ХХ ғасырдың  20 – жылдарындағы  Жетісу аймағындағы жер мәселесі және Ораз Жандосов

Оспанова Р. Р. т.ғ.к.

Абай атындағы ҚазҰПУ – нің  доценті                                                            

 

 

ХХ ғасырдың 20 - жылдары Орта Азия халықтарының этникалық-аймақтық шекараларын межелеу оңай шешіле қалған жоқ. Әсіресе, Орта Азияны ежелден жаз жайлауы, қыс қыстауы ретінде қоныстанған қазақтарға қиындау тиді. Соған байланысты, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан шекараларын белгілеу жұмыстарын жүргізу қиынға соқты. Қазақстан мен Қырғызстан арасында бұл көбіне жайлауларға қатысты болды.

Этникалық-аймақтық межелеу нәтижесінде қазіргі Қырғызстан алғашқыда Қырғыз автономиялы облысы болып құрылады. Шекараны белгілеу комиссиясының төрағасы Н.И.Зеленскийдің басшылығымен екі жақтың келісімімен шекараны нақтылап, бекітеді. Сырдария, Жетісу облыстарынан сарапшы ретінде Қазақстан өкіметі тарапынан С.Меңдешов, С.Қожанов, А.Серғазиев, Т.Жүргенов қатысады. Екі жақтың өкілдерімен келісіліп, шекара бекітілсе де, жайлауларға қатысты қазақтар тарапынан шекараны қайта қарау жөнінде ұсыныстар түседі. Өйткені қазіргі Әулиеата уезіне қараған Сусамыр шатқалы, 1924 жылғы О.Жандосовтың экспедициясының мәліметіне қарағанда, Сусамыр шатқалы Қырғыз автономиялы облысына қараған [1].

Қазақ даласына өз еркімен басқа жерлерден келіп қазақ жерлеріне ерікті қоныстанып алған шаруашылықтардан қазақ халқының пайдалануы үшін жерлерін қайтарып беру туралы декрет.

1. Ақпан революциясына дейін қазақ халқының мекен еткен мал шаруашылығының көші-қон жерлері, жайылымдық, қыстау, егіншілік, шабындық жерлеріне өз еркімен заңсыз қоныстанып алғандар босатып беруі керек. Олар кім де болса, революция және азамат соғысы жылдарында келіп, орналасқандар қазақ жерлерін босатуы тиіс.

2. Осы қазақ жерлеріндегі шаруалар поселоктарындағы, казак әскерлері жерлерінде салып алған тұрғылықты үйлерін босатып, ол жерлерге салған егіндерінің шығымын 1921 жылы жинап алып, қазақ жерлерін босатуы керек.

3. РСФСР-дың Жоғарғы кеңесінің 1920 жылғы 1 қыркүйектегі қабылданған декретіне дейін Қазақ ССР-дағы жері жоқ, өз еркімен орналасып алғандар, тұрғылықты үй салып алғандар, 1921 жылғы егіндерін жинап ол жерлерді босатсын.

Ескертпе: Тұрғылықты үйлерге кірпіштен және ағаштан салынған, жағатын пеші бар тұруға болатын үйлер ғана жатады.

4. Босатылған жерлер қазақ шаруашылықтарынан тартып алынған жерлер Жерге орналастыру бөлімдерімен қазақ халқына үлестіріліп беріледі.

5. Осы декреттің шығуымен бұрынғы Қазақ әскери комитеттерінің, жергілікті губерниялық атқару комитеттерінің, атқару комитеттерінің қазақ жерлерін басып алу туралы бұйрықтары мен жарлықтары заңсыз болып табылады.

6. Бұл декрет жергілікті баспасөз және радио органдарымен хабарланып, газет беттерінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген күннен бастап өз күшіне енеді [2].

1921-1922 жылдардағы Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Сырдария губернияларында жүргізілген жер-су реформасының нәтижесінде Жер басқармасындағы мәліметтерге қарасақ, ондағы орыс қоныстарына өз бетінше жұмыс жасауға жағдай жасалған сияқты. Бұл шаруашылықтар қай жерде жерге орналастыру жұмыстары жүргізілсе, сол жерлерден табылған.

Қоныс аударушылардың жерге орналасулары 1926 жылға дейін жалғасқан. Жергілікті губерниялық Жер Басқармасы бірнеше рет бұларды тоқтатуға әрекет жасап, жер-су реформасынан зардап шеккендерді жерге орналастырудың орталық Басқармасының ерекше комиссиясының қарауына ұсынды. РСФСР Халық комиссатиаты 1926 жылдың 23 наурызында аталған зардап шеккендерге 400. 000 сом қаражат бөлуді қаулы еткен. Бірақ аталған қаражат өлкелік қордың жағдайына байланысты Россельбанкімен толық берілмейді. Оның орнына 212. 017 сом қаражат бөлініп, бұл губерниялардың көшірілген 4367 шаруашылығының 2359-на ғана жәрдем көрсетілген. Несиелік қаржылай көмекті 71 шаруашылық ала алмаған, олар Жетісу губерниясының  Жаркент уезінің Смирновск және Нижнегородскіден көшірілген поселоктар еді. Орталық атқару комитетімен аталған поселоктарда үй салуға жұмсалған шығындарын  бұл шаруашылықтардың шығын қаражатын халыққа төлеп беру жұмыстары 1925 жылдың 25 наурызында қолға алынған. Бұл шешімнің нәтижесінде 1925 жылы 22 шілдеде Федералды комитет Жерге орналастыру басқармасының комитетіне жазғы уақытқа сұранушыларға көмек көрсету жүктелген. Сонда 1925 жылы олардан тартып алынған үй құрылыстарының шығынын төлеп беру және оларды жаңа жерлерге орналастыру жұмыстарын іске асыру бір уақытқа міндеттелген.

