Филологические науки/7. Язык, речь, речевая
коммуникация
аға
оқытушы Молдазимова А.Е., Айнабекова
Азиза.
М.Х.Дулати
атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан
Республикасы
Сатира саңлақтары
Ғабиден Мұстафин
айтқандай, мөлдір көңілден шығатын мөлдір
дүниелер ғана мөлдір әлемді қалыптастырады. Бала
көзімен қарап, балалардың қиялымен жұмсақ,
нәзік шығармалар жазатын жазушылардың керуені
тоқтауға тиіс емес. Бізді елеңдететін жанрдың
бірі – сатира екені рас. Сатираның саңлақтары да қартайып
барады. Бір кездегі сатираға жыл құсындай
жаңалық әкелген тұлғалардың да алды 80-ге
таяпты. Сатираның жүйріктері де осылар. Сатираның
көшін алға сүйреп жүрген де осы саңлақтар.
Садықбек Адамбеков, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров
салған жолды Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин,
Мыңбай Рәш, Көпен Әмірбектің
жалғағаны рас. «Күле білгеніміз – өмір сүре
білгеніміз» дейтін Сейіт Кенжеахметұлы да сатира да бір төбе еді.
Сатира жанрын сөз еткен белгілі сатирик Мұхтар Шерім өз
сөзінде: «Біз шынында, аз халықпыз, сатириктерді айтамын.
Территориясы мен халқы аз Ватикан мемлекеті сияқты... Бірақ
Рим папасын мұқым дүние біледі ғой. Сол сияқты
сатира елінде елімізге белгілі сатириктеріміз баршылық. Бүгінгі сатираның
күлкі маршалы болып Ғаббас ақсақал қасқайып
тұрса, қатарында генералдары Үмбетбай Уайдин, Көпен
Әмірбек, Мыңбай Рәш, Абдрахман Асылбек, сарбаздары Толымбек
Әлімбекұлы, Берік Садыр, Еркін Жаппасұлы, Төрежан
Мәндібай, Алпысбай Боранбай, Ермахан Шайқыұлы, Кемелбек
Шаматай, Қабдырахман Отарбай, Үміт Зұлқарова, Нұрсұлтан
Оқпан, Базарбек Түкібай, Орынбасар Әлжік, Доқтырхан
Тұрлыбек, Нұрлыбек Жұбатқан. Бұл тізімді
сағыздай соза беруге де болады. Бірақ мәселе тізімде емес,
оның ізінде болып отыр. Із демекші, белгілі сатирик Көпен
Әмірбек күлкі ішінен «түлкі атып» жүрген Үмбетбай
Уайдин туралы «Із» тақырыбында қалжыңның
қуырдағына араласып піскендей әдемі сұхбат
жариялаған болатын. Сатирада ізі бадырайып, «мен мұндалап»
көрініп жатқан Үмбетбай ақсақалдың да
әлі шаршамағаны, қайта қатайып, күлкінің
қымызын сораптап ішіп келе жатқаны көңіл
қуантады. Арагідік болса да, баспасөз беттерінде сатира жайлы
сараптап, мақалалар жазып тұрады. Сатираның генералдары мен
сарбаздары туралы бір тізім жасалғанымен, сол көшті жалғайтын
жастардың үні неге шықпайды деп елеңдейміз? «Жас
сатириктер шоғыры бар ма?» деп дабыл қаққанымызда,
үніміз бәсең шығатыны да анық. Жас сарбаздар
дейтін Қанағат Әбілқайыр мен Қанат Ескендір де
жастықтың ауылынан алыстап барады. Сондағы жас сатириктер
дегеніміз кім? Жалғыз Бұлан Жапа қай жағына жетеді? Шона
мен Оспанхан ағаларымыздың ізін жалғайтындар бар ма?
Сатираның сын садағына ілінетін объекті көп, сынаушы
қайда? Қазақ сатирасының ардагерлерінің
шығармаларын жыл сайын жаңартып басса да, артық емес.
