Қазақстандағы жоғары оқу орындарында іс қағаздарын интерактивті әдіс арқылы оқыту

 

филология ғылымдарының кандидаты, профессор Кабатаева К.Т.

Қазтұтынуодағы  Қарағанды  экономикалық   университеті

 

 

Оқыту әдістері – бұл оқытушы мен тіл үйренушінің оқу – тәрбие жұмысының міндеттерін ойдағыдай шешуге бағытталған іс-әрекеттің тәсілдері. Білім мен дағдының өзара байланысы білім беру әдісінің шоғырлануына мүмкіндік жасайды, құрылымын білуге жол ашады, оқытушы мен тіл үйренушінің қарым-қатынасын күшейтеді, оқу әдістерін саралай білуге жол ашады, оқытушы мен тіл үйренушінің қарым-қатынасын күшейтеді, оқу әдістерін саралай білуге машықтандырады.Тілші –ғалым  С.Қазыбаевтың пікірінше: «Оқу әдісі – оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру, қабілетін дамыту, оларға білім, білік, дағдыны меңгерту жолындағы мұғалім мен студенттердің өзара бірліктегі атқаратын жұмыстарының тәсілі». Жаңа технологияның өріс алуына орай оқыту үрдісінде «интерактивті әдістер», «интерактивті оқыту» терминдерімен жиі кездесеміз. «Интерактив» сөзі «interakt» ағылшын тілінің «inter» - бұл өзара, «akt» - әрекет жасау  деген сөздерінен енген. Осыдан «интерактивті әдістер» тіркесін оқушылардың өзара әрекет етуіне жағдай жасайтын әдістер, ал «интерактивті оқытуды» өзара әрекеттесуге негізделіп құрылған оқыту деп түсінуге болады. Интерактивті әдістердің мәні – оқытушының басшылығымен оқушылардың бір – бірімен өзара белсенді байланыста бола отырып оқу – танымдық нәтижеге жетуі. Қ. Қадашева «Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері: өзгетілді дәрісханалардағы қазақ тілі» атты докторлық диссертациясында интерактивті әдісті қазақ тілінде жоғары белсенділікті дамыту әдісі деп қарастыра отырып, «рөлдік ойындар, іскерлік ойындар, иммитация әдістері, өрнектеу (моделирование) осы жоғары белсенділікті дамыту әдістемесінің белгілері болып табылады деп көрсетеді Интерактивті оқыту әдістері тіл үйренушілердің өмір тәжірибесіне, біліміне сүйенуге бағытталған. Оқытушының рөлі көбінесе оқу үрдісін ұйымдастырушы, топ басшысы, студенттердің ынта-ықыласын белсенді ету қалпында көрінеді. Тіл үйренушілер ашық түрде белгілі бір мәселелерді талдауға, өз ойын ортаға салуға, қарама-қайшы пікірлерді салыстыруға, пікірталасқа түсуге машықтанады. Бұл жөнінде М.В. Кларин: «По сравнению с традиционным в интерактивном обучения меняется и взаимодействие с ведущим: его активность уступает место активности учащихся, его задача – создать условия для их инициативы. В таком обучении учащиеся выступают не пассивными «обучаеми», но полноправными участниками, их опыт важен не менее, чем опыт ведущего, который не дает готовых знаний, а побуждает к самостоятельному поиску», - деп ой қорытады. Оқыту үрдісінде оқытушы белсенділігінің орнына студент белсенділігі артуы тиіс, ал оқытушының мақсаты – студенттердің қабілеттерінің шыңдалуына жағдай жасау. Егер студент оқитын ортасында, біріншіден, іс-әрекет үстінде болатын болса, екіншіден, танымдық үрдіске қатысушының бірі болған жағдайда оқыту интерактивті болып саналады.

А.К. Жанабилова интерактивті әдістердің тиімділігін, төмендегідей тұжырымдайды:

          - ойындар студенттерді инновациялық іс-әрекетке жетелейді, өзін-өзітануына түрткі жасайды;

          - жеке тұлғалық қасиеттерін дамытады;

           -өзін-өзі басқара білуі, өз бетімен алдағы мақсатқа жетуіне көмектеседі;

          - алғырлық, тапқырлық, шапшаңдық қасиеттерін дамытады;

          -білімін тереңдетеді, толықтырады;

          - сөздік қорлары байиды, әсіресе ауызекі тілдерін жетілдіреді.

