Райкулова А.Ө. 

Тараз қ. М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Универсиететі.

 

БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ДЕВИАНТТЫ МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫ

        Тәуелсіз Қазақстанның өсіп келе жатқан ұрпақтарын тәрбиелеу мен оларға білім берудегі маңызды бағыт-балалар және жасөспірімдермен жүргізілетін психологиялық және педагогикалық жұмыс. Жасөспірімдердің қылмыстық істерінің өршуі, әлеуметтік жетімді пен жасөспірімдердің назардан тыс қалуының етек алуы барлық азаматтық институттарға бірнеше міндеттер жүктейді: кәмелетке жетпеген азаматтардың құқықтық әлеуметтенуі мен мемлекетімізде болып жатқан өзгерістерге бейімделуін жетілдіру мақсатында кешендік және кәсіби шаралар даярлау.

          Тарихқа терең бойлай отырып, біз адамдардың іс-әрекеттерінің іздерін байқаймыз, бұл  іс-әрекеттері қазіргі қоғамдық ғылым тілінде девиантты мінез-құлық деп аталады. Қазіргі кезде девиантты мінез-құлықты зерттеу екі бағытта қарастырылады: біріншісі-психикалық денсаулық нормасынан ауытқыған мінез-құлық ретінде (жүйке аурулары, психосоматикалық бұзылулар, патологиялық күй және т.б);  екіншісі-«әлеуметтендіру-дезадаптация-оқшаулау» құқықтық, мәдени және әдеуметтік нормаларды бұзуымен байланысты әлеуметтікке қарсы мінез-құлық. Девиацияның ең айқын көрінісіне делинквентті (құқыққа қарсы) және криминалды (қылмыстық) мінез-құлық жатады. Психологиялық сөздікте девиантты мінез-құлық «адамның белгілі бір қоғамда бекітілген немесе қалыптасқан нормлар мен үміттерге сай келмейтін іс әрекеті, қылығы» деген мағынада берілген. Сондықтан да ауытқыған мінез-құлық психология, педагогика, психиатрия секілді ғылымдардың зерттеу нысаны болса, әлеуметтік құбылыс ретінде әлеуметтену, құқық, әлеуметтік психология ғылымдарының зерттеу пәні болып табылады.

            Қазіргі психологияда девиантты мінез-құлық пен соған лайық заң бұзушылықтардың бастауын әлеуметтік мәдени және педагогикалық қараусыз қалушылықтан іздеу қалыптасқан. Ауытқыған мінез-құлық табиғаты әр түрлі. Мінез-құлықтағы бұзылулар тұлғаның ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Балалар мен жасөспірімдердегі девиантты мінез-құлықтың негізгі төрт түрін бөліп көрсетуге болады:

1.     Тәртіпке қарсы мінез-құлық;

2.     Антиәлеуметтік (қоғамға қарсы);

3.     Делинквентті (құқыққа қайшы келетін);

4.     Аутоагрессивті мінез-құлық;

Девиантты мінез-құлықтың тәртіпке қарсы түріне оқу тәрбиелеу мекемелерінде қалыптасқан режим мен тәртіпті бұзу жатады. Антиәлеуметтік мінез-құлыққа мінез-құлықтың көпшілік мақұлдаған өнегелі нормаларын мойындамау мен орындамауға байланысты қылықтарды, оқу мен еңбек әрекеттерінен бас тартуды, ішімдік ішу, нашақорлық, улы заттарды қолдануды жатқызуға болады.

         Девиантты мінез-құлық себептерінің түсініктемесі осы әлеуметтік-психологиялық құбылыстың табиғатын түсінумен тығыз байланысты. Ғылми бірлестікте девиантты мінез-құлықтың пайдаболу себептері туралы пікірлестік жоқ. Девиация (ауытқушылық) көпшілік мақұлдаған нормалар мен белгіленген стандарттардан (моральдық, әлеуметтік, заңдық) ауытқыған мінез-құлық деп есептеледі. Психологияда адамның белсенділік деңгейін көрсету үшін іс-әрекет, қарым-қатынас, таным секілді ұғымдармен қатар «мінез-құлық» термині кең қолданылады. Кез келген мінез-құлыққа баға беру әрдайым қандай да бір нормамен салыстыруды қажет етеді. Алайда, өкінішке орай, барлық мүшелері жалпы нормативті талаптарға сай әрекет ететін қоғам жоқ. Ауытқушылық әр түрлі формада кездесуі мүмкін: дарындылар, тақуалар, әулиелер, қылмыскерлер және т.б.

       С.А.Беличева девиантты мінез-құлықтағы әлеуметтік ауытқуды былайша топтастырды:

а) пайдакүнемдік бағыттар: материалдық, қаржылық, мүліктік пайда табуға ұмтылумен байланысты заң бұзушылық, теріс кылық. Бұлар: ұрлық, тонау, алыпсатарлық, алаяқтық және т.б.

ә) қастандық бағыттар: жеке тұлғаға қарсы бағытталған әрекеттер: тіл тигізу, бұзақылық, ұрып соғу,өлтіру, зорлау және т.б.

б) әлеуметтік енжар түрлері: белсенді өмір салтынан қашқақтау, азаматтық міндеттерден бас тарту, жеке және әлеуметтік мәселелерді шешуге құлықсыз болу. Бұл топқа жұмыстан, оқудан бас тарту, кезбелік, маскүнемдік, нашақорлық, өз өзіне қол жұмсау және т.б. жатады.

Жетістікке жету үшін барлық адамда жағдайлар бірдей емес, бірақ олар кезедсетін кедергілерге бірнеше тәсілдің көмегімен бейімделе алады. Мұндай бейімделу тәсілдерін  Р.Мертон анықтап көрсетті: 

·       Конформизм (әлеуметтік тұрғыдан мақұлданған мақсаттар мен оларға қол жеткізу тәсілдерін толық қабылдау);

·       Инновация (мақсаттарды қабылдау, оларға жетудің заңды тәсілдерінен бас тарту);

·       Ритуализм (берілген немесе үйреншікті тәсілдерді олқы қайталап қолдану);

·       Ретризм (әлеуметтік нормаларды орындаудан пассивті бас тарту, мәселен, нашақорлық);

·       Бүлік (белсенді бүлік-әлеуметтік нормаларды мойындамау);

Өмірдің әртүрлі кезеңінде осы факторлардың әрқайсысы келеңсіздік тудыруы мүмкін, бірақ олардың ықпалы әртүрлі болады. Мінез-құлық психологиясының негізін салушылардың бірі Джон Уотсон мінез-құлық туралы мынандай пікір айтқан: « мінез-құлық –жұмыртқаның ұрықтануы кезінде пайда болатын және ағзаның дамыған сайын күрделенетін үздіксіз белсенділік ағыны».

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Е.В.Змановская. «Девиантология» ( Психология отклоняющегося поведения) М,. 2004

2.     Арзуманян С.Д. «Микросреда и отклонения социального поведения детей и подростков» . Ереван,. 1980

3.     А.Т. Акажанова «Девиантология». Алматы,. 2014