СУБЪЕКТИВТІ МОДАЛЬДІЛІКТІҢ ЛЕКСИКАЛЫҚ
ДЕҢГЕЙДЕ БЕРІЛУІ
Е.А. Бөкетов
атындағы ҚарМУ, филология факультетінің 2 курс магистранты Қ.С.
Сатмухамбетова
Ғылыми жетекшісі: Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, ф.ғ.д.,
профессор
А.С. Әділова
Тіл білімінде
модальділік жеке категория ретінде қарастырылып, жеке ұғым
ретінде танылған. Аталған категория объективті және
субъективті модальділік болып екіге бөлінеді. Айтушы (автордың)
белгілі бір оқиғаны баяндауда субъективті модальділіктің
көрінуі маңызды болып табылады. Субъективті модальділік тілдің
барлық деңгейлерінде көрініс табады. Лексикалық
деңгейде субъективті модальділік бейнелеуіштік, айқындауыштық
мағынасында қолданылады. Олар арқылы айтушы айтылар
хабардың немесе оқиғаның жалпы желісіне баға береді.
Субъективті модальділік лексикалық деңгейде мына бағыттар
бойынша көрінеді:
1. Метафора
2.
Мысқылдау (ирония)
3. Салыстыру
Метафора
сөзі гректің «metaphora» сөзінен
шығып, ауыстыру деген мағынаға сәйкес келеді.
Яғни, метафора бұл құбылыстар мен заттардың
ұқсастық белгілері негізінде астарлы мағынада
қолданылуы болып табылады. Адамзаттың бірінші ұстазы
Аристотель «Метафора табиғатында жұмбақтылық бар» деп,
аталмыш мәселені зерттеп біршама ғылыми еңбектер жазды.
Сөз өнерінде метафораның символикалық, эмоционалдық ерекше мәні бар. Тілде ойды
әсерлі жеткізу мақсатында метафора қолданылады. Ол мақал-мәтелдер,
тұрақты сөз тіркестері, қанатты сөздерде жиі
кездеседі.
Метафораның
ең басты стильдік ерекшелігі — бейнелілігі, ойды бейнелі түрде
жеткізетіндігі. Ол
сондықтан да көркем әдебиет стилінде жиі қолданылады.
Ал, ғылыми, ресми іс қағаздар стильдерінде метафора жиі кездеспейді.
Метафора – тілде
жан-жақтылықты қамтитын құбылыс. Яғни,
оның жан-жақтылығы тіл құрылымында,
уақытта, кеңістікте пайда болуы. Ол тілдің
әртүрлі аспектілерін қамтиды, ол барлық тілге
және барлық заманға тән [1, 11].
Жалпы,
метафораның құрылымы, жасалу механизмі өте
күрделі. Тілде метафораның жасалуының арнайы ереже,
тәртібі жоқ. Метафораның туындауы ойлау процесінің
ұқсату, байланыстыру заңдылықтарына тікелей байланысты
[2, 10].
Метафора қолдану сипатына қарай тілдік (сөздік) метафора,
поэтикалық (сөйлеу кезінде туындайтын контекстік) метафора болып екі түрге бөлінеді [3, 88]. Тілдік
метафора сөзге жаңа мағына қосып, оның
семантикалық шеңберін кеңейтіп, әрдайым үздіксіз
дамытып отырады. Тілдік
метафораны жалпыхалықтық сипатына қарап дәстүрлі метафора деп
де атайды. Дәстүрлі метафоралардың мағынасы
халықтың таным-түсінігі, ой-өрісі, тіршілігі мен тұрмысына
байланысты. Олар – мағынасы көпшілікке түсінікті, жиі қолданысқа
түсетін бейнелі метафоралар. Дәстүрлі метафораның
авторы жоқ. Олар – мақал-мәтелдер тәрізді халық
қазынасы. Поэтикалық метафора – саналы түрде белгілі
мақсат үшін көркемдік құрал ретінде көркем әдебиет пен көсемсөз стилінде қолданылады. [4, 43].
Метафоралардың
бойында сан алуан қасиет бар: бейнелілік, экспрессивтік, баға
берушілік, түсіндірмелік, болжағыштық, танымдық,
атаулық, көрнекілік, көрсеткіштік т.б. [2, 19]
Метафорада
бағалау мағынасының туындауы метафораның өзіндік
табиғатымен (ерекшелігімен) байланысты [1, 53]. Яғни, метафора
бағалау мағынасында жиі қолданылады.