Оңтүстік губерниялардағы жерге орналастыру жұмыстары бұрынғы «Особкомзем» комитетінің міндетіне жүктелген. 1925 жылы аппеляцияға беру жұмыстары мен «Особкомзем» сұранушылардың барлығын жермен қамтамасыз ете алмады. Көшірілген шаруашылықтарды жаңа жерлерге орналастыру сметалары «Особкомзем» комитетінде жинала берді. Қазақ жерге орналастыру комитетімен Солтүстік Қазақстанның 5 губерниясына сұралған көмекке 1925 жылы 167 мың сом қаражат бөлінген.

Федкомзем комитетінің ұсыныстары 1926 жылғы 26 сәуірдегі Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен бекітіліп, Жермен қамтамасыз ету комитеті мен Особкомземге сұранушыларға көмек көрсетулері ұсынылған. Кейіннен 55 үй Жетісу губерниясына қоныстануға келіспей, Дон облысына орналастыруды өтініп, сол жаққа жіберілген, ал қалған 16 шаруашылық Қазақстан жерінен көшкілері келмеген.

Көшіп кеткен шаруашылықтарға олардан тартып алынған үйлерінің құнын төлеуге несие бөлінгені туралы еш жерде көрсетілмеген.

1926-1927 жылдардағы сметаларға қарасақ, Жерге Орналастыру Комитеті сұралған 3,5 млн. сом қаражаттың орнына, 970 мың сом мөлшерінде ғана несиеге рұқсат берген.

1927-1928 жылдары елімізде қоныстанған халықтарға 9. 820. 675 сом қаржы бөлініп, қайтарылмайтын жәрдем ақыға 1. 327. 675 сом қаражат бөлінген.

1921-1922 жылдардағы жүргізілген жер-су реформасынан зардап шеккен шаруашылықтарға қанша көмек көрсетілгені туралы Қазақ ССР Халық кеңесі комитеті 1927 жылдың 25 тамызында есеп берген [3].

Жетісу губениясының жерге орналастыру комитетінің 1923 жылдың 1 қаңтарынан 1925 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жасалған жұмыстар туралы жасалған баяндамада, 1923 жылдан бастап жерге орналастыру комитеті өз жұмыстарының басым көпшілігін Жер кодексі мен Ереженің негізінде Түркістан республикасының көшпелі және жартылай көшпелі аудандарында отырықшылыққа жұмылдыру жұмыстарына арнаған. Сонымен қатар, 1923 жылдан 1924 жылдың басында Жетісудағы жерге орналастыру жұмыстары Облыстық жер шаруашылығының бөлімдерімен емес, Кеңес Одағының Орталық Жер шаруашылық басқармасынан арнайы Жетісуға жолсапарға жіберілген мамандар мен ревизорлардың жетекшілігімен берілген нұсқаулар бойынша іске асырылған.

1924 жылы жерге орналастыру жұмыстары Облыстық Жер шаруашылығы бөліміне жүктеліп, оның техникалық жетекшілікті ғана облыстық жерге орналастыру комитеті айналысқан.

Жетісу облысының уездерінің кейбір жерлерінің Қырғыз республикасы мен Қара-Қырғыз Автономиялы облыстары құрамына беру туралы жоспарда 1924 жылғы жерге орналастыру жұмыстары Жетісу облысының жерге орналастыру комитеті 5 жер шаруашылығының партиясынан тұрған. Олар: Алматы, Пішпек, Қаракөл, Талдықорған, Лепсі [4].

Түркістан Автономиялық Кеңестік республикалардың өз алдына жеке автономиялық республикалар болып бөлінуі туралы Жоғарғы Кеңестер комитетінің 1924 жылғы 14 қазандағы ІІ сессиясының қаулысы «Известия» газетінде  1924 жылы 25 қарашадағы №269 нөмірінде жарық көрген. Онда бұл республикалардың жеке автономиялық республикалар болып бөлінуі: Қазан төңкерісі патриархалдық-феодалдық қатынастар мен қанаудың капиталистікке дейінгі нысандардың сақталып келген түрлерін түпкілікті жойып, шаруалар мен орташаларға теңдік әперді. Патша үкіметінің езгісінде болған халықтар өз бостандықтарын алып, революциялық заңдылықты сақтау негізінде өздерінің ұлттар аралық болып бірігуіне мүмкіндік алып отыр. 7 жыл үздіксіз күрестің нәтижесінде және жаңа қоғамды қалыптастыру шаралары жұмысшы табының  Кеңес үкіметінің одақтас республикаларын құрап, ондағы құлдық пен таптар арасындағы теңсіздік шиеленісінің қалдықтары түпкілікті жойылды. Түркістанның байырғы халықтары ұлт ретінде де, саяси шаруашылық ретінде де теңеліп, өздерінің мәдениеті мен экономикасын құру жолдарын дамыта отырып, өз республикаларын құруда – деп түсіндірілген [5].

Ораз Жандосов ұлт істерін басқарып жүрген кезінде ұлттар арасындағы алдымен теңсіздікті жоюда жоғарыда келтіргеніміздей әділетсіздіктердің бетін ашып, арнайы заң шығартқаны сияқты отарлаушы озбырлардың шектен тыс өктемдігіне қарсы ымырасыз күрес жүргізген. Сөйтіп өкіметті бұл мәселе жөнінде арнайы қаулы қабылдауға мәжбүр еткен. Қазіргі Талдықорғандағы қазақ ауылының ежелгі шұрайлы бір қонысын келімсектер заңсыз иемденіп, оған «Грозный» деп қазақтарға сес көрсете ат қойып, емін-еркін орналасып алған. Жерсіз, сусыз тентіреген байырғы тұрғындардың арыздануы бойынша, жергілікті ревком қаулы алып, «грозныйлық» зорлықшыларға Сарқант төңірегінен бос жер беріп көшіреді. Ауылға «Ерік» деп жаңа ат қойып, ежелгі иелеріне ұсынылған [6]. Мұндай игі істер күні бүгінге дейін ұмытылмай, ел аузында айтылып жүр.

