Кадиралиева Д.Н.

Орал қаласы, №12 жалпы орта білім беретін мектебі

МӘҢГІЛІК ЕЛ МҰРАТЫ – БІЛІМДІ ҰРПАҚ

Мәңгілік ел болашағы- білімді ұрпақ,саналы жастар!

...Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік

Болашағын баянды етуге арналады.

Ендігі ұрпақ- Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше,

Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы- Мәңгілік Ел!...

Н.Ә. Назарбаев

Білімді ұрпақ – «Мәңгілік ел» идеясының басты негізі. Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толады. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.

Тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, педагогика ғылымында ұлттық сана қалыптастыру көкейкесті мәселе болып отыр. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары еліміздің басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасында былай деп жазылған: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз тарихымызды, мәдениетімізді бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн». Біз бұл арманды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізуде. Қазақтың мәңгілік ғұмыры, ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арнаймыз.

   Халқымыз өскелең ұрпақ тәрбиесінде ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани мұралар сабақтастығын сақтауды мақсат тұтқан. Қазақ зиялыларының бірі Міржақып Дулатов: «Мектептің мақсаты – құрғақ білім үйрету ғана емес, біліммен бірге тәрбиені қоса беру»,– деп жазады. Балаға тәрбие беру білім беруден де маңызды екенін аңғартады.

Мәңгілік Ел идеясын, ұлттық идеологияның негізгі факторы ретінде қарай отырып, оны барлық қазақстандықтар қолдайтын ортақ, әлеуметтік, этностық, діни бірегейлікті қамтамасыз ететін басты ұстанымға айналдыру қазіргі кезеңнің басты міндеті болмақшы. Сонымен бірге, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының басты, негізгі іргетасы – бірлік екенін ұмытпағанымыз абзал. Бірлік – ол елдің рухани бірлігі, халықтың мәдени, тілдік, ділдік, ақпараттық кеңістікке деген бірлігі. Қазақстандықтардың әлеуметтік, мәдени, рухани бірегейлігін дамыту, ұлттық идеологияны дамытудың басты факторы болуы тиіс. Сондықтан да «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудың тұжырымдамалық негізін философиялық тұрғыдан талдау қажеттілігі туындайды. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бері жүзеге асырып келеді. Ол қазақ халқының тарихи санасын қалыптастырып, дамытуға бағытталған. Осындай бір алғашқы қадамдардың қатарына «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара туралы» Заңын жатқызуға болады. Бұл «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудағы басты нық қадам деп қабылдауымыз керек. «Мәңгілік Ел» идеясының келесі тұғыры, негізі – Елбасы үнемі айтып келе жатқан елдің ішкі тұрақтылығы, халықтардың өзара достығы мен татулығы, бір - біріне деген сыйластық қарым - қатынасы. Этнос және дінаралық келісім мен татулық Қазақстан дамуының басты тұғыры. Тек тату, бірлігі жарасқан ел ғана алға қойған мақсат – мұраттарына жете алады.

Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Бұл жөнінде Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», – деген екен. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгiзген.

М. Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде былай дейді: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»

Ұлттық тәрбиенің көздері фольклор, халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге-өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады. Ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негіз­делген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Оның мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Ал міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу, қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеуде жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру, бүгінгі қазақ елінің индустриалық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін парасатты, ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу, білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениет термен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету, қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру.  

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.  Назарбаев Н.Ә.Қазақстан Республикасы Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ.-Қостанай.-2014

2.  Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1994.

3.  Пірәлиев С. Ұлттық тәрбие және жаһандану // «Егемен Қазақстан».

4.  Қапалбеков Б. Ұлттан тілді алса... – Алматы, 2006. – 138 б.

5.  Мырзахан А. Ел болудың жолы – ұлттық тәрбие // «Ана тілі», 20 қазан, 2011.