Бірақ бұл шығармалар қазақ сатирасына
қосылған жаңалық болып есептеле ме? Жоқ, сатираның
салмағын бірнеше адамның шығармасымен өлшеуге
болмайды. Жылт еткен жаңалық болмаса, қазақ сатирасы
дамыды деп айту да орынсыз. Қоғамның
дамуы барысында, қоғам мен адамның кемшілігін сынау
сатираның маңдайына жазылған. Сондықтан , сатираны
әдебиеттегі оппозиция жанры деп атайды. Тіпті, сөз бостандығы
мен демократия деген ұғымдардың иісі сезілмеген Совет
Одағының тұсында да бұл жанрға ерекше мән
берілген. Оған дәлел ретінде «Ара» және «Крокодил»
журналдарын айтуа болады. Сол кезде журналға
шыққан әрбір материал қадағаланып отырды, оны
тексеріп, тиісті шаралар қолданылды. Сөйтіп отырып,
қоғамдағы кемшіліктердің түзелуіне журнал өз септігін тигізді.Сол кездегі
сатира мен қазіргі таңдағы сатираны салыстыруға келмейді.
Көркем дүние болған соң сатира нақты фактілерге
сүйенбейді ғой. Оның ішінде барлық адамдар, біз
көріп отырған, қоғам көріп отырған
кейіпкерлердің бар екендігін барлығы да біледі. Біле тұра
ешкім ешнәрсе демейді. Бүгінде сатираға деген
көзқараспен қатар сатира туралы түсініктің
өзі өзгерген.Сатира үшін түпкі мақсат –
ойландыру, оның бір ауыз сөзі адамды ойға салса, немесе
сыналған кейіпкер өзін-өзі танып, ұялса болды. Қазіргі
таңда әзіл - сықақ театрлары баршылық, алайда
олардың барлығының да көтеретін тақырыбы мен
көрерменге жеткізу мәнері өте төмен дәрежеде.
Оспадарсыз, түк мағынасы жоқ, рухани азық болатындай
ешнәрсе айтылмайды.Сатира жанрында қалыптасқан
жағдайға, әдетте, әртістер сатирик жазушыларды
кінәласа, жазушылар әртістерді кінәлайды. Сатираны қай
қоғамда да әлсірету бар шығар, бірақ оны
өлтіру мүмкін емес. Өйткені, сатира –
қоғамның дәрісі. Ғаламда бар нәрсе
жоғалып кетпейтін теория бар ғой. Сатира да сол сияқты
жоғалып кеткен жоқ.
Себебі,сатира қоғамның
иммунитеті.Қоғамымыз мінсіз емес. Мініміз
де, сынсыз қалып жатқан жоқ. Мін бар. Сын да бар. Тек
оған мән беріліп жүрген жоқ. Әдебиетіміздің
бұл саласын елемеуге жөн жоқ. Ал бүгінгі сатирамызды зерттеу
ісіне кім кірісер екен?
Мұхтар Әуезов: «Күлкі - өлмес елдің
өшпес күші» дейді. Иә, ешқашан өшпейтін
мұндай мықты жанрға дәл Кеңес
өкіметінің тұсындағыдай мән берілсе, сатира -
ұлттық идеологияға, ортақ мүддеге қызмет
ететін айбынды қаруға айналатын еді ғой...
Пайдаланған
әдебиттер:
1.А.Байтұрсынов. «Әдебиет танытқыш»
Шығармалары . А.., 1989ж.
2. М.Дүйсенов., І.Жансүгіров Монография.А.,
1965ж.
3. Т.Абрахманова «Ақын арманы» Жазушы. 1965ж
4.Р.Бердібаев Роман және заман А., 1967ж.
5.Ш.Смаханұлы
«Сатира саңлақтары»
А., 1993ж
7.М.Иманғазиева «Жан қайығын
жарға ұрдым» А., 1994 ж
8.О.Әубакіров «Күлкі керуені» А., 1974ж..