КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ КЕЛТІРІНДІ ҚҰРЫЛЫМДАР

Б.Р.Хасенов, А.Әмірзада (Қазақстан, Қарағанды)

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Көркем шығарма – автордың өзін қоршаған ортаны, болмысты, қоғамық – әлеуметтік формацияны өз тұрғысынан түсініп, сол өзі түсінген, елестеткен бейнені оқырманға эстетикалық өңдеп жеткізетін құрылым. Оның тілдік қабатында жалпыхалықтық қолданыстағы лексика – фразеологиялық бірліктермен қатар, ауыз әдебиетіне тән мақал – мәтелдер, өзінен бұрын өмір сүрген ақын – жазушылардың сөзқолданысы ккейде саналы түрде, кейде еріктен тыс ұшырасуы мүмкін. Тілдік қауымдастыққа жақсы таныс, көпке белгілі шығармалардан алынған түрлі көлемдегі, түрлі деңгейдегі үзінділерді қолдану қаламгердің ой – өрісін, эрудициясын танытатын, өз алдындағы әдебиет қайраткерлерін бағалауын жеткізетін, сондай – ақ сол шығарманы оқитын оқырманның ұлттық әрі әлемдік мәдениет үлгілермен таныстығын көрсететін тілдік дерек ретінде қарастырыла алады. Түрлі түпнұсқа мәтіндерден алынған әр деңгейдегі үзінділерді қолдану постмодернистік әдебиеттің бірден – бір белгісі деп есептеле бастады. Постмодернизм әдебиетінде басқа мәтіндердің үзінділері ашық немесе жасырын түрінде кездеуі цитатаның негізгі белгілерінің біріне сай келетіндіктен, әлемдік әдебиеттану мен тіл білімі ғылымдарында цитатция, цитирование, цитатная речь терминдері айналымға кірді. Бұл терминдер интертекстуалдылықтың маркері болғандықтан толығырақ қарастыру керек [1, 32-33].

Цитата ғылыми әдебиетте XVIII ғасырдың соңына қарай қолданыла бастады. Жалпы цитата келтіру христиандардың «Қасиетті жазбаларынан» алынған үзінді қолданыстың қай түрінде болсын, дәл, еш өзгеріссіз айтылуы қажеттігінен бастау алады.

Цитата  келтіру мәселелері семантика саласында алғаш рет поляк ғалымы А.Вежбицкаяның мақаласында көтеріліп, цитата келтіру көбінесе бағалау мақсатын көздейтіні дәлелденді.

Ауызекі сөйлеу тіліндегі және жазба тіліндегі цитата келтіру ерекшеліктеріне байланысты Н.Д.Арутюнова тиісінше «цитация» және «цитирование» терминдерін ұсынады.

В.Набоковтың орыс және ағылшын тілдеріндегі прозалық шығармалары мен осы тілдерде жазатын басқа да қаламгерлердің әңгіме, повесть, романдарындағы цитатаның пайдаланылуын, қызметін жан – жақты зерттеген Н.В.Семенова, керісінше, цитацияны жазба әдебиетке қатысты қолданады. Ғалым: «Цитата – бір айтылымның ішіндегі айтылым, олардың мағыналық шегі айрықша (диффузды) сипатта болады», - дейді де, цитация деңгейлерін төмендегідей бөледі: а) лексикалық; ә) мотивтік; б) метрикалық және анаграмматикалық; в) стильдік. Ол көркем прозаның күшті позицияларындағы цитаталарды жеке бөлімде қарастырады [1, 33].

Александр Блоктың поэтикасындағы ременисценциялардың қызметін қарастырған З.Минцтің пікірінше, символистердің көркемдік сезінуінде ақиқат өмірдің кез келген оқиғасы, тілдегі кез келген хабар немесе кез келген мәдени дерек цитата деп ұғынылды, себебі символистік-мистикалық көзқараста дүние өзіндік құрылымы бар мәтін деп танылды. Ғалым өз зерттеулерінде цитатаны кең және тар мағынада түсіндіреді де, кең мағынадағы цитаталарға реминисценция мен аллюзияларды жатқызады. «Цитатаның» сөздіктегі мағынасындағыдай қолданыстарда болмаса, кең мағынадағы цитата үшін тек цитация қағидаты сақталуы жеткілікті екенін, дәлдік, сөзбе-сөзділік аса мәнді емесін және ол өзі контексінен алынып отырған мәтіннің «орынбасары» ғана болатынын атап айта отырып, ол «цитация», «цитирование» сөздерін қатар қолдана береді.

Көркем мәтіндегі цитация ғылыми стильде жазылған мәтіндердегі цитатадан бірнеше ерекшеліктерімен ажыратылады:

1.Көркем шығармада цитаталы сөз еш өзгеріссіз қолданылып, өзі түскен контекстің әсер-қуатын арттыруға қызмет етеді.

