Искакова М.Б., Медет Г.М.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлкеттік университеті

 

Бала тәрбиесіндегі отбасы мен балабақшаның ынтымақтастығы

        

Елбасы  Н.Ә. Назарбаев халыққа Жолдауында: «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбие сіңіретінімізге тікелей байланысты. Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын. Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті. Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек», - деген болатын [1].

Медицина зерттеулерінде бала  төрт  айында-ақ тәрбиені қабылдай бастайды екен. Сәби құрсаққа бітісімен ана өзінің жаман қылықтарын тастап, бойын түзеп, денсаулығын күту керек. Өйткені, балаға анасының бойындағы әр түрлі қасиеттер, денсаулығынан ақаулар, мінез-құлықтар осы кезден бастап беріледі екен. Ана сүтін еміп өскен бала мен ана арасындағы сүйіспеншілік, мейірімділік орнайды. Қазіргі кезде белгілі себептермен кей ана баласын емізуден бас тартады да, балада да, өзінде де мейірімсіздік пайда болады. Жапон ғалымдары «бала анасының құрсағында жатқанда әдемі әуен тыңдап, дүниеге келген алғашқы айында жып-жылы ана сүтін қылқ-қылқ жұтып ана жүрегінің дүрсілін естісе ғана дені сау, өмірге құштар азамат болып өседі» дейді. Ал мұны біздің ата-бабамыз баяғыда-ақ дәлелдеп, жаңа туған нәрестені ана сүтіне жарытып, тап-тұйнақтай етіп құндақтап, бесікке бөлеп, әдемі әнмен тербеткен. Өсе келе қазақ баласы ата-әжесінің ертегісін, батырлар жырын тыңдап өсетін болған [2].

Осыған орай педагогика ғылымының докторы В.И.Кочеков: «Ата-ананың бір-біріне деген махаббаты балаларына тәрбиелік жағынан ықпал жасайтын ең негізгі фактор болып саналады. Балаларына деген махаббаты нағыз тәрбиелік құрал. Қысқаша  ата-ана балаға ең алдымен сүйе білуді үйрететін ұстаз», - деген болатын.

 «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек. Бала аурулы, зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден; бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі; бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі шын, дұрыс мәтел», -  деп бала тәрбиесіне ерекше тоқталған болатын Мағжан Жұмабаев.

Алтын бесік – отбасы болса, баланы әрі қарай жетілдіретін – балабақша. Екеуі де қасиетті, әрі қастерлі. Отбасы адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп жатса, балабақша ақылы мен білімі толысқан, жан-жақты жетілген, өзіне қызмет ете алатын адам етіп тәрбиелеп шығарады. Бұл екі ортаның да мақсат-мүддесі ортақ, міндеті – біреу. Педагогикалық іс – өте нәзік, қасиетті іс. Ол тәрбиешіден өте сезімталдықты, балаға деген шексіз сүйіспеншілікті талап етеді.

Балабақша тәрбиешісі жас ұрпақты жан-жақты дамытып, тәрбие беру, оны өмірге, еңбекке даярлауда педагогикалық білімді көпшілік арасына насихаттау сияқты әрі жауапты, әрі қадірлі қоғамдық міндеттер атқарады.

Тәрбиеші жеке басының үлгісі – жас ұрпақ тәрбиесінде ең әсерлі әдістердің бірі, өйткені балалар тәрбиешілерге барлық жағынан еліктейді. Сол себептен де ол үнемі жинақы, таза, ұқыпты жүріп, сөйлеген сөзі мәнді, ойлы, әдемі, салмақты келіп, асықпай, байыппен сөйлеуі керек. Бала еліктегіш болғандықтан, жақсыны да, жасандыны да тез қабылдайды.

Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің қоғам алдындағы борышымыз.

Ұрпақ тағдыры – ұлт тағдыры демекші, ұлттың болашағы  - оның білімді, талантты адамгершілік  асыл қасиеттерді бойына сіңірген тәрбиелі ұрпақтың қолында.

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндеттердің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты,  сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.

Бүгінгі күнде біз бір кісідей «Жаңа заман - жаңа дәуір, жаңа ғасырға» аяқ басып отырмыз.  Біздің басты міндеттеріміз – ұрпақты адамгершілік, бауырымдылық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық  сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелеу және әлемдік мәдениет пен ұлттық мәдениетті кіріктіре меңгерту.

Жақсы тәрбиемен бұғанасы қатқан жас буындар жұлына жұлқынудың жазмышынан сақтанып, жақсылыққа ұмтылатын, үмітсіздікке салынып, жүрдім-бардымға жүндей түтілмейтін қадір-қасиетке ие болады. Ал, мұндай сана-сезімнен мақұрым қалғандар ата-бабаларынан қалған бар байлықты дарақылықпен шашып-төгіп, рухани жұтаңдықтан жігеріне құм құйылып, жел айдаған қаңбақтай ой мен қырды аралап, жойылып кете бермек [3].

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана, 2012.

2. Педагогика: дәрістер курсы, Алматы «Print-S», Алматы,2005.-364с3 Кунусова А. Бастауыш сынып. - Алматы, 2015. - №9. – 9 б.

3. Медиева С.Х,. Әсетова Ж.Б. Қарағанды университетінің хабаршысы. – Қарағанды, 2015.- №2. – 244 б.