Право/13.Международное право

 

З.ғ.м. Наурызбаева М.А., з.ғ.м. Нуртай М.Н.

 

 Тараз Мемлекеттік Университеті, Қазақстан

 

Заңсыз еңбек көші–қоны және оның қатерлі тұстары

 

 

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін оған қатысушы мемлекеттер тәуелсіздік алып, өз экономикасы мен саясатын жүргізе бастады. Нарық экономикасы жағдайында саясатын дұрыс жүргізе алмай Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері ішкі тұрақтылығын ұстап қала алмады. Нәтижесінде, халықтың жақын маңындағы ТМД мемлекеттеріне жұмыс іздеу мақсатында көшіп қонуына тура келді. ТМД мемлекеттері кеңістігіндегі көшіп қону процестері жеке мемлекеттердің ішкі саяси жағдайларының дамуына елеулі түрде ықпалын тигізуде. Сондықтан да қазіргі кезеңдегі көшіп қону жағдайы әлемдік еңбек нарығына өту үшін кешенді мемлекетаралық реттеуді қажет етеді. Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алып, экономикасының тұрақты дамуына байланысты көшіп қонушы еңбекшілерін тартудың аймақтық орталығы болды. Мысалы, тек 2014 ж. ғана Қазақстанға 19104 адам келіп еңбек атқарды (оның ішінде Өзбекстаннан–9377, Қырғыстаннан–6275, Ресейден–1919, Қытайдан–518, Беларусиядан–9адам). Бұл көрсеткіш 2015 жылдың сәуір айынан бастап Ресейдің көші–қон еңбекшілерінің келуін шектеуіне байланысты өсуде. Көші–қон еңбекшілерінің көпшілігін Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары құрап отырғанын байқаймыз. Көшіп қонудың негізгі себебі осы елдердегі әлеуметтік, экономикалық,қоғамдық, саяси жағдайлардың нашарлауы.

ҚР–да еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін көшіп келушілерге:шетелдік қызметкерлер, бизнес-көшіп келушілер, маусымдық шетелдік қызметкерлер, еңбекші көшіп келушілер жатады.

Өкінішке орай көшіп–қонушы еңбекші шетелдіктердің барлығы заң нормаларын сақтап келе бермейді. Еліміздің заң нормалары бойынша «Заңсыз еңбек көші-қоны», «Заңсыз көшіп-қонушы еңбекшілер» деген түсініктемелердің мағынасын қарастырайық.

«Заңсыз еңбек көші-қоны» - үшінші мемлекеттер азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың тараптардың бірінің мемлекеті аумағына осы мемлекеттің заңнамасын бұза отырып еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келуі және/немесе болуы не үшінші мемлекеттер азаматтарының, азаматтығы жоқ тұлғалардың тараптардың бірінің мемлекеті аумағында осы мемлекеттің заңнамасын бұза отырып еңбек қызметін жүзеге асыруы.

«Заңсыз көшіп-қонушы еңбекшілер» - тараптардың бірінің мемлекеті аумағына осы мемлекеттің заңнамасын бұза отырып еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін және/немесе болатын, не тараптардың бірінің мемлекеті аумағында осы мемлекеттің заңнамасын бұза отырып, еңбек қызметін жүзеге асыратын үшінші мемлекеттердің азаматтары немесе азаматтығы жоқ адамдар.