2.Автордың немесе лирикалық субьектінің өзі идеал тұтқан объектіні бағалауы үшін қолданылады.

   3.Автор өзі суреттеп отырған жағдайдың таңбасы ретінде қолданады. 39

   Сөз тіркесі деңгейіндегі цитацияның мысалына мына үзіндіні келтіруге болады:  Айрылып қалған соң ғана айы өтіп, сан соға өкінер едік. Өзгені қойып, мықтымсып жүрген мына менің өзім сол Апамнан тірі кезінде неге ғана бәр-бәрін: киіз басып, үй тігуді, арқан есуді, тері илеп, өңдеп киім тігуді, алаша тоқып, өрнектеп сырмақ тігуді, саба, сүйретпе, торсық істеуді тәптіштеп жазып алмадым. Енді, міне... қолымызды мезгілінен кеш сермеп отырғанымыз. ( «Апамның астауы» О. Бөкей) [120, 2]

   Бұл шығармадан алынған үзіндіде келтірінділік тәсілдің үш негізгі белгісінің бірі қандай да бір мәтіннен алынған үзінді немесе басқа біреудің сөзі. Сөз тіркесі деңгейіндегі цитацияның мысалы деуге болады. Абай Құнанбаевтың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңінен алынған келтірінді жолдар.

   М.Жұмабаевтың төмендегі өлең жолдарында цитацияның бірнеше түрі қабаттаса қолданылған:

   «Ауыл болсаң – қоғам бол» - деген сөзбен

   Бұлтартпай ертеңді-кеш жүріп барсақ,

   Сол шақта көп түкіріп көл де болар,

   Көлде толқын айдаушы жел де болар.

   Мектеп пен медреселер көп салынып,

   Ағайын тату-тәтті ел де болар.

   Жиылмай өнерге аяқ баса алмаспыз,

   «Заман түлкі болғанда, тазы болмай»

   Биік қырдан алдағы аса алмаспыз!         (Қазағым).

   Мағжан Жұмабаевтің өлеңінен келтірінділер: біріншісі – мақал сөйлем деңгейіндегі цитация, цитацияның үшінші белгісі  түп нұсқаға сілтеме негізінде жасалған; екіншісі – «Көп түкірсе көл болар» деген мақалдан келтірілген сөз тікесі деңгейіндегі цитация, цитацияның бірінші белгісі қандайда бір мәтіннен алынған үзінді немесе басқа біреудің сөзі тұрғысында берілген; үшіншісі де түпнұсқаға сілтеме, сөйлем деңгейлі келтірінді.

   Автордың айтар ойына байланысты мақал-мәтелдер трансформацияланып, құрылымдық жағынан өзгеріске түседі.

   Ұстасын, жапсын, уайым жоқ:

   «Қоймай қуса қорқақты –

   Батыр болар» - деген көп,

   Батыр ғып, одан не тапты? («Жауға түскен жанға» (М. Д-ға хат ).

   «Қоян қорқа-қорқа батыр болған» деген мақалдан алынған кейінгі шумақтағы келтірінді. Сөйлем деңгейлі цитация, сөзбе-сөз дәл емес, өзгертіліп алынған. Бірақ мағынасы сақталған.

Ерте-ерте ерте екен,

Ешкі жүні бөрте екен.

Сөз бастайын ертеден.

Сөйтіп кеңес қозғайын,

Бірақ сөзді созбайын,

                   Қайырайын келтеден (Өтірік ертек).

«Өтірік ертек» поэмасынан алынған үзінділер. Осы шумақтағы кездесетін келтірінді қазақша ертегілердің басталуынан келтірілген. Екеуі де қандай да бір мәтіннен алынған үзінді немесе басқа біреудің сөзі, сөзбе-сөз дәлдігі. Яғни цитатаға тән үш белгінің екеуіне қатысты қолданылған. Сөйлем деңгейлі цитация.

   Көркем мәтіндегі цитатаның көлемі, функционалды типі әр түрлі болады. Поэзиялық шығармаларда цитата сөз, сөз тіркесі, сөйлем, құрылым деңгейінде кездессе, прозалық шығармаларда цитатаның көлемі үлкен. Сөйлеу субъектісінің өзгеруі көркем шығармадағы негізгі оқиғаға автордың көзқарасын көрсетеді: сол субъект сияқты не оқиғаны жақтайды, қолдайды немесе, керісінше, наразылық, қарсылық танытады.

            

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.Әділова А.С. Қазіргі қазақ көркем мәтіндеріндегі цитатация құбылысы немесе мәтін ішіндегі мәтін: Монография. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2012. – 262 бет.

2. Бөкей О. Қайдасың, қасқа құлыным. – Астана: Елорда баспасы, 1999.

3. Жұмабаев М. Сүй, жан сәулем. – Алматы: Атамұра, 2002.