            Сабақта интерактивті әдісті пайдалануда төмендегі шарттар орындалуы тиіс. Сабақтың мақсатын айқындау. Оқытушы топ студенттеріне орындалатын жұмыстарының мақсатын, ережесін түсіндіріп, олардың бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендіктеріне толық сенім болуы керек; Тіл үйренушілердің білім деңгейін ескеру. Оқытушы студенттердің білім деңгейін ескере отырып, олардың бірлесіп жұмыс жасау дайындықтарына қарай сабақты ұйымдастыру қажет. Қатысымдық қарым-қатынас – интерактивті әдістің негізі бола отырып, тіл үйренушіні сөйлеу жағдаятына байланысты белгілі бір мәселені шешуге, өз пікірін айтуға үйретеді.  Ал бұның өзі студенттердің сөздік қорларын байытып, білімін дамытады.  Ф.Оразбаеваның пікірінше, «сөйлесім әрекетінің түрлері тілдік қатынаспен тығыз байланыста бола келіп, қатысымдық қызметтің жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан келгенде келгенде, студенттердің алдына қойылатын мақсаттар тілдік қатынастың қағидаларына сүйенеді: тіл үйренуші айтылатын сөзді түсінуі қажет; адамдар бір-бірімен сөйлесіп, пікір алысуға мүмкіндік алуы керек; сол сияқты қазақ тілінде қысқаша баяндама жасай білу, түсініктеме, хат, пікір жаза білу де осындай мақсаттардың қатарына жатады». Қатысымдық ұстанымның негізінде интерактивті әдісті қолдану іс қағаздарына байланысты оқу материалының тақырыбы, қарым-қатынас ортасы, сөйлеу жағдаяттары сұрыпталады. Тақырыпқа байланысты тілдік материалдың көлемі анықталады, оқытушы лексикалық, грамматикалық материалдарды іріктеп, құжат үлгілерін белгілі бір шеңберде береді. Сөйлесім әрекетін іске асыруда жағдаят тудыру үлкен рөл атқарады.  Б.Ш. Мешімбаева: «Тілдік жағдай ауызша қарым-қатынас әрекетінде айтылу (высказывание), сөйлесуге (сөйлесімге), сырттан әсер ететін деректер арқылы өтеді. Оған ойды жеткізуге қатысы бар заттар мен құбылыстар арасындағы жағдайлар мен ортаның әсері жатады. Сол жағдайлар мен қатынастардың жиынтығы тілдік жағдайды құрайды» - деп есептейді. Жағдаят туғызудағы негізгі мақсат – әртүрлі жағдайларда іс қағаздарына байланысты алған білімдерін тәжірибеде қолдану. Жағдаят тіл үйренушілердің ойлау қабілеттеріне бағытталады, жағдаят арқылы студенттердің танымдық қызығушылығы артып, білім мен дағды саналы және берік қалыптасады. жағдаяттарға байланысты өткізілетін рөлдік ойындар, іскерлік ойын түрлері, дөңгелек үстел, пікірталас, шығармашылық сайыс, тренингтер студенттердің танымдық, шығармашылық іскерлігін арттырады.

 Мәселен, мынадай жағдаяттар бойынша тапсырма түрлерін беруге болады:

  1. Семестр қорытындысы бойынша топ жиналысын өткізіңіз. Ұжыммен келісе отырып, жиналыстың төрағасын, хатшысын сайлаңыз. Хаттама жазыңыз.

  2. Сіз биыл университетті бітіріп, жұмысқа орналаспақшысыз. Зауыттың директорымен сұхбасттасып, еңбек келісімін толтырыңыз.

  3. Сіздің досыңыз жұмысқа орналаспақшы, бірақ еңбек келісімін толтыруды білмейді. Сұрақтарыңызбен кадрлар бөліміне кіріңіздер.

