Білім алушылардың сөйлеу дағдысын  коммуникативті оқыту технологиясы негізінде дамыту жолдары

Қазақстан. Алматы қ.

Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысы, магистр

Альмуханова В.И.

 

Тіл адамдардың қарым-қатынас құралы болғандықтан, ол сөйлеу әрекетінің арқауы болып табылады. Тілдің қарым-қатынас қызметі жеке бірліктер түрінде емес, өзара хабар алысатын саналы әрекет түрінде жүзеге асатыны белгілі.Сондықтан тілдің әртүрлі деңгейіндегі тілдік бірліктердің ерекшеліктері, сөйлеудің коммуникативті түрлері, сөйлесімдер мен мәтіндердің коммуникативтілігіне негіз болып отыр. Қоғам талабына сай шетел тілдерін оқытуда берілетін білім мазмұны мен оқыту әдістерін жаңалау қажет ететіндігі айқындалды.

Ондағы мақсат білім алушыларды қарапайым болса да өз ойларын еркін жеткізіп қана қоймай, өзара тіл табысып, пікір алысуға үйрету, себебі жалпыға білім беретін орта мектеп білімнің негізгі мақсаты білім алушының шетел тілінде сөйлеу қабілетін жетілдіру.

Коммуникативтік әдіс – білім алушы мен мұғалімнің тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын, белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын,тілдік қатынас пен әдістемелік категорияға тән басты белгілер мен қағидалар жүйесінен тұратын, тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілдік қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі.

Тіл дамыту жұмыстарын үш салаға бөледі; 1.сөздікпен жұмыс; 2.сөз тіркесі және сөйлеммен жұмыс; 3.байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру жұмыстары. Тыңдау, сөйлеу, жазу және оқу дағдыларын қалыптастыру білім алушының тілді ауызша да, жазбаша да жақсы меңгеруіне тікелей әсер етеді. Білім алушы тілді жақсы меңгеру үшін осы төрт дағдының негізі берік қалануы керек [1. 27].

ХХІ ғасыр табалдырығын білім мен ғылымды инновациялық технология бағытымен дамыту мақсатымен аттауымыз үлкен үміттің басты нышаны болып табылады. Жас ұрпаққа саналы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру бүгінгі күннің талабы.

Білім беру жүйесінің алдындағы жаңа міндеттердің бірі инновациялық педагогикалық оқыту технологияларын пайдаланып білім сапасын арттыру. Ағылшын тілін ақпараттық технологиялар жүйесімен оқытудың ерекшелігі: оқу материалдарының ақпараттық-коммуникативтік технологиялар арқылы білім алушылардың оқу іс- әрекетін мұғалімнің көмегімен немесе компьютер арқылы меңгерілуі [2.76].

Оқыту технологиясы дегеніміз - оқыту техникасы туралы ғылым, сондықтан, оқыту ғылыми түрінде жүзеге асуы керек, яғни мұғалім қалай оқыту, неге олай оқыту керек деген білім бірліктілігін білуі тиіс. Оқыту технологиясы қалай оқыту керек деген ғылыми тұжырымдамамен тығыз байланысты, яғни қандай үдерістер арқылы, қандай әдістер арқылы, қандай оқыту құралдары арқылы, оқытуды қалай ұйымдастыру керек, қандай  факторларды ескеру қажет және ағылшын тілін үйретуде қалай ескеру керек деген сұрақтарға жауап іздейді. Сонымен, тәжірибелер мен зерттеулер нәтижесі бізге шетел тілінен берілетін білім мазмұны мен оқыту әдістерін жаңалау керек екендігін көрсетті.

Коммуникативтік әдістің ерекшеліктері мынада: 1.Коммуникативтілік оқу процесіндегі білік, дағдыны жетілдіруге бағытталады. Ағылшын тілінде үнемі сөйлеу білім алушылардың тілді білмеймін деген ойдан арылтып оқуға деген қызығушылығын арттырады. Ол үшін барлық жаттығулар сөйлеуге жетелейтін мақсатта болуы керек. 2. Коммуникативтік бағытта оқыту білім алушының жеке бас ерекшелігін ескеруді көздейді, яғни баланың бойындағы барлық  жеке  қасиеттері  ескрілуі керек. Бұл оның белсенділігін арттырып, оқуға ұмтылу үшін ең басты құралы болып   саналады. 3.Коммуникативтілік функционалдықпен де байланысты, себебі кез келген сөз коммуникация процесінде белгілі бір қызмет атқарады. Білім алушы тілді үйрене бастағаннан бастап сөздерді іс жүзінде сөйлеу барысында қолданып жаттықпаса, кейін оларды есіне түсіре алмай, дұрыс пайдалана алмайды. 4.Коммуникативтілік, коммуникативті бағытта оқыту әдісі оқытудың ситуативті болуын талап етеді. Өйткені, ситуативтілік сөйлеу дағдысының табиғи қасиеті болып есептеледі. Ситуативтілік сөйлеуге ынталандырудың  бір түрі ретінде,сөйлеу біліктілігін жетілдіретін әдіс ретінде әрі белгілі бір мақсатқа, нәтижеге жету жолы екендігі бұрыннан әдіскер ғалымдардың  көптеген еңбектерінде қаралып келеді [3. 112].

