Филологические науки/1. Методика преподавания языка и литературы
Пилтан Юсуф
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының ғылыми
қызметкері, Қазақстан, Алматы
Алып Ер Тоңға –
Тұран елінің хас батыры
Иран мен Тұран арасындағы дүбірлі
қақтығыстар барысында дара туып елін жаудан
қорғаған батырлар ерлігі бірінші (б.з.б)
мыңжылдықта-ақ, тарих беттерінен өшпес орын
алғаны белгілі. Тұран елінің қаһарман хас батырлары жайлы деректердің аз да
болса там-тұмдалған жұқанасы бүгінгі күнге
ауыз әдебиетімен қатар, ежелгі және ортағасырлық
иран-түркі жазба мұралары арқылы және антикалық
грек-рим тарихшылары еңбектерінен жетіп отыр. Сол тұғыры биік
тұлғалардың бірі де де бірегейі, Тұран елінің билеушісі, әскер қолбасшысы, ержүрек
батыры – Алып Ер Тоңға
(Афрасияб).
Тұрандықтар кезінде
өздерінің ерен ерлерін ерекшелеп, дара көрсету
мақсатында «күшті», «мықты», «ер», «ержүрек»,
«қайсар» деген сөздердің жиынтығы ретінде «алып»
сөзін қоса атап отырған. Кейіннен Түрік
кағанаты кезінде «алып» сөзі әскери титул мағынасында
да қолданылған сыңайлы. Ал ирандықтар
болса Алып Ер Тоңғаны Афрасиаб (үрей тудыратын
адам) мағынасында атаған.
Алып Ер Тоңға яғни
Афрасиабтың есімі ең алғаш б.з дейінгі бірінші мыңжылдықтың
ортасында жазылған киелі кітап «Авестада» алғаш аталады.
Афрасиабтың Тұран патшасы болғандығы жайлы
мәлімет ең алғаш осы аталған кітапта кездескен. Зерттеуші ғалым И.Жеменей
өз еңбегінде: «Афрасиаб» есімі иран тілінің үш
кезеңінде бірінші мыңжылдықта – авеста тілі, екінші
мыңжылдығында – пәхлеви тілі, Х ғасырдан басталатын
үшінші кезеңінде парсы дәри тілі түрлі
фонетикалық ерекшелігімен жазылып жүрді. Мәселен, «Авеста»
кітабында Франграсиан (Frangrasyan), Әбілқасым Фирдауси (940-1030)
«Шаһнамесінде Афрасиаб түрінде жазылғанын көреміз» [1,
160] деп жазды.
Сонымен қатар «Алып Ер Тоңа» жайлы
келесі мәліметті XІ ғасырда өмір сүрген түркі
ғұламасы Жүсіп Баласағұнның
«Құтты білік дастанынан кездестіреміз». Ақын «Құтты
білік» дастанының 277-286-шы бәйіттерін түгелдей Алып Ер
Тоңғаны мадақтауға арнап:
Назар
салсаң, бұл түріктің бектері,
Жаһанның
әз бектері, асыл тектері.
Түрік
бектері ішінде атын асырған,
Алып Ер
Тоңа ер еді, құты тасыған,
Білімі-даңқы
ұлы, көптің сарасы,
Білімді,
ойлы әрі халық ағасы.
Зерек, дана
көңілі сара, сері еді,
Жұтты
жалған елге тұтқа ер еді,
Тәжіктер
оны Афрасиаб атаған,
Елдерге ол
көп ізгілік жасаған. [2, 145]
деп, Алып Ер Тоңғаның тұлғалық
ерекшелігін асыра дәріптесе, Махмұт
Қашқари өзінің «Диуани лұғат
ат-түрік» атты бағалы энциклопедиялық еңбегінде Алып
Тоңғаға былай деп арнайы жоқтау арнаған:
– Алып Ер
Тоңға өлді ме?
Жаман дүние қалды ма?
Заман өшін алды ма?
Енді жүрек жыртылар.
Замана сәтін түзетті,
Ұрысы құрды тұзақты;
Бектер бегін аздырды,
Қалай қашып құтылар?! [3, 36].