Бұл
түсініктің тележүргізушілер тілінде көрініс табуын
зерттеу үшін соңғы 10 жылдың көлеміндегі
өткен, қазіргі күні көрермен көзайымы болып
жүрген бағдарламалар желісіне назар аударғанды жөн
көрдік.
Телехабар тілінде субъективті модальділіктің метафора арқылы
көрініс табуы жиі кездеседі. Мысалы, «Хабар» телеарнасындағы
«Орталық хабар» бағдарламасының жүргізуші Сырым
Қашқабаев кезекті тақырыпты былайша өрбітті:
«Сондықтан, оқшауланған, тұйықталған емес,
жаһанданудың өтінде тұрған
Қазақстанды қандай дауыл болсын бұрыс күйден,
бұзық ойдан сақтау Сіз бен біздің қолымызда. Осы,
барыс секілді бітіміміз болсын десек, тілегімізге сай тірлігіміз таусылмасын»,
«Биылғы ұлтық бірыңғай тестілеудің
алғашқы 3 күніне 58342 түлек қатысып,
олардың он бірі 125 балды жұлып алған екен»,
«Қысқасы, А.Мейірбековтың өмір және өнер
жолы қызықтырса, бүгін бенефис-шоуды жіберіп алмауыңыз
керек». Бұл сөйлемдерде субъективті модальділік метафораның
көмегімен көрініс тапқан. Атап айтсақ, «бұрыс
күйден», «бұзық ой», «барыс секілді бітіміміз», «125 балды
жұлып алған», «өмір және өнер жолы» деген
сөздер метафора болып тұр.
«Ой-толғау» бағдарламасында Қалқаман Сарин мынадай
сұрақ қояды: «Жалпы, өзі әрбір
қазақтың, әр қазақтың жүрегінде
бір мәңгілік сағыныштың иесі аяулы бір мекен «ауыл»
деген шаңырағымыз бар ғой. Біріңіз жаңағы
Зайсанның даласындағы, біріңіз Қарағайдың
арасындағы сонау шығыстан, ауылда өсіп-өнген
ұрпақсыздар. Ауылды сағынып тұрасыздар ма? Барып тұрасыздар
ма?» Жоғарыда айтылған сөйлемдердің ішінен «сағыныштың
иесі» деген метафораны кездестіреміз.
«Қазақстан» арнасындағы «Apta.kz»
бағдарламасының жүргізушісі Зейіп Әліпбек «Хабарымызды
ел президентінің жаңа жылда қабылдаған
жаңалығы көп жарлығымен жалғастырсақ.
Н.Назарбаев мемлекеттік биліктің тармақтары арасында
өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі
жұмыс тобын құру туралы өкім шығарды», «Алайда,
мемлекет қаржысына салынып жатқан жылу орталығы
құрылысының сақалды құрылысқа
айналғаны қашан» сияқты ақпараттар легімен
көрермендерді таныстырады. Бұл жерде «биліктің
тармақтары», «сақалды құрылыс» сияқты тіркестер
метафора болып тұр.
Оқиғаны нақты, әсерлі жеткізудің жолында
тілімізде мысқылдаудың да
(иронияның да) өзіндік маңызы бар. «Ирония тек таза
тілдік құбылыс қана емес, ол белгілі бір дәрежеде
менталитетпен, ұлттық сипаттармен, жеке темпераментпен, басқа
да факторлармен байланысты болады», – деп жазады О.П.Ермакова [5, 168].
Ирония
жазушылардың даралық стиліндегі автордың дүниетанымы
мен эстетикасына байланысты өрнектелетін мазмұндық категория
ретінде де қарастырылады. Көркем
шығармадағы иронияның сипаты автордың жеке
тұлғасына байланысты болады. Оның әлеуметтік
дүниетанымы, саяси көзқарасы, эстетикалық
талғамы, этикалық түсініктері – осының барлығы да
иронияға қатынасын айқындап, көркем ойлауын тереңірек
пайымдауға мүмкіндік береді. Яғни ирония арқылы автор (айтушы)
өзінің көзқарасын білдіріп отырады.
