жылы әлеуметтік саланың 6 582 маманы ауылдық жерлерге көшіп, жұмысқа тұрды. Бұл жоба 6 582 маманның қызметке тұрып, үлкен өмірге қадам басуына жасалған үлкен көмек болды.

«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша   берілетін әлеуметтік көмектерден орташа есеппен  90 720  теңге көтерме жәрдемақы беріліп, 25 пайыздық көтерме жалақы тағайындалып жатыр. Жас мамандарға  тұрғын үйге алты жүз отыз айлық есептік көрсеткіш деңгейінде несие алу үшін құжаттар тапсыруға болады. Алайда бұл  жобада жер алып үй салу тарапы қаралмай қалған. Бұл өмір жолын енді бастаған жас мамандарға таптырмайтын бастама болып табылады.

«Ауыл жастары» бағдарламасы бойынша, әрбіреуіне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы төленеді. Педагогика мамандары үшін жұмыс орындарын табу қиынға соқпағанымен, жас дәрігерлердің мәселесі сол ашық күйінде қалды. Жастардың ауылдық жерлерде жұмыс істеуден бас тартуының негізгі екі себебін атап көрсетуге болады: жалақысы жоғары жұмыс пен қазіргі заман талабына сай инфрақұрылымның жоқтығы. Оларға мемлекеттік қолдаумен қатар, жергілікті билік органдарының батыл әрекеттері ауадай қажет. Атап айтқанда, аудандық бюджеттерді бекіту кезінде жастарды ауылдық жерлерде үлкен сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту үшін қосымша қаражаттың бөлінуін қарастыру қажет. Сонымен қатар, жас мамандарға жеңілдіктер бойынша тұрғын үй беру, мал мен жер телімдерін сатып алуда көмек көрсету, қажет жағдайда – жас мамандардың балаларының мектепке дейінгі мекемелерге орналастырылуын қамтамасыз ету сияқты механизмдерді қолданып, аудандық бюджеттерден қосымша қаражат бөлу қажет. «Жас Отан» ЖҚ аясында «Жастар – Отанға» жобасы жастар арасындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталған. Осылайша, 2012 жылы билік органдары жастардың 50 әлеуметтік жобаларына қолдау көрсеткен болатын. Осылайша, бүгінгі таңда Республика аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінде, 2012 жылғы көрсеткіш бойынша жоғары оқу орындарының жұмыспен қамтылу ісінде «Дипломмен ауылға» жобасы ең үлкен жетістіктерге жетті, ал оның аясында 6 582 маман жұмыспен қамтылды. Қалған жобалардың жұмысына қатысты жүргізілген сараптама көрсетіп отырғандай, олар жоғары оқу орындарының түлектерін кешенді жұмыспен қамту ісінде өз тиімділіктерін көрсете алмады. Жұмыспен қамтылған жас мамандардың саны бойынша екінші орын алатын жоба – «Жастар практикасы» болып отыр.

Ең дұрысы – соңғы курстардағы болашақ мамандарға жетекшілік ету, олардың іс-тәжірибеден өтуін ұйымдастыру, оқу орнын аяқтаған жас мамандарды жұмыспен қамту міндеттерін атқаратын арнайы ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен оқу ісін іс-тәжірибемен қатар алып жүру. Мұндай орталықтың қызметі Алматы қаласында түрлі мамандықтар бойынша әртүрлі мекемелердегі жұмыс орындары туралы мәліметтер қорын құру болуы мүмкін. Мәліметтер қорын құру, ағымдағы бос орындар мен болашақта босайтын жұмыс орындарын бір орталықтан реттеу – қоғамымыздың басты жарасына айналған жемқорлықты ауыздықтауға мүмкіндік берер еді. Сондай-ақ, жастардың шақырған жерге жұмысқа шыға беруін болдырмай, мамандардың игерген мамандықтары бойынша қызметке тұруына көмек көртсетілуі тиіс. Және де, бұл студенттердің екінші жоғары білім алуына немесе қайта мамандануға жұмсаған шығындарын қысқартып, мемлекеттің тарапынан бөлінетін гранттарға шығындалған қаражат көлемінің құр бос кетпеуін қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жас мамандардың игерген мамандықтары бойынша жұмыспен қамтылуы еңбек нарығында қалыптасқан жағдайды түзетуге мүмкіндік береді.

Жоғарыдағы қанатты сөздерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының болашағы - жастар екені дәлелдеуді қажет етпейтін сөйлем екенін аңғара алатын болдық. Және де, жастар саясатын жүзеге асыруда әлеуметтік жұмыстың рөлі аса маңызды екені байқалды.

Қорытынды түйін жасай отырып, ХХІ ғасыр тоғысында қоғам мен әлеумет арасында әлеуметтік жұмыстың рөлі артып, Қазақстан мемлекеті дамыған, бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттердің қатарына қосылатынына зор сенім білдіре аламыз!

Пайдаланған әдебиеттер

1.       Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы, 17.01.2014.

2.       Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңы //Егемен Қазақстан. -2004. -№176. – 14 шілде.

3.       "Қазақстан 2020: болашаққа жол" Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы, 2013.

4.       Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 191 қаулысы, 27.02.2013.

5.       БҰҰ Бас Ассамблеясының  «Жастар дамуының 2000 жылға дейінгі дүниежүзілік іс-қимыл бағдарламасының  50/81 қарары» Заң газеті, 14 тамыз.2012 жыл.

6.       Президенттің Қазақстан халқына "Бәсекеге қабiлеттi Қазақстан үшiн, бәсекеге қабiлеттi экономика үшiн, бәсекеге қабiлетті халық үшін" Жолдауы// Егемен Қазақстан №34. 19 наурыз 2004 жыл.

7.       «Болашақ степендияттарының Форумы» Дала мен Қала,15сәуір 2008.

8.       Халықты жұмыспен қамту туралы Қазақстан Республикасының Заңы №149-II  Заңы I тарау, I бап, 23 қаңтар 2010.

9.       Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2012-2013 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы №1459 Жарлық, 11 қазан 2012.