Шынтаева Н.А., п.ғ. магистр.Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

Аккулиева  Г.М. «Аягул»  балабақшасының тәрбиешісі

 

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРҒА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТӘРБИЕБЕРУ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

 

 

”Адамдардың табиғатсыз күні жоқ ,
мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ.”

Еліміз егеменді мемлекет болғалы бері барлық салаларда ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Мұндай өзгерістерден білім беру саласы да тыс қалған жоқ. Қазіргі білім беру (саласы) жүйесі әлемдік өркениеттің барлық талабына сай келетін, парасатты, білім мен  біліктілігі жетілген мамандар дайындауды қажет етеді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің міндеті ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізіңде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау екендігі айтылған [1,2].

   Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Сондықтан мектепке дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеудің негізгі мақсаты - баланың жеке басының қалыптасуы мен дамуы болып отыр. Жалпы адамзаттық құндылықтың маңызын түсінетін, ақыл-ойы дамыған, саналы, білімді, экологиялық мәдениетті тұлға қалыптастыру жаңа ғасырдың күн тәртібіндегі басты мәселелерінің бірі болып келеді. Қоршаған ортаны қорғаудың қажеттігі, тіршілік үшін қаншалықты маңызды екенін бүгінде өмір тәжірбиесінде күнделікті байқалып отыр. Қоршаған ортаны немқұрайлы қарауды болдырмаудың жолы - мектеп жасына дейінгі кезеңнен бастап балада, болашақ қоғам мүшесінде экологиялық білім беру, табиғатты аялауға, қорғауға тәрбиелеу қажеттігі туындайды.

   Қазақстан Республикасы тұрақты дамудың жаңа жолына түскен кезеңде жас ұрпақты ізгілікке, эстетикаға, отан сүйгіштікке баулитын экологиялық білім мен тәрбие берудің маңызы арта түсуде. Себебі, «табиғат – қоғам - адам» жүйесіндегі қарым-қатынастардың шиеленісуі жылдан-жылға күшейіп, экологиялық зардаптар тіршілікке қауіп төндіріп отыр.

Халыққа экологиялық білім беру мен табиғат қорғауға тәрбиелеу тарихы 1960-шы жылдардың бас кезінен басталады. Бұл мәселенің негізін педагог – ғалымдар Я.И.Габев, Н.А.Гладков, А.Н.Захлебный, И.Д.Зверев, П.В.Иванов, Б.Г.Иоганзен, И.С.Матрусов, Б.Муканов, Н.А.Рыков, Н.С.Сарыбеков, А.П.Сидельковский, В.Н.Скалон, Е.С.Сластенина, И.Т.Суравегина, Е.Ю.Шопакене және т.б. ғалымдар бірінші болып үн көтерді [3].

      Сонымен қатар қазақ ғалымдардың қазіргі таңда балабақшадан бастап жас ұрпақтардың бастапқы экологиялық мәдениет негіздерін қалыптастыру. Жас өспірімдердің табиғатпен қарым-қатынасын орнықтыру, дүниетанымын дамытуда қазақ халқының ағартушы ғалымдары А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, М.Дулатов еңбектерінің орны ерекше [4,5].

   Табиғат - біздің ортақ үйіміз. Табиғатқа деген сыйды жоғалту адамзаттың адамгершілік  құндылықтарын жоғалтуға әкеліп соқтырады. Өсіп келе жатқан ұрпақта жаңа экологиялық  сезім қалыптастырылуы керек деп санаймыз. Болашақта балалар кім болса  да, олар  қоршаған  ортада  рөлдерін  бөліп, табиғат  заңдылықтары бойынша өз түсініктері болуы  керек.  Баланың сәби кезінен экологиялық мәдениеттілік  пен экологиялық  санасын  тәрбиелеу, осы   мәселелердің шешілу  жолдарының бірі  болып табылады. Мектепке дейінгі  ұйымдардағы экологиялық  білім  берудің  ең  маңызды  міндеті -  балалардың  табиғаттың  әсемдігін  көріп, түсіне білуге,  тірі табиғатқа  қамқор  бола білуге  үйрету және  экология  саласы  бойынша   нақты  білім  беріп, аймақта  қолданылатын  ресустары  шектеулі  екенін  түсіну   керек. Біз  баланы табиғатты пайдаланып қана қоймай,оған қамқор болуға, оны  күтіп  аялауға үйретуіміз  керек.