Ирония арқылы мейлінше дәл сомдалған портреттерді, барынша
ашылған мінездерді көре аламыз. Олар бір-бірімен тығыз
байланыста болып, қоғамдық өмір
құбылыстарын көрсетіп жатады. Телеарна тілінде де
қалжың, кекесін, мысқылдау – арқылы шындық
жеткізіліп жатады. Тележүргізушілердің тілінде мысқылдау
(ирония) арқылы салмақты ойлар әзіл арқылы
шындықты жеткізу үлкен шеберлікті талап етеді. Бұл орайда иронияны
қолданудың мынадай амал-тәсілдерін кездестіруге болады. Мысалы:
«Ұят болмасын...» бағдарламасында Бекжан Тұрыс «Анау,
әлгі, ескі 50 теңгелік сияқты көрінбей кеттің
ғой, өзің?!», «Мынау, енді қырыққа толып
жатсың. Қырықтың иісі қалай екен? Бірдеңе
сездің бе? Жоқ, әлде сезе алмадың ба?» деп
Н.Өнербаевты сахна төрінде көрінбей кеткенін қоғамда
болып жатқан өзгерістермен, бұрынғы валюталардың
өзгеріске ұшырағанымен салыстыру арқылы айтылмайтын
ойлар астарлап жеткізілсе, 40 жасқа толғандағы
өзгерістерді қағытпа әзілмен айтып отыр.
Кей жағдайда кейіпкерге мінездеме бергенде оның сырт келбетін,
мінез-құлқын сипаттау үшін де, кейіпкер арқылы
адамдар арасындағы қарым-қатынастың
қайшылықты сипатын таныту үшін де иронияны қолданып
отырады. Мысалы, «Біздің уақыт» бағдарламасында Жайна Сламбек
аңдатпаны «Тіркеу» термесінің шумақтары. «Біз ойнап отырмыз»
деген кекесін өлсе өмірем қалсынға келетін пікір.
Кешірім сұрағанымен, көрініп қалды» деп бастап,
жаңалықтар легін «Лауазымы өте жоғары адамдар
жемқорлық бабы бойынша ұсталғанда қоғамда
стандартты түрде айтылатын әңгіме бар. Түрлі
топтардың компромат соғысы, ұстап беру және кристалды
таза шенді жоқ» деп жемқорлық жайындағы материалды таныстырды.
Бағдарламаның тағы бір санында «Тіркеу – мысқылдар,
шымшымалар. Ащы күлкі – күлкісіз ащы. Дайындықсыз
қойған талап», «Жоғары шенділер таңертең
отбасымен қоштасып шығады екен. Кешке оралуым екі талай деп» деген
жолдардан кекесінмен қатар ащы шындықты байқаймыз. Сонымен
қатар, «Хабар» телеарнасында жүргізілген «Жетпіс жеті күн»
бағдарламасында жүргізуші Дулыға Ақмолда «Бүгін
оңтүстік-шығыс астанамыздың шапан таратқыш
әкімі соғыс ардагерлерінің біраз өкілін қабылдап,
өзінің арнайы сый-сияпатын көрсетті» деп
жаңалықтың бір бөлімімен таныстырады. Бұл жерде
сол кездегі Алматы қаласы әкімінің жалпы іс-әрекеті
кекесінмен, мысқылдау арқылы жеткізіліп отыр.
Адамдар қарым-қатынасын, кейіпкерлердің адамдық
болмысын суреттеуде ирония өзіндік өрнегімен қызмет етіп
отырады. Ирония автор сөзінде белсенділікпен көрініп, заман мен
қоғам, қоғамдық қатынастар секілді
күрделі мәселелерді талқылауда септігін тигізеді. Мысалы, «Хабар»
арнасындағы «Жетпіс жеті күн» бағдарламасында ауыл
шаруашылық министрінің рөлін сомдаған актер
Дулыға Ақмолданың «Ақсақал, бәрі
жақсы болады. Мына шегірткелермен келіссөз жүргізіп жатырмыз.
Құдай қаласа, жақында бейбіт келісімге қол
қоямыз» деген сөздері сол кездегі ауыл шаруашылық
министрлігінің жұмыс қарқынын мысқылдауға
құрылған.
Жалпы, телеарна тілінде ирония көбінесе оқиға мен
жағдайларды барынша аша түсіп, оған бағалаушы
қатынасты іске асырудың тәсілі ретінде жиі пайдаланылады.
Бұдан бөлек, лексикалық құрылымы бойынша субъективті
модальділік салыстыру мағынасында да беріледі. Мысалы, «Хабар»
арнасының «Жеті күн» бағдарламасында жүргізуші Ринат
Думанұлының «Ресурс тапшылығы туындаған сайын,
тілдесуден гөрі тіресу басым», «Демек, бұрынғы дәурен
бітті. «Бармақ басты», «көз қыстыға» жол жоқ» деген
сөйлемдерінде екі жайтты – бастапқы кезімен қазіргі
жағдайымен тікелей салыстыруды көре аламыз.