Коммуникативтік әдіс мұғалім мен білім алушының арасындағы психологиялық кедергіні бұзады. Коммуникативтік біліктілікке қалай қол жеткізу жолын іздестіруші әдіскерлердің бірі Е.И.Пассов оқытудың коммуникативтік әдісінің негізгі белгілері деп мыналарды атап көрсетті:

1.Әдістің дифференциалдығы әр әдіс нақты бір мақсатқа жету құралы екендігінде көрінеді. Бұндай мақсат сөйлеу әрекетінің әрбір түрі, нақтылап айтқан осы әрекет түрін жасай білу.

2.Әдістің оқыту жағдайына байланысты еместігі. Әдіс оқытудың тактикасы емес стратегиясын анықтайды және сол себептен осы таңдауды тілге,оқыту сатысына байланысты.

3.Коммуникативтік әдістің мүмкіншілігі сөйлеу әрекетінің берілген  түрін  жан-жақты қамтиды.

4.Әдісте негізгі өзек бар болғандығы немесе М.В.Ляковскийдің сөздерін пайдалансақ басты әдістемелік мәселенің шешуінің басымды ойы о бастағы әдістемелік мәселені шешу қызметінің бір-біріне байланысты болуын шарт етеді. Бұл негізгі ой әдіске кіретін кіретін принциптерді қарастырады, оларды интегралдайды. Осының негізінде Е.И.Пассов бұл өзара жағдай жасаған жеке әдістемелік принциптер жүйесі, бір стратегиялық оймен біріккен, сөйлеу әрекетінің қандай түрін болса да үйретуге бағытталған әдіс деп анықтайды [4. 124].

Коммуникативтіліктің қандай жағдайда нәтижелі болатынына мұғалімнің тигізер ықпалы зор және оқыту барысындағы білім сапасына да мұғалімнің үнемі көңіл бөліп отыруы аса маңызды. Сондықтан, ағылшын тілін оқытуда коммуникативтік оқыту әдістемесін қолдану – білім алушылардың сөздерді грамматикалық тұрғыдан бір-бірімен дұрыс байланыстырып, еркін сөйлей білуіне мүмкіндік береді, бұл әдістемені жиі қолдану өз нәтижесін береді.

Ағылшын тілін оқытуда коммуникативтік мақсатқа жетуде ауызша сөйлеудің маңызы зор. Сөйлеуге үйрету үшін оқыту әдісі ситуативті әдіс болуы керек себебі: ситуативтілік сөйлеу әрекетінің табиғи қасиеті болып табылады.

Сөйлеуге үйрету үшін қажетті ситуацияларды мынадай жолдармен беруге болады:

а) «көз алдыңа елестетіп көр», «қиялдап көр» деген сияқты т.б. тапсырмалар арқылы ситуациялар құру;

ә) белгілі бір ситуацияны жасайтын сурет немесе ситуацияны дамытатын, күшейтетін суреттер тізбегіне қарап, соның көмегімен сөйлеу;

б) күнделікті өмірдегі болып жатқан жағдайға ұқсас нәрселерді сипаттау.

Оқытудың ситуативтілігі білім алушылар мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасқа негізделген жағдайда ғана сабақ үстінде қатынас ситуациясы пайда болады. Е.Пассов ұзақ жылдар бойы жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде коммуникативтік оқытуда «ситуация» мен «ситуативтілікті» анықтап алу қажет екеніне көз жеткізген. «Ситуация»-дегеніміз, қарым-қатынас жасаушылардың, сөйлесушілердің санасында қалыптасқан өзара қарым-қатынасының жүйесі; ал «ситуативтілік-қарым-қатынастармен байланыс» деп қорытынды жасайды. Ол іс-әрекеттерде өзара қарымқатынастарда мынадай жетекші факторлар болады деп көрсетеді: а) статустық; ә) рольдік; б) іс-әрекеттік; в) ізгілік  [4. 24].

Қарым-қатынас процесі оқытудың мақсатына, жағдайына, мүмкіндігіне қарай үнемі өзгерісте болады. Сондықтан, сөйлеуші сол өзгерістерге байланысты қарым-қатынастағы өзгерістерді де ескеріп отыруы керек. Білім алушыларды қарым-қатынастың әр түріне дайындау үшін материалдарды да жиі түрлендіріп отыруды қажет етеді. Осы ұстанымға байланысты тілдік дағдылар да өзгертіліп отырылуы керек. Бұл білім алушылардың айтқысы  келген ойын басқаша жеткізуге, сөйлеу біліктілігін жетілдіруге, тез сөйлеуге көмектеседі.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ

1.  Бим И.Л.  К вопросу о методах обучения иностранным языкам. ИЯШ, №2, 2004, С.40.

2.  Алхазишвили А.А. Основы овладения устной иностранной речью.      Москва, 1988. С.200.

3. Нестерова Н.Б.Оптимизация обучения монологической речи в 4-5классах       средней школы. ИЯШ №5, 2002. С.30.

4. Пассов Е.И. Основы методики обучения иностранным языкам. М.: издательство Русский язык, 1977, С.300.