1923 жылдың 15 қаңтарында «Қосшы» одағының президиумының отрысында ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында «Қосшы» одағының комитеттерімен экономикалық-кооперативтік бөлімшелер ашу туралы қаулы қабылданады. 1923 жылдың 23 ақпанында осы қаулыны іске асыруда «Қосшы» одағының орталық басқармасының экономикалық - кооперативтік бөлімі туралы ережемен таныстыру болып өтті.

Осы жылдың 13 ақпанында Сырдария облысындағы ондағы Ташкент және оның уездеріндегі барлық халықтық жер комитеттерінің басқармасы мен бөлімшелеріндегі азаматтарды қайта тізімге алу жұмыстары жүргізіледі. Жергілікті жерлерде жерге орналастыру жұмыстары кеңестік партиялар мен жерге орналастыру басқармаларының бұрығымен іске асырылды.

Жер шаруашылығы басқармасы барлық басқару орындарына 1922 жылдың 31 желтоқсанынан бастап «Туркглавэвак» жойылып, 1923 жылдың 1 қаңтарынан «По передвижению переселенцев Наркомзема РСФСР в Средней Азий» комитеті құрылып, алғашқы кездері уақытша «Туркглавэвактың» ережелерімен жұмыс атқарды [7].    

1925 жылы өткізілген Бүкіл қазақ 5-конференциясының 5-ші резолюциясында Орта Азиялық елдердің шекаралық межеленуін анықтауда Партия Кеңесі атқарған бұл халықтардың өміріндегі тарихи кезеңдердің бірі болды деп қарастырылды. Осының негізінде бұл халықтар ұлттық мемлекеттік территориясын белгілеп, өз халқына тән ерекшеліктерін сақтай отырып әрі қарай дамуына мүмкіншілік алып отыр. Кеңес Одағының құрамына біріккен қазақ елі Орта Азиядағы қазақ облыстары бұрынғы Түркістан Республикасы (Жетісу және Сырдария) және Қарақалпақ автономиялық облысы құрылды. Бұл бірінші қазақ халқының астанасын ауыстыруды қажет етті. Қазақ халқын біріктіру жұмыстары аяқталып, қазақ елі ҚазССР біртұтас ұлттық мемлекет болды. Ендігі жерде ҚазССР құрамына енгізілген жерлердің шекаралық аудандарының территориясын біржолата нақты белгілеп анықтау жұмыстарын аяқтау Қазақ Өлкелік Комитетіне жүктелді. Осы 5-ші съезде Партия үкіметінің саясаты негізінде Қазақ халқын Кеңес Одағы Республикаларының құрамына енгізу жұмыстары толығымен аяқталғандығы айтылды [8, 89б.].

Осы кезеңде Түркістан, Бұхара және Хорезм республикаларының  орнына дербес Өзбек, Түркімен, Қырғыз және Тәжік республикалары құрылады [9, 2б.].

Жетісу облысы мен құрамындағы уездеріне Алматы қаласы, оның жер көлемі 50 898 кв. шақырым, халқының саны 233. 690 адам; Жаркент уезінің жер көлемі 31. 952 кв. шақырым, халқының саны 84. 402 адам; Лепсі уезінің жер көлемі 76. 430 кв. шақырым, халқының саны 51. 913 адам; Талдықорған уезінің жер көлемі 77. 420 кв. шақырым, халқының саны 164. 554 адам болған деп көрсетілген [10, 3б.].

Сырдария облысы мен құрамындағы уездеріне Әулиеатаның кішігірім аудандары Қарақырғыз автономиясының құрамына енгізілген, Шымкент, Ақмешіт, Қазалы, Ташкент (Ташкент қаласынсыз). Облыстың жалпы халық саны 1. 348. 000, жер көлемі 391. 100 кв. шақырым.

Амудария облысының халқының санағы 22. 000, жер көлемі 18. 000 кв. шақырым.

Қарақалпақ автономиялық облысы КССР құрамына енгізілген. Қырғыз республикасының халқының санағы 2. 633. 000, жер көлемі 758. 000 кв. шақырымды құраған [11, 3б.].

Түркістан республикасының  әкімшілік құрылымдарының Ішкі Істер бөлімі комитетімен Орталық Түркістан Атқару Комитетінің комиссиясы Түркістан облысының Қырғыз республикасына қосылған жерлердегі әкімшілік басқарма орындарының жұмыс істеу жағдайы туралы мәлімет жіберуін сұраған. Біріктірілген облыстардың, уездердің, болыстықтардың атауы көрсетілген тізімді тез арада Ташкент қаласына жіберілуі арқылы, ол жерлердегі әкімшіліктердің жұмыс атқарудағы міндеттемелері анықталып, олардың енді қай облыс басқармасына қарайтындығын анықтау қажет болды [11, 4б.].

Түркістан облысынан Қырғыз республикасына қосылған территориялық межелеу кейбір ауылдардың үстінен өткендіктен, нақты анықтауды қажет етті. Оның нәтижесінде Бұхара шекаралық шебі Нұрат тауының жоталарынан Жизаққа 15 шақырым жетпей Жетім-Тау тауына бұрылып, почталық жолмен Ломакинск темір жол станциясына тіреледі. Одан кейін Солтүстікке қарай көтеріліп, Қырғыз республикасының бұрынғы Мырзашу уезінің Славян және Ирджар болыстықтарының шекаралық шебіне жетіп, бұрынғы Ташкент уезі жерімен ұштастырылып, осы жерден әзірше даулы болып отырған Зеңгібаба болыстығын айналып өтеді. Бұл ауданда шекаралық шеп қырғыздардың Көк-Терек базар орталығын айналып өтіп, Өзбек республикасы құрамында қалтырылған Қырғыз-Қайсақ қауымдастығына жетпей, Болат болыстығы толығымен қаратылған. Осы кезеңдегі Ниязбек болыстығының жерімен өтетін КССР шекаралық шебі әлі даулы болған. Әрі қарай шекаралық шеп Шіршектен өтіп, Көшқорған және Александровск болыстықтары жерлерін қосып алып Ташкент, Шымкент, Әулиеата уездерінің тоғысқан жерлерімен Көксу және Арабық өзендерінің айырылысына дейін жетеді.

