Дущанова Ақманар Ұзақбайқызы,

ҚР, БҚО, Орал қаласы, №14ЖОББМ-тің

музыка пәні мұғалімі

 

Музыка пәнін оқытудың тиімді жолдары

            Бүгінгі таңда қоғамымыздың жаңа қарқынмен дамуы, ғылыми-техникалық прогрестердің жетістіктері, еліміздің өркениетті елдер қатарынан көрінуі білім беру жүйесіне де ықпал етпей қойған жоқ. Оқу жұмысын ұйымдастырудың негізгі түрі – сыныптық сабақ жүйесі екені бәрімізге мәлім. Осыған орай менің тәжірибемде сабақтың қалыптасқан дәстүрлі түрінен басқа, дәстүрлі емес сабақтар түрлері де пайда болуда. Олар көбінесе оқытудың жаңаша әдістеріне негізделіп құрылуда. Ондағы мақсатым - әрбір сабақтың оқу - тәрбиелік мүмкіншіліктерін ескере отырып, оны жаңа сапалық сатыға көтеру. Бүгінде оқыту жұмысын осылай ұйымдастыру мен әдістің жаңалығы басқа ұстаздардың жаңа жағдайға байланысты оқу-тәрбие процесін шығармашылықпен пайдаланудың негізгі өлшеміне айналуда. Оқытудың жаңа инновациялық әдістері мен пәнге байланысты жаңа технологияларды пайдалануға итермелейді.     
Бүгінгі күні инновациялық әдістермен оқытуды қолдану арқылы оқушының ойлау қабілетін арттырып, ізденушілігін дамытып, құзыреттілігін қалыптастыру, тарихи
дәлелдерді ұстана отырып шынайы дерек көздерінен мәліметтерді жинақтау ең негізгі мақсат болып айқындалады. 
Музыка пәнінде жаңа әдістерді пайдалану арқылы мектептегі сабақтарды жаңаша ұйымдастыру, мұғалімнің рөлі мен қызметінің артуына жағдай жасау, теориялық, ғылыми – педагогикалық және психологиялық зерттеулерге сүйене отырып, оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыру, ақпараттық технологиялар мен инновациялық оқыту әдістері арқылы оқушыларды ізгілікке, елжандылыққа, саналыққа, адамгершілікке, имандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу. Инновациялық әдістерді баланың білім деңгейіне және жас ерекшелігіне қарай оқу үрдісінде пайдалану негізгі міндет болып табылады. 
Осы бағытта сабақты түрлендіруде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып сабақты жаңаша түрде ұйымдастыруды жүзеге асырып келемін. Мысалы: Интерактивтік тақатмен жұмыс, жаңа технологиялар арқылы сабақты түрлендіре отырып өткізуді дәстүрге айналдырдым. Оқыту мен тәрбиелеудің ой елігінен өтетін әдіс-тәсілдерін жаңашыл педагогтардың тапқан әдістемелерін біліп қана қою жеткіліксіз, оны әркім өз мүмкіндігінше күнделікті сабақта пайдалану қажет. Сонда ғана сабақ нәтижелі болып білім сапасы арттады. Әр мұғалімнің оқытуға үйретудегі өз тұғырнамасы болу қажет. 
Педагог сабақ барысында түрлі тапсырмаларды түрлендіріп пайдаланып отырса, нұр үстіне нұр болмақ. Атап айтсақ: Кім шапшаң?, Әуенді тап, Сөз жұмбақтар т.б сонымен қатар ұлттық музыка әлеміне байланысты сабақты түрлендіріп өткізуге жаңа инновациялық технологияларды қолдану да орыны орасан зор.          Осы күнге дейінгі музыка бағдарламалары әр түрлі құрылымда, түрлі авторлардан туындалып жатса да, барлығының да мақсаты халқымыздың және де басқа ұлт-халық өкілдерінің байырғы сазын терең мазмұнда кейінгі ұрпаққа жеткізу, насихаттау болып табылады. Соның бірі – қазақ халқының күй өнері десек те болады.     Жас өспірім бойына қазақ халқының күйшілік өнерін, күйшілердің шығармаларын, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін оқыта отыру тәрбиелеу біздің міндетіміз деп білемін.

