М.Х.Дулати Тараз мемлекеттік университеті

П.ғ.магистрі Алимбекова А.У., аға оқытушы Рожко Г.Т.

 

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ОҚУ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ ҮРДІСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ

 

Ұлттық ойындар – ата бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні  байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің, сабақта пайдаланудың, заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, бүкіл өміріне ұштаса береді. «Ойынсыз ақыл - ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуыда мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен ашық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірімен өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын - дегеніміз ұшқын, білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты», - деп жазған В.А.Сухомлинский.Тынысы кең алысқа меңзейтін, ойдан ойға жетелейтін, адамға қиялымен қанат бітіретін осындай ғажайып нәрсе, ақыл – ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы –ойын.[1,2]

Елімізде күн тәртібіне қойылып отырған күрделі мәселелердің бірі - болашақ ұрпақты ұлттық сана рухына тәрбиелеу. Сондықтан ұлттық мәдениетті дамыту мәселелері күн өткен сайын көкейкесті болуда. Ұлттық ойындарымыз – ұлттық мәдениетіміздің бір бөлігі және рухани байлығымыздың бір саласы екені анық.

Ойын – үнемі даму құбылысы. Халық ойындарын үйрету және тәлім- тәрбие жұмыстарында пайдалану балалардың ой -  өрісін, дене дамуын қалыптастыруға көмектеседі. Ойын сонымен қатар тарихи құбылыс болып та табылады. Халық ойындары - өзінің болмысы, мазмұны жағынан тарих түпкіріне жетелейтін бірден –бір сара жол. Ол  адамзат тарихының тікелей байланысты және үнемі даму, жаңару үстінде балады.

Ғылымның қай саласы болмасын өз тарихын зерттеп алмайынша алға баспайды.

Қазақстан жерінде қалыптасқан алғашқы қауымдық құрылыстан басталады. Сонан бергі бізге жеткен, ойналып жүрген ұлт ойындарының  ішіндегі әр түрлі құмарлық ойындары, бестас, асық, садақ ату, карагие, т.б. шамамен алғанда бес мың жылдар бұрын ойналынғандығы жайында ағылшын ғалымы Э.Маккей «... бұл ойындардың барлығы дерлік  Азия елдерінде тайпалық одақтардың арасында тарағанға ұқсайды» -дейді. [5]

Ұлттық ойындары оқу және тәрбие үрдісінде  пайдаланудың өзектілігі. Қоғамыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жастарға үлгілі, өнегелі тәрбие беру - қазіргі міндеттердің бірі.

Оқушыда жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жеке тұлғалық қатынасын тәрбиелеу мақсатын халқымыздың мәдени рухани мұрасының, салт – дәстүрінің озық үлгілерін оның бойына дарыту арқылы жүзеге асыруға болады. Жас ұрпақ өз халқының мәдениетімен, асыл мұраларымен ұлттық әдебиеттер арқылы танысып келеді. Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Ойынды сабаққа қолдану оқушылардың ой- өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы.[5]

Халық  педагогикасының адам, отбасы, өскелең жас ұрпақты тәрбиелеу туралы арман – мақсаттарын, орныққан пікірлерін, ұсыныстарын қамтып көрсететін педагогикалық идеялар мен салт – дәстүрлері өткен мен қазіргінің арасындағы байланысты көрсетеді.

Ол тарихи даму барысындағы әлеуметтік мәні бар ақпаратта (білім, біліктілік) т.б. жиналып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. [3]

Халықтық педагогиканың ең бір көне тиімді құралдарының біріне жатады. Ойын арқылы  бала қоршаған ортаны өз бетінші зерделейді.

Сөйтіп, озінің өмірден байқағандарын іске асырып, қоршаған адамдардың іс - әрекетіне еліктейді. Соның нәтижесінде өзі көрген жағдайларды отбасылық тұрмыс пен қызмет түрлерін жаңғыртады. Мәселен, қазақтың ұлттық ойындары: «Бәйге», «Көкпар», «Алтын», «Хан талапай», «Қыз қуу», «Тоғызқұмалақ» т.б. балалардың еңбекке деген қарым – қатынасы мен қабілеттерін арттырады.

Ойын- сауық жасөспірімдердің ой қабілетін, өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастырады.  Көшпелі қазақтардың өмір салты денсаулыққа аса зор мән берген. Атқа міну өнері жас баланың сезімі мен денесін жаттықтырудың басты және ортақ дәстүріне айналды. Бозбала да, қыз бала да жастайынан аттың құлағында ойнауға бейімделді, соған тырысты.[4]

Ата – баба дәстүрі арқылы қанымыздың сіңген –күрес, сайыс, найзаласу, садақ ату, бетпе - бет келген қарсыласының жанды жеріне соға білу көшпелі өмірде дене тәрбиесінің күрделі болғанын білдіреді.

Ұлттық ойын жарыстарында денсаулықты сақтау жолы да, өзін - өзі қорғау амалдары да айқын. Денсаулықты сақтаудың шарты – денені  шынықтыратын қозғалыс пен жаттығуда, ағза мен жүйке тамырлардың тынысын реттеуде, рухты жоғары ұстай білуде.[5]

Ойын – сауық адамның талдау, таңдау қабілетін шыңдайды, ортамен тіл табысуға, қарым – қатынасты жетілдіруге, жұмысын мазмұнды етуге, жеңіске жетудің ең тиімді түрлерін қарастыруға, адамның бойындағы қасиетті әлеуметтік күшке және қозғалысқа айналдыруға итермелейді.

Қазақтың келешек ұрпақтары сымбатты әрі денсаулықтары мықты болу үшін көптеген қазақтың ұлттық ойындарын ойнап, сана – сезімдерінің артуына үлес қосып, ең бастысы ата – бабаларымыздан келе жатқан ұлттық ойындарды көзіміздің қарашығындай сақтайық ағайын!

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987,168 б.

2. Маданов Х. Қазақ мәдениетінің тарихы. Алматы, 1998, 45 б.

3. Адылханов А.С., Брусенко З.Г., Сейдуманов С.Т. Шымырлылық шынығудан. – Алматы, 1998.

4. Наурызбаев Ж. Ұлттық мектептің ұлы мұраты. Оқушыларға мәдени-этникалық білім беру туралы. – Алматы: Ана тілі, 1995.

5. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1992.