Ол жерлерден Ассин қыраты мен Горный аудандарының шекарасымен Жайылған, Үшқорған болыстықтарының кейбір жерлерін қамти отырып Қара-Қырғызға жетіп, оның Оңтүстік шекарасымен Жалпақ-Тепе ауылын КССР жерлерін айналып өтіп, Талас өзені бойымен оңтүстікке қарай жылжып, Покровск ауылының солтүстік шекарасымен шығыстағы ауылдарға түседі.

Алмалы өзені бойымен Қанжайлауға дейін, Қанжайлау өзенімен өтілген. Оңтүстік-шығыста Александровск жотасының үстімен Аспары өзенімен Құм-Бол өткеліне дейін, одан солтүстікке қарай Бес-Тамақ жолына, ол жолмен Тоқ-Тас өзеніне дейін жетіп, бұл өзеннің Қара-Балта өзенімен түйісетін жеріне дейін, одан кейін Қара-Балта өзенінің ағысымен Степной ауылына дейін барып, ауылдың солтүстік шекарасымен шығысқа қарай ескі Шу және жаңа Шу ауылдарының оңтүстік шекарасымен Шу өзеніне тіреледі. Бұдан Шудың жоғарғы ағысымен оңтүстік-шығыстағы Қыр-Қол жолына жетіп, одан Қара-Бұлақпен көтеріліп, Қаспек тауына жетіп, одан ескі Пішпек және Алматы уездерінің шекарасымен жанасады. Әрі қарай Қаракөл және Алматы уездері шекарасымен Ірісу өзенінің бастауына жетіп, бұл өзеннің Қара-Қарау өзеніне құятын жеріне дейін. Қара-Қарау өзенінің жоғарғы ағысымен Турук өзенінің құйылысына дейін барып, Турук өзенінің жоғарғы ағысымен Безымянный өтпеліне дейін. Одан әрі Қанқақ өтпелімен Теріскей Алатау қыратымен Жаркент және Қаракөл уез шекараларымен Қытай шекарасына дейінгі жерлер. Қайлау, Сусамыр өзендері маңы, Көкайрық, Қара-Кере және Шелек жерлері ортақ қолданылатын жерлер болып қалтырылды. Бұл жерлер Қарақырғыз автономиялық облыстары мен КССР-дың орталық органдарының ерекше келісімшарттары арқылы екі республика халқы ортақ пайдаланды. Бұл анықтама 1925 жылдың 15 ақпанындағы Серғазиевтің баяндамасынан алынған [11, 18б.].

1925 жылдағы 5-ші Бүкіл қазақ конференциясында Кеңестік Партияның 12 съезінде бекітілген 7 пунктінде қазақ даласындағы ескі орыс шовинистік идея мен ұлтшылдармен күрес жүргізу керектігі туралы айтылған. Енді осы көтерілген мәселелерді іске асыра отырып, қазақ халқының экономикалық және мәдени жағдайын дамытуды қолға алу қарастырылды. Ондағы ұлттар арасындағы қарым-қатынас бауырмалдық қатынаста болуы керек. Әсіресе, олардың арасындағы аз ұлттарға қолдау көрсетуге Өлкелік Комитет көп көңіл бөлуі қажет [11, 2б.].

Оның ішіндегі О.Жандосовтың ұлт араздығын тудырушыларға, оны тудыру себептеріне батыл да, аяусыз, күрескендігі жөнінде жазған деректері әлі де зерттелуде. Оның бірден бір айғағы барлық қалалық, аудандық, ауылдық жерлердегі халықтарға мына бір хаты: «Күйзеліс күн сайын өсуде, қайыршылық етек алуда, жерге деген үміт үзілуде, мал шаруашылығы қирады, өнеркәсіп аяғынан тік басып тұра алмауда. Міндет зор, күрес ауыр! Жерді бөлу керек, одан самодержавия салған бұғауды алу керек. Орысқа да, қазаққа да бір-біріне кеселдік келтірмей тыныштық пен жерде еркін еңбек етуіне мүмкіндік беру керек» [12].

1920-1926 жылдары Жетісу аймағында өлкелік-өндірістік саланы дамыту жолында мынандай бірлестіктер болған:

         1. Аймақтық жоспарда Алматы аймағындағы жаратылыстану-өндіріс күштерін зерттеу ассоциациясы.

         2. Мемлекеттік жағрапия қоғамының Жетісудағы бөлімі.

         3. Өлкелік жастар ұйымдарының аймақтық бюросының бірлестігі.

         4. Алматы аймақтық мұражайы.

         5. Халыққа білім берудің өлкелік секциясы.

         Аталған бірлестіктерге 94 адам мүше болып, оны қазақ, орыс, ұйғыр және т.б. ұлттардың өкілдері құраған.

         Бұл ғылыми қоғамдар мен мекемелер Алматы аймағының жаратылыстану-өндірісін зерттеу, халықтың экономикалық және саяси қалпын, мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында зерттелген. Бірақ бұл жұмыстар әлсіз жүргізілді. Мемлекеттік жағрапиялық қоғамы 1920-1926 жылдар аралығында арнайы техникалық құрал-жабдықтардың жоқтығынан жоспарланған жұмыстарды орындай алмаған. Бұл бөліммен орындалған тарихи немесе экономикалық жұмыстар жеке қоғамдардың баяндамаларында жалпылама енгізілген.