Сабақтың тақырыбы: «Құрманғазы жайлы бір толғау»

Сабақтың мақсаты: Білімділік: Оқушыларды күйші Құрманғазы Сағырбайұлының өмір жолы және  шығармашылығымен таныстыру.         
Дамытушылық: Күйлерді тыңдату арқылы  күй өнеріне  қызығушылықтарын арттыру, өз ойын жүйелі жеткізу қабілеттерін дамыту.   
Тәрбиелілік:Құрманғазы күйлерінің тәрбиелік мәні жайлы әңгімелей отырып, ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Сабақта қолданылатын әдіс - тәсілдер: Түсіндіру, психологиялық тренинг, күй тыңдату, күй тарту, топтастыру әдісі, деңгейлік тапсырма.

Көрнекілік құралдары: домбыра аспабы, 6 - сынып «Музыка» оқулығы, интерактивті тақта, күйшінің портреті, үнтаспа.   
Пәнаралық байланыс: Әдебиет, Тарих.   
Сабақ барысы: Ұйымдастыру. Әуенмен амандасу.

Психологиялық тренинг.      
Мұғалім: Бүгін сіздің көңіл-күйіңіз қандай?
  Ауа-райы ( күн) қандай? Ендеше күніміз жақсы, сәтті өтсін деген тілекпен сабағымызды бастайық.  

Жаңа сабақ.

1.                 Психологиялық тренинг       
Балалар музыка сабағында қандай жанрларымен танысамыз?    
Сұрақтарға жауап беру?       
- Ән, күй, би, жыр       
- Ән, би, күй, жырлар неге жатады? Әрине өнерге.  
-Өнер туралы қандай мақал - мәтелдер білеміз
«Өнерлі бала - сүйкімді»,     
Өнерліге - өріс кең.     
- Әнді, күйді, жырды, биді орындайтын өнер адамдарын не дейміз?  
- Әрине әнші, күйші, биші, жыршы.       
«Аман, бол шешем, аман бол»- Құрманғазының, күйін тыңдау.
- Балалар, бұл қандай күй?   
- Кімнің күйі деп ойлайсыңдар?

           Ұлы күйшілер жақын адамдарына арнап күй шығарған. Мұндай күйлерді «арнау күйлер»- деп атайды. Соның бірі – Құрманғазының анасына арнаған «Аман бол, шеше, аман, бол» күйі. Торы атты ертіп, жолға Құрманғазы үйден шығар алдында домбырасын қолына алады да, қоштасып бір күй тартады. Шығарып салуға жиналған достары күйдің атын сұрамай - ақ білді. Өйткені, бірінші бастамасының өзі «Аман, бол шешем, аман, бол» деп айтып тұр еді. 
            Иә, балалар, бұл күйдің авторы - қазақтың халық композиторы, күйші Құрманғазы Сағырбаев. Әрине бүгінгі жаңа сабағымыз «Күй атасы - Құрманғазы» туралы өтеміз. Құрманғазы Сағырбайұлы – күйші, композитор.

2.Интерактивті тақтамен жұмыс.