«Орталық хабар» бағдарламасына қонаққа келген
спорт комментаторы Айбек Қабылшаның «Ауыр атлеттер осындай елді
ауыр уайымға салып жатқанда, біздің жеңіл
атлеттердің тарапынан жағымды жаңалықтың лебі
есті» деген сөзінен спорттың екі бағыты бойынша жетістіктер
жайында айтып, өзара салыстыру байқалады. Бағдарлама
жүргізушісі Сырым Қашқабаевтың «Қайрат
Нұртас деген шоқ жұлдыз бар. Одан сәл былай, сәл
үлкен... жоқ, көп үлкен Музарт деген шоқ
жұлдыз бар. Екеуінің орта тұсынан оларды сәл ысырып
Төреғали Төреәлі деген шоқ жұлдыздың
пайда болғанына көп болған жоқ. Бірақ, аз
уақытта халықтың жүрегін жаулап, хит әндерді
пулеметпен боратып-ақ жатыр» деген ақпарынан Т.Төреәлінің
сахна төріндегі және қазіргі қоғамдағы
алатын орны жайында айтылған ойды, екі түрлі мағынадағы
модальділіктің көрініс тауып тұрғанын көреміз.
Яғни, бір сөйлемде Т.Төреәлінің жұлдыз
ретіндегі қазіргі жеткен жетістігін айтып тұрса, ал келесі бір
сөйлемде «пулеметпен боратып-ақ жатыр» деген тіркесті қолдана
отырып, жұлдызды аса жақтырмай, өз ойын ишарамен білдіргені
байқалады.
«Қазақстан» телеарнасындағы «Қылмыс пен жаза»
бағдарламасының жүргізушісі Нартай Өтегенұлы
«Арам ақша» тақырыбында жүргізілген бағдарламаның
санын «Сондықтан болар, қазақи тәрбиеде баласы ес
білген сәттен «біреудің ала жібін аттама» деп ақыл айтады. Аталы
сөздің төркінін түсінгендер адал болып өседі.
Санасына сіңбеген ақпа құлақтар арам ізінің
азабын тартады» деген сияқты санаға ой тастар сөздермен
аяқтайды. Мұнда адалдық пен арамдық жолдың
түбі қандай нәтижеге әкеліп соқтыратыны салыстырылып
баяндалған.
«Жетпіс жеті күн» бағдарламасының жергілікті тілші рөлін
сомдаған Шынар Жанысбекованың «Оған енді әкімдер де
емес, әрине, министрлер де кінәлі емес. Енді бұған
«Жетпіс жеті күн» кінәлі. Байғұс бастықтарды
сынай береді, сынай береді. Сосын, жаңағы
әкім-қоқымдардың көңіл-күйі
түседі. Содан кейін, енді мынау астықтардың орнына арам
шөп, ал малдың орнына шегірткелер өседі» деген
сөздерінен ауыл шаруашылығының жалпы жағдайы
салыстырмалы түрде айтылып тұр. Аталмыш бағдарламаның «Көзбе-көз
студиясын» жүргізуші Бекжан Тұрыс «Біздің бүгінгі
қонағымыз, «Көзбе-көз» студиясының
қонағы әдеттен тыс адам. Бұл кісі аузына не келсе соны
айта салатын депутат та емес, өмірге де, үкіметке де өкпелі
оппозиция да емес, өтірікті судай сапыратын шенеунік те емес. Бұл
кісі қанжығалы Қызылбатыр ауданына қарасты, қара
биелі Сарыби ауылының тұрғыны» деп студия қонағы
жайында хабарлайды. Бұл сөйлемдердің негізгі мағынасы
әдеби жанрда жиі кездесетін қанжығалы Бөгенбай
батырға ұқсастыру арқылы кейіпкердің
дәрежесі төмендігін айтып тұр.
Тележүргізушілер тілінде субъективті модальділіктің
көрініс табуы материалдың мазмұнын тереңдете
түседі. Жоғарыда айтылған мысалдар арқылы телеарна
тілінде ақпаратты түрлендіріп, негізгі ойды астарлап
тыңдаушыға жеткізуде метафораның, мысқылдаудың,
салыстырудың зор екендігін байқауға болады.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1. Телия В.Н. Метафора в языке и тексте. – С. 176,
2. Сыбанбаева А.
Метафораның тілдік болмысы
және концептуалды метафоралар. – Алматы, 2002. – 161 б.
3. Барлыбаев Р.
Қазақ тіліндегі сөз мағынасының кеңеюі мен
таралуы. Фил. ғыл. канд. ... дис. – А.: 1963. – 124 б.
4. Қасым Б. Сөзжасам: семантика, уәждеме. – Алматы, 2003. – 167 б.
5. Ермакова О.П. Ирония и ее роль в
жизни языка. - С. 190,