  4. Сіз фирмаға жұмысқа орналастыңыз. Фирманың басшысынан лауазымдық нұсқаулықтармен, жеке құрам бойынша ережелермен таныстыруды сұраңыз.

  5. Сіз шағын кәсіпорының офисіне жөндеу жүргізуге келісім бердіңіз. Еңбек келісімін толтыруға байланысты кәсіпорын басшысымен сұхбаттасыңыз.

 6. Сіз жас маманды жұмысқа қабылдауыңыз керек. Жеке іс парағының сұрақтарын пайдаланып, әңгіме жүргізіңіз.

 7. Сіз тарих пәнінің мұғалімісіз. Кабинетіңізді безендіруге суретшімен шарт жасасыңыз.

   Мақсаты: тіл үйренушінің ресми қарым-қатынасты іске асыруда сөйлеу тілін жетілдіру; меңгерген сөздерін белсенді сөздік қорына айналдыра отырып, қарым-қатынасқа түсінуіне қажеттілік туғызу. Бұл берілген тапсырмаларды студент ойланып, ізденіп орындайды, сөйлеу жағдаяттары студенттердің танымдық көкжиегін кеңейтеді, шығармашылық белсенділігін арттырады, білімді игеру қарқынын тездетеді, жаңа тапсырмаларды орындау кезінде өз бетінше жұмыс істеуге үйретеді. Рөлдік ойындар студенттерге іс қағаздарының түрлерімен тереңірек танысуға септігін тигізеді. Рөлдік ойынды өткізу барысында оқытушы студенттердің арасындағы қатынастың жетекшісі, бақылаушысы қызметін атқарады. Ойынға қатыса отырып, студент өзінің болашақ мамндығына қатысты сөздерді, терминдерді меңгертуде лексика-грамматикалық ойын түрлері өткізіледі. «Пирамида» ойыны. Мақсаты: студенттерге іс қағаздарына байланысты сөздерді меңгерту, буын түрлерін анықтау. Ойын барысы: Пирамиданың төменгі жағына үш буыннан тұратын сөздерді жазу талап етіледі. «Іс қағаздарын қалпына келтір» ойыны. Мақсаты: өтілген тақырыптар бойынша тіл үйренушілердің білімін тәжірибеде қолдануға ықпал ету, іс қағаздарын дұрыс құрастыру дағдыларын қалыптастыру. Ойын барысы: студенттер берілген сөйлемдердің қай құжатқа байланысты екенін айтып, құжат үлгісін тақтаға жазады. «Кім жылдам?», «Сөздер жарысы» ойындары. Мақсаты: сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтай отырып, сөйлемдерді дұрыс құрауға үйрету, емле ережелерінің нормаларын меңгерту, сөздерді есте сақтауға жаттықтыру.

  1. Төменде берілген тіркестерді ретке келтіріп, құжат мәтінін жазыңыз.

 

Мен, азамат,...

 

міндеттенемін (кепілдік беремін)

()()ооо

 

 

келісілген мерзімде қайтаруға

 

алынған ақшаны дер кезінде қайтаруға

 
 

 

 

 

 

 2. Сөздерді, сөз тіркестерін үнтаспадан тыңдап, есте сақтаңыздар. Сөздерді іс қағазының қай түріне жататынын топтап жазыңыздар. Күн тәртібі, сұраймын, жарыссөз, қабылдау, қарыз, міндеттенемін, қатысқандар, басқа жұмысқа байланысты, сөз сөйлеу, куәландыру, шешім қабылдау, келісілген мерзімде, кезекті демалыс, дауыс беру, ауысу, босату.