Экологиялық білім берудің басты міндеттері

-    өсімдіктер  мен жануарларды күте білу  дағдыларын  қалыптастыру,

-     қоршаған ортада алған әсерлерін  жеткізе білу, эмоциялық көңіл-күйлерін басқара білу  дағдыларын жетілдіру,

-    табиғатпен  бала  арасында  оңтайлы   қарым – қатынас  орнату,

-    эстетикалық талғамдарын тәрбиелеу және патриоттық    сезімдерін ояту,

-    балалар  арасында достық  қарым-қатынасты  бекіту,

-    адамның табиғаттағы тіршілік әрекеті және жеке гигиена жайындағы  білімдерді  тиімді  жолдарымен жеткізу.

Осы  міндеттерді  жүзеге  асыру  үшін   мынандай  жұмыс  түрлері орындалады 

- Балабақшаның экологиялық  паспортын  жасау. Балалардың  экологиялық  білімдерін    қамтамасыз     ететін  пәндік – дамытушы ортаны  құру.

- Экологиялық  соқпақ, Қызыл кітап, Жасыл аймақ ,  Дәрілік өсімдіктер орталығын  құру, тірі  табиғат  бұрышын ұйымдастыру.

-  Үлестірмелі материалдар  жинақтау (гербарий, суреттер жинағы, табиғат  жайлы  мақал-мәтелдер, слайдтар, диафильмдер  т.б.).

-  Балаларды  табиғатты әртүрлі  қалыпта  тануды   ұйымдастыру ( бақылау, еңбек, табиғат  бұрышында т.б.) тақырыптық  серуендерді жүйелі  түрде  жоспарлап  өткізу.

-    Ата-аналармен экологиялық  ағарту  жұмыстарын  жоспарлау.

Бала  жүрегіне  табиғаттың  әсері  өте  зор,  сол  себептен де  ол  тәрбиелеу   мен  дамыту  әрекетінде кеңінен пайдаланылады. Дегенмен, табиғат  өздігінен бала бойына қажетті  жеке  тұлғалық сапаларды  қалыптастыды   алмайды,   оған міндетті  түрде ересектер тарапынан басшылық жасау керек. Балалардың табиғатқа қызығушылығы оның құбылыстары     арасындағы өзара байланыс пен олардың пайдасын жете түсінгенде ғана арта бастайды.

Табиғат-баланың  ақыл-ойының  балалық  деңгейден нақты  түсініктер  бойынша  қалыптасқан  жоғары  деңгейге  жеткізетін қор  болып  табылады. Табиғатты  танып  білу  мектеп  жасына  дейінгі  баланың  бойында  табиғатпен  эстетикалық  қарым-қатынас   жасаудың  базасын  құрайтын экологиялық білімді бере отырып, сонымен  бірге  оны  қорғай,  аялай білуге үйретеді. Мектеп жасына дейінгі балаға экологиялық мәдениеттің алғашқы  түсініктерін қалыптастыру үшін – 5-6 жас балаларға үйірме топтарын ашу. Бұл экологиялық білім берудегі шешуші фактор болып табылады. Ол экологиялық ақпараттар  және арнайы материалдармен кең көлемде таныстыруға, сонымен қатар балаларға экологиялық  білім беруге өте тиімді. Жыл мезгіліне қарай болатын құбылмалы ауа райын бақылауға жол  ашады. Балаларды табиғат тамашаларымен,ондағы жан-жануарлар дүниесімен таныстыру  жұмысына да көңіл бөледі. Мұндай бақылаудың нәтижесінде заттың түсіне,атынат.б.  қасиеттеріне байланысты жаңа сөздер үйренеді. Сөздік қоры молая түседі. Бақылау кезінде  затты ұстап көріп,өз пікірін білдіруге тырысады. Шағын сөйлемдер құрап айтуға жаттығады. Мектепке дейінгі балалардың экологиялық мәдениетінің қалыптасуының жемісті болуы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырушы тәрбиеші-педагогтың, ата-ананың психологиялық, педагогикалық, экологиялық біліміне, біліктілігіне байланысты айқындалады.

 

Пайдаланған әдебиеттер

1.Қазақстан Республикасының Білім туралы заңы. 27 07. 2007

2.Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға            арналған мемлекеттік бағдарламасы. - //Егемен Қазақстан, желтоқсан, 2010

3.Р.Қ.Керімбаева. Мектеп жасына дейінгі балалардың дүниетанымын қалыптастыру.-Тараз.2010.

4. А.А.Бейсенова. Жоғары оқу орындарында экологиялық білім беру мен тәрбие міндеттері.-Алматы.1999.

5. Андабекова С Мектепке дейінгі педагогика. – Алматы.2012 ж