Батыршаева Фатима

әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ заң факультеті Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу еңбек құқығы кафедрасының 1 курс магистранты

 

      Қазақстан Республикасындағы мұрагерліктік  институтының құқықтық мәселелері

       

         Азаматтық құқықтың мұрагерлікті құқықтық реттеу өзекті мәселелердің бірі болып табылады, солардың бірі- мұрагерліктің ашылуы мен мұрагерлікті рәсімдеу. Жалпы ережеге сәйкес, мұрагерлік мұрагерге әмбебап құқық иеленушілік тәртібінде беріледі, яғни бір толық ретінде, егер ҚР АК-де өзгеше көзделмесе, бір сәтте беріледі. Мұрагерлік мүлікке мұраға берушінің әр түрлі құқықтары мен міндеттері кіре алады: әр түрлі заттарға жеке меншік құқығы, келісімшарт және келісімшарт бойынша міндеттерден шығатын талап ету құқығы, кепілге құқық, интеллектуалдық қызмет нәтижесіне бірыңғай құқық т.б.

Бірақ та барлық заңгерлер мұрагерлік кезінде әмбебап, яғни барлық мұраға берушінің құқықтары мен міндеттері бойынша құқық иеленушілікті орынды деп есептемейді. Мысалы, А.П. Покровский мұрагерлік кезінде мәселе құқық иеленушілік төңірегінде емес, осы құқықтардың объектісін иеленушілік төңірегінде өрбуі керек деп есептеген [1, 25 б.]. Ол мынадай тұрғыны ұстанды: «Қарыздар...мұрагерліктің құрылымдық бөлігі болып табылмағанымен, тек оның ауыртпалылығы ғана болады. Қарыздар мұрагерлік мүлікті кеміте, тіпті, оны жоя да алады, бірақ оның өзі мұрагерлік мүлік құрамына кірмейді. Егер де қарыздар мұрагерлік мүлік құрамына кіретін болса, онда олар оған ешқандай тәсілмен де «ауыртпалық жасай» алмайтын еді» [2, 46 б.].

Мұрагерліктің ашылу күні болып АК –тің 1042-бабына сәйкес, азаматтың өлген күні немесе азаматты өлді деп жариялаған сот шешімі шыққан күн, сонымен қатар, сотпен азаматтың өлді деп жариялаған болжамды күні танылады. Мұрагерлік уақытының ашылу уақыты болып мұраға берушінің өлген сағаты емес, оның өлген күні танылатынын есте сақтаған жөн. Сондықтан да бірінен – кейін бірі мұрагерлікке құқыққа ие болуы тиісті  тұлғалар өлімі жағдайында олар бір уақытта өлген болып саналады және бірінен соң бірі мұраға тартылмайды. Мұрагерлікке олардың әрқайсысының мұрагерлері тартылады.  Мұрагерлік уақытының ашылуымен бірқатар мән -жайлар байланысты, олардың қатарында: мұрагерлікке тартылатын мұрагерлер шеңбері (ҚР АК –тің 1044-бабы); мұрагерлік мүлік құрамы туралы (ҚР АК –тің 1040-бабы); мұрагерлікті қабылдау немес одан бас тарту мерзімі, сонымен қатар, өзге заңи маңызы бар әрекеттерді жасау туралы (ҚР АК –тің 1074 және 1072-2 баптары); мұрагерлікке құқық үшін куәлік беру мерзімі туралы (ҚР АК –тің 1073-бабы); мұрагердің мұрагерлік мүлікке құқығының туындау сәті туралы (ҚР АК –тің 1042-бабы); кредиторлардың шағымдану мерзімі туралы (ҚР АК –тің 1081-бабы); қолданылатын заңнама туралы (ҚР АК –тің 4-бабы).

Мұрагерліктің ашылу орны болып мұраға берушінің соңғы тұрған тұрғылықты орны танылады (ҚР АК-нің 1043-бабы). Адам бір жерде тұрып, оның мүлкі басқа жерде болатын және адамның өзі өзге бір жерде қайтыс болатын жағдайлар көп кездеседі. Сондықтан заң мұрагерліктің ашылу орны болып мұраға берушінің соңғы тұрақты тұрғылықты орнын табылады, егер ол белгісіз болса, онда мүліктің немесе оның негізгі бөлігінің орналасқан орны деп нақты анықтап көрсетеді (ҚР АК-нің 1043-бабы).