           ҚҰРМАНҒАЗЫ САҒЫРБАЙҰЛЫ (1818 - 1889)     
           Қазіргі Орал облысы, Жанғала ауданының Жиделі елді мекенінде дүниеге келген. Күй атасы - Құрманғазыны күй өнеріне баулыған және оның ұстазы болған Ұзақ күйші еді. Құрманғазы жастайынан домбыра шертіп, көпшіліктің ілтипатына бөленді. Күйшінің шығармашылық табыстарға қол жеткізіп, өрлеуіне Бөкей ордасының Байжұма, Баламайсан, Байбақты, Соқыр Есжан сынды атақты күйшілері үлкен ықпал еткен. Олардан тәлім алып өскен Құрманғазы қазақ халқының ұлы сазгері атанды. Құрманғазының күйлері қазақ елі өмірінің әлеуметтік жыр - сыры, азаткерлік рух ұраншысы іспетті. Ұлттық тарихымыздың әуен тілінде жазылған ұлы эпопеясы деуге болатындай. Күйші шығармашылығындағы өзекті мәселелер — халықтың азаттығы мен жеке тұлға бостандығы. Өз туындыларында XIX ғасырдың 30 - жылдары Исатай Тайманұлы бастаған ұлт - азаттық көтеріліске ерекше назар аударған. Құрманғазы бұл көтеріліске өзінің алғашқы туындыларының бірі "Кішкентай" күйін арнаған. Одан кейінгі "Ақбай", "Ақсақ киік", "Түрмеден қашқан", "Адай" күйлерінде ол халықтың азаттықты көксеген арманын, әділетсіздікке қарсылықты, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын білдіреді. Құрманғазы туындыларында қоғам мен адамның арақатынасындағы айрықша әлеуметтік - психологиялық жағдайлар бейнеленеді. Оның "Аман бол, шешем, аман бол", "Қайран шешем", "Ертең кетем", "Бұқтым - бұқтым" деген күйлерінде адам даусының ырғағы айқын берілген. Құрманғазының ойнақы, мерекелік көңіл күйді білдіретін би ырғағымен жазылған күйлері ("Балбырауын", "Әсем") де бар.
             "Адай" күйінде ол халықтың азаттықты көксеген арманын, әділетсіздікке қарсылықты, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын білдіреді. Құрманғазы туындыларында қоғам мен адамның арақатынасындағы айрықша әлеуметтік - психологиялық жағдайлар бейнеленеді. 
          Құрманғазы Сағырбайұлы «Адай» күйін – тыңдату және шығу тарихын айту.    

          Құрманғазының күй шығару кезеңінің аяқ жағына жататын күйлердің, ең белгілі күйлерінің бірі.  «Адай» күйінің негізінде атшабысты бейнелеу ырғағы бар. Бұл күйді 1934 жылы Қ.Жантілеуов орындап берді, сол орындауда «Адай» оркестрге түсті. «Адай» күйі «Аманкелді» фильмінде пайдаланылды.

          Шығу тарихы:

 Құрманғазы Адай руының атын жалпылама ұғымда алып, еркіндік сүйген елінің қайтпас күшіне арнап шығарған.

           Күйдің шығу тарихының бір баламасы:
Бірде Құрманғазы адай аулына келіп бір үйге түскен екен. Сонда бір жас қыз домбыра шертіп отырған екен. Бір күй тартып берген екен. Құрманғазы тындап отырып, күй орныдалғаннан кейін "Ееей, қызым, күйдің шоғын тартпай, боғын тартыпсың!", - деп, Адайды тарта жөнелген екен.

Дауыс жаттықтыру: Дауысты жаттықтырып аламыз,

                                   Әсем әнге саламыз,

                                   Ойын ойнап, би билеп,

                                   Әндерді жаттап аламыз.

Өмірбек Байділдаев «Туған ел» - үйрену.        
Жаңа сабақты бекіту.

Топтық жұмыс.

1топ – Құрманғазының өмірі.

2 топ – Құрманғазының күйлері.

3 топ- «Адай» күйінің шығу тарихы.      
Сабақты қорытындылау.      

Сұрақ - жауап:
1. Бүгін біз сабақта қандай күйшімен таныстық?
2. Құрманғазының қандай күйлерін білеміз?
3. Музыка дегенде не ойлайсың?
4. Өнер деген не?
5. Күй тартатын адамды кім дейді?
6. Құрманғазы шәкірті кім?
Үйге тапсырма: Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығы. Жаңа әнді жаттау.
Бағалау.

      Қорыта келе, қазіргі кездегі барлық білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерінің алдына қоятын басты мақсаты – білім алушының жеке басының дара және дербес ерекшеліктерін ескеріп, олардың өз бетінше ізденуін арттырып, шығармашылығын қалыптастыру болып табылады. Қазақ халқының күйшілік дәстүрін дәріптеген ата-бабаларымыздың еңбегін жас ұрпақ бойына сіңіру Сіз бен біздің алдымызда тұрған міндет деп білеміз.