Қазіргі таңда көшіп қонушы еңбекшілерінің негізгі толқыны ресми емес жолмен келіп жатыр. Осыған орай олардың құқықтары мен бастандықтарының сақталуы өте күмәнді. Көші қон мәселесінде осындай жағымсыз жағдайлар орын алмау үшін оның көлеңкелі жағымен күресіп, құқықтық жағынан толығымен қамтамасыз ету керек. Заңсыз көшіп қонушы еңбекшілері көп жағдайда құрылысқа, ауыл шаруашылығына, ауыл- шаруашылық өнімдерін өңдеу салаларына тартылады. Яғни, оларға жұмыс беруші болып көбінесе жеке қазақстандық тұлғалар табылады. Өкінішке орай мұндай жағдайларда келісім шарттар жасалмайды және көшіп қонушы еңбекшілерінің құқықтары мен бастандықтары ауызша келісіледі. Өздеріңіз білетіндей ауызша келісім құқықтық жағынан күмәнді әрі оның орындалуын қамтамасыз ету мүмкін емес. Сонымен бірге, заңсыз еңбек көші-қонының бірнеше қатерлі тұстары бар. Біріншіден, Қазақстанда шетел жұмысшы күшін заңсыз пайдаланудың өсуінен көлеңкелі экономика үлесі жоғарылауы мүмкін. Сәйкесінше, мемлекеттік бюджетке түсетін салықтардың түсімі де азаяды. Екіншіден, заңсыз көшіп қонушы еңбекшілер еңбек нарығынан ұлттық еңбек кадрларын ығыстырады, нәтижесінде еліміздежұмыссыздар саны көбейіп, халылқымыздың экономикалық, әлеуметтік жағдайы төмендейді. Сонымен қатар, заңсыз көшіп қонушы еңбекшілер бұл арзан жұмысшы күші, осының есебінен отандық еңбек етушілеріміздің еңбекақысының деңгейі төмендейді. Бұл да қазақстандық азаматтардың материалдық жағдайына әсер етпей қоймайды. Үшіншіден, заңсыз көшіп қонушы еңбекшілер ақшаны елден бақылаусыз алып шығады. Яғни біздің халыққа тиесілі табыстар басқа мемлекеттің экономикасын көтеруге жұмсалып кетеді.

Сондай ақ, заңсыз көшіп қонушы еңбекшілердің елімізге көптеп келуі көші-қонды реттейтін мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықтың өсуіне негіз болады. Ал жемқорлық өз кезегінде бірқатар мәселелерді туындатады. Елдегі әлеуметтік және адам құқығы жағдайы төмендейді.

Заңсыз көшіп–қонушы еңбекшілер ағымымен бірге республика территориясына экстремизм мен терроризмнің ену мүмкіндігінің күшеюі де ықтимал. Сонымен бірге, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру саласында қылмыстық топтар көбейіп күшейеді. Нәтижесінде, елде қылмыс саны артып, тұрақсыздық туындайды.

Осыған байланысты заңсыз еңбек көші-қоны ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді. Осылайша, еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін заңсыз көші-қон жағдайын жан-жақты қарастыру - кезек күттірмейтін мәселе болып тұр. Қазақстанда шетел жұмысшы күшін алып келу мен алып кетуге байланысты іс-әрекет ҚР-ның «Лицензия туралы», «Халықты еңбекпен қамту туралы», «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР-ның 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңымен және т.б нормативтік актілермен реттеледі. ҚР-ның Үкіметімен 2001-2010 ж.ж. көші-қон саясатының бағдарламасы және оны жүзеге асырудың жоспары бекітілді.

Заңсыз көші қон мәселесінің өршуіне шетелдіктердің заң аясынан хабарсыздығы, мемлекеттің қорғауына деген сенімсіздігінен заңды айналып өту мақсатының туындауы әсер етуде. Осылай, заңсыз көші–қонның зиянды тұстарын талдай отырып, заңсыз көші-қон фактілерін азайту және заң нормаларын білместіктен еңбек көші–қоны тәртібін бұзған шетелдіктердің мәселелерін болдырмау мақсатында төменде аталған әрекеттерді атқарғанымыз жөн:

- ҚР шекара қызмет органдарының жұмысын күшейту, мемлекеттік органдарда қызмет атқаратын мамандардың біліктілігін, адамгершілік пен тәртіптілік қасиеттерін көтеру мақсатында шаралар қолдану;

- мемлекеттік орган қызметкерлері жұмысының нәтижесін көтеру мақсатында адамдар арасында жасырын сауалнамаларды толтыруды ұсыну;

- мемлекеттік орган қызметкерлерінің әрекеті мен әрекетсіздігіне жасалған шағымдар бойынша істерді соңына дейін жеткізу;

- шетел Үкіметі органдарымен бірлесе отырып, ҚР-ғы шетелдіктерге қатысты құқықтары мен міндеттері, жағдайы, оларға қойылған талаптар, әрекет қабілеттілігі, еңбек көші–қоны тәртібі жайындағы заң актілерінің үзінділерінен жиналған нұсқаулықтарды, көбіне келетін, шетелдіктердің тілдерінде әзірлеу.

Қорыта келгенде, заңсыз еңбек көші-қонымен күресу еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, отандық еңбек етушілердің мүдделерін қорғаудың, еліміздің экономикалық, әлеуметтік жағдайын көтерудіңбірден бір міндеті болып табылады.

 

Әдебиет:

 

1. «Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы» келісім (2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені);

2. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңы;