Қазмемқызпу

П.ғ.м.,аға оқытушы Пазилова Б.А.,

Аға оқытушы Исембаева Л.А.

                                                                                           

                          

                      Ағылшын тілі - Қазақстанның болашағы

      Бүгінгідей жаһандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамдағы алар орны да ерекше. Өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру — бұл ең алдымен халықаралық қатынастар кезінде айрықша рөл атқаратыны баршамызға аян. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Әрбір Қазақстандық үш тілді жетік меңгеруі керек. 2020 жылға дейін ағылшын тілін білетін тұрғындар саны біршама көбеюі керек» — деп айтқан еді. Мектеп табалдырығынан бастап жоғарғы оқу орындарында ағылшын тілін үйрету айрықша мәртебеге ие. Ағылшын тілінің Қазақстандағы рөлінің арта түсуі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іске асыру мәселесін маңызды ете түсуде. Тіл үйренудің ешқандай зияны жоқ, керісінше пайдасы ұшан-теңіз. Туған тіліңді білуге тиісті емессің, міндеттісің дер едім. Ал басқа мемлекеттің алдында өз еліңнің дәрежесінің биік екенін мойындату үшін, жеті тілді жетік меңгеру артық етпейді.

Елбасымыздың міндет етіп қойған бәсекеге қабілетті мемлекет құруда жас ұрпақтың тигізер үлесі зор. Бүгінгі таңда жоғарғы оқу орындарында шет тілін кәсіби деңгейде оқыту басты орында тұр. Яғни әрбір студент өз мамандығына байланысты шет тілін жетік меңгеріп, одан әрі қарай дамыта алады. Сонымен қатар шет мемлекеттерге шығып, мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндігі зор.

«Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы шуақтары іспетті. Бұл ретте байтақ мекенде баршамызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар. Ол – ортақ құндылық біріншіден қазақ тілі болса, екіншіден ол ортақ құндылық – ағылшын тілі екені бәрімізге мәлім. Бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру – ғаламдық ақпараттар мен инновациялық технологиялардың ағынына кіру деген сөз. Əлемдік білім алу кеңістігінде интеграциялық үрдістердің тереңдеп кең қанат жайған жағдайында ағылшын тілін оқыту өзекті болып отыр. Əлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болу егемендік алған еліміздің жаңа даму кезеңіңде, оның дүниежүзілік аренаға шығып, басқа елдермен саяси-экономикалық, мəдени қатынастарды қалыптастыруы, Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы, əр түрлі дипломатиялық қызмет атқаруы ағылшын тілінің рөлін көтеруді қажет етеді. Қоғамдағы геополитикалық, коммуникациялық, технологиялық өзгерістер жəне интернет жүйесі арқылы тілдесу əр түрлі мамандықтағы, əр түрлі жастағы адамдардың санын мейлінше көбейте түсуде. Осыған байланысты шетел тілдерін пайдалану қажеттілігі де артып келеді. Тіл – тек қатынас құралы емес, тілін үйреніп жүрген елдің рухани байлығын меңгеруде де үлкен рөл атқарады. Осы мəселені қолданысқа алуда елімізде ағылшын тілін игеруде серпіліс жасау мақсатымен 2013 жылдың 1-қыркүйегінен бастап ағылшын тілін 1-сыныптан оқыту енгізілді. Бүгінгі күні тəуелсiздiкке қол жеткізген жылдардан берi əлемдегi көптеген елдермен саяси-əлеуметтiк, экономикалық жəне мəдени байланыс жасауға кеңiнен бет бұрдық. Бұл қарым-қатынастың нəтижелi болуы, ел мен елдiң, халық пен халықтың өзара ынтымақтасқан бiрлiгiн өркендеуге тiл бiлудiң мəнi күн сайын арта түсуде. Елімізде бұл жайлы біраз қоғамдық пікірлер айтылуда. Мысалы, ағылшын тілінің мəртебесі жөнінде мынадай пікір бар: «Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, əлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік». Ағылшын тілі – халықаралық тіл. Ағылшын тілі қазіргі таңда халықаралық қарым-қатынас тілі жəне дүние жүзіне кең таралған тіл болып танылады. Қазіргі кезде ағылшын тілі АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия сияқты көптеген дамыған мемлекеттердің ресми тілі, БҰҰ-ның алты ресми тілінің біреуі. Дамыған отыз елдің ішіне кіру үшін бəсекеге қабілетті жан-жақты дамыған маман дайындауға көп мəн берілуде. «Ағылшын тілі бізге əлемдік аренаға шығу үшін қажет. Бүгінгі таңда əлемдегі шығарылатын оқулықтардың 85 % ағылшын тілінде. Қазақстанда 3,5 мың шетелдік компаниялар жұмыс істеуде. Біз олармен қандай тілде сөйлесеміз? Үштілділік біз үшін қалыпты жағдай болуы тиіс», — деді Елбасы Н.Ə. Назарбаев. Расында да, ағылшын тілін білу жастарға əлемнің ең үздік ЖОО-да білім алуға, алдыңғы қатарлы мемлекеттерде тəжірибе жинауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл əлемнің əр түкпірінде кəсіпкерлікпен айналысудың, іскерлік қарым-қатынас жасаудың маңызды талабы болып табылады. Бірнеше тілді меңгерген азаматтардың өз елінде де, шетелде де бəсекеге қабілетті тұлғаға айналары сөзсіз. Қазіргі уақытта қазақстандық қоғамда ағылшын тілін білу жас ұрпақтың жаңа ақпарат алуында үлкен мүмкіндіктер береді деген пікірмен де келісуге болады. Тəжірибе көрсеткендей, тіл – мəдениеттің кілті, ұлттық бірліктің жалпы механизмі, ұлттың əлеуметтік құрылым болуының басты құралы. «Тілі бірдің – тілегі бір», «тіл тағдыры – ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі – тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету – парыз», — дейді Д. Ғаббасова. Сондықтан да, «жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып-білуге деген қызығушылықтары мен ұмтылысын арттыру арқылы олардың Отанға деген махаббатын оятып, өз тағдырын ел тағдырымен мəңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу басты міндетіміз болып табылады» — деп жалғастырады осы отандық ғалым. Жоғарыда айтылғандырдың барлығын ескере отырып, тіл тағдыры – ел тағдыры деп айтсақ қателеспейміз. Өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Өркениеттік өрелік алға шығып, жаһанданудың лебі есіп тұрғанда көп тілді игергенге ешкімнің таласы бола қоймайтыны анық. Əлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты сауатты ұрпақ тəрбиелеу болып табылады. Ол дегеніміз – өз ана тілін терең меңгерген, сол тілде еркін сөйлей алатын, сонымен қатар бірнеше халықтың тілін білетін ұрпақты тəрбиелеу. Білім мен ғылымның, инновацияның, жалпы Қазақстанның дамыған жағдайында Елбасы біздің алдымызға үш тілді меңгеру қажеттігін қойды. Қазақстан азаматтарының, яғни, біздің парызымыз – «өзге тілдің бəрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей, мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, шет тілдерді де білу деп ойлаймын. Сонымен, біз көрсеткендей тілдердің үштұғырлылығы – уақыт талабы. Үш тілді білу жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашады. «Үш тұғырлы тіл» идеясы – жарқын болашақтың кепілі. Тілдердің үштұғырлылығы мəдени жобасында көрсетілгендей «қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі жəне ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі . Біз осы істің тек жанашыры ғана емес, орындаушылары болуымыз керек.

 

Резюме

В статье рассматриваются о роли английского языка в нашем обществе

Summary

This article touches upon about the role of English in our society