Түркітанушы ғалым Н.Келімбетов
тұрандықтардың өз заманында шығарған «Алып Ер
Тоңға» дастаны болғандығын дәлелдеуге тырысып,
бірқатар мәліметтерге жүгінеді. Соның
дәлелінің бірі ретінде осы Махмұт Қашқаридың
«Диуани лұғат ат-түрік» атты мұрасындағы Алып
Тоңғаға арналған жоқтауды мысал ретінде
келтірген. Оның пікірінше бұл
жоқтау кезінде шығарылған «Алып Ер Тоңға» дастанының ең
соңғы тарауы болса керек.
Ғалым,
бүгінгі күнге «Алып Ер Тоңға» дастанының
жалпы сюжеті мен жекелеген үзінділері ғана
жеткендігін алға тарта отырып, сол үзінді
түрінде сақталып келген жыр жолдарының өзінен-ақ
бұл дастанның сюжеттік желісін, басты идеясын, көркемдік
дәрежесін аңғару қиын еместігіне назар аударған. Оның
құрастырған «Алып Ер Тоңға» дастанының
қысқаша мазмұнына назар аударсақ:
Түркілердің атамекені Тұранға көрші отырған
Иран елінің әскері қайта-қайта шабуыл жасап, тыныштық
бермейді. Тұран елінің сұлу қыздарын, асыл бұйымдарын,
қоңды малдарын тартып әкетіп жатады. Диқандардың енді
ғана жайқалып өсіп келе жатқан егіндерін, бау-бақшаларын парсы әскері таптап
тастай береді. Сол заманда
Тұран елінде «арыстандай айбарлы, жолбарыстай жүректі, көк бөрідей тәкаппарң Ер
Тоңға деген батыр жігіт
бар екен. Ер Тоңға елден көп нөкер жинап, Иран әскеріне
қарсы шығады. Тұран мен Иран әскері Дехистан деген жерде кездеседі. Бұл жер екі биік
таудың ортасындағы кең жазира дала болады. Екі
жақтың әскері үш күн, үш түн дамылсыз шайқасады. Жап-жасыл дала енді
қып-қызыл қанға боялып кетеді. Адам
өліктері тау-тау болып үйіліп калады.
Ақыры Тұран әскері жеңіп, Иран әскері ойсырап жеңіледі. Сол күннен бастап Ер
Тоңғаны «алып» деп атай бастайды.
Енді ол халық алдында Алып Ер Тоңға деп аталады да, Тұран патшасының тағына
отырады.
Дехистанда болған соғыста Тұран әскері
Иран патшасын тұтқындап, аяқ-қолын шынжырлап әкетеді. Иран
жағы оны тұтқыннан босатып алу үшін тағы да
соғыс ашады. Алайда Иран шахын балтамен
бір түнде шауып өлтіріп тастайды. Арада көп жылдар
өтеді. Иран патшасының тағында талай патшалар ауысады. Алып Ер Тоңға солардың бәрімен
де соғысады. Бәрін де
жеңіп шығып отырады. Ақыры Иран патшасы Залдың
жалғыз ұлы Рүстем қол бастайтын жаска жетеді. Ол жер қайысқан
қалың әскермен Тұран елінен кек қайтаруға аттанады. Алдынан
көп әскермен Алып Ер Тоңға
шығады. Алып Ер Тоңға келеді, Жүз мың әскер ереді, Жүз мың жебе кереді,
Жер қайысқан қол еді. Тәңір сүйіп жаратқан, Әлемді
өзіне қараткан, Қаһарын
жауға таратқан, Көк
тәңірінің ұлы еді. Қылыш, найза сарт-сұрт соғысып, болат
қалқандардан от
ұшқындайды. Садақ оғы жаңбырдай жауады. Жаралы жандардың
құлындағы дауысы шығып, дүние астан-кестен болып кетеді. Адам қаны дария болып
ағады. Біресе Иран жағы, біресе Тұран әскері басым
түсіп отырады. Екі жақта әбден
әлсіреп, ақыры шайқасты уақытша тоқтатуға
мәжбүр болады. Күндердің күнінде Иран
тағына Кей-Қауыс отырады. Ол «сақ әскерінен жеңіліп қалдыңдар,
қоян жүрек қорқақсыңдар» деп өзінің жалғыз баласы Сияуышты
және Рүстем батырды
қатты ренжітеді. Көпшіліктің көзінше айтылған ауыр сөздерге қатты намыстанған
Сияуыш әкесіне өкпелеп, Тұран
еліне кетіп қалады. Ол сақтар елі
тәңірқұттарының (әміршілерінің) бірі Пиранның сұлу қызына
үйленеді. Одан туылған
балаға Кей-Хұсрау деп ат қояды. Бір күні Иран жағы Кей-Хұсрауды ұрлап
әкетіп, жігіт болған кезінде парсы еліне патша етеді. Арада көп жылдар өткен соң
Кей-Хұсрау мен Рүстем батыр бірігіп, Тұран еліне кайта шабуыл
жасайды. Алып Ер Тоңға
талай рет Рүстем батырмен жекпе-жекке шығып, екеуі ұдайы тең түсіп отырды» [4, 36]
деп жазылған.
Афрасиаб яғни Алып Ер Тоңға батыр жайлы
деректердің бірқатары Орта
және Орталық Азия елдерінде жазылған тарихнамалық
әдеби жазба шежірелерде кездеседі. Мысалы, Қазақтың
тұңғыш тарихшысы атанған Мұхаммед Хайдар
өзінің «Тарих-и Рашиди» атты туындысында Афрасиабтың
ататек
шежіресі толығымен берілген. Онда Афрасиабтың әкесі – Пишен (Бешен), Пишен – Дад
Нишиннің баласы, Дад Нишин – Турдың баласы, ал Тур болса
Афридунның баласы екендігі
айтылған.
Сонымен
бірге қатар Афрасиаб жайлы ақпараттар авторы белгісіз «Тарихи-и гузида нусрет-нама» атты шежірелік
мұрада және Рашидад-дин Фазлаллахтың «Маджма тауарих», Әбу
Райхан әл-Бирунидің, Хамза
Исфаханидің шежірелік
сипаттағы көркем шығармаларында көрініс тапқан.
Аталған тарихнамалық көркем шежіре деректерінде Иран
патшасы Мәнучердің ұлы Нәузер тағынан
тайғаннан кейін Алып Ер Тоңға он жылдан астам уақыт
бойы Иран тағында отырған көрінеді. Ал Тұран елінде Мауаранахр, Жетісу, Сауран, Шаш (Ташкент), Исфаджаб (Сайрам), Талас, Шу уалаяттарына билік
жүргізген. Ол құрған
мемлекет әр кездегі түрлі қоғамдық, саяси, әлеуметтік өзгерістерге орай өз
астанасын бірнеше рет ауыстырып
отырған. Түрлі тайпалық одақтардың бірлестігі ретінде ол
құрған мемлекеттің астанасы Пайкент, Рамитан
(ескі Бұхара), Баласағұн, Қашғар сияқты
қамал-қалалар еді. «Сувар-и
акалим («Әлем климатының суреті) деген кітаптағы деректерге қарағанда,
Алып Ер Тоңға көптеген ғажайып калалар салдырған. Солардың бірі –
Ханбалық, яғни Баласағұн шаһары Афрасиаб
ұрпақтарының қолында болған. Сондай-ақ Рамитан, Афрасиаб (Самарқан шаһарының бұрынғы аты)
калаларын да ежелгі Тұран елінің билеушісі Алып Ер Тоңға салдырған деген деректер
кездеседі.
Афрасиабқа байланысты тағы бір деректерде
оның Барсхан, Қарахан, Шиде, Алақ деген
ұлдары болғандығы және Алып Ер
Тоңғаның ата-тегі шын мәнінде ежелгі түркі
тайпаларынан шыққандығы жайлы айтылған.
Зерттеуші түркітанушы ғалым Н.Я.Бичурин де
Алып ер Тоңга жайлы өз еңбегінде: «...Тун Шеху
хан батыр болды, оның әрбір соғысы жеңіспен бітіп отырды... Ал,
оның немересі Нишу 630 жылдары Тунь алэу (Тоңға Алп) Валиба
Дулу хан деген лақап атпен таққа отырды [5 ] деген деректеме
келтіреді.
