э.ғ.к., доцент Аязбаева Г.Н., студент  Бейсен А.А

Алматы менеджмент  университеті, Казақстан

Жапон менеджментінің ерекшеліктері мен негізгі сипаттамасы

 

Басқармалы экономика дегеніміз, экономикалық теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты қысқартатын экономикалық зерттеудің бағытын білдіреді. Оны оқып, үйрену қажет, себебі ол тек табыс әкелетін ұйымдарды ғана емес, сонымен бірге табыс табуды көздемейтін, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерді де басқарған кезде дұрыс шешімдер қабылдау үрдісіне пайдасын тигізеді.

Ал бұрынғы кеңестік ұйымдар нарық қатынастарында енді ғана жұмыс істей бастағандықтан, олар үшін Батыстың да, Шығыстың да осы саладағы тәжірибесімен танысқаны артық болмайды. Әсіресе, әлемдік нарықта экономиканың дамуы жағынан жетекші орында келе жатқан екі ұлы державаның: Жапония мен АҚШ-тың тәжірибесіне ерекше тоқталайық.

Жапон менеджменті мен бизнесі екі фактордың ықпалымен қалыптасты: ұйымдастыру мен басқарудың шетелдік тәжірибесін (ең алдымен американдық) шығармашылық түрде игеру мен ұлттық дәстүрді сақтау арқылы.

Іс жүзінде барлық дерлік шетелдік мамандар жапон халқының еңбекқорлығын ұлттық мінез ретінде атап көрсетеді. Жапондар дүние жүзі бойынша ең көп жұмыс істеп, ең аз демалатын халық. Жалпы, өзінің алғашқы жеңілісін, келесі жолы жеңіске жетуге итермелейтін стимул ретінде қарау – жапондықтарға тән қасиет: олар: «кедергіні даму факторы» деп қарайды.

Екінші дүниежүзілік соғыста ойсырай жеңілген Жапония тек еңбекқорлығы мен үнемшілдігінің арқасында өз мемлекетінің экономикалық гүлденуіне қол жеткізді. Олар 1946 жылы қабылдаған ұлттық ұранды осы қасиеттің арқасында жүзеге асыра білді, ал ол ұранның мазмұны «не экспорт, не өлім» дегенге келіп

Жапондықтардың ұжымдық еңбекке бейімділігі және патернализмі –олардың демократиялық формада жұмыс істеу қабілетінен көрінеді («бәріміз біргеміз және бәріміз бірдейміз»), мысалы, фирманың басқарушысы мен қатардағы қызметкері бірдей және қарапайым киінеді және бәрі бір асханада тамақтанады.

Олар Батыстан жаңа идеяларды қабылдауға құмар келеді және сол идеяларды өзінде шығармашылық түрде өңдеп, керек десеңіз, идея шыққан елге қарағанда әлдеқайда жақсы, ұтымды түрде пайдаланады. Сонымен қатар, жапондықтар өздері де интеллектуалды жаңалықтар ойлап табуға қабілетті халық. Тағы бір атап өтетін жайт: олар жаңалықтарды революциялық емес, эволюциялық жолмен енгізуді жақсы көреді, ескірген әдістер (жүйелер, өндіріс технологиялары) қиратылмайды, қалыптасқан жағдайларға байланысты жаңа жүйелерге енгізіледі немесе бейімделеді я болмаса ығыстырылып шығарылып, артынан – ескі өзінен өзі жоғалады. Бұл үшін: оның баламаларына, салдарларына, пайдаланса қандай нәтиже беретініне қатысты барлық ақпарат толық және мұқият жиналады.

Жапондықтардың еңбектегі табыстарын осындай ерекшеліктермен түсіндіруге болады. Алайда Жапонияның экономика саласы мен рухани дамудағы табыстары күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі екенін әрқашан есте ұстау керек. Міне осындай еңбекқорлық – ұйымдастыруды дұрыс жолға қоя білумен бірлесе келе, оларға өз экономикасы мен әлемдік экономикада керемет табыстарға қол жеткізуін қамтамасыз етті.

Жапон менеджментінің мәнісі – адамдарды басқара білуінде жатыр. Мұнымен қатар жапондықтар бір адамның (тұлға) ғана емес, адамдар тобының еңбегін мойындайды. Осы әдістің арқасында әрбір жапондық – өзі жұмыс істейтін фирманың ажырамас бөлігі ретінде қарап, компания үшін жанын беруге дайын тұрады. Сондықтан менеджменттің жапондық түрі –басқарудың «әлеуметтік адамға» есептелген түрі болып саналады. 

Қызметкерлерді жұмысқа ынталандырудың өзіндік жүйелері мен себептері бар. Ынталандыруға мыналар жатады: жалақы, еңбек жағдайы, басқару стилі, қызметкерлер арасындағы тұлғааралық қарым-қатынас. Еңбекке деген мотивтер ретінде: жұмысшының еңбек табыстарын, оның жетістіктерін мойындау, қызметінің өсуін, кәсіби біліктілігінің шыңдалуын, жауапкершілік деңгейі мен жұмысына шығармашылықпен қарауы сияқты қасиеттерді атауға болады.

