Мектеп жасына дейінгі балалардың  тілін дамыту

Тараз қ. №20балабақша  әдіскері

Шугаева Зайра Татымовна

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

Оспанбаева А.Р

 

 Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясында негізгі бағыттардың бірі ретінде халықтың ұлттық моделі мен салт-дәстүрлерін есепке ала отырып, білімі мен білігі жағынан өркениетті елдердегі замандастарымен қатар тұра алатын, бойында ұлттық, отаншылдық рухы мықты қазақстандықтардың  жаңа ұрпағын тәрбиелеу қажеттігі баса айтылған .

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарғы мемлекеттік бағдарламасында  білім беру жүйесін түбегейлі өзгерту, жас ұрпақты тәрбиелеуде олардың бойындағы рухани байлықтарын жетілдіру, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке ата-бабаның тарихи мұралары негізінде тәрбиелеу белгіленген .

Қазақстан  Республикасының «Білім беру туралы» заңында: білім беру  саласының  алдына үлкен міндеттерді  жүктейді. Яғни жалпы адамзаттық   бүгінгі  ұлттық мәселелермен  ұштастыра отырып қарастыру көзделеді. Сондықтан халық педагогикасын ғылыми негіздерін пайдалану және оның даму жолдарын іздестіру көкейкесті мәселелердің бірі.                   

Бүгінде Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл құқығына ие болуы, “Білім беру Заңының”, “Орта білімді дамыту тұжырымдамасы”, “Үздіксіз тәрбиенің тұжырымдамасының” қабылдауы ұрпақ тәрбиесіне жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді. Қазақстан Республикасының орта білімді дамыту тұжырымдамасының жобасында: “Білім берудің мектепке дейінгі сатысы дайындық кезең ретінде орта білім алудың үздіксіз жүйесіне кіреді. Мектепке дейінгі сатыда тәрбие жұмысының негізгі мақсаты қоғамда оқи және өмір сүре білетін баланың жалпы дамуы болып табылады,-деген

Тәрбиеші тілі — балалардың   сөйлеу тілін дамытудың негізгі көзі. Жас шамасына қарай әр топтағы балалар өз тәрбиешілерімен шаруашылық-тұрмыстық және еңбек іс-әрекетінде қатынас жасайды. Тәрбиеші балалардың ойындарын ұйымдастырады, бағдарламада көрсетілген барлық сабақтарда балалармен сөйлеседі, кітап оқу кезінде балаларды көркем шығармалардың авторларының сөздерімен таныстырады. Демек, балалар тәрбиеленетін мекемелерде тілді дамыту потенциалының мүмкіндігі түгелімен тәрбиешінің сөзінің сапасына байланысты.Әр ұлттың тілі сол ұлтпен бірге пайда болып, дамып отырады. Сондықтан да, өз тарихына, ұлттық дәстүріне, туған жеріне, туған тіліне қамқор көзбен карап, қадірлей білген адам ғана мәдениетті болады.

Тіл мәдениеті — сөздерді мағынасына қарай дұрыс қолдану, сөйлеу үстінде оларды бір-бірімен қиюластырып, үндестіріп дұрыс айту, емле мен тыныс белгілері ережелерін сақтап сауатты жазу, тілдің ғасырлар бойғы сұрыпталып келген көркемдігі мен әсем өрнегін орнымен қолдану.

Балалар бақшасының тәрбиешісі үшін үлгілі сөйлеу тілін меңгеру — бұл кәсіби даярлығының көрсеткіші. Сондықтан өзінің сөйлеу тілін жетілдіру — болашақ әрбір тәрбиешінің адамгершілік және қоғамдық парызы. Ол кейін балаларға берілетін тілдік дағдыларды жетік меңгеруге тиіс.

Тіл мәдениеті деп оның дұрыстығын, яғни әдеби тіл үшін қалыптасқан дәстүр бойынша дұрыс сөйлеу, грамматика, лексика, стилистика, дұрыс жазу ережелері нормасына сәйкес келуін айтады.

Балабақшадағы  балалардың сөздік қорын байыту, сөйлеу мәнерін, сөз сарынын қалыптастыру – бүгінгі заман талабы. Сондықтан  тәрбиешінің сөздік қоры бай, тілі орамды, стилі жатық, дыбыстау мәдениеті өрісті де өрелі болғаны абзал.

     Сонымен балалардың сөздік қорларын дамытуда ойындарды, тапсырма- жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді

 

   Пайдаланылған   әдебиеттер:
1.Қазақстан Республикасының  «Білім туралы» заңы -Астана,Ақорда, 2007 жылғы шілденің 27-сі. №319 ІІІ ҚРЗ. // Алматы 2010

2.Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың  2011-2020  жылдарға арналған Мемлекеттік   бағдарламасы //Егемен  Қазақстан 14 желтоқсан 2010ж.

3.«Үздіксіз тәрбие»  тұжырымдамасы.- // Астана,2010

4.Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мамлекеттік жалпыға міндетті стандарты.-Астана,2013.