Н.Келімбетов
«Алып Ер Тоңға» дастанының көне тарихи шежірелерде
сақталған жұрнақтарын, сонымен
бірге Жүсіп Баласағұнның «Құтты
білік» кітабындағы Алып Ер Тоңғаға қатысты
бәйіттерді, кейінгі кездегі зерттеулерде мысал ретінде
келтірілген жеке жыр шумақтарын да жинақтау арқылы
«Алып Ер Тоңға» дастанның мүлдем
ұмытыла бастаған конструкциясын жасауға тырысты. Ғалым
бұл дастанның оқиғалар желісін
құрастыруға әсіресе Махмұт
Қашқаридің «Диуани лұғат-ат түрік»,
Жүсіп Баласағүнның «Құтты білік» және
Рашидад-дин Фазлаллахтың «Маджма тауарих»
(«Тарихи жинақ») және
Әбу Райхан әл-Бируниидің «Сувар-и акалим» атты орта ғасырларда
жазылған еңбектердің,
сонымен қатар, Түркия елінің Б.Аталай, Р.Арат, И.Ертайлан,
Ф.Көпрүлузаде, Н.Банарлы
сияқты әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдарының еңбектерінің септігі
тигенін атап көрсетеді. [4,
28]. Аталған еңбектермен
қатар ғалым ежелгі дастанды құрауға парсы елінің ұлы шайыры Әбілқасым Фирдоусидің «Шахнамасының» жеке-жеке
үзінділеріннің аса маңызды рөл
атқарғандығын баса көрсетеді. Оның пайымдауынша «Шахнаманың»
авторы осы «Алып Ер Тоңға»
атты көне дастанды толық күйінде оқыған
сыңайлы және де «Алып Ер Тоңға» дастанын Шығыс поэзиясына тән нәзира
дәстүрі бойынша оны парсы
тілінде қайта жырлап шыққан көрінеді. Дегенмен
бұл мәселенің әлі де ізерлеп зерттеуді қажет
ететіні анық.
Фирдоусидің «Шахнамасында» Алып Ер
Тоңға жайлы «Афрасиабтың
Бәрман мен Құмайынды Сұхраб құзырына
жіберуі», «Афрасиабтың қорқынышты түс
көруі», «Афрасиабтың қайраткерлермен мәслихат
құруы», «Сияуыш пен Афрасиабтың бір-біріне ант
беруі», «Афрасиабтың Сияуышқа хат жазуы», «Афрасиаб пен
Сияуыштың аңға шығуы», «Афрасиаб
ордасына Рүстемнің түнде шабуыл жасауы», «Афрасиабтың
ирандықтардан жеңілуі» сынды бірақ тараулар кездеседі.
Поэмада Алып Ер Тоңға парсы
елімен соғысқан жау, әсіресе парсылардың
ұлы батыры Рүстеммен соғысқан аса жағымсыз
кейіпкер ретінде суреттеледі. Сонымен қатар И.Жеменей
ирандықтардың киелі кітабы болып саналатын «Авеста» мәтінінде
де жауыз Афрасиаб деген сөздің (бір рет) және жауыз Афрасиаб
деген сөздің (4 рет) көздескенін атап көрсеткен [1, 160].
Осы орайда бүгінде бір қынжылатын бір
мәселе бар. Түркі елдері соның ішінде қазақ
балаларының есімін Рүстем деп қою жиі кездеседі. Тұран
елінің кезінде нағыз жауы болған Рустемнің есімін
қазақ баласына қойғанша, Афрасиаб немесе Алып Ер
Тоңға деп қойғаны жөн болар еді. Соымен
қатар, кезінде Иран мен Тұран соғысы кезінде Тұран жері
үшін парсылармен қасық қаны қалғанша
шайқасып өткен Грисюз, Барман, Гүлбад, Висе, Афрасяб,
Ақирест, Шамасас, Хазерван, Аржанг, Сәнже, Пулад, Бид, Ақ
Див, Жуя, Пашанг Голбад, Ағрирес т.б. батырлардың есімін неге
қоймасқа деген пікір туындайды.
Әдебиеттер:
1.
Жеменей И. Ежелгі жазба
әдебиеттегі Алып Ер Тоңа бейнесі және тәуелсіздік
идеясы //Тәуелсіздік идеясы және көркем мәдениет. 1
кітап. Алматы: Signet print, 2010. – 332 б.
2. Баласағұн Ж. Құтты білік. – Алматы: Жазушы, 2006. –
350 б.
3.
Махмұд Қашқари. Түрік
сөздігі. 2-том (ауд. А.Егеубай). Алматы, 1997. 333-б.
4. Келімбетов Н Алып Ер Тоңға // Қазақ
әдебиетінің тарихы. Онтомдық Т. 2. – Алматы: 2006. – 384 б.
5. Бичурни Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в
древние времена. часть І-ІІ. Москва-Ленинград, 1950. стр. 56.