1923-1924 жылдары Алматы губерниясының мұздық жүйесі жоспарлы емес, жоспардан тыс кездейсоқ зерттеулер тұрғысында ғана қарастырылған. [13].

         1927 жылы Жетісу губерниясының жерге орналастыру басқармасына Казсельхозбанкпен ұзақ мерзімге 116,000 сом көлемінде несие берілген. 1924 жылғы 17 мамырда жерге орналастыру туралы ереже қабылданғаннан кейін де Жетісу губерниясының Қазақ халықтық жер басқармасы комитетімен 25000 сом бөлінген болатын. Жәрдем ретінде берілген несиелік қаражаттардың қайтарылу мерзімі 1931 жылдың 1 қарашасына дейін деп көрсетілген. Губернияға бөлінген қаражаттың 10000 сомы 90 шаруашылықты жермен қамтамасыз ету жұмыстарына арналған. Жоғарыда көрсетілген 25000 сом қаражатты бөліп беру Кеңес үкіметінің халық комиссариятының 1926 жылғы 23 қыркүйегіндегі қаулысына байланысты жалпы ережелерге сәйкес бір шаруашылыққа бөлінген қаражат 200 сомнан аспауы керек болды. Бұл қаражаттардың орынды жұмсалуы туралы орталық жермен қамтамасыз ету қолға алу басқармасына есеп берілуі тиіс еді. Енді осы шаруашылықтардың орналасуына қажетті яғни материалдармен қамтамасыз ету қолға алынды. Оның ішіндегі әсіресе, көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтардың отырықшылыққа көшіру үшін, олардың кейбіреулеріне тіптен ол ағаш материалдары жәрдем ретінде тегін берілді. Жетісу губерниясының жергілікті халқына ағаш материалдарымен қамтамасыз етуге жерге орналастыру бөлімінің бөлетін қаражаты да орналастыру басқармасы Жетісу губерниясындағы шаруашылықтарды ағаш материалдарымен қамтамасыз етуде мынандай шараларды қарастырған.

         Онда 1923-1926 жылдары арасындағы әр жер қоғамдастығындағы қазақ халқының біржолата отырықшылыққа көшкен немесе мал шаруашылығымен айналысатын отырықшы шаруашылықтарға көшкен қазақтардың толық тізімі көрсетілген. Оған отырықшы орыс, тараншы, дүнген халқтары енгізілген.

         Жалпы қазақ халқының қауымдастықтарының ішінен, шынымен ағаш материалдарын ала алмайтын кедейлеріне ғана тегін ағаш материалдары бөлінген. Бұл жағдайда қазақтарға басқа да жәрдем түрлері жерге орналастыру ережелері негізінде көрсетілген. Жәрдем көрсетуді қажет ететін шаруашылықтарды ерекше нұсқау бойынша ағаш материалдарымен қамтамасыз ету Қазақтардың жерге орналастыру халық комиссариатының 1926 жылғы 6 қазандағы ұсынысы негізінде қабылданған. Бірақ бұл ерекше жерге орналастыру барысында мынадай себептерге байланысты қабылданбай қалған:

1. статистикалық көрсеткіштерге байланысты кедей шаруашылықтар саны 65 пайыздан 75 пайызға жетуі тиіс;

2. экономикалық-шаруашылық бөлімінің мәліметтері бойынша жер қауымдастығындағы кедей шаруашылықтар 70 пайыз орташа жағдайда шаруашылықтар 20 пайыз және бай шаруашылықтар 10 пайыз болуы тиіс еді;

3. үлкен тұрғын үй салуға қажетті ағаш материалдарын қажет ететін қазақ халқының кедей шаруашылықтары 70 пайыз болуы керек.

Сметадағы бұл пайыздық көрсеткішке отырықшылыққа көшуге басқа да жәрдем түрлерін көрсету қажет екендігі қарастырылған. Сонымен қатар, бұл берілген ағаш материалдары ақшалай төлем - ақымен берілетіндігі жөнінде қазақтар мемлекеттік ағаш шаруашылығымен келісімшартқа отырулары керек болғандықтан, жерге орналастыру басқармасы мемлекеттік ағаш шаруашылығынан рұқсат беруі туралы өтініш білдірген [14].

         Кеңестік халық комиссариятымен 1926-1927 жылдары Қазақстандағы отырықшылыққа көшкен шаруашылықтардың жерді қолдан суару жұмыстарына мемлекеттік қордан қаражат беру шаралары да қарастырылған [14, 20б.].

         1929 жылғы 2 ақпанда Мәскеуде болған Қазақстандағы дәнді-дақылдарды егуге қалтырылған жерлердің көлемі мен онда іске асырылатын жұмыстардың жоспары талқылынған. Онда орталық жерге орналастыру басқармасының жұмысында Қазақстанның Кеңестік шаруашылықтарда дәнді дақылдар егуге қалтырылған жер көлемі жоспарда 220000 гектардан 3100000 гектарға дейін көрсетілуі, бұл жұмыстардың 1929-1930 жылдары қаншалықты іске асырылмағандығы анықталғаннан кейін барып, жылдағы дәнді-дақыл егуге егіншілік жерлерді қалтыру қоры белгіленбек [15].

         1929-1933 жылдарыдағы ұжымдастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін, ұжымдастырудың күрделі түріне өту жоспарланған. Ұжымдастырудың мұндай түріне көшірілуі үшін колхоздарды біріктіріп үлкен шаруашылықтарды құру мақсаты тұрды [15].

         1928-1929 жылдарға бұл қоғамның екі тапсырмасы болған: 1) аймақтық экономикалық жағынан меңгеру жұмыстарын жүргізу, әсіресе Түркістан-Сібір темір жолдары салынып жатқан жерлерде; 2) Тянь-Шань мұздықтарының жүйелік режимін қадағалау.

