Оспанбаева А.Р.,

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты,Тараз қ.

Тойымбетова Ж

№14 балабақша әдіскері,Тараз қ.

 

Көркем әдебиет арқылы  мектеп жасына дейінгі

балалардың тілін дамыту

 

         

          Мектеп жасына дейінгі баланың дүниетанымын, ой өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байыту, эстетикалық талғамын арттырып, адамгершілікке баулу ісінде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше. Әрине, мектеп жасына дейінгі сәбилердің әдеби шығармаларды оқи алмайтыны мәлім. Олар әдеби шығармаларды тәрбиешінің мәнерлеп оқып беруі бойынша ғана сөз сырын санасына ұялатады.

          Ертегі, шағын әңгіме, өлең, мақал-мәтел, жұмбақ сияқты балаларға лайықты көркем сөз жанрларының ежелден-ақ тәрбие ісінде зор көмекші екені белгілі. Балабақшада тәрбиеленбеген, әлі мектеп жасына жетпеген ауылдық жерлердің сәбилері кішкентай күнінен өз әже-аталары мен әке-шешелерінен естіген халық ауыз әдебиеті нұсқаларынан нәр алып өсетіні белгілі.

          Мұндай шығармаларды сәбилер қызыға тыңдайды, жылдам жаттап алады. Мысалы: «Торғай», «Бақа-бақа балпақ», «Қарғалар», «Санамақ», тағы басқалар сияқты халық өлеңдері ойнақы тілімен, қайталама сөзімен, музыкалық үнімен бөбектерді баурап, сөз өрнегіне баулиды. Сол себепті де «Балабақшада оқыту және тәрбиелеу бағдарламасында» 2 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға әдеби шығармаларды оқу, тіл дамыту жұмысы арнайы бөлім, 2-ден 3 жасқа, 3-тен 4 жасқа дейінгі балаларға халық ауыз әдебиеті үлгілерінен «Бесік жыры» сияқты ойнақы өлеңдер, санамақтар берілді.

          Көркем шығармаларды тыңдауға бала сәби кезінен-ақ құмартып, қызығады. Қысқа ертегі, өлең оқып берсе, тез жаттап алады. Жаттау арқылы оның тілі жетіледі. Әдеби кейіпкерлердің жақсы ісіне сүйсінеді, жаманынан жиренеді – бойын қорқыныш билейді. Сәбилерде жақсы және жаман іс-әрекет жөнінде түсінік пайда болады. Сөйлеу тілі жетіле түседі. Ал тілінің дамуы – баланың бойында қабылдай – ести білу сияқты психологиялық процестердің бірте-бірте қалыптасуына негіз болады.

          Мектеп жасына дейінгі балаларға оқып беретін шығармалар, негізінен, үш салаға бөлінеді:

1) ауыз әдебиеті нұсқалары;

2) классик жазушылардың шығармалары;

3) қазақ жазушыларының шығармалары.
          Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы деңгейі ретінде күннен-күнге жаңару үстіндегі әлемде бейімделу қабілеті жақсы жетілген бала тұлғасының қалыптасуы мен дамуы үшін жағдайлар жасайды.       

         Қазақ елінде тұңғыш рет «Психология», «Педагогика» құралдарын жазған  Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтар өз еңбектерінде балаларды жан-жақты дамыта тәрбиелей отырып, олардың психологиялық үрдістерін (ақыл-ой, қиял, есте сақтау,зейін, т.б) жетілдіру, ана тілінде сөйлеуге үйрету мәселесіне ерекше назар аударды.

        Сөз – тілдің негізі. Көркем мәтіндегі сөздер тілдің бейнелік құралдары болып табылады. Қылыштай кесіп түсетін өткір де дәл, сезімге әсер етіп, сөйлеуде жандандыратын, ойлаудың икемділігі мен тездігін дамытатын, балалардың сөздік қорын жетілдіре түсу қызметін атқаратын болғандықтан, сабақтың барысында баланың жүрегін толқытып, бойын балқытып,  қиялын шарықтататындай жағдай туғызу керек. Мектепке дейінгі бағдарламада бала тілін дамыту жұмысына баса көңіл бөлінген. Бұл жағдай құбылыс емес, керісінше, баланың техникалық қасиеттерінің дамып-жетілуіне әсер ететін үрдіс.  Сондықтан мектепке дейінгі балалардың тілін дамыту жұмысы – тәрбие жұмысының ұйытқысы.

          Балалардың сөйлеу белсенділігін арттырып, ой-өрісін кеңейтіп, бағдарлай білуге үйретіп, қатынас құралы ретінде көркем шығармаларды пайдаланудың маңызы аса зор.

           Көркем шығармаларды оқып беру,оқылған шығарма мазмұнын айтқызу барысында баланың ойлау қабілеті, тілдік қоры дамып, ой-өрісі кеңейеді, айналадағы өмірмен, үлкендердің еңбегі,жан-жануарлардың тіршілігі, төрт түлік мал, олардың төлдері, пірлері, пайдасы,ұлттық салт-дәстүрлерімен танысу арқылы жан-жақты рухани дамиды, адамгершілікке,әдептілікке, еңбексүйгіштікке, бауырмалдылыққа тәрбиеленеді.

          Мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні күшті,балаларды жақсылыққа баулып, жамандықтан аулақ болуға үгіттейтін өнеге сөздердің мағынасын талдап, соған орай белгілі бір қорытынды жасалады. Балалардың өмірге көзқарасын кеңейтіп, сөздік қорын байытуға бағыт беру, сөз шеберлерінің ғажайып өнерін сипаттауда балаларға көркемдік білім беру мен әсемдік сезімін дамыту, туған жерінің сұлулығы мен байлығын түсініп, бағалай білу қасиетін

қалыптастыру – аса маңызды міндет.

         Мектепке дейінгі тәрбие саласындағы ұлттық тәрбиенің негізгі міндеттерінің бірі – халқымыздың ежелден келе жатқан  салт-дәстүрлерін ана тілінде түрлендіріп, сол арқылы баланың тілін дамыту. Әрбір қазақтың қара домалағының өз ана тілінде сөйлеуі, осы тілде ойлау қабілетінің дамуы – ұлттық мінез-құлқының қалыптасу жолы. Ана тілінің қадір-қасиетін жастайынан түсініп өскен баланың жақсылыққа жаны құмар, таза, пәк, инабатты, биязы, сыпайы болып өсетініне өмір тәжірибесі куә.

         Бүлдіршіндерімізге  ана тілінде шағын әңгімелер, мақал-мәтелдер,нақыл сөздер үйрету арқылы және ұлттық дәстүрлерді баланың бойына сіңіруге күнделікті тәрбие барысында қоршаған орта, оны қорғау, аялау жағдайында

байқаулар, көрмелер, мақсатты саяхаттар ұйымдастырылады.

         Сабақтан алған білімдерін балалар саяхатқа шыққанда көзбен көріп, жүрекпен сезіне білді. Ертегілерін және басқа ақын-жазушылардың шығармаларын оқу арқылы балалардың табиғатқа, жан-жануарлар дүниесіне, туған өлкеге деген сүйіспеншілікке, сонымен қатар адамгершілік қасиеттерін дамыта отырып, осы шығармалар арқылы драмалау, кейіптеу,байланыстыра сөйлеуді дамытады.

          Мектеп жасына дейінгі балалар айналадағы өзін қоршаған дүниеден, табиғат, тұрмыс-тіршіліктен алған әсерін, көрген-білгенін ойымен қорытып, сөз арқылы іске асырады. Баланың өмірді танып-біліп, сезініп,

түсіну, қабылдауда қолданар басты құрал – сөйлеу тілі.

            Әдетте, 5 жастағы баланың сөздік қоры 2500-3000 сөзге көбейеді. Бала зат пен құбылысты айналадағы болмыс тобын дұрыс айтуды біледі. Сөзді қолдану үрдісінде баланың сөйлеуі шыңдалып жоғары ретке жетіледі. 6 жастағы баланың сөйлемінде буынды, дыбысты қалдырып немесе ауыстырып алу болмайды. Бала тілінде синоним, антоним, бейнелеуіш сөздер пайда болады да, еш қиындықсыз зат есімдерге жұрнақтар қосып, сөздерді түрлендіріп айта алады (орындыққа, орындықпен, орындықта,орындықтарда,т.б). Сонымен бірге түстерді айырып, олардың көк, көкшіл, көгілдір, ашық түсті, т.б реңін айырады.

         Балалардың ой-өрісін дамытып, оларды әдеби тілде сөйлеу деңгейіне жеткізу, сөздік қорларын байыту сияқты басты мақсатқа жету үшін алға мынадай талаптар қойған жөн:

-        Баланың әр сөзіне толыққанды жауап беріп, жіберген қателерін қайтып қайталамайтындай етіп түзетіп отыру;

-        Екеуара диалог түрінде сөйлесіп, монолог құрап үйрету;

-        Баланың өз бетімен сөйлемдер құрастыра алатындай шығармашылық қабілетін дамыту. Дәлірек айтқанда, өз бетінше ертегі, әңгіме, өтірік өлең Абай атамыз. Жас ұрпақты

өзінің  ана тілінде еркін, мүдірмей сөйлеуге үйрету үшін әдеби сөйлесу дағдыларын меңгертуде өлең мен әндер

жаттату, диалогтарды тыңдату, сөз шеберлері, атақты сахна шеберлерінің орындауында үнтаспада жазылған поэтикалық шығармалар мен көркем сөзді тыңдаудың еркше мәні бар. Өйткені нақышына келтіріп, аса шеберлікпен оқылған поэзия мен көркем сөздің баурап алатын күші ерекше.

Әдебиет:

1.      Пассов Е.И. Методология методики: теория и опыт применения. - ЛГПИ, 2002.

2.      Тихеева Е.И. Развитие речи детей. - М. 1972.

3.      Баймұратова Б. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту методикасы. -Алматы, Рауан, 1991.

4.      Әмірова Ә.С., Анартаева К.А. Тіл дамыту. (Әдістемелік құрал). - Алматы, 2006.