 3. Тірек сөздер мен сөз тіркестерін пайдалана отырып, өмірбаян жазыңыздар: өмірбаян, ұлт, білім, орта білім, отбасы жағдайы, мектеп бітіргеннен кейін, әскери қызмет, мекен-жайы, оқу, түсу, бітіру, жұмыс істеу. Көрсетілген ойын түрлерінің жүйесі студенттердің іс қағаздарына байланысты лексиканы қолдану дағдысын жетілдіреді, жазылым үрдісін қалыптастырады, олардың кәсіби біліктілігі мен ой өрісінің дамуына ықпал етеді, тіл үйренушінің қызығушылығын оятуға жәрдемін тигізеді, белсенділігін арттырады. Іскерлік ойын сабақтары («Аукцион», «Көкпар», «Бәйге», «Іс жүргізуші», «Брейн-ринг», «Хатшы-референт», «Тіркестің сыңарын тап», «Бәсеке-білім сайысы») ең алдымен сценарий құрудан басталады және тіл үйренушілердің іскерлік дағдыларын қалыптастырып, өтілген тақырыптарды қайталауда пайдаланылады. Мысалы, тапсырмалар жүйесін төмендегідей саралауға болады: а) топқа бөлініп, келісім-шарттар, келісімдерді әзірлеу бойынша құжаттар (жобалар, ұсыныстар, ескертулер, негіздемелер) дайындаңыздар. Өз пікірлеріңізді дәлелдеңіздер; ә жұпқа бөлініп, үлгі бойынша фирма президенті мен жеке тұлға арасындағы еңбек келісімін жасаңыздар. Мұндай ойын сабақтары жарысушы топтар, әділқазылар, жақтаушылар болуын және ойынға қатысушылардан жылдамдық пен арнайы дайындықты талап етеді. Шығармашылық сайыс. Студенттер 3 топқа бөлінеді: бірінші топ – сынақтан өтушілер, екінші топ – сынақ алушылар, үшінші топ – қазылар алқасы рөлін атқарады. Оқытушы үш топтың атқаратын жұмыстарын түсіндіреді. Оларға мәтін таратылады. Топ студенттері мәтін бойынша тапсырмаларды орындайды. «Сынақтан өтушілер» сұрақтарға жауап беруге дайындық жүргізеді. «Сынақ алушылардың» мақсаты – мәтін бойынша сұрақтарды дайындау. Ал «қазылар алқасы»  екі топтың жұмыстарын талдап, сұрақтар мен оған берілген жауаптарға өз бағаларын қояды. Топ жұмыстарын талдауда әр сұрақ-жауаптың дұрыстығы, нақтылығы, түсініктілігі ескеріледі. Іскерлік ойындар студенттердің есте сақтау қабілетін дамытады, алған білімдерін пайдалануға мүмкіндік береді. Іс қағаздарымен жұмыс істеуде тіл үйренуші сөздерді, сөз тіркестерін жазу талаптарына сай дұрыс жұмсаудың амалдарын, тілдік тұлғалардың тіркесу ерекшелігін игереді, сөздік қорын жаңа сөздермен молайтады, іс қағаздарын сауатты жаза білу дағдысын қалыптастырады. Сонымен, уақыт талабыга сай студентерге іс қағаздарын жазып үйретуде оқытудың жаңа технологияларын тәжірибеге енгізіп, ұтымды әдіс-тәсілдерді қолдану студенттен үлкен білімділікті, оқу үрдісін шеберлікпен ұйымдастыра білуді талап етеді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. С. Қазыбаев. Қазақ тіл методикасы. – А., 1990. – 112-б.

2. Педогогический энциклопедический словарь/ гл. ред. Б.М.Бим-Бад. – М.: Большая Российская энциклопедия, 2002. – 528 с.

3. Қ. Қадашева. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғцылыми- әдістемелік негіздері: өзге тілді дәрісханалардағы қазақ тілі: п.ғ.к. ... дисс., А., 2001. – 301-б.

 4. М.В. Кларин. Интерактивное обучение – инструмент освоения нового опыта// Педагогика 2000. №7. – с 12.

 5. А.К. Жанабилова. Қазақ тілін әдебиетпен байланыстыра оқытуда шығармашылық жұмыстар арқылы тіл дамыту технологиясы (6-7 сынып), п.ғ.к. авторефераты. – А., 2005. – 3-б.

6. Ф. Оразбаева. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. – А., 2000. – 208-б.

7. Б.Ш. Мешімбаева. Гуманитарлық бөлім студенттерін қазақша пікірлесім (диалог) арқылы сөйлеуге үйрету әдістемесі: п.ғ.к. ... дисс. А., 1999. – 163-б.