Каримсакова Б.А., Дүйсенова Г.Е.,
Қарымсакова А.А.
Ақтау қаласы
Қазақ әдебиетінде
өзіндік орны бар ірі
тұлғалардың бірі
- Т.
Әлімқұлов.
Т.
Әлімқұлов өзінің «Мәңгілік
құбылыс» атты бір мақаласында: «Ұлылықты
танудың өзі – ұлылық. Классикалық үлгі
ескереді, үрдіс үзіледі деушілер берікш жеміс базарлаушыға
тең. Жаңа қоғамның өсу заңын білу,
жаңа өмірді сезіне саралау, тың ізденіс өткенді
қайталауға соқпайды, өткенді есте тұта, одан
тәлім-тәрбие ала, жанды жаңалық ашуға септеседі»
[2], - дейтін тамаша тұжырым айтатыны бар.
Ұлы суреткер бойынан күнәсіз
қағазға күнәсіз ой құйған
жазушыны, табиғаттай құлпырса да, табиғаттай
қайталанбайтын тұлғаны, өлмейтін ой, сөнбейтін
сезім қалдырған мұраны, тәңірлік тылсым тіл
дарыған жанды көруімізге
болады.
«Дүниеде өз
басыңнан кешірмеген нәрсеге қалам ұрудан қиын не
бар?» [1,3б] - деп қиналатын,
күйзелетін Тәкен Әлімқұлов өзінің шығармашылық
ғұмыры мен жолында тек өзінің басынан кешкендерін
жазған. Шығармаларында оқиға, уақыт,
кейіпкер әр түрлі
жағдайға көрінгенмен, адам тағдыры, адам
тағдырының тұңғиықтығы ешқандай
жағдайға ұшырамаған күйі, сиқырлы
құдіреті арқылы бояуы алуан түрлі, өміршең
қалпында тұтас болмысымен
көрініс тапқан. Бұған Абай, Ақан, Махамбет,
Тәттімбет, Ықылас, Сүгір, Қасым сияқты
тағдыры тұңғиық тұлғалардың
Тәкен туындыларында
көрініс тапқанын
айтуға болады. Бұл ірі тұлғалардың
өзіндік болмыс бітімі Тәкен шығармаларында жан-жақты сипатталуымен
қатар өнердегі орны да
табыла бермейтін құндылықты танытады.
Сондай-ақ
«Күрең өзен» кітабына «Телқоңыр»,
«Кертолғау» жинағындағы «Кертолғау», «Қаралы
қызық», «Тұлпардың тағдыры», «Сары сыбызғы»
әңгімелерінен ұлы суреткер Т.
Әлімқұловтың тұңғиық тағдырын,
тылсым тамырлы сөз өнерінің дербес әлемін танытатын
әлемдік биік деңгейдегі
туындылар екенін байқауымызға болады.
Енді сол
туындыларына тоқталайық. «Көк Қаршыға» атты
әңгімесінде Ақан серінің қартайған
шағында баласы Ыбан екеуінің тау кезіп, елден кеткен кезін
баяндайды. «Ел ішіндегі сыпсың сөз, қаңқу
өсектен мезі болып, тау кезіп тыныштықты қалаған
ақын көп замандасының қырық пышақ боп қырқысына
көл жағасында отырып, жынды кісідей жалғыз күледі»
[1,34-35 б].
«Серігі – мылқау баласы
Ыбан ғана» [1, 35б].
«Осындай күйзелісті
сәттерде мылқау бала әкесінің толқынысын
томсарылған қабағынан, ұзын кірпіктердің
самарқау қимылынан таниды. Ыбанның «бала-лаған»
шолақ тіліне, саусақтарының оралымды бейнесіне Ақан да
түсініп алған. Екеуі бірін-бірі бауырмал ыммен жұбатады.
Тіпті, кейде қамкөңіл әке бастан кешкен
қилы-қилы күннің қайсыбір хикаясын мылқау
серікке шежіре етіп шертеді. Саусақтар сыртылдап, қас-қабақ
құбылғанда, сырттан қараған адамға, шынында
да, жындыға ұқсап көрінуі бек мүмкін еді» [1,
41б].
Табиғат өзі
таршылық еткен қасиетті басқа жағынан асырып та
беретіні белгілі. Ыбан мылқау болғанмен оның ішкі жан
дүниесі таза, ұғымтал, сезімтал, ол кез келген
көңіл күйді қас-қабақтың
қағысынан, әрбір ым-ишарадан танитын
сұңғыла, сезімтал жан.
Суреткер мылқау бала
бойындағы ерекше қасиетті қапы жібермей,
қадағалай зерттейді, зергерлікпен бейнелей де біледі.
Автордың кейіпкер кескініндегі ішкі сезімнің сырын ашар әрбір
ишараны, мимикалық қозғалысты дәл тауып беру
қасиеті де қуантарлық. Үзіндіден мысал: «Ұзын
кірпіктері тілсіз қимылдап, қанаты қозған
көбелекті еске түсіреді» [2, 37б].
Ыбан, сонсоң ащы
ішектей ұзыннан-ұзақ созылып жатқан қым-қиғаш өмірі. Осы
өмірдің қызылды-жасылды, азалы-қаралы беттерін
«құлақты қытықтайтын сыбдыры жоқ,
көңілге үрей салатын сүйкімсіз судыры бар»
Қамысақтының жағасында тарақтап отырған
тұсы екен. Тағдыр мен сол
тағдырдың иесі – адамның, ара ағайынға
табиғатты тартып, беттескен тұсы. Байқап отырсақ:
Ақанның
тағдырға өкпесі жоқ, таңданысы бар – запыран
таңданыс; тағдырдың Ақанға өкпесі де,
таңданысы да жоқ, енжарлығы бар – зұлмат
енжарлық. Сонсоң ол да – паң; мұны Ақан да
біледі. Бірақ тағдырдың шылбырына оралып,
құрақ ұшып жүрген Ақан жоқ. Ол
туысынан - өр.
Сонсоң да
Ақан мен тағдырдың қаржасуы – бітпейтін дау. Ал
мәмілеге бойы үйренген жұрт Ақанның бұл
сырын қайдан ұқсын. Олардың ұғымында
Ақан жынданған, сонсоң да, мүсіркегені болмаса,
Ақанның азасына қабырғасы қайысып жатқан ел
жоқ. Оларға «босаған ыдысын өсек-аяңға
толтырып әкету» керек, қызық керек – трагедия
өсектің өзегіне айналды деген сөз.
Қайыру бермей
желдеп кеткен Көкжендет анау, мертігіп өлген Қараторғай
анау, айбалтаға жығылған Құлагер анау.
Ақанды
бұл фәниге матастырып қойған не құдірет?
Оны Ақанның өзі де біледі. Ол – жаратылысында
азаттықтан, әсемдіктен тоят алуға жаралған
серінің шерлі жүрегі. Бұл өмірдің көп
адамды ырсылдатып қойған байлығын, мансабын, күлегеш
келіншектей баянсыз әрін емес, өнерін, арын тани түссем деген
жүрек. Кердаланың Ақандай түлеп ұшқан
ұланы үшін бұл фәнидің құс
төсек, Тінә болыстың сегіз бөлме ағаш үйі
емес, мына жесірдей сарнаған сары желге төсін аймалатып
тұншығып жылаған Қамысақты , мынау “Ыбанның ба-балаған шолақ
тілі”, мынау зұлмат тағдырдың еркіндіке жібере салған
соңғы сыйы – жабайы қаршыға. Сосын, мынау
“қаңтарулы қаңсыған ақ құба
домбыра”. Ақан осы Қамысақтының жағасында отырып
жарты патшадай тасып жүрген кездерін еске алғанда шалқымайды,
бір басында тасырлаған
соққы бүкіл
бір ұлттың өнерлісін қарқ етерлік болса да, осы
соққы тасыры ойына оралғанда жасып, шөгіп қалар
да Ақан жоқ. Ащы-тұщыны қатар татқан, ылғи
татқан Ақанға тағдырдың күйлеген барыстай
құбылмалығы белгілі. Бірақ қандай зауал шақ
тумасын, тағдырдың қай бетпақтығына да азалы
әуенді әзер-әзер көтеріп жүрген көкірегімен
қарсы шабарын ол біледі. Себебі, ол - өнердің өрені. Ал
өнердің өрені табиғатын таптатпасқа,
қорлыққа көнбесе керек қой.
Әңгіменің кейіпкері – серінің тынышын алған
тағы қаршыға, осы қаршығаны бойлай шымыр
өрілген хикаялар
Ақанның осы мінезінің айғағындай. “...
Қаршығаның қызығы әлі алда. Әбден
қол боп алсын, сонан кейін Көкжендетілген құстан
атының белі майысатын болады. – Сол күнге бір жеткізсінші,
Ақан аға ! Бүгін құмардан қанбай
қалдық қой” [1, 45], - деп Қанафия әлденеге
еңкейе бергенде, басынан зерлі
сары тақиясы ұшып түсті. Жеті атадан бері ауысып келе
жатқандай жас төренің зерлі тақиясы тым көне еді.
Қолға қонған қаршығаны оққа
байлаған мейірімсіз Кенесары
осындай жез телпек киіпті деген кеуесет бар. Ақан: “Бөрінің
бөлтірігінің бас киімі де бөтен” деп, бір қойды” [1,
56б].
“Дәліз тар да аласа
еді. Ақан қаршыға орнына еденнен зерлі тақияны тауып
алды. Қанафияның тақиясы екенін жыға таныды” [1. 58б]. Міне, осы жерге ерекше назар аударған
зерлі сары тақия кейін ұрының кім екенін айтпай-ақ
тауып береді. Суреткердің әрбір детальді орынды ойната білуі
оған терең мән-мағына беруі қуантады.
Ақан
саятшылығын қаршығаға ғана жасап жүрген
жоқ - өнерге жасап жүр, азатшылдыққа жасап
жүр. Ақан қараңғы аспанға қарсы
шапқан арыстан - өнер иесі. Осы шабасында мерт болары сері
үшін беймәлім жайт емсе. Бірақ бұл тақылеттес
мертігі өнерді – азатшылдықты
қараңғылықтың
қыл шідерінен құтқарумен бірдей. Осы ретте
Ақанның мансап пен байлықты азатшыл өнердің, жан
бостандығының жолына құрбандыққа шалатын
ақкөз даналығы да бар. Қайталап айтуға керек:
көк қаршыға қазақтың күңіреніп
өлген соңғы серісі үшін өнердің баламасы.
Ал өнер, өз кезегінде, қай қатер, қай
мазақ, қай қазаға да қасқайып қарсы
тұратын; адамның еркіндігін ту етіп көтерер, шындықты,
ең алдымен, қанқақсаған шындықты
айғақтар ардың дабысы. Қолы – күш, қалтасы – қазына Тінәдай
тектінің қолқасын жерге тастайтын өлмелі шал
қылығының ерен бір уыты осы иірімде жатыр...
“Сері шалдың жас жүрегі өртеңге
шыққан қызғалдақтай лүпіл
қағады” [1,59], - дейді жазушы әңгімесінің
соңында. Ал “серінің төс қалтасынан үлбіреп
шығып тұрған екі тал қауырсынды” көргенде,
оқығыш жүрек осы қызғалдақты, осындай
қызғалдақтарды күндердің күнінде керімсал
ұрарын біліп, шаншып-шаншып кетеді. Жетімдікке мырза фәнидің
Ақандай кәрінің ақ шарасына тағы да у
тамызғанын ойлап және де далалы өңірдің ой
тепкілі, тымық қайнарындай әңгіменің әдемі
келісімін, бүтін бітімін сезіп шаншиды...[3].
Тәкен Әлімқұлов өзінің ең таңдаулы
туындыларында әрқашан
өмірдің ащы-тұщысын көп татқан, ойланған,
толғанған санаткер ретінде,
өткен дәуір мен осы мезгілдің ішкі байланысын көзге
ілінбес нәзік нәрселерден ұғуға тырысқан
ұлы суреткер ретінде көркемдік шырқау биікке
көтерілген.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Т. Әлімқұлов. “Телқоңыр”. А.,”Раритет”,
2003, 365-б.
2.
А. Сүлейменов. “Тәкеннің шаңқанбоздары”.
А.,”Раритет”, 2003, 6-б,8-б.
3.
С. Жұмабек. “Тұңғиық тағдыр – тылсым
тамырлы сөз”.// “Қазақ әдебиеті” газеті. А., №10. 2003,
45-б.