Ақан Г.Ж., Баярхуу М., Касимбекова Ж.М.

 

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік унивеситеті, Қазақстан

 

Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған қазақстандық білім беру бағдарламалары

 

Қазақстан Республикасының «Бiлiм туралы» Заңында: «Бiлiм беру жүйесiнiң басты мiндеттерiне: бiлiм бағдарламаларын меңгеру үшiн жағдайлар жасау және жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкiндiктерiн дамыту, адамгершiлiк пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн қалыптастыру, жеке басының дамуы үшiн жағдай жасау арқылы парасатты байыту» қажеттілігі айрықша деп атап көрсетілген.

Білім беру бағдарламасы – оқытудың мақсатын, нәтижелері мен мазмұнын, білім беру процесін ұйымдастыруды және оларды іске асыру тәсілдері мен әдістерін, оқыту нәтижелерін бағалау өлшемшарттарын қамтитын білім берудің негізгі сипаттамаларының біртұтас кешені.

Білім беретін оқу бағдарламалары мазмұны мен бағыттарына (міндеттеріне) қатысты:

1) жалпы білім беретін (үлгілік, жұмыстық);

2) кәсіптік (үлгілік, жұмыстық);

3) қосымша болып бөлінеді.

 Үлгілік оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленеді. Жұмыстық оқу бағдарламалары тиісті үлгілік оқу жоспарлары мен  үлгілік оқу бағдарламаларының негізінде әзірленеді.

Жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жеке адамның жалпы мәдениетін қалыптастырудың, жеке адамды қоғамдағы өмірге бейімдеудің міндеттерін шешуге, кәсіпті, мамандықты саналы түрде таңдау мен меңгеру үшін негіз жасауға бағытталған.

      Жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мазмұнына қарай мынадай оқу бағдарламаларына:

1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту;

2) бастауыш білім беру;

3) негізгі орта білім беру;

4) жалпы орта білім беру болып бөлінеді.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары іс-әрекет түрлерінің мектеп жасына дейінгі балалар үшін ерекшеліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының негізінде әзірленеді.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары:

1) балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және сауықтыру тұтастығы принциптерін ескере отырып, мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етеді;

2) әр баланың талабын, бейімділігін, қабілеттілігін, дарындылығын іске асыруға және оның даму ерекшеліктері мен денсаулық жағдайын ескере отырып, дара әдіс негізінде оны бастауыш білім берудің білім беру бағдарламасын меңгеруге даярлауға бағдарланады.

3) Мектепке дейінгі оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары оқудың, жазудың, есептеудің және тілдік қатынас тәжірибесінің қарапайым дағдыларын қалыптастырады және бастауыш білім беруді меңгеру үшін бірдей бастапқы жағдайларды жасауды көздейді.

«Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы 025 бюджеттік бағдарлама төңірегінде және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 28 қарашадағы № 628 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Негізгі ережелер» Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының (бұдан әрі – ҚР МЖМБС -2009) талаптарына сәйкес 1 жастан бастап 6 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған қазақстандық білім беру бағдарламаларын (бұдан әрі – бағдарламалар) мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірледі:

1) Мектепке дейінгі ерте жастағы (1 жастан бастап 3 жасқа дейінгі) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Алғашқы қадам» бағдарламасы;

2) Мектепке дейінгі кіші жастағы (3 жастан бастап 5 жасқа дейінгі) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Зерек бала» бағдарламасы;

3) Мектепке дейінгі ересек жастағы (5 жастан бастап 6 жасқа дейінгі) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Біз мектепке барамыз» бағдарламасы.

Аталмыш мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламалары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушы А. Жақыповтың 2009 жылғы 21 қыркүйектегі № 439 бұйрығымен бекітілді.

Бағдарламалар облыстық, Астана және Алматы қалалық білім басқармаларының, БЖ БҒПКБАРИ-ның, Ы. Алтынсарин атындағы ҚазҰБА-ның, облыстық және қалалық БАИ-тарының мамандарымен келісілді. Сонымен қатар, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, «Step by step» корпоративтік қорының өкілдерінің, мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері мен тәрбиешілерінің, ЖОО мен колледждердің мектепке дейінгі тәрбиелеу факультеттерінің оқытушыларының, жалпы білім беру мектептерінің мектепалды сыныптары мен шағын орталықтары педагогтерінің қатысуымен Алматы қаласында «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәжірибесіне жаңа стандартты енгізу» тақырыбында өткізілген республикалық семинар-тренингте талқыланды.

Бағдарламалар мектепке дейінгі білім беру мазмұнының функционалды тасымалдаушысы болып табылады. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды ұйымдастыруға жаңа тәсілдерін іске асыруды қамтамасыз етуге бейімделген, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытудың классикалық және отандық мектепке дейінгі педагогика тәсілдеріне, «Балабақшаларда тәрбиелеу мен оқытудың типтік бағдарламасы» мен «Балбөбек» бағдарламасының мазмұнына, принциптеріне сүйенеді.