Азаматтың тұрғылықты орны болып ҚР АК-нің 16-бабына сәйкес оның тұрақты немесе көбінесе тұрған тұрғылықты жері танылады.  14 жасқа жетпеген кәмелетке толмағандардың немесе асырауда болған тұлғалардың тұрғылықты орны болып олардың заңды өкілдерінің - ата –аналарының, асыраушыларының немесе қамқоршысының тұрғылықты орны табылады. Анықталмағандық жағдайында мұрагерліктің ашылу жері сотпен ерекше өндірістік тәртіпте белгіленеді (ҚР АҚК 289-бабы). Мұрагерліктің ашылу жерін анықтау туралы сотқа шағым шағымданушының тұрғылықты орны бойынша беріледі. Егер мұраға берушінің соңғы тұрғылықты орны белгісіз немесе Қазақстан Республикасы аумағынан тыс орналасса, онда мұрагерліктің ашылу жері болып осындай мұрагерлік мүліктің тұрғылықты орны танылады.

Ашылу жерінің мәні анықталады, біріншіден: мұрагерлік мүлікті алу шарты мұрагерлік қатынастар үшін сол елдің заңымен ажыратылады; екіншіден: мұрагерліктің ашылу жері мұрагерлердің мұрагерлік құқықтарының нотариалды рәсімдеу орнын анықтайды.  Егер мұраға берушінің соңғы тұрғылықты орны белгісіз немесе Қазақстан Республикасы аумағынан тыс орналасса, онда мұрагерліктің ашылу жері болып осындай мұрагерлік мүліктің тұрғылықты орны танылады. Егер мұндай мұрагерлік мүлікәр түрлі жерлерде орналасса, онда мұрагерліктің ашылу жері болып оның құрамына енетін жылжымайтын мүлік орны немесе жылжымайтын мүліктің ең бағалы бөлігі орналасқан орны, ал жылжымайтын мүлік болмаған жағдайда – жылжитын мүлік немесе оның ең бағалы бөлігі орналасқан орын табылады. Мүліктің құны оның нарықтық бағасымен анықталуы тиіс.

Мұрагерлік құқықтық қатынастар үшін ең ауқымды болып осы қатынастардың объектісі, яғни мұрагерлік салмақ табылады. Мұрагерлік салмақ – заңмен белгіленген тәртіпте өзге тұлғаларға берілетін мұраға берушінің мұрагерліктің ашылу күніне дейін тиесілі болған жеке меншік заты, өзге де мүлкі және мүліктік қатынастары мен міндеттерінің жиынтығы. Бұл жерде сөз заттар жиынтығында емес, ең бастысы, жеке мүліктік құқықтар мен міндеттер жиынтығында болып тұрғандығын айта кеткен жөн. Осыдан мұрагерлік анықтамасын мұраға берушінің оның өлімімен тоқтатылмайтын, бір толық түрінде мұрагерлік құқық нормалары негізінде мұрагерлерге беріліп отыратын мүліктік және кейбір мүліктік емес құқықтары мен міндеттері ретінде берген дұрыс болар деген қорытынды шығады.  Азаматтық заңнамада көрсетілген жағдайларда мұрагерлікке мұраға берушінің кейбір мүліктік емес жеке құқықтары да кіреді. Мұрагерлік салмақ өз табиғаты бойынша біркелкі емес екендігі айқын. Оның құрамына мұраға берушіге тиесілі жылжитын және жылжымайтын мүлік, үй тұрмысына қажетті заттар, жер телімдері және қозғалмайтын мүліктің өзге де объектілері, акциялар, шаруашылық қоғамдар мен серіктестіктердегі үлес, банктік салымдар, транспорт және байланыс заттары, қымбат металдардан жасалған бұйымдар, авторлық құқықтар, наградалар, антиквариаттар кіреді.

Мұрагерлік құрамына мұраға беруші лайықты деп танылған және ҚР мемлекеттік наградалар туралы заңнамасымен қорғалатын мемлекеттік наградалар кірмегенімен, олар арнайы тәртіпте берілуге жатады.

