э.ғ.к., доцент Аязбаева Г.Н.,  студент Кабден А. З

Алматы менеджмент университеті, Казахстан

Қоғамның дамуындағы қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасы экономикасын мемлекеттік реттеу

 

Экономиканы мемлекеттік реттеу – жеке ғылыми экономикалық пән болып табылады және ол тиімді нарықтық қатынастарды қалыптастыруды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық процестерге ықпал ету тетіктері арқылы еліміздің экономикалық өмірінде мемлекеттің қандай формада қатыса алатынын зерттейтін пән ретінде саналады. Сондықтан біз еліміздің қоғамдық өмірінде мемлекеттік реттеудің қажеттілігіне қатысты мәселеге ғана тоқталайық.

Бұл жерде «араласу» деген сөз, әрине, тікелей мағынасында берілген жоқ, ол – нарықтық қатынастар дамып келе жатқан кезде объективтік қажеттілік ретінде қолданылып отыр. Зерттеулер мен тәжірибе – реттелмейтін нарық еш жерде жоқ екенін көрсетіп берді. Нарық «ұжымдық игіліктерді тиімді түрді өндіруді және табысты әділ бөлу үшін сыртқы ықпалдың болуын», яғни мемлекет тарапынан араласуды қажет етеді.

Әлеуметтік-экономикалық үрдістерді мемлекеттік реттеудің қажеттілігі, халықтың жиған қорын және инвестициялық ресурстарды пайдалану арқылы жиынтық сұраныс пен елді жұмыспен толық қамтуды ынталандыру үшін фискалды және қаржы-несие саясатын тиімді жүзеге асыру дегенге келіп тіреледі.

Осылайша, мемлекеттік реттеудің мақсаты – нарықтық жүйенің жұмысын құқықтық тұрғыдан: өндірушілер мен жеткізіп берушілер және өнімді тұтынушылар арасында заңды да, тиімді де қарым-қатынастарды қамтамасыз ету болып табылады.

Қазіргі өтпелі кезеңдегі мемлекеттік реттеудің мәнісі – ескі жүйені толығымен қирату емес, жиналған оң тәжірибенің негізінде экономиканы реттеп отырудың әлдеқайда ұтымды жүйесін қалыптастыру. Реттеп отыратын осындай тиімді жүйені құру үшін келесі шараларды жүзеге асыру қажет:

- қаржы жүйесін сауықтыру, жоспарлаудың индикативті әдістеріне көшу, қаржы тетіктерін дұрыс пайдалану;

- тиімділігі төмен кәсіпорындарды нарық талаптарына бейімдеу үшін жағдай жасау (дотациялар мен субсидиялар). Келесі сатыда – мемлекет меншігінен алу, мемлекет үшін тиімді шарттармен меншікті жекешелендіру;

- өндіріске ғылым мен техниканың, технологияның ең жаңа жетістіктерін енгізу, ресурс үнемдеуді дамыту. Мақсатты жоспарлау мен бағдарламалар жасау арқылы, ұтымды түрде реттеп отыру, сондай-ақ мемлекет тарапынан тікелей және жанама әдістермен құрылымдық өзгерістерді ынталандыру – осы үрдісті елеулі түрде тездетеді;

- халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған кешенді шаралар мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін әлеуметтік саясат жүргізу;

- монополияға қарсы айқын саясат жүргізу, монополистердің жұмысына мемлекеттік бақылауды күшейту, ірі монополистердің меншіктерін акциялағанда мемлекет үлесін ұлғайту.

Мемлекеттік реттеудің басты тетіктері: баға, салықтар мен салықтардың кейбір түрлеріне берілетін жеңілдіктер, қаржы ресурстарын бөлу, несие пайыздары, ренталық төлемдер, еңбекақы төлеу кестесі, зейнетақы, жәрдемақылар және т.б.

Мемлекеттік реттеудің ең басты элементтерінің бірі – бағаларға бақылау орнату. Әсіресе, шикізаттарға бағаны бақылау – ерекше маңызды, өйткені нарық жағдайында өнімнің барлық түріне бағаны бақылау, іс жүзінде мүмкін емес. Сонымен бірге, әлеуметтік тұрғыдан маңызды тауарларға, азық-түліктің кейбір түрлеріне, бірінші кезекте, нанға бағаны мемлекет реттеп отыруы керек.

Тәжірибеде: еліміздің шаруашылық кешенінде, өмірдің әрбір саласында, әрбір бағытында, әрбір аймақтың өзіндік ерекшеліктері, өзіне ғана тән белгілері болады және әрбір субъект өз жұмысын жүргізгенде, өзінің шаруашылық мүддесін басшылыққа алып отырады. Олар да мемлекеттік реттеу объектілері болып табылатындықтан, оларға қатысты реттеу шараларын жеке қолдану керек. Сондықтан реттеу – шаруашылық қызметтің нормативтері ретінде нарықтың құн шығаратын құралдарын пайдалану принциптеріне негізделуі қажет, ал ол, негізінен, мыналарға келіп тіреледі:

- тауарлық өндіріс заңдарымен шартталған құндық категорияларды сандық деңгей шеңберінде реттеп отыруды жоспарлы түрде қамтамасыз ету, нақты айтсақ, дайын өнім түрінде көрінетін қоғамдық еңбек шығындары – оған деген қоғамдық тұтыну мөлшеріне сай келу заңына негізделуі керек;

- құн шығаратын категорияларды өндірістің құрылымдары мен көлемін және тұтынуды реттеп отыратын құрал ретінде пайдалану;

- тауар өндірушілерге өндіріс көлемі мен құрылымдарға қатысты және белгіленген құндық шеңберінде өнімді тарату мен сатуда шешім қабылдауына толық еркіндік бере отырып, жалпы мемлекеттік жоспарлы көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған шаруашылық іскерлікті ынталандыру;

- қоғамға қажет өнімдерді шығару – тауар өндірушілерге де пайдалы болатындай етіп, тауар өндірушілердің экономикалық мүдделері –мемлекеттің мақсатымен сәйкес келетіндей, екі жақтың мүдделерін жақындату және түбінде, бір жерден шығатындай жағдай қалыптастыруға қол жеткізу. 

Осылайша, мемлекет тауар өндірушілерге, меншік пен шаруашылық жүргізу формасына қарамастан, өз өндірісінің жұмысын жоспарлауда, өзіне құқық бере отырып, нарықтық деңгейдің сандық көрсеткіштеріне қатысты тапсырма бере алады. Оның шеңберінде тауарөндіруші өзіне экономикалық тұрғыдан біршама пайдалы болып келетін өндіріс құрылымын өзі таңдап алады. Жоспарланған негізгі нарықтық нормативтерге: бағалар мен тарифтер, салықтық төлемдердің ставкалары, банктік пайыздың ставкалары, орталықтандырылған инвестициялар мен дотациялар жатады. Аталған нормативтер тауар-ақша қатынастарын жоспарлы түрде реттеп отыратын негізгі құралдар жиынтығы болып табылады.

Шетелдік мемлекеттердің нарық экономикасын құру тәжірибесін зерттегенде, Қазақстан олардың модельдерін көшіріп алуына болмайды, себебі әрбір мемлекет нарықтық экономиканы құрғанда, өзінің ерекшеліктеріне – табиғи-экономикалық, тарихи, экономикалық даму деңгейіне сай, өз моделін таңдап алуы тиіс.

Ғылыми зерттеушілер мен экономистердің пікірінше, экономиканы мемлекеттік реттеудің мәнісі мыналарға келіп саяды:

- экономиканы мемлекеттік реттеудің міндеттері: өтпелі кезеңнің алғашқы сатысында экономиканы либерализациялау шараларын жүзеге асыру; екінші сатыда – экономиканы тұрақтандыру шаралары және соңғы сатыда – тиімділікті арттыру шаралары мен қарқынды даму;

- экономиканы мемлекеттік реттеу – әр жақтың мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етуі, яғни, бір жағынан, нарықтық механизмдерді пайдалана отырып экономикалық реформалардың тиімді түрде жүзеге асуын қамтамасыз етуі керек, екінші жағынан, табыс пен ресурстарды бөлуде –әділдікке қол жеткізуі;

- экономиканы мемлекеттік реттеудің келесі міндеті – жақын және алыс болашаққа арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың бағдарламаларын жасау, ол біздің мемлекетте жүзеге асып та жатыр;

- мемлекеттік реттеу – ҚР-дың барлық аймақтарының өз бетінше әлеуметтік-экономикалық дамуының экономикалық базасын нығайтуға бағытталуы тиіс;

- орталықтың бюджетті бөлу принципі негізінде аймақтардың қаржылық тәуелсіздігін күшейту;

- аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейлерін теңестіру, сондай-ақ төтенше жағдайдағы табиғи-экономикалық аймақтарда орналасқан облыстарға жан-жақты қолдау көрсету;

- сондай-ақ, мемлекеттік реттеу – ҚР-да және аймақтарда ортақ тауар нарығын қалыптастырудың негізі.

 

 

Әдебиет:

 

1. Современный менеджмент. Учебное пособие. Под ред. Абдильдина С.А. Алматы. «Агроуниверситет» 2009 – 352.

2. К. Джуманов. Некоторые вопросы повышения эффективности экономического роста в свете задач «Казахстан-2030». – Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 144 с.

3. К.Е.Бердалиев. Основы управления экономикой Казахстана. Алматы: Экономика, 1998. – с. 148

4. Г.Н.Гамарник. Управление экономикой Казахстана: методология, подходы, пути реализации: Монография. – Алматы: Экономика, 2002.- 281 с.

5. Экономика Казахстана на пороге XXI века. Сб.научн.ст./Под ред. д.э.н., проф. Н.К. Мамырова, Алматы: Экономика, 1998. – 825 с.          

     6. Н.К. Мамыров, Ж.Ихданов. Государственное регулирование экономики в условиях Казахстана (теория, опыт, проблемы).