Жапон менеджментіндегі жедел басқаруда орталық орын сапаны басқаруға беріледі. Өндіретін өнімнің сапасына әр түрлі көптеген фактор әсер етеді. Олардың әрқайсысының әсерін тек статистикалық әдіспен есептеуге болады, соның арқасында ақаудың себебін тауып, технологиялық үрдісті реттеуге болады, нәтижесінде болашақта ақаулар шығу мүмкіндігі барынша азаяды. Бұл жүйенің негізінде «фирма шеңберінде сапаға жаппай бақылау орнату» концепциясы жатыр. Сапаға бақылау – өндірістің барлық сатысын қамтиды. Сондықтан жапон экономикасының барлық саласында «сапа топтары» (үйірмелер) жұмыс істейді, олар технологиялық проблемалардан бастап, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге дейін шешеді.

Жапон компанияларында стратегиялардың келесі түрлері қолданылады: «өнім – нарық», маркетинг, бәсекелестік, инновациялар; шетелдік өндірістер; экспорт; лицензиялық айырбас. Стратегияны таңдағанда, олар келесі принциптерді ұстанады:

- өндіру үшін технологияның жоғары деңгейін талап ететін шағын көлемдегі, ықшамды өнімдер – экспортқа есептелуі керек;

- көлемі жағынан үлкен емес және өндіру үшін озық технологияларды қажет етпейтін өнімдер экспортқа, сондай-ақ өндірісті шетелде ашуға да есептелінеді. Бұл жағдайда өндірістік бақылауды жүзеге асыру онша қиын емес, сондықтан мұндай өндіріс орындары дамып келе жатқан мемлекеттерде ашылады;

- озық технологияларды қажет ететін орта көлемдегі өнімдерді шетелдерде шығаруды ұйымдастырған жөн. Оларды шығаруға жоғары технологиялық деңгей қажет болғандықтан, олар – ең күшті бәсекеге қабілетті өнім бола алатыны кепіл. Алайда мұндай тауарларды керек жеріне жеткізу үшін ерекше жағдай қажет болғандықтан, тасымалдау шығыны да өте көп болады. Сонымен бірге олардың кең көлемде шығарылатынын және сыртқы нарыққа арналғанын есепке алса, мұндай шетелдік филиалдарды бас компаниядан басқару қиынға соқпайды;

- ауыр энергетикалық құрал-жабдықты (электрогенераторларды) шығаруды – шетелдік филиалдарға тапсыру тиімсіз, себебі ол арнайы тапсырыспен ғана шығарылатын өнім болғандықтан, ондай өндірісті алыстан басқару қиын;

- шикізат тауарларын өз бақылауында ұстайтын шетелдік кәсіпорын-дардан алған тиімді немесе бірлескен кәсіпорын ашып, оны сол жерде өңдеген ұтымды;

- азық-түлік пен мата өнімдері жоғары технологияны қажет етпейтіндіктен, олар негізінен ішкі нарыққа есептелген, алайда кең танымал тауарлық белгісі бар өнімдер экспортталуы мүмкін, тіпті кей жағдайларда олардың өндірістік филиалдарын ашқан жөн болады.

Көптеген жапондық компаниялар шетелге инвестиция шығару стратегиясынан гөрі, экспортты кеңейту стратегиясын қолдайды. Олар мұны, ең алдымен, шетелдерге капитал құюдың тәуекелдік қаупімен байланыстырады. Ал көп кездесетін тәуекелдер деп – олар мыналарды санайды:

- филиал орналасқан елдің кәсіподақтары жергілікті қызметкерлердің жалақысын көтеруді талап етуі мүмкін;

- еңбек өнімділігі жоспарланған межеден әлдеқайда төмен болуы мүмкін;

- филиал шығарған өнімнің сапасы орталықтағы бас компания шығаратын өнімнен әлдеқайда төмен болуы мүмкін;

- саяси, экономикалық және конъюктуралық жағдайлармен байланысты тәуекелдер.

Жапон компанияларының табысты жұмысының факторлық модельдері келесідей болып келеді:

1) бас компанияның жоғары технологиялық деңгейі – оның шетелдік операцияларды дамытуға арналған стратегиясы;

2) бас компанияның қаржылық жағдайының тұрақтылығы;

3) шетелдік филиалдарды ашу мәселесінде ең жоғарғы басшылықтың қабілетті болуы.

Жапониядағы инновациялық стратегия – фирмалардың ең озық, ең жаңа технологияларды пайдалана отырып өнім шығаруына есептелген. Жаңа өнім түрін жасап шығаруға есептелген стратегия – жапон компанияларында шешім қабылдаудың ең басты мәселелердің бірі болып саналады. Өзінің мақсаты мен қолдануына қатысты бұрынғыдан елеулі айырмашылығы бар жаңа өнім жасап шығарудың арқасында, компания өзінің бәсекелестігін арттырады.

Табысты жұмыс істеп келе жатқан жапон компаниялары сатқан тауарларының 21% – өткен 5 жылдың ішінде жасап шығарылған жаңа тауарларға келеді, және олар – табыстың 23% береді.

 

Әдебиет:

1.     Теория управления /под ред. Ю.В.Васильева, В.Н. Парахиной, Л.И.Ушвицкого. 2-е изд., доп. - М.: Финансы и статистика, 2007. – 608 с. : ил.

2.     Мэскон М.Х., Альберт М., Хедоури Ф. Основы менеджмента. - М. : «Дело», 1991 г.

3.     Герчикова И.Н. Менеджмент. М. 1994 г.

4.     Кабушкин Л.И. Менеджмент. М. 2003 г.