Өлген кісінің мұрагерлерінің келісімімен оның марапаттаулары мен марапаттау туралы құжаттары мұражайға сақтау және экспонаттау үшін беріле алады. Егер қайтыс болған адамда мұрагерлер жоқ болса, онда оның марапаттаулары мен марапаттау туралы құжаттары Қазақстан Республикасы Президентіне қайтарылады (ҚР «Мемлекеттік наградалар туралы» Заңының 39-бабы).

Орден, медаль немесе кеудеге тағатын белгіні сату, сатып алу, айырбастау немесе өзге де қайтарымсыз беру, сонымен қатар, мемлекеттік наградаларға қатысты өзге де заңсыз немесе заңмен  байланысты әрекеттер белгіленген жауапкершілікке алып келеді (ҚР «Мемлекеттік наградалар туралы» Заңының 43-бабы). Керісінше, мұраға берушіге тиісті болған Қазақстан Республикасының наградалары туралы заңнамасы қолданылмайтын мемлекеттік наградалар, марапаттау, құрметтеу, естелік және өзге де белгілер, сонымен қатар, коллекция құрамындағы белгілер мұрагерлік құрамына кіреді және жалпы негіздер бойынша мұрагерленеді.

Азаматтардың меншігінде болуға мүмкіндігі бар объектілер шеңберінің кеңеюіне байланысты, бірқатар баптарға өлген кісіге жер теліміне меншік құқығы немесе мұраға берілетін жер телімімен өмір бойы иелік ету құқығы негізінде тиесілі болған мұрагерлік түрлері ажыратылған, олар мұрагерлік құрамына кіреді және жалпы негіздер бойынша мұрагерлікке беріледі (ҚР Жер кодексінің 39-бабы) . Бұл жерде жер телімін мұрагерлікке берген кездегі жағдай немесе өмірлік мұрагердің жер теліміне ие болу құқығымен қоса, мұрагерлік бойынша осы жер телімінің шекарасында орын тепкен үстіңгі қабат (жер қатпары), жабық суқоймалар, ондағы ормандар мен өсімдіктер берілетіндігі ескерілген. Құрамына аталған мүліктер кіретін мұрагерлікті қабылдауға арнайы рұқсат талап етілмейді. Бірақ меншік құқығын немесе өмірлік мұрагердің осы жер телімін игеруге құқығын тіркеу қажет болады.

Ағымдағы қазақстандық заңнама мұрагерлік құқықтық қатынастар субъектілері ретінде мұраға беруші мен заң немесе өсиет күші арқылы мұрагерлікке тартылатын оның мұрагерлерін белгілейді. Сонымен қатар, аталған құқықтық қатынастарда нотариус пен бас тарту алушы, өсиетты орындаушы, куәгерлер, тиісті нотариалдық әрекеттерді жасауға құзырлы өзге де тұлғалар қатысады (ҚР АК-нің 1081-бабы, «Нотариат туралы» ҚР Заңының 37 және 38-баптары).

Мұрагерлікке құқық мұрагердің азаматтығына тәуелді емес. Мұрагер болып Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы таныла алады, сонымен қатар, әрекетке қабілетсіз және шектеулі әрекеттік қабілеттері бар тұлғалар, шетелдік азаматтар немесе азаматтығы жоқ физикалық тұлғалар да осыған жатқызыла алады [3]. Әрекеттік қабілеттігі жоқ немесе шектеулі әрекеттік қабілеттігі бар азаматтар мұрагер бола алады, себебі, мұрагерлік негізі болып адамның осы және өзге де фактілерді сезінуі мен өз еркін дұрыс басқара алуы емес, тек адамның өлімі немесе оған теңестірілген өлді деп жариялау табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Покровский И. А. Основные проблемы гражданского права. – М.: Издательство БЕК, 2001. – 320 с.

2.     Власов Ю. Н. Наследственное право РФ. – М.: Юридическая литература, 2001. – 211 с.

3.     Косова О. Ю. Семейное и наследственное право в России. – М.: Юридическая литература, 2001. – 480 с.