Бағдарламалар түрлі жас кезеңдерінде бала тұлғасы құзыреттілігінің даму Тұжырымдамасын, А.В. Запорожецтің бала дамуы амплификациясының (байыту) жан-жақты (танымдық, коммуникативтік, шығармашылық, әлеуметтік, дене күшінің) өзара байланыстары туралы ғылыми ережені негізге ала отырып әзірленді.

Бағдарламаның мақсаты 1 жастан бастап 6 жасқа дейінгі балалардың толыққұнды, құзыретті дамуын, физикалық және психологиялық денсаулығын сақтау болып табылады.

Білім беру бағдарамаларының құрылымы:

1. түсіндірме жазба;

2. мектеп жасына дейінгі балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру;

3. балалардың жас ерекшелік мүмкіндіктерінің сипаттамасы;

4. күн тәртібінің үлгісі;

5. бес білім беру саласының бағдарламалық мазмұны;

6. ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің базалық мазмұны;

7. қосымша:

8.қимылды ойындар тізімінің үлгісі;

9.ұсынылатын көркем әдебиет шығармалары;

10.сурет салу, жапсыру және мүсіндеу оқу қызметтерінің тақырыптық үлгісі;

11.        музыкалық репертуарлар мен әуенді дидактикалық ойындар.

Педагогикалық процестерді ұйымдастыру негізгі үш принципті: кіріктіру, жіктеу және жекешелендіруді іске асыруды болжайды.

Бағдарламалар мазмұнын іске асыру әрқайсысының жеке бөлімдері мен мақсатты бағыттары бар негізгі білім беру салаларымен тығыз байланысты жұмыстарды қарастырады.

«Денсаулық» білім беру саласында балалардың денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салты ережелерін саналы сақтауды қалыптастыруға, бала ағзасының функционалды мүмкіндіктері мен өмірлік маңызды қозғалыс дағдыларын жетілдіруге, дене және ерік қасиеттерін дамытуға ықпал жасайтын шешімдер мен педагогикалық жұмыстардың мазмұны, шарттары, міндеттері анықталған.

«Коммуникация» білім беру саласында байланыстырып сөйлеуді дамыту, мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу әрекетіне деген жеке қабілеттерін, мазмұнды монолог пен диалог құра білу іскерлігін, сауат ашуды меңгеруге дайындық жасау мақсатында тілдік шығармашылықты көрсету жұмыстарының мазмұндары мен міндеттері енгізілген.

«Таным» білім беру саласында баланың қоршаған ортаны бағдарлай білуін кеңейту мен толықтыру; қарапайым іздену әрекетімен айналысу, модельдеу, байқап көру, жалпылау, талдау, салыстыру қабілеттерін дамыту; табиғатты қорғау әрекеттерінің кейбір тәсілдері мен ақпараттың түрлі көздерімен жұмыс істеу дағдылары бойынша педагогикалық жұмыстың шарттары мен мазмұнын, міндеттері көрсетілген.

«Шығармашылық» білім беру саласында балада әлемге деген, ұлттық және классикалық өнерге деген көркемдік эстетикалық қатынасты біртұтас қалыптастыру; балалар шығармашылығы мен әртүрлі көркемдік әрекеттерін кіріктіру қабілеттерін қалыптастыру қарастырылған. Балалар шығармашылығы балалардың өзіндік жеке мүмкіншіліктері мен қоршаған ортасын танытатын, оған деген қатынастарын білдіре алатын ерекше әлем.

«Әлеумет» білім беру саласында балалардың әлеуметтік тәжірибелерін әрі қарай дамыту мен меңгерту процесі ретінде, оны қоғамға кіргізуді қажет ететін әлеуметтендіруді қарастыра отырып, жеке басының еңбек дағдысын, білімін, нормасын, құндылығын, салт-дәстүрін, ережесін, әлеуметтік қасиетін қалыптастыру қарастырылған.

Жоғарыда аталып өткен бағдарламалар мектепке дейінгі білім беру мазмұнының функционалды тасымалдаушысы болып табылады. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды ұйымдастыруға жаңа тәсілдерін іске асыруды қамтамасыз етеді. Мектепке дейінгі ұйымдар үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы деңгейі болып келе, аталған ұйымдардың  оқу-тәрбие үрдісінің сапасын білім беру бағдарламалары қамтамасыз ететіні шүбәсіз.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. 2007 жылғы 27 шілдедегі №319-III «Білім туралы» ҚРЗ (2015.04.12 берілген өзгертулер және толықтыруларымен).

2. Қазақстан Республикасының меншік нысандарына қарамастан барлық типтегі және түрдегі мектепке дейінгі ұйымдарында 2014-2015 оқу жылын ұйымдастыру туралы. Әдістемелік-нұсқау хат. – Астана: «Мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық орталығы, 2016.

3. Балабақшада оқыту және тәрбиелеу бағдарламасы. Әдістемелік нұсқау.- Алматы: Рауан,  2010.-206б.

4.  Аралбаева Р.Қ. Мектепке дейінгі педагогика. Оқулық- Алматы: Жоғары оқу орын қауымдастығы, 2012.-218б.