         Мұндағы екінші тапсырманы орындау аймақтың жерді қолмен суландыру шаруашылықтарын құру үшін өте қажет іс болған. Бұдан басқа да қоғамның басқа бөлімдерімен зерттеліп жатқан жұмыстар жаңа шаруашылықтар құрылып жатқан жерлерді меңгеру үшін өте маңызды.

         Қалалық мұражай аймақтық жаратылыстану-өндірістік күштерінің жеке мәселелерді шешу жұмыстарымен айналысқан. Көпшілікті өлкетану жұмыстарына жұмылдырылып, басқа көршілес елдерден келіп жатқан экспедициялардың жұмыстарына жәрдемдесіп, өлкелік-мұражай қызметкерлерін дайындап жатыр.

Өлкетану жұмыстарына мектептерді араластыру үшін, Өлкетану секциясы мектептерге әдістемелік нұсқаулар берген [13, 124-125б.].

1929 жылдың қаңтар айында Алматы аймақтық бюросы сауатсыздықпен күресуде «Рабфак на дому», «Заочные школы 1 и 2 ступени», «Сам себе агроном» атты ұйымдар халық арасында шығармашылық жұмыстарын бастады [7]. Негізінен қазақ халқының арасында мұндай жұмыстарды жүргізу 1-ші жалпы қазақ съезінде көтерілген мәселе болатын. Егер қазақ халқы Кеңес үкіметінің идеясын қолдаған болса, олар үшін бұл бірінші орында болуы керек. Қазақ халқын кеңірек ағартушылыққа тарту үшін жергілікті жерлерде Халық Ағарту Кеңестері құрылып, жұмыс осы бағытта атқарылуы тиіс болды [16].

Голощекиннің 1929 жылдың 4 наурызындағы Орталық Комитеттің ауылдарды ауыл шаруашылығы көліктерімен қамтамасыз ету қаулысы бойынша аймақтық комитеттерге, колхоз, совхоздарда ауыл шаруашылығы көліктерімен қамтамасыз етуді қолға алуды бұйырды. Осы негізде СНК-ға жедел техникалармен қамтамасыз етудегі әдіс-тәсіл жолдарын жоспарлап, жүзеге асыруды талап етті [16].

1929 жылы елдегі коммуна мәселесіне байланысты Жетісу аймағы да осы бағытқа көше бастаған еді [11]. Голощокиндік саясат принциптерінің бастыларының бірі – бай немесе кулак болсаң бітті. Қоғамға жат, жау элемент болып табыласың және сені жою керек дегенге келіп тіреледі.

        1928 жылдың 27 тамызында жарық көрген байлардың қожалықтарын кәмпескелеу туралы КАССР ХКК және ОАҚ- ның қаулысын жүзеге асыруға байланысты нұсқаудағы мынадай деректер еріксіз назар аудартады: «Жер аударылуға тиістілер: а) көшпелі аудандарға-400 бастан астам, жартылай көшпелі аудандарда – 300 бастан астам, ал отырықты жерлерде- 150 бастан астам ірі қара малы бар байлар. Олар өзінің ру басылық беделдерін пайдаланып, ауылды кеңестендіруге аса қауіпті кедергі болып табылады. Жер аударылуға тиістілер жаңа мекендеген жерлерінде сайлауға дауыс беру құқығынан айырылғандардың тізіміне еңгізіледі ».

         Шындығында да байларды адам ретінде қарамай, оларды дауыс беру құқығынан айыру бұл дүниеде өмір сүру құқығынан айырумен бірдей еді. Оның үстіне бұл жағдай голощекиндік қатыгез саясаттың адам жаны түршігерлік салдарларының бірі. Осы қуғын-сүргінге қарсы наразылық білдіріп, қазақ халқы ыдырап, түп – тамырымен жойылып кетпесін деп ұлтына жандары ашыған қазақ елінің қайраткерлері, азаматтары болды. 1928 жылдың 8 қыркүйегінде Жандосовтың Нагатовичке жазған хаты осының бір айғағы. Онда мынадай жолдар бар: « Қырғыз облыстық комитетінде мен манаптарды көшіру жөніндегі материалдарды жылдам қарап шықтым. Мені таңырқатқан жағдай мынау болды. Қырғыз республикасы бойынша кәмпескеленген және көшірілінген барлығы 22 манап болды. Құжаттардың арасынан кәмпескеленген дүние-мүліктің саны, оларды қалдыру және тарату мөлшері жөнінде үкімдерді таба алмадым.

200 қой және 35 бастан астам ірі қара малы бар қожалықтарды манаптардың-байлардың қожалықтары деп есептеген. Манаптарды кәмпескелеу және жер аудару туралы үкімдерді жиналыстарда шығарып, манаптарды тұтқындап, оны сол жерде орындауға келіскен ». Мұнан ары О. Жандосов бұл процестің Қазақстанда қатал жүргізіліп жатқанын еске салды.

Голощекиннің және оның төңрегіндегі қолшоқпарларының бай- феодалдардың сыбайластарын партия ішінен айыптап, іздегені белгілі. 1929 жылдың 14 желтоқсанында ІІІ Пленумның ішкі мәжілісінде ол былай деген еді: «Қазіргі уақытқа тән нәрсе партия құрылысының нығайуы емес, керісінше, топшылдардың партия ішінде еңінен таратып жүрген Хожановшылар, Рысқұловшылар мен Сәдуақасовшылар идеологиясының және алаш орданың идеологиясының өрістеуі болып табылады. Мен күмәнсіз айта аламын, дегенмен қазіргі уақытта қандайда да бір болмасын топшылдарға қосылмайтын қазақ коммунисті табу өте қиын ».

Ресми басшылық жүргізіп отырған Сталин саясатының басты түбірі оында еді. Біріншіден, кедей-батрактарды «Байды жою керек» ұраны арқылы байларға қарсы қою мақсаты көзделді. Егерде бай-феодалдарға көмек көрсетіп, қолдасаң халық жауы болып табыласың. Осы кеңінен тараған голощекиннің саясатының мәнін әлде қашан түсініп  ұққан қазақ халқының ұлдары, ұлттық интелегенция өкілдері қудалауға ұшырағаны рас.  

«Кейбір аудандарда селолық кеңестерде және жалпы жиналыстарда кулактар мынадай мәлімдеді: барлық дүние-мүлкімді ала беріңдер, социализмге еңбекшінің жолымен өткім келеді» деген сөздерді 1930 жылдың 12 қантарында шыққан «Советская степь» газетінің бетінде кездестіруге болады. Бай-кулактар арасында амалсыздан, кейде тіптен шын ниетіен «жаңа өкіметке» адал еңбек етугі бет бұрып жүргендер аз болмады. Бірақ Голощекиннің «Кіші Қазан» саясаты Қазақстанды колхоздандыру жолында негізінде бай-кулак тобын жою шараларын іске асыру арқылы жүргізілді. Осылайша, кедейді байдың денгейіне жеткізудін орнына, байды кедейдің жағдайына түсіру саясаты орын алып кетті. «Советская степь» газеттінін 1930 жылдын 21 қаңтарындағы санында: «Жауыздықпен малдын басын азайтып жүрген кулакпен, ең қатыгез жау ретінде күресуге заң нұсқау береді. Бай –кулактарды жерді пайдалану құқығынан айыруды, ауыл – шаруашылық құралдар мен малын кәмнескелеуді, қылмысты іс ашып сотқа беруді сілтейді...» [11].

Колхоздарға судай сіңіп алған, қастандық жұмыстарын жалғастырып жүрген бай мен кулактарды жылдам колхоздардан алатаяқпен қуып шығу керек. Бай және кулактар сасқалақтап, не колхозға  кірерін білмей, не басқа жерге барарын білмей, амалсыз шешімсіз халде қалғаны белгілі. Елге зобалаң әкелген ұрдажық ұранының сиқы мынадай болды». Оңшыл оппортунистердің үстінен аяусыз соққы беру қажет, кулактарды тап ретінде жою жұмыстарын тоқтатып отырған сол жылдардын үстінен қайта-қайта соққы беріп отыру керек». Қысқасы кеңестік идеологиясы үшін бай-кулак элементтерінен ауылды тазарту жұмыстары ең бастапқы мәселеге айналды. Сондықтан, колхоздандыру шараларының тоқтап қалуы, ауыл шаруашылық өнімдерінің азайып кетуі кеңес өкіметіне қас тап өкілдерінің кері әсерінің салдары деп түсінілді. «Советская степь» газеті 1931 жылдың 21 шілдесінде тағы да былай деп мәлімдеді: «Партия басшыларын ауыстыру мерзімі қарсаңында ұйымдар ішінде байларды тәркілеу жұмыстарын әлсіретуінде, ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау мерзімінде оппортунистік әдістер өте анық байқалды». Сталиндік-голощекиндік культтің даму кезеңінде «жала жабу», «әшкерелеу», «айыптау» әдістері кеңінен тарады [11, б.]. Соның салдарынан пария мүшелерінің өз ішінде бір – біріне күдікпен қарау, бір-бірін «халық жауы» ретінде ұстап беру секілді тенденция өрши түсті. VII – Бүкілқазақтық партия конференсиясында Голощекин мынадай сөз айтты: «...Тек жеке шаруашылықты біріктіріп, кедейді, орташаны тегісінен колхозға ұйымдастырып, капиталдық шаруаның тамырын құртып, бай - кулактарды колхоздан қуғанда ғана бай-кулактар табын жоя аламыз» [11, б.].

Кеңес үкіметінің екінші бесжылдығынан бастап қазақ халқының көшпелі мал шаруашылығында отырықшылыққа көшіру қолға алынған болатын. Елдегі индустрияландыру жұмыстарының қарқынды дамуынан кейін, ұжымдастыру саясатының енгізілуі қазақ халқының шаруашылығын колхоздарға біріктіру жұмыстарының бірден өсуіне әкеле отырып, барлық ауыл шаруашылық қоғамын кеңестік негізде құру жоспарланды.

Қазақстанның жағдайында бұл кеңестік ауыл шаруашылықты қайта құрудағы отырықшылыққа көшу, көшпенді шаруашылықты жою, шаруашылықтардың шұғыл экстенсивті түрде енгізілуі қазақ халқы үшін қатыгездік болды. Кеңестік және экономикалық өмірдегі көшпенді артта қалған ұлттық республикалық өмірді мүлдем алып тастады. Бұны қазақ шаруашылығынан алып тастамайынша кеңестік өндірісті дамыту қалпына көшуге мүмкін емес болды. Өйткені тек отырықшылыққа көшу арқылы ғана Қарағанды,Қоңырат, Риддер, Қарсақпай және т.б. ауыр өнеркәсіптерін дамытуды, сондай-ақ, оған қажетті жұмыс күшіне қол жеткізеді.

Әрине отырықшылыққа көшу жұмыстары бірден, тыныш, таптар күресінсіз көшірілген жоқ. Егер екі жыл бұрын ауыл шаруашылығына қастандық жасаушылар, ауыл шаруашылық капиталистік даму жолында дамытуды жақтаушылар да аз болған жоқ. Олар көшпенді мал шаруашылығын Қазақстанның табиғатына сай құрылғандығын айта келіп, отырықшылыққа көшудің қажеті жоқ және іске аспайтын құбылыс деп білді. Егер бұл қоғамға зиян келтірушілер жұмысшылар алдында өз беделдерін түсіріп алса, оларды кулак немесе бай деп жатудың қажеті жоқ. Елдегі  кулактар мен байларға қатты соққы берілді, бірақ кейбір ауылдарда олар әлі де экономикалық салада күштерін жойған жоқ. Олар Кеңес үкіметінің билігін мойындағылары келмей, отырықшылықпен ұжымдастыруға қарсы болу себептері олар үшін отырықшылыққа көшу «жойылу» болып табылады.

Жетісу өлкесінде 1930-шы жыл мен 1931 жылдардың бірінші жарты жылдығында қазақ халқын отырықшылыққа көшіруде көшпелі шаруашылықтардың отырықшылыққа көшу жұмыстары көптеп іске асырылды. 1931 жылдың 20 шілдесінде 153.103 шаруашылық немесе 85,1 пайыз шаруашылықтар отырықшылыққа көшірілген. 1926-1930 жылдары 387,7 мың гектар жерге тұқым себілсе, 1931 жылы 738.675 гектар жерге  ауыл шаруашылықтарымен тұқым себілген [17].

1928 жылы Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті байлар мен мал шаруашылығын тәркілеу туралы декрет қабылданды. Байлар деп мал шаруашылығымен кулактар деп егіншілікпен шұғылданғандарды айтып отыр. Барлық малды ірі қараға шаққанда көшпелі аудандарда 400, жартылай көшпенді аудандарда 300, отырықшы мал шаруашылығымен шұғылданған аудандарда 150 ірі қара малы барлар байлар деп тәркіленді. Сонымен бірге бұрынғы сұлтандар, болыстар тәркіленді. Тәркіленген байларды басқа аудандарға жер аударуға тиіс болды. Қазақстанды 696 ірі байлар тәркіленді., олардан 145 мың ірі қара алынды. Тәркіленген малдарды құрылып жатқан колхоздар мен кедейлерге бөліп берді, қазақ байлары мен қатар 3123 кулактардың жері тәркіленді.

Байларды тәркілеу кезінде көптеген қателіктер, бұрмалаушылықтар орын алды. Феодал деп атауға болатын ірі байлармен қатар біраз ауқатты шаруалар тәркіленді. Байларды жер аудару туралы шешім қабылданғанда үкімет олардың алда жүргізілуге тиіс ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға кесірін тиеді деп есептеп тәркіленген байларды басқа аудандарға жер аудармақ болды. Байларды тәркілеу жұмысын жергілікті жерлерде ұйымдастырған саяси басқарманың адамдары олардың біразын шөл, шөлейт жерге апарып тастады. Олар Кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтеріліске шықты. Қазақстанның біраз аудандарында болған көтеріліске қарапайым халық та қатысты.

Көп өнім бере алатын ірі шаруашылықтарды тәркілеу ел экономикасына көп зыян әкелді. Байлардан тәркіленген малдардың көпшілігін колхозшылар, кедейлер өсірмеді, күнделікті азық-түлікке пайдаланды. Сөйтіп байларды тәркілеу саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да нәтиже бермеді.    

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ интеллигенциясы өмір сүрген қоғам қайшылығы мол, аса күрделі қоғам болды. Оның белді өкілдердің бірі болып табылатын О.Жандосовтың қазақ халқының болашағы үшін, жанкешті күресінен бүгінгі ұрпақ үлгі алғаны жөн. О.Жандосов және оның замандастары саяси қызметке араласқан шақта қазақ елінің негізгі мүдделері- жер, мемлекеттік билік және басқа жалпы ұлттық мәселелер өз шешімін табудан әлі алыс болатын.

Ұлт зиялы қауымының тарихын зерттеу, олардың қоғамдағы атқарған қызметтері мен қазақ халқының даму тарихына қосқан үлесін зерделеу, кейінгі ұрпақ үшін маңызды міндет. Кеңес үкіметі кезінде қазақ зиялыларының қоғамдағы алған орны жасанды түрде төмендетіліп, қазақ мемлекет қайраткерлері репрессияға ұшырап, олардың есімдері көпке дейін белгісіз болып келді. Бұл ұлттың ой-санасының жетілуі мен дәстүр сабақтастығына орасан зор зиянын тигізді. Алайда осы кезеңде қазақ зиялыларының есімдері тарихтан күштеп өшірілгенімен, олардың өз халқына деген жанашыр қызметімен ерекшеленген азаматтық бейнелерін есімізден өшіре алған жоқ. Өйткені олар бөлшектелінген қазақ жерін біріктіріп, еліміздің экономикасын түзеп, мәдени дамуына жағдай жасады.

 

  

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.      //Қазақ тарихы. 2003.-№3 – 45 б.

2.      ҚРОММ қор 5, тізімдеме 1, іс 18, парақ 2

3.     ҚРОММ қор 74, тізімдеме 4, іс 684, парақ 5,6

4.     ҚРОММ қор 74, тізімдеме 4, іс 161, парақ 2

5.     ҚРОММ қор 350, тізімдеме 1, іс 36, парақ 11

6.     Көмек газеті, 1918. 23 желтоқсан. 2,3 б. Кедей еркі газеті (Қапал уезінен), 1921, 1 маусым. № 6

7.     ҚРОММ қор 74, тізбе 4, іс 76, парақ 15,33,32

8.     ҚРПМ 141-қор, 1-тізбе, 126-іс, парак 76, 77, 92

9.     ҚРОММ қор 81, тізімдеме 1, іс 1457, парақ 124-125

10. ҚРОММ қор 74 тізбе 4 іс 509 п 211,216,217

11. ҚРОММ қор 74 тізбе 4 іс 1211 п 1

12. ҚРПМ қор 2, тізбе 1, іс 240, парақ 37

13.  ҚРПМ қор 140, тізбе 1, іс 8, парақ 10

14.  ҚРПМ қор 2, тізбе 1, іс 297, парақ 14

15.  ҚРПМ қор 2, тізбе 1, іс 309, парақ 29

16.  ҚРОММ қор 74, тізбе11, іс 26, парақ 4,5,6

17.  ҚРПМ қор 725, тізбе